Жексенбі, 24 Қараша 2024
Аңыз Абай 2610 2 пікір 17 Наурыз, 2020 сағат 12:16

Абай және біздің уақыт

Жаһандану үдерісі жағдайында ұлт дамуының жетекші орыны тенденциялар мен озық технологиялардың қарыштап бәсекелестікке ұмтылуымен өлшенеді. Сананың уақыттан алдыға шығуы, шындығында сол қоғамның сан ғасырлық гуманизимі мен заманауи іскерлігінің терең сабақтаса алуында. Мәдени сапырылыстар, өркениеттердің эволюция заңдылығына керағар аламасуының себебі іс жүзінде, осындай сабақтастықтан туған нәтиже. Мұндай уақытта, ұлт өркениетінің дамуы дәуір дидарын қалыптастырады.

Ал, «ұлт өркениеті» біртұтас ұғымын уақыт бейнесіне алып шығатын сол қоғамның тарихи нәрінен қалыптанған институтционалды тұлғалар. Қазақ топырағында өз кезегінде Абай Болмысы туған ұлтына арғы түркі өркениетінен жалғас тұтас мәдениетіміздің «Алтын тоғысына» айналды. Бұл – тұлға болмысының тек бір жағы ғана. Оны өз қоғамының бетбұрысын бағдарлаушы десек, уақыт иірімі бізді қайда алып келді, не істеп жатырмыз? Әр қазақ жаттап өскен Абай сөзі, оқып, танып, тарқатып айтып, түсіне біліп тамсандық. Әдет қылдық, толғандық, әрнені бағдарладық. Түбін көздедік, бірақ түптегіні жарыққа алып шыға алмадық. Неге?

Абай отыз сегізінші қара сөзінде: «...Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпенен табылады. Ол – алланың ғылымы емес, һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді». Қазіргі қазақ ғылымы осы күнге дейін гуманитарлық саланы мейлінше игерді, табан тіреді. Мемлекеттік бағдарламалар бастама жасады, тарихи мұрамызды түгендеп келеміз, ғалымдар том-том кітап жазды. Бірақ, қоғам оның хикметін толық көрді ме?

Абай айтқан мұндағы хикмет – оқыған, тоқыған білімді, толысқан ойды жаңғыртып, баршаға игілікті іс, нәрсе, адамдарға мәңгілікті зат жасау. Пайдалы мәңгілікті нәрсе (зат) бүгінгі түбегейлі капиталға құрылған технотроникалық постиндустриалды уақытта ұлтты сақтап қалудың кепілі. Ұлтты болашаққа жеткізер нақты да, затты модел. Мұнда Абай сөзін толық материалистік көзқарасқа байлап беру емес. Абай сөзін сөз ретінде зерттеп жазып немесе толғап насихаттап, тойлап қана қойсақ одан бүгінге толағай азық болар, ертеңге асар, ертеңнің арғы күні технологиясы мықты ел ұрпақ санасын бұрып алып кетер. Заты күштінің аты күшті деген тегін айтылмаған. Қазір бір-бірімен бәсекелескен технологияның, одан шарпыған шексіз ақпараттардың ғасыры.

Абайды «Ұлы Абай» деп бес мың кітап шығарсақ та, әр жерге қағылған тас мүсініне даналық сөзін өшпестей бәдіздеп қойсақ та, бәрібір технология ұрпақ санасын билеп тұр. Сондықтан, Абай айтқан хикметті ұлттық модельде заманауи нақышпен жаңғыртып алып шығуымыз керек. «Ол – алланың ғылымы емес». Қазіргі қоғамның білімі, қоршаған ортаны, болмысты танудағы аясы, діндегі дәріптелетін дүниелер біржақтылық пен догматизмнің шеңберінен шыға алмай келеді. Абай айтқан «ғылым – алланың бір сипаты», адамның ғылымы ақиқатына – түбіне жету, сол арқылы құдайды тану, уақыт талабына сай жаңартып, игерген ғылымды нақты іс-әркетке айналдыру.

Ал, біз осы күнге дейін адамзат игілігіне айналар заманауи өзіндік ғылым бердік пе? «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Менімше, мұндағы «сүю» бүгінде біз айтып жүрген «қонақжай халықпыз, бауырмалмыз» деген пафостардан әлдеқайда кең, әлдеқайда терең. Адамзатты сүю – Алланы сүю, хақиқатына жету. Ол жолда замануи әрекет істеу, жаңашыл рухани әрі инновационалды материалды игіліктерге қол жеткізу. Біз тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде бармен «базар аралап», дарақылықпен даңғаза дүрмекке салындық. Абайдың балабақша баласынан академиктерге дейін жатқа жылдам айтып бере алатын «Ғылым таппай мақтанба...» деп басталатын жолындағы осы бірінші сөзінің өзін «терең түсіндік», бірақ ұғынып, ой елегінен, әрекет таразысынан өткізіп мақсат қоя алмадық.

Қазақстандағы бизнес саласы сауда-саттық, ары кетсе ұсақ-түйек зат өндіретін кәсіпкерліктен құралған. Оның өкілдерінде Абай айтқан «көкірек керген, жеттім, толдым» дегендер көп. Осыған дәйек жаһанға назар салсақ, алғаш компьютер шығарылғанда оны толық іске жарамды ететін бағдарлама ойлап тапқан Билл Гейтс, ғылымын адамзаттың ең өзекті игілігіне жаратып әлемнің нөмір біріншілік алпауыт кәсіпкері болды, бірақ ғылым тапты, тапқанына мақтанған жоқ. Игерген ғылымы, қажырлы еңбегі адамзат баласының өлмес жемісіне айналды. Сол секілді күнделікті өзіміз тоқтаусыз істететін Google ғаламтор желісінің іздеу жүйесін (поисковой система) тапқырлаған американдық Ларри Пейдж атты азамат әлемдік ең үздік ондық қалталы кәсіпкерлер қатарына енген.

Ғылымын іске жаратқан, анық «ғылым тауып» шыңға тартқан, Абай айтқан хақиқатқа түбін көздеп жарыққа алып шыққан, өзіндік ғылым беріп «адамзатты сүйе» алған. Бұл қатарға бүгінгі күні жиі есімі аталатын Илон Маскты да жатқызамыз. Біз олар шыққан қоғамды әлі күнге дейін ислами ортағасырлық қараңғы түсінікпен «кәпір, дінсіз» атап, бос сөз илеп уақыт өткізіп отырмыз. Дәстүрлі діни ілімді де басқасын да әлі күнге алып келеміз, бірақ оны жаңартып, уақыт талабына сай іс жүзінде жүзеге асырған жоқпыз. Тарихи тұлғалардың тойын тойлаймыз. Бірақ, ойын іске жаратып, одан заманауи тренд, контент жасап шығара алмадық.

Тағы да Абайдың екінші жолы «...орын таппай баптанда». Мұндағы «орын табу» ұғымының түпкі маңызы жеке адам басынан бастап мемлекеттің стратегиалды бағдарын, сол мемлекетті жасаушы қоғамның ұлттық рөлін айғақтауды заманауи инновацияналды технологиялар, тарқатып айтар болсақ, нақты іс-әрекетпен жүзеге асыруында жатыр. Осыған орай ендігіде нақты нәтиже керек екенін уақыт бағанасы көрсетіп отыр. Тәуелсіздік алғаннан бері жетпіс жыл сарсаңға түскен ұлттық жадты қайтарамыз деп күш салдық, бірақ гуманитариямен көп отырып қалдық.

Сол себептіден күн тәртібінде тұрған ұлы ақынның 175 жылдығында мемлекет дамуының, ұлт бағдары «Мәңгілік ел» стратегиясының технологиялық моделін қалыптастыру қажет деп ойлаймын. Ол үшін ең алдымен ұлт әлеуетін арттыруды әлеуметтік, технологиялы негізде заманауи бастама жасау керек. Ұлы ақынды тану, ол менімше, оның сөзін танып қана қоймай, оның ойын жаңғырта алу.

Әділет Ықылас

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың магистранты

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1502
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3273
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5708