Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 6404 2 пікір 24 Наурыз, 2020 сағат 13:42

Азаттық қозғалысының жалаугері

Биыл ұлы тәуелсіздік күрескері Мұстафа Шоқайдың туғанына 130 жыл толып отыр. Осы датаға орай аты әлемге мәшһүр қайраткердің ұлт-азаттық қозғалыс сынды құбылыс шындығын қарастыру және халықтардың жаңа советтік империя ахуалында шынайы азаттық алуды көздеген қозғалысы қисынын (теориясын) жасау жолына шағын шолу жасайық.

Отарлық озбырлықтан қорғану үшін  түрк халықтарының бірлесу жолымен жүріп, ынтымақтаса дамуы және күресуі қажеттігі ХХ ғасыр табалдырығынан бірге аттаған империядағы жалпыреволюциялық қозғалыспен  астаса өрістеген ұлт-азаттық қозғалыстар барысында айқындала түсті (осы жерде «түрк» деген терминнің жазылуына байланысты мынаны айта кеткен жөн: қазақша әдебиетте көбіне «түрік халықтары» деген тіркес қолданылады, біз мұны соншалықты тура емес деп есептейміз, өйткені ұлы түрік халқының атауын барлық түркілерге қолдану арқылы өзге туыс халықтардың баршасы соның ұлыстары тәрізденіп, атаулардағы шатасуларды туғызады, сондықтан  орыс ғылыми әдебиетіндегі «тюрк» атауының мәселе мәнін дұрыс ашатынын мойындау ләзім, яғни түбі бір туыс халықтардың қазақы жалпыламалық  атауын «түрік» деп емес, «і» әрпінсіз «түрк» деп қолдану  әділ болмақ, сонда «түрк халықтары» санатына түрік, әзірбайжан, татар, башқұрт, қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, т.б. жататыны айқын көрініп тұрады деп ойлаймыз). Мұстафа Шоқай мұны Петроградтағы студент шағынан бастап аңғарып, 1917 жылы монархия құлағаннан кейін Мұсылман комитетінде, одан Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы жанындағы Ұйымдастыру бюросында қызмет атқарған шақтарында  мейлінше айқын ұға түсті. Ресейдің демократиялық федерация болу жолын таңдағаны айқындалып келе жатты,  тиісінше, азаттыққа қолдары жеткен империя халықтары енді федерация құрамында автономия алуды аңсады. Осы орайда Түркістан өлкесі халықтарын да жаңа құрылымда өмір сүруге дайындау керектігін ұлт қайраткерлерінен өмірдің өзі талап еткен.

Жас күрескер Мұстафа Шоқай Питерден еліне қарай сапарға шығар алдында, пойызға мінуге рұқсат алу үшін, 1917 жылғы наурыздың 20-ларында, соның алдында ғана  революцияшыл мекеменің алғашқы басшысы болып сайланған кісіге – Петроград Жұмысшы депутаттары кеңесінің (Петросоветтің) төрағасы социалист Николай Семёнович Чхеидзеге кірді. Карло Чхеидзе революциялық қозғалысқа жастайынан,  студенттік шағынан араласқан, «Коммунистік партия манифесін» 90-шы жылдары грузин тіліне тұңғыш аударған, 1892 жылдан Закавказьедегі алғашқы социал-демократиялық ұйымның, 1898 жылдан РСДЖП-ның мүшесі болған, 4-ші Мемлекеттік думада меньшевиктер фракциясын басқарған, патша Думаны тарқатқанда, оған мойынсұнбай құрылған Мемдума Комитетінің құрамына кірген 53 жастағы тәжірибелі саясаткер болатын. Мұстафа оған өзінің алға қойған мақсатын айтады. Оны естіген Чхеидзе шошып кетіп: «Жолдас Шоқаев, отандастарыңызға автономия туралы айта көрмеңіз. Өйткені, біріншіден, қазір бұл жөнінде сөз қозғауға ерте, ал, екіншіден, сіздің Түркістан секілді мәдениеті, тілі мен діні мүлдем бөлек елге автономия әперу – сепаратизмге анық қадам басу деген сөз. Ал революциялық және демократиялық Россиядан тысқары жасалған сепаратизм сіздің халқыңызға пайда бермейді»,  – деп қарсылық  білдірді.

Алайда революциялық оқиғалар жылдам өрістеп, саяси ойды қарқынды түрде дамытып жатты. Чхеидзе жазда Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің 1-ші Бүкілресейлік съезінде ВЦИК төрағасы боп сайланып, күзде арнайы шақырылған Бүкілресейлік демократиялық мәслихаттың жұмысын кіріспе сөз сөйлеп ашқанда, «жағдайды қалай парықтап, не істеу керектігі туралы» мәселе қойды. Елдегі билікті ұйымдастыру жөнінде өткен мәжілісте белсенді рөл атқарып, соңғы коалициялық Уақытша үкіметті құруға қатысты. Сосын Грузияға кетті де, революцияшыл Ресейге қайтып оралған жоқ. Мұстафаға берген кеңесінің қателігін өзі дәлелдегендей боп, Грузияның тәуелсіздігі туралы декларацияға қол қойды, Закавказье сеймінің төрағасы болды, Грузияға Қызыл армия кіргеннен кейін біржола Францияға эмиграцияға кетті. Оның ақыл-кеңесіне құлақ аспай, туған өлкесінде революцияшыл Ресей мемлекетінің құрамында болатын Түркістан мұхтариятын жариялауға атсалысқан Мұстафа Шоқай да автономия астанасы Қоқан қанды қырғынға ұшырағаннан соң совет өкіметінен біржола жеріген. Сосын араға біраз уақыт салып, ол да Франциядан орын тепті.

