Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алаң 4576 37 пікір 13 Наурыз, 2020 сағат 19:09

Бұл халық денсаулығының мәселесі

Сонымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Елжан Біртанов COVID-19 коронавирусын жұқтырған үш қазақстандықтың Германия мен Миланнан ұшып келгендерін мәлімдеді. Иә, болары болды! Бүкіл халық алаңдай күтіп отырған қорқынышты жағдай ел табалдырығынан аттады. Ресми мәліметтен бар білетініміз – біреуі 1974 жылы туған ер адам, екіншісі 1984 жылы туған әйел адам. Үшіншісі Миланнан Нұр-Сұлтанға ұшып келген әйел адам.

Ал, бұл адамдардың нақты аты-жөні кімдер? Қайда тұрады? Қайда жұмыс істейді? Бұл сауалдарға министр мырза этикалық себептерге байланысты басқадай ақпарат бере алмайтынын сылтауратады.

Жоқ, бұл этиканың емес, халық денсаулығының мәселесі!

«Қазіргі уақытта олармен байланысқа түскен адамдарды анықтау үшін эпидемиологиялық шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл адамдардың барлығы екі апта бойы карантинге жатқызылып, медицина мамандарының бақылауына алынады», дейсіз. Ал, (ұшақтағылардан басқа) алматылықтар олардың кім екенін білмесе, түрін танымаса, олармен байланысқа түскен-түспегендерін қайдан біледі?

9 наурыздан бері бір аптадай уақыт өтті. Аз мерзім емес! Осы аралықта олардың қандай ортада болып, қаншама адамдармен жүздескенін, тілдескенін қалай анықтамақсыздар?

Сондықтан, шұғыл түрде коронавирус иелерінің аты-жөндерін, жұмыс орындарын, фотосуреттерін жариялауды талап етеміз! Біз олардың осындай кездейсоқ ауыр жағдайға ұшырағанын түсінуге тырысамыз. Олардың да алматылықтардың алаңдаушылығын дұрыс түсінуін сұраймыз! «Ауруын жасырған (жұмсартып айтайын) жақсы емес» екенін аталарымыз ескертіп кеткен.

Өздеріңіз білесіздер, қазіргі уақытта коронавируспен ауырған науқастар туралы бүкіл әлемде мәліметтер ашық жазылуда. Мысалы, Францияның мәдениет министрі Франк Ристер коронавирусын жұқтырып алғанын ешкімнен жасырған жоқ. Сол себепті, сақтық шаралары күшейтіліп, Франция үкіметінің мүшелері жиналыстарда бір-бірімен қол беріп амандаспайтын болды. Сондай-ақ, осы сырқатқа шалдыққан Иран Парламентінің депутаттары Мужтаба Залнур, Махмуд Садеги, итальяндық "Сампдория" ФК шабулшысы Маноло Габбьядини, «Ювентус» қорғаушысы Даниэле Ругани сияқты т.б. жүздеген танымал адамдардың есімдері БАҚ пен әлеуметтік желілерде ашық жарияланып отыр.

Ендеше, тек жоғарыдағы екі адамның ғана емес, ұшақта бірге болған барлық жолаушылардың да аты-жөндері толық жарияланса, артық болмайды.

Жарық дүниеде адамзат баласының денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ! Бұл талабымыз – аты өшкір індеттің елімізде кең жайылмауының бірден-бір кепілі!

Қайым-Мұнар Табеев,

Abai.kz

37 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5665