Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәлімдеме 3072 0 пікір 13 Наурыз, 2020 сағат 13:04

Жұма намазына қатысты ҚМДБ мәлімдемесі

Бүгінде әлем жұртшылығын дүрліктірген коронавирус көптеген елдерге тарап үлгерді. Вирусты жұқтырған адам саны артуда. Бұл дерт бізді де алаңдатып отыр. 

Сол себепті, әр адам өз отбасына, ұжымына, туған-туыстарына жауапты тұлға болғандықтан, әрқашан сақтық шараларын жасауы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды», – деген. Ал халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл бар.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барша мұсылман қауымын көпшілікпен өтетін ас-садақа мен жиындарды, іс-шараларды мүмкіндігінше кейінге шегеруге шақырады.

Ал жамағатпен оқылатын бес уақыт намазға қатысқан жағдайда құлшылықтан кейін қол беріп амандасудан, бір орынға жиналып дұға етуден сақтануымыз аса қажет. Өйткені, құлшылықтан кейін қол алып амандасу намаз шарттарына жатпайды.

Мешітке келуші мұсылман жамағатын төмендегі сақтық шараларға мән беруге шақырамыз:

  1. Мешітке бетперде (маска) киіп келу;
  2. Намаздан тыс мешітте топтаспау;
  3. Мешітке үйден дәрет алып келу;
  4. Мешітке кіргенде және намаздан соң қол беріп амандаспау;
  5. Намаздан кейін көп кідірмей мешіттен шығу;
  6. Жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу;
  7. Қариялардың, науқастар мен әйелдердің жамағат намазына қатыспағаны абзал.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінде: «Бір жерде жұқпалы аурудың бар екенін білсеңдер, ол жерге бармаңдар, ал егер сол жерде болсаңдар, сыртқа шықпаңдар», – деген (Муслим).

Сондықтан барша жамағатты өзі мен отбасының, еліміз бен жеріміздің амандығы үшін Жаратқанға дұға жасауға шақырамыз.

Алла Тағала жер бетіндегі күллі адамзатты түрлі апаттан, жаман аурудан сақтағай! Әмин!

Құрметті жамағат!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғаттағы зәрулік үкімін негізге ала отырып, коронавирустың жамағат арасында таралуының алдын алу шарасы ретінде жұма намазына байланысты мәлімдейді:

- Жұма намазының алдында айтылатын 30 минуттық уағыз 20.03.2020 жылдан бастап уақытша тоқтатылады;

- Намаз уақыты кіре сала азан айтылады, 4 ракағат сүннет өтеліп, жұма намазының 2 ракағат парызы қысқа сүремен оқылады;

- Жұма намазының парызынан кейін оқылатын 4 рәкағат сүннетті үйде оқуға кеңес береміз;

- Намаздан кейін тәсбих тартылмайды, Құран оқылмайды, имам қысқа дұға жасайды;

- Намаздан кейін жамағат қол беріп «Жұма қабыл болсын» деп амандаспайды;

- Мешітке бетперде (маска) киіп келу;

- Намаздан кейін көп кідірмей мешіттен шығу;

- Жұма намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу;

- Жұма намазға денсаулығы жарамайтын қариялар, науқастар мен әйелдердің қатыспағаны абзал;

- Ауа-райы қолайлы аймақтарда жұма намазын мешіт ауласында оқуға рұқсат.

Барша мұсылман қауымын осы жағдайларға түсіністікпен қарауға шақырамыз. Бұл мәлімдеме ағымдағы жылдың 13 наурызынан бастап күшіне енеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502