Сенбі, 23 Қараша 2024
Коронавирус 4073 5 пікір 18 Наурыз, 2020 сағат 11:38

Қазақы бейқамдық өміріңізді жарға жығуы мүмкін!

www.worldometers.info  - Біріккен Ұлттар Ұйымының лицензиясын алған бірден бір информациялық-аналитикалық сайт. Қысқаша сипаттасақ «әлемнің жалпы жағдайы» деп айтуға болады. Коронавирустың әлем елдеріндегі таралуы және басқа да мәліметтерді журналистер не айтады екен деп күтпей-ақ осы арадан бақылай аласыз.

Мынау кестеде Қытайдың нәтижесі күмәнді. 80881 адам осы науқаспен ауырған, қайтыс болғандар – 3226, емделгендер 68715 адам.

Бірақ, осы мәліметтерді шын деп ойласақ, Қытай бұған темірдей тәртібінің арқасында қол жеткізді. Тәж вирусы басталып аз уақыттан кейін қытай бүкіл қаланы жапты. Тіпті, қалаға кіретін жолдарды үкімет тарапынан әдейі бүлдірді. Көптеген ғимараттардың шығар есігін темір тормен дәнекерлеп тастады. Жалғыздыққа, қамауға төзбеген кейбір адамдар өз-өзіне қол жұмсауға дейін барды. Бала-шағасынан, отбасынан алыста қамалып қалғандар мың-миллиондап еді. Биік ғимараттан өз-өзін лақтырғандар да табылды. Бірақ, коммунистік жүйенің тәртібі бәрібір де темірдей суық, қатал болды.

Осы кестеде вирусқа шалдыққандардың санының көптігі жағынан екінші ел әуел баста Жапония болатын. Дәл қазір осы обаны жеңуде оң көрсеткішке жеткен елдердің ішінде ең табыстысы да жапондар. Олар не істеді? Алғаш Қытайдың Ухан қаласынан барлық мемлекеттер өз адамдарын құтқарып, алып кетіп жатқанда, отанына қайтудан бас тартып, бүкіл әлемді таң қалдырған да жапондар болатын. Вирус арқалап, өз еліне қайтуды намыс санаған самурайлардың рухы ата жауы қытайдың өзін тебірентті, сүйіндірді. Елге ауру тарап жатқан мезгілде әр елге саяхаттап кетіп оралған жапондар карантин мерізімі біткенше лайнерден, арнайы қонақүйлерден шығудан да бас тартты. Әрбір халық ешқандай қысымсыз, бұйрықсыз-ақ барлық талаптарды бұлжытпай орындады. Үкіметтің қаулысын ұлт намысы, жанашырлық, әр адамға деген өтініш деп түсінетін ел екенін тағы бір дәлелдеді.

Ал кестеде Америка, Франция, тіпті ең алғаш және ең көп ауру таралған Оңтүстік Кореяны «басып озған» Немістердің бейғамдығы әр кімді таң қалдырады. Медицинасы әлем бойынша маңдайалды мемлекеттің аса мықты экономикалық қуаты бұл ауруға не үшін дәрменсіздік танытып жатқанын бір құдай білсін. Кейбір ақпаратқа сенсек, олар аурумен күресуге құлықсыз. Жан санының 60 пайызға жуығын зейнеткерлер құрайтын ел оба арқылы бұл «әділетсіздіктен» құтылғысы келеді-мыс. Ол да мүмкін!

Осы ауыр жағдайды қайыспай еңсеріп келе жатқан елдердің қатарына Оңтүстік Кореяны да жатқызуға болады. Қазіргі ең ауыр жағдай Еуропа елдерінде. Жалпы жақтан алғанда шалдыққандар мен қайтыс болғандар саны күрт артып, емделгендер салыстырмалы түрде азайып келеді. Бұл еселену бізге «Шахмат тақтасындағы математика» дейтін үндінің аңызын еске салады. Біраз күн бұрын халықаралық сарапшылар мен ғалымдардың «Әлемде бұл ауруға 60 милллион адам шалдығуы мүмкін» дейтін үрейлі болжамына қарай графиктегі диаграмма сызығы тік ұшақ секілді көтеріліп, жақындап бара жатыр.

Бейресми деректерде Қытайдағы әр науқасты емдеп жазу үшін 100 мың доллардан артық ақша жұмсалды дейді. Оны емдеуге жұмсалатын дәрі-дәрмектердің біздің елде өндірілмейтінін, ондай техниканың біздің елде жоқтығын, коронавирусты бірден анықтайтын құрылғыға үкіметтің тым кеш тапсырыс бергенін, оның алдын алуға жұмсалатын адам күші мен қаржының жетіспейтінін және оған мына суреттердегі үрейлі санды мәліметтерді қосыңыз. Бұдан өткен қауіпті, бұдан өткен апатты жағдайды елестету мүмкін бе?!

Қазақтың билікке деген сенімі мың өлсе де, бір тірілген емес. Бірақ, қанша жерден үкіметке қарсы бол, билікке наразы бол, дәл осы кезеңде солардың айтқанына көніп, Денсаулық Сақтау Министрлігінің айдағанына жүруден басқа жол жоқ! Менің үкіметімде коммунистік тәртіп те, өзімде жапондық этика да жоқ (бізде деп айтып намысыңызға тигім келмейді). Өзімізді өзіміз ғана құтқарамыз. Қазақы бейғамдық, немқұрайлылық өміріңізді жарға бастауы мүмкін!

«Сақтансаң сақтаймын» деген. Тәңір-тағала бәріміздің саулығымыз бен сабырымызды бекем етсін!

Қайсар Қауымбек 

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371