Шетелде Мұстафа ресейлік және түркістандық эмигранттармен бірге қоян-қолтық еңбек етті. Орыс және еуропалық баспасөз бен өзі серіктерімен арнайы ашқан журналдары беттерінде большевизмнің қылмыстарын әшкереледі, бостандық идеяларын таратумен және азаттық қозғалысының заман талабына сай теориясын жасаумен шұғылданды. Өмірінің мәніне айналған ұлт азаттығы жолындағы күресінің алғашқы кезеңінде ол Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1917 жылдың сәуіріндегі 1-ші съезінде құрылған Орталық кеңес (Ұлттық орталық) төрағасы болып сайланған. Түркістан автономиясының жобасын жасауға белсене қатысқан. Өлкеде Ресей федеративтік республикасының құрамдас бір бөлігі болуды көздеген автономия құру жөніндегі идея болашақ бүкілресейлік құрылтайшы жиналыста қолдау  табады деп үміттенген. Яғни туған елінде автономиялық бірлік құруға ұмтылғанмен, Чхеидзе сақтандырған сепаратизмді мүлдем ауызға алмаған-ды. Өстіп, орыс демократиясына сенімін жоғалтпай, Мұстафа автономия мәселесінің Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналыста шешілуіне қалдыру жағында болды. Белгілі қайраткер Серәлі Лапин  басқаратын «Улема» қоғамы (діни ғұламалар орталығы) шұғыл шариғат сотын енгізу сынды шетін ұсыныс жасағанда, одан кейін өлкенің Ресейден бөлінуі жөнінде батыл идея көтергенде де,  ол Ұлттық орталық атынан келіссөз жүргізіп, мұндай қадамдарға барудың ертелігін, өлке болашағына қатысты мәселелерге сақтықпен қарау қажеттігін дәлелдеді.

Бірақ Петроградтағы Қазан төңкерісі,  артынша Ташкентте де өлке билігін большевиктердің басып алуы жағдайды шиеленістіріп жіберген еді.  Ташкенттегі совет өкіметінің басшылары Қоқанда жарияланған Түркістан мұхтарияты үкіметінің қызметіне кедергі келтірудің қилы амалдарын жасады да, ақыры, жойқын қарулы күш қолданып, жойды. Астыртын жағдайға көшкен Мұстафа Шоқай жаралы солдатша киініп, жаралыны күтімге алған медбике кейпіндегі зайыбы Мариямен бірге құпия түрде 1918 жылғы 1 мамырда (Түркістан өлкесінің советтік автономиясы жарияланған мерекелі күні) Түркістан өлкесімен біржола қоштасып, пойызбен Ташкенттен шығып кетті. Алашорда қайраткерлерімен бірге барып, Құрылтайшы жиналыс Комитеті Уфада, Самарада өткізген жиналыстарға қатысты. Одан қазақ даласы арқылы Каспийге жетіп, кемемен Бакуге келді. Сосын Тифлиске ауысты. Екі жылдан кейін, 1921 жылғы ақпанда, қалаға Қызыл армия кіргенде, әуелі Стамбулға кетті, онда ағылшын, түрік басылымдарына мақалалар жазды. Содан соң сол жазда Парижге барды. Ақ эмиграция баспасөзінде – Александр Керенскийдің «Дни», Павел Милюковтің «Последние новости» газеттерінде қызмет атқарды. 1923 жылы Париждің оңтүстік іргесіндегі Ножан-сюр-Марн қаласына орнықты. Осы жылы еуропалық жұртшылық алдында «Россия саясаты және Түркістан ұлттық қозғалысы» деген тақырыппен алғашқы дәрісін өткізді. Осы тақылеттес дәрістерді  Мұстафа Парижде ғана емес, Лондонда да, Варшава мен Стамбулда да оқып жүрді. Кавказ, Украина, Түркістан халықтарының Ұлттық Қорғаныс органы «Прометей» журналының редакциялық алқасында істеді. «Франция-Шығыс» комитетінің жиналысында «Түркістанның қазіргі жағдайы туралы» баяндама жасады. Халықаралық істер корольдік институтының шақыруы бойынша Лондонда «Совет Одағы және Шығыс Түркістан» атты баяндамасын жасады. Сол уақыттарда Мұстафа Парижде құрылған Түркістанның ұлттық бірлігі ұйымын басқарды, большевиктердің Түркістандағы саясаты жөніндегі әшкерелегіш мақалаларын еуропалық басылымдарда ұдайы жариялап тұрды.

Шетелдегі саяси қызметі барысында Мұстафа Шоқай, әрине, туған өлкесінің совет билігінен азаттық алуы үшін күресу мәселесін бір сәт те есінен шығарған жоқ.  Эмиграциядағы күллі саяси қызметі, Еуропа социалистерімен жұмысы оның негізгі мақсатын нақтылай түсті. Сол жақта оның қазақ саяси ойын дамытқан, түрк халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы теориясын тәпсірлеген, жалпы әлем демократиясына ортақ қоғамдық ой-пікір қазанын тасытқан орасан зор саяси және ғылыми-публицