Жексенбі, 29 Наурыз 2020
Әріптестің әңгімесі 1212 12 пікір 14 Наурыз, 2020 сағат 14:15

Қоғамдық жауапкершілік немесе Италиядан алар сабақ...

Баршаңызға жақсылық тілеймін!

Коронавирустың қандай вирус екенін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жасалынған мәлімдемелерден біліп аларсыздар. Менің айтайын дегенім халық ретінде, қоғам ретінде не істеуіміз керек?

Соңғы 2-3 күн бойы еліміздің үлкен қалаларында болып жатқан оқиғалар, аласұру мен уайымшылдық бәріңізге әсер еткендей, мені де ойландырмай қоймады.

Осыдан 3 апта бұрын Италияда да бұл жағдайлар болды. Қазір бүкіл ел карантинде. 3 апта өте аз уақыт. Алайда осынша уақыттың ішінде вирустың тез тарауының бірден-бір себебі итальян халқы. Олардың жасаған қателіктерін қайталамау – бізге парыз.

Қазір Италияда 60 000 000 халық карантинде. Адамдар сыртқа шығу үшін полициядан рұқсат алуға міндетті. Рұқсатсыз көшеге шығатындар ақшалай немесе қамауға алыну арқылы жазаларын өтейді. 12 наурызға дейін 2162 адамға жаза беріліпті.

Италиядағы билік пен қоғам үлкен қате жасады. Ал қазір сол қатенің жазасын өтеуде. Италия бұл жағдайға қалай келді?

Италияда коронавирус пайда болған кезде қоғам екіге бөлінді. Бірінші топтағылар аласұрып, "паника" болып, азық-түлік сауда орындарына барып, сөрелерді тып-типыл қылған адамдар еді. Құдды бір ақырзаман орнағандай әрекет қылды. Бұл адамдар онысыз да қыл үстінде отырған қоғамға үрей шашты. "Паника паниканы" тудырды.

Шкаланың екінші ұшында - болып жатқан оқиғаларға еш мән бермеген, тіпті жағдайды күлкіге, мазаққа айналдырған, қалыпты өмірін жалғастырған өте бейқам адамдар бар.

Әрине, таразының басын тең ұстау өте қиын. Бір жақтан "паникаға" берілмеу керек, екінші жақтан "паникаға" берілмеу керек екен деп бейғамдыққа баспау керек. "Паника" мен бейғамдықтың орнын ақылды (рационал іс әрекет) пен ғылыми білік және жауапкершілік алуы тиіс. Италиян халқы мұны жасауда кеш қалды.

Мынаны білуіміз керек: "Паника" да, бейғамдық та вирустың жайылуын қамтамасыз етеді. Мысалы адамдар "паникаға" кіріп бәрі дәріханаға жүгіріп бетперде тағар болса, негізінде бетперде тағуы тиіс адамдар бетперде таба алмайтын жағдайға тап болады. Нәтижеде бұл вирус жайылады. Италияда коронавирус "паникасының" нәтижесінде бетперделер дәріханаларда таусылып, тіпті ауруханалардан ұрланған кездер болды. Тіпті дәрігерлер мен аурулардың бетпердесіз қалған кездері болды. Егер "паникаға" беріліп бәріміз сауда орындарына ағылып, жамырай баратын болсақ, арамызда бір ғана коронавирус тасушысы бар болса соншама алған азық-түлігіміздің бір пайдасы болмай қалады. Бәріміз бір мезетте дүкендердегі ас суын тауысар болсақ, бұған мұқтаж адамдар ішетін сусыз қалады.

Мысалы коронавирус алғаш Солтүстік Италияда бастау алды. Сол үшін де билік Солтүстік Италияны карантинге алып, Ломбардия облысын жауып тастамақ болды. Мұны естіген ломбардиялықтар апыл-ғұпыл жиналып, пойыздарға мініп оңтүстікке қарай бет алған. Адамдар соншалықты "паникаға" кірген, хабар тарағаннан кейін 10 000-ға жуық адам бас аяғы 3 сағаттың ішінде жиналып, жолға шыққан. Нәтижесі бәрімізге белгілі, бұл оқиғадан 2 күн өткен соң бүткіл Италия карантинге алынды.

Ал енді шкаланың екінші ұшындағы бейғамдық мәселесіне келейік. Бейғамдық та вирусты таратады. "Паника" хәліндегі итальяндар азық-түлік дүкендерін босатып жүрген кезде, бейғам итальяндар күнделікті өмірлерін сүрді, яғни еш ойланбастан сыртта бірнеше адам бас қосты, конференцияларын, концерттерін өткізді, барлар, ресторандар жұмыс істеп тұрды. Мұндай орта, вирустың адамнан адамға жұғуы үшін кешірілмес мүмкіншілік тудырады.

Үкімет мәселесіне келер болсақ... Итальян үкіметі қоғамға «еш қам жемеңдер», «әсірелемеңдер», «біз бәріне дайынбыз», «еш қорықпаңдар, аласұрмаңдар!» деген үндеу тастады, видеолар түсірді, біліктендіретін брошюралар таратты. Тіпті Италиядағы коалициялық үкіметтің ортағы Никола Дзингаретти, коронавирустың ошағына айналған Ломбардия облысындағы Милано қаласына барып 27-ақпан күні халықты «паникаға берілмеуге» шақыру үшін жиналысқа қатысқан болатынды. Дзингаретти әлеуметтік медиада сол жиында түскен суретін бөлісіп, «Үйреншікті өмірімізді жалғастырайық. Милано мен Италияны тоқтатуға жол жоқ. Экономикамыз үрейден де күшті. Сыртқа шығып бір тіскебасар жеп, кофе ішейік» деп жазған болатынды. Дәл сол жиында өкінішке орай Дзингаретти коронавирус жұқтырып алады. Қазір үйінде карантинде жатыр.

Қараңыздар! Италияда ақпан айының орталарынан 12-наурызға дейін 1016 адам коронавирус салдарынан қайтыс болды. Қайтыс болғандардың көбі 65-тен жоғары егде жастағы адамдар. Олай болса бетперде бәрінен бұрын егде жастағы адамдарға керек. Егер мен, я болмаса сіз, яғни жасы әлі 50-ден аспаған адамдар, жамырап барып бетперденің бәрін тауысар болсақ, бетпердені керек ететін қоғамның негізгі тобына жетпей қалу қаупі бар. Оның орнына мүмкін болса үйімізде отырайық.

Екінші бір мысал. Италияда коронавирус оқиғасы пайда болған кезде ресми деректер бар-жоғы 4 адамның бұл вирусты жұқтырғанын алға тартқан болатынды. Бір апта өткеннен кейін 655 адам жұқтырды. Одан кейінгі апта 3858 адамға шықты. Ал кеше Италия үкіметі 15 113 адамның вирус жұқтырғанын мәлімдеді.

Испанияда да осыған ұқсас жағдай болды. Алғашында бар болғаны 2 адамда коронавирус табылған болатын. 10 күн өткеннен соң 9 адам жұқтырған. Яғни тарау жылдамдығы баяу еді. Бұдан кейін 2 аптаның ішінде аурулардың саны 1700 адамға шыққан. Паника мен бейғамдықтың нәтижесі.

Бұл сан, бұл жағдай егер елімізде табылған 4 ауруды одан әрі көбейтпейік десек бұдан былай белгілі бір уақыт аралығында – бұл бәлкім 3 апта, бәлкім 1 ай – күнделікті, қалыпты өмірімізді сүре алмайтынымызды түсінуіміз керек екенін көрсетеді.

Қазіргі таңда Италияда мәселе коронавирустың адамдарды қаншалықты өлтіре алатындығында жатқан жоқ. Қазір Италияда басқа мәселе бар: Ауруханалар коронавирустан басқа ауруларды қабылдамауда / қабылдай алмауда. Барлық бөлімдер босатылып, коронавирус аурулары үшін орын жасалуда. Өйткені вирустың жұғу жылдамдығы артқан сайын ауруханаға бір күнде жүздеген ауру келу ықтималы бар. Егер бұлай жалғаса беретін болса денсаулық сақтау жүйесі күйрейді. Ең қорқыныштысы да осы. Мұның мағынасы мынау: Ауруханалардың ауруларға қызмет ету деңгейі толар болса жүрегің ауырып барсаң да, аппендицитің жарылып кетсе де, немесе жол апатына ұшырап ауруханаға барар болсаң да саған қарайтын дәрігер де болмауы мүмкін, саған берілер орын да болмауы мүмкін. Осылайша бүткіл денсаулық сақтау жүйесі күйреп қалады. Италияда жағдай осы. Сол үшін 60 000 000-дық ел карантинге кірді.

Әрине, коронавирусқа тап болған адамдардың 90-95 пайызы ауруынан айығады. Алайда бұл жерде де мынадай мәселе бар: Бұл адамдардың көбі арнайы аппарат арқылы тыныс алып береді. Егер ондай аппарат болмаса адамның денесі өзіне келе алмайды. Коронавирус өлімінің аз болуы осы аппараттарға тәуелді. Сол үшін қоғам болып жауапкершілік алуға міндеттіміз. Денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан берілген ұсыныстарға құлақ асуымыз керек. Бірнеше апта сыртқа шықпауымыз керек. Сақтық шараларын мұқият орындауымыз керек. Бәрінен бұрын үйімізде егде жастағы ата-әжелеріміз болса, оларды сырқа шығармауымыз керек.

Өзіміздің де – яғни егде жаста болмаған адамдардың – өте керек болмаған жағдайда сыртқа шықпағанымыз жөн.

Паника мен бейғамдықты ысырып, ақылға сап, ғалымдардың, дәрігерлердің кеңестеріне құлақ түріп, адам ретінде және қоғам ретінде жауапкершілігіміздің бар екенін ұмытпайық.

Мен бір жақын досымның тойына барудан бас тарттым. Сіздердің де қолдарыңыздан келеді, бас тартыңыздар.

Туған бауырыңыздың тойы болса да, тіпті анаңыздың, әкеңіздің туған күні болса да бармаңыз, болдырмауға тырысыңыз.

Білмеймін, Нұр-Отан партиясы 18-наурызға жоспарлаған съезін өткізе ме, өткізбей ме?! Бірақ болмағаны дұрыс. Шақырылғандардың да бармағаны дұрыс.

Жұма намазына да бармаңыз. Шіркеу ғибадатына да бармаңыз. Шаббатты үйіңізде қарсы алып, шығарып салыңыз. Өйткені өмір қымбат. Сіздің және өзгенің, баршаның өмірі қымбат. Көріп отырғанымыздай ауру тараған кездегі алғашқы апталар өте маңызды!

Аман болайық!

Молдияр Ергебеков

Abai.kz

12 пікір