Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 3930 7 пікір 21 Наурыз, 2020 сағат 12:32

Біз қазір соғыс жағдайындамыз

Біз қазір соғыс жағдайындамыз, көзге көрінбейтін жаумен соғыстамыз. Соны еліміз түсінсе екен.

Әлемде ауырған адам саны да, өлім де аспандап барады. Мына жерде жанды шүберекке түйіп, өзіміз бірдеңе ілестіріп алмайық деп, ешкімге кесіріміз тимесін деп үйден шықпай отырмыз. Әркімнің иммундық жүйесі вирусқа әр түрлі жауап береді. Бірі екі күннен кейін-ақ қызуы көтеріледі, бірі екі апта бойы сап-сау кісіше жүруі мүмкін. Әсіресе жастардың көбінде симптом болмайды, сондықтан тест тапсырмайынша ешкім де "саумын" деп айта алмайды.

Дүкенге сүт алуға шығып келдім, бірақ үйдің есігін ашқанда, лифттің пернесін басқанда, не дүкеннен алған сүт бөтелкесін ұстағанда бірдеңе ілесіп келмегеніне кепіл бола алмаймын. Сондықтан сүттің бөтелкесін де, кілтімді де, карточка мен телефонды да үйге кіргенде дезинфекциялауға, қолымды сабынмен жууға тиіспін. Сыртқа киген киімді кіре берістегі гардеробқа бөлек қоямын. Бұл ойыншық емес.

Бір адам мыңдаған адамды ауру қылады. 2003 жылы Қытайдан Гонконгқа ұшып барған жалғыз адам SARS-ты шамамен 2000 адамға жұқтырды, 350 адам қайтыс болды. Бір контактіден. Бірақ SARS әлсіз болып шықты. Coronavirus өте мықты вирус екенін кісі шығынынан-ақ көріп отырсыз.

Ал бізде жан-жақтан келген қазақтар Алматы мен астанамызда шауып жүр деп естиміз. Шекарадан ұстап алып бірден күштеп карантинге жаппаса өзін тыя алмайды. Өзің өліп қалмассың, бірақ өзіңнен гөрі аурушаң біреуге, не қариялардың біріне жұқтырып көрге итерем деп қорықпайсың ба?

Бүгін мешітте жұма намазға кіргізбеді деп "көтеріліс" жасап жиналып тұрған бауырларымның видеосын көріп қаным басыма тепті. (Иранда вирустың қалай тарағанына қарасаңдаршы!) Бұл - жауапкершіліктің жоқтығы ғана емес, надандық. Сол жерде түкірігі шашырап дауласып тұрғандар вирус таратып тұрмағанына кім кепіл? Көлігіне жанармай құйып жатып, не дүкеннен нан алып жатып, бірдеңе ілестірмегеніне әркім жауап бере ала ма? Қазақстанда 36 адам ба? Демек вирус кезіп жүр деген сөз, ешкім де одан сақталмаған.

Британияда да 1 адамнан басталған, бір жарым ай бұрын. Қазір 71 адам қайтыс болды, 2000 адам дертті. 50 000-ға жуық адам тест тапсырғанда анықталғаны осы. Билік аурулар саны 10-20 мың үстінде дейді, тек бәрін анықтауға тест жетпей жатыр. Ал Қазақстанда қанша адам тесттен өтті?

Лондонда паб-мейрамханалар жабылмады, мектептерді бүгін ғана жапты, транспорт жүріп тұр. Бірақ көшеде кісі саны күрт азайды. Дүкендер бос.

Батыста жағдай ушығып тұр, бірақ Қазақстан мені көбірек алаңдатады. Өйткені батыста жетпей жатқан аппараттар Қазақстанда жетпейтіні екі бастан. Әрі қалаға әскер кіргізіп карантин жариялап жатса туған күн тойлағысы келетін, намазды мешітте оқығысы келетін бейғам халқым бар.

Біз бір-бірімізді шайға шақырып, той тойлағанды жақсы көреміз ғой. Қазір бір-бірімізді жақсы көргенімізді, бағалайтынымызды кездесуге бармай, алақан беріп амандаспай көрсетуге қажетті уақыт.

Сосын, Құдай үшін, бүтін ұлттарды "жау" деп, "жауыз" деп, балағаттауды қояйықшы. Біз өзіміз де ұлттық негізде кемсітіліп келген халықпыз ғой, оның қандай болатынын білеміз ғой. Пандемия шығатыны анық болған, әлемге тез тарайтыны да анық болған, және бұл алғашқы да, соңғы пандемия емес. Қазіргі технологиямен, ерсілі-қарсылы жүріспен кез келген бәле солай таралады.

Бірақ осындай сәттерде адамгершілік сыналады, бұл дүрмекте сасық пайдакүнемдік - мұнай бағасы түскен, коронавирус жайлаған негативті жағдайға негатив қоса береді. Ертең өкпесіне ауа жетпей, аппарат қажет ететін жағдай болса бізде "кімнің танысы бар, соған бұйырады" деген жағдайға жете ме, халық ашынып, бірін-бірі түтіп жей ме деп қорқамын. Моральдық деградация дәл вирустың өзіндей қауіпті. Бір-бірімізді қорғайық, өзімізді сақтайық.

Әсия Бағдәулетқызының әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1501
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3271
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5686