Жексенбі, 24 Қараша 2024
Деп жатыр 13439 6 пікір 18 Наурыз, 2020 сағат 13:53

«Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды»

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы қызметіне кіріскелі жасап жатқан жұмысының барлығы елді тазалыққа, тәрбиеге, тәртіпке шақыру болып отыр. Елде жетістік баршылық. Кемістік те жетерлік. Бәрін жасырмай айтып, жайып салып отырмыз. Иә, шешімін таппаған шаруа шаш-етектен. Оларды аз жылдың аясында шешіп тастау тіпті де мүмкін емес. Бірақ, бағыт – берік.

Біз қазір елімізде басталған оң өзгерістердің баянды боларына сенуіміз керек. Тоқаевтың төңірегіне топтасып, халық сөзіне құлақ асатын мемлекет құру жөніндегі талабын қолдап, елдегі жасалып жатқан жаңалықтардың жақсылыққа жеткізеріне сену дәл қазір өте маңызды. Арыстағы жарылыстан кейін де, Қордайдағы қақтығыстан кейін де елдігімізді, бірлігімізді, ірілігімізді танытып едік. Енді тағы бір сынақ алдымызға тартылды.

Жер-жаһанға жайылып, жабысып жатқан коронавирус індеті тәуелсіздігіне отыз жыл да толмаған біз тұрмақ, экономикасы бізден әлдеқайда қуатты, медицина саласының инфрақұрылымы әлдеқайда мығым елдердің де талайының әптер-тәптерін шығарып жіберді. Дәл қазір әр адам өзі үшін, ата-анасы үшін, балалары үшін, немерелері үшін, өзінің елі үшін жауаптылық танытуға тиіс, қарапайым гигиеналық сауаттылық танытуға тиіс, тіпті ашық айтсақ – әрқайсымызға бір-ақ рет берілетін өмірдің қадірін білуге тиіс десек, мұнымыз қиын күндегі құйындатпа сөзге жатқызылмас. Ылайым, бұл бәлекет Қазақстанымызды жанап қана өтіп, індетті інінен шығармай тұншықтыруға қол жетіп, қуанатын күніміз тезірек келсін. Дабылдың дер кезінде қағылуы, Президенттің қатты қадағалауы, Үкіметтің үйлесімді ісі, салалық министрліктің кәсібилік сипаты апаттың алдын аларымызға үміттендіреді.

Әйтсе де, жаман айтпай жақсы жоқ, «Е, ештеңе етпейді, құдай сақтасын» деп қойып, бұрынғыдай алаңсыз, ашық-шашық жүре беретін, көрем дегенді көре беретін, барам дегенге бара беретін, шақырам дегенді шақыра салатын, шақырған жерге бара салатын, адам не істеп, не қоятынын өзі шешпейтін бе еді деп күйіп-пісетін кез емес бұл. Тастүйін жұмылатын, тәртіпке бағынатын, сақтанатын, қатты сақтанатын кез бұл.

Тоқаев та Құдай сақтанғанды сақтайтынын еске салып отыр. Қазақы кеңбалақ қалпымызды қоя тұратын, жайбарақаттықты жоя тұратын, ширығатын, шымырығатын шақ шындап туды. Аранын аждаһадай ашқан коронавирусты көрші Қытай елі тәртіптің, тек темірдей тәртіптің арқасында ғана ауыздықтай алды. Тәртіпке бағынсақ, Президент Жарлығымен жарияланған төтенше жағдайдың тосын талабын терең түсінсек, сергек сезінсек, біз де солай ете аламыз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген батыр Бауыржан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің баршамызды, әрқайсымызды сын сағатта сыр бермеуге шақырып отыр. Солай боларына сенеміз.

Сауытбек Абдрахманов

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1503
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3277
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5726