Бейбіт Қойшыбаев. Ары таза азамат
Желтоқсан көтерілісінен бері ширек ғасыр өткенмен, ойлап қарасақ, оны басып-жаншуға қатысқан, сондағы белсенді әрекеттері үшін өкімет марапатына ие болған жазалаушылар ішінен тек бір ғана адамның опынуға батылы барған екен. Оның өзі демократиялық реформалар толқынымен құрылған 1989 жылғы алғашқы комиссияның жұмысы тұсында болған оқиға көрінеді...
Желтоқсан көтерілісінен бері ширек ғасыр өткенмен, ойлап қарасақ, оны басып-жаншуға қатысқан, сондағы белсенді әрекеттері үшін өкімет марапатына ие болған жазалаушылар ішінен тек бір ғана адамның опынуға батылы барған екен. Оның өзі демократиялық реформалар толқынымен құрылған 1989 жылғы алғашқы комиссияның жұмысы тұсында болған оқиға көрінеді...
Баршаға белгілі, депутаттық сұрау салулар мен сайлаушылардың талап-тілектеріне орай, 1989 жылғы 6 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына байланысты мәселелерді қарастыру үшін арнайы комиссия құрған болатын. Жылдың соңғы ширегіне қарай құрамы кеңейтілді, мәселені жан-жақты зерттеуді көздейтін бағдарлама жасалды, сарапшы топтар құрылды да, Комиссия жұмысқа қызу кірісті. (Алайда, жұмысын аяқтамағанына қарамастан, республика билігінің жоғарғы эшелонындағы ықпалды топтың астыртын әрекеті салдарынан, Жоғарғы Кеңес Төралқасы оны бес айдан кейін, 1989 жылғы 14 қарашада тарқатып жіберді.). Комиссияның атқарып жатқан жұмысының барысы жайында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасына ұсынған хабарламасында КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі Мұхтар Шаханов сол шаққа дейін анықталған мынандай деректер келтірді: 17 желтоқсанда бейбіт манифестация түрінде басталған наразылық бес мыңдай студент және жұмысшы жастар қатысқан жаппай тәртіпсіздікке ұласты, жағдайды тұрақтандыру үшін ішкі әскердің қызметкерлері, әскери оқу орындарының курсанттары (7618 адам) жұмылдырылған, Фрунзе (Бішкек), Ташкент, Челябинск, Новосибирск, Тбилиси, Уфа, Свердловск қалаларынан әскери бөлімдер алдырылған, халық жасақшылары ретінде көшелерге темір кеспелтек, арматура, кабель, т.с.с. қарулармен жарақталған 10 мыңдай адам шығарылған.
Ұзын саны 18 мыңдай осынау «тәртіп сақшылары» іс жүзінде жазалаушылар мен жуасытушылар болды да шықты. Олардың демонстрацияға қатысушыларды ұрып-соғу әрекеттері салдарынан 1233 адам (бұл тек емдеу мекемелерінде тіркелгендердің саны) түрлі дәрежеде жарақат алды. Қанша жанның қаза тапқаны күні бүгінге дейін жасырылуда.
Бұл - кеңес өкіметі кезіндегі биліктің өз халқына қарсы жасаған қылмысы болатын. Оны ашуды мақсат еткен комиссия да кеңес өкіметінікі еді. Сондықтан, өз қылмысын ашқызуға мүдделі болмағандықтан, билік комиссияны таратып жіберген-ді.
Қылмысты өкімет бүгінде келмеске кетті, әскери бөлімдері алаңға шыққандарды жазалаумен әм жуасытумен шұғылданған айбынды Совет Армиясы да ғайып болды. Қазір кеңестік қуыршақ Қазақ Республикасының орнына тәуелсіз Қазақстан Республикасы ту көтерген. Бірақ тарих сахнасынан ығыстырылған сондағы советтік биліктің мемлекеттік қылмысы әлі жеріне жете ашылған жоқ. Осыны ойлағанда, Совет Армиясы солдатының қазақ өкіметі берген марапаттау қағазын қайтарып жіберуі және оның күні бүгінге дейін мұндай қадамға барған жалғыз адам екені қайран қалдырады...
Бұл жігіт - Қырғыз Республикасының азаматы Ылайтегин Таалайбек Молдобекуулу (Ылаев Талайбек Молдобекұлы). 1985-1987 жылдары 5449-шы әскери бөлімде қызмет еткен. 1986 жылғы 17 желтоқсанда оларды дабылмен тұрғызып, Алматыдағы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ғимаратына алып келді. Бәрі де каска киіп, қалқан, противогаз және сойылмен жарақтанған болатын. Жарақтарын автомобильдерге қалдырып, мінбе алдына тізілді. Алаңда демонстранттар (шамамен 500-600 адам) тобы тұрған. Сол кезде Бейбітшілік даңғылынан екінші топ көрінді.
«Біз әуелі оларды алғашқы топпен қосылдырмауға тырыстық, бірақ кедергі жасай алмай, қайтадан орнымызға келіп тұрдық, - деді Талайбек Комиссияға Қырғызстандағы Ыстықкөл облысы Жетіөгіз ауданынан жазған хатында. - Шамамен сағат 15-16-лардан бастап алаңға халық көптеп келіп жатты да, митингілеушілер қатары тез өсті. Олардың тарапынан біз жаққа әлдеқандай агрессиялық немесе сондай бір қастық пиғыл көрсетілген жоқ. Бірақ, бала көтерген әйел сөйлеп болғаннан кейін, басқа да сөйлегісі келгендерді мінбеге жібермей жатты, бұл Қазақстан әкімшілігінің бейдемократтығын куәландырады.
Алаңдағы жұрт наразылық білдіріп, мінбедегі басшыларды айыптай бастады, сосын бізге шептен мінбеге өткізіп жіберіңдер деп өтініш айтты. Одан кейін бізді жазғыруға кірісті. Кей тұстан «фашистер» деген айқайлар шығып жатты. Біреулері басымыздан құлақшынымызды жұлып алып, әр жаққа лақтыра бастады.
Милиционерлер белсенділер мен үгітшілерді ұстап, топ ішінен сүйреп алып шығуға кіріскенде, адамдар қатты ашу шақырды. Иін тіресіп, ілгері толқыды. Біз топтың тегеуірінді қыспағын бірер мезгіл ғана ұстап тұра алдық. Сосын адамдар нөпірі бізді трибуна сыртына ығыстырды. Мінбе сыртындағы бордюр бойымен тізіліп сапқа тұрдық.
Осыдан кейін бойын ашу кернеп елірген тобыр бізге қарай қолдарына іліккенді (қар, жұлынған өкше, тт.) лақтыра бастады. Сонда біз бұйрыққа сәйкес оларды алаңға қуып шықтық та, қайтадан мінбе сыртында оралдық.
Бірер митингішілер құтыртушылардың азғыруына түсіп қалмауға шақырып жатты, бірақ оларды ешкім тыңдамады. Арандатылған адамдардың кейбірі бізге тас лақтырды. Сонда біз Қазақстан ішкі істер министрінің бұйрығы бойынша қалқан мен сойыл алып, демонстрацияны қуып таратуға кірістік.
Біз қаруланғаннан кейін және топты қууды жүзеге асыруға кіріскенімізде, күшті тәртіпсіздіктер басталды. Жауап ретінде бізге тас, сындырылған гранит, мәрмәр кесектері жаудырылды. Шамамен сағат 23-те мен соққыдан есімнен танып қалдым да, госпитальға түстім.
Менің батальондас жолдастарымның айтқандарына қарағанда, сағат 23-тен кейін күрек (МСЛ - малые саперные лопаты - саперлік шағын күректер) ұстаған шекара училищесінің курсанттарын іске қосқан. Курсанттар «бүлікшілдерді» сөздің тура мағынасында, іс жүзінде турап-шапқылады... Менің жолдастарым бұл айтқандарымды растайды!»
Сойыл мен сапер күрекшесін қолданудың салдары сол, демонстранттар қырғынға ұшыратылды: «мен және менімен бірге әскери қызметте болған менің жолдастарымның бәрі құрбандықтар саны бұқаралық ақпаратта хабарланғандай 2 адам емес, одан әлдеқайда көп екенін өте жақсы білдік», - деп жазды Талайбек Ылаев. Ол әскерге шақырылғанын мақтаныш етіп, әрдайым «барлық жарғылық талаптарды орындауға тырыстым», - дейді, - «бірақ желтоқсан оқиғалары мені армияға деген антипатияға алып келді». Оның иланымынша, Алматы алаңына әскер апару - бұқаны шайқасуға шақырған матодордың қолындағы қызыл шүберектей рөл атқарған. «Мен тағы да қайталаймын - халық агрессияшыл пиғылда емес болатын»...
Талайбек 1987 жылы әскерден босап еліне келгенінде, өзіне күдікті көзбен қарағандарды көрудің және ту сыртынан айтылған «фашист» деген сөзді естудің ауыр болғанын жазыпты. «Менің атам фашистермен соғыста қаза тапты, - дейді ол. - ... фашистер туралы кітап оқып, фильм көргенімде, адамдардың қалай хайуанға айналатынын түсінбеуші едім, бірақ өзімнің куә болған жәйттерімнен кейін, мұны қайтіп оп-оңай жасауға болатынын - адамдарды тек басқа халықтарға ғана емес, өз халқына да жауыққан аңға айналдыруға болатынын ұқтым».
Ол Алматы алаңына әскер кіргізгендерді, әсіресе сапер күрекшесімен қаруланған курсанттарды әкелгендерді қатаң жазалау керек дейді, сонымен бірге, қантөгіске ұласқан осы санкциясыз митингті ұйымдастырғандар мен алаңға спиртті ішімдіктер, арматуралар және т.б. суық қару тасып әкелгендерді де жауапқа тарту керектігін айтады.
Талайбек қырғыз елінен жолдаған хатында өзін «ержүректігі мен жанқиярлық іс-қимылы үшін» Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Грамотасымен марапатталғанын хабарлай отырып: «Жазықсыз жандардың қаны жағылған бұл лас затты мен кері қайтарамын», - деп жазыпты. Ал Грамотаның шекесіне: «Мен бұл дүниені қайтарамын, себептері менің хатымда көрсетілген. Бұл зат менде сақталуға лайық емес. Мен фашист емеспін, оның үстіне - МӘҢГҮРТ емеспін», - деп қолын қойған.
Көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін, «ерліктері үшін» республиканың ең биік наградалары - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және Жоғарғы Кеңес Төралқасының Грамотасымен жазалаушылар мен жуасытушылар қатарында тұрған жүздеген солдат (сырттан әкелінген әскери күштер қатарында болғандар да), милиционер, халық жасақшысы марапатталды. Ондаған адам Мәскеуден орден-медальдер алды. Солардың ішінен тек Совет Армиясында қызмет еткен қырғыз жігіті Талайбек Ылайтегин ғана (бәлкім, маған мәлім емес өзгелер де бар шығар) аталған қадамға барған. Сонысымен де ол баршамыздың құрмет көрсетуімізге әбден лайық азамат.
Ал өз ішіміздегі «ерлер» неге екі онжылдықтан астам уақыт бойы үнсіз жүр? Бұл олардың қазақ мүддесіне жаны ашымайтындықтарының, Желтоқсан көтерілісіне мән бермейтіндіктерінің белгісі емес пе? Біз тек Талайбектің батыл шешімі жайын ғана әңгімелеп отырмыз. Іс жүзінде, сол кезеңде халыққа қарсы жүргізген репрессиялық шаралары үшін - жүзден астам қыз-жігітке жаза кескен соттар да, мыңдаған адамды жұмыстан, оқудан шығарған, партиялық, комсомолдық жазамен қудалаған әкімші-функционерлер де өз әрекеттеріне сыни көзбен қарай қойған жоқ. Олардың тарапынан моральдық тұрғыда тазаруға құлшыныс болмауы қалай?
Жә, бұлар тым жалпылама сұрақтар болар, одан да, нағыз азамат Талайбек Молдобекұлы Ылаевтың өз қолтаңбасымен айшықталған тарихи құжатына назар аударайық. Өйткені бұл - тазарудың жарқын мысалы...
Суреттерде:
Талайбек Ылаевтың қолтаңбасы бар Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Грамотасының сыртқы беті.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Грамотасының ішкі беті - Т. Ылаевтың марапатталғаны жайындағы қазақша мәтін.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Грамотасының Т. Ылаевты марапаттаған орысша мәтіні бар ішкі екінші беті.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ
1.10.2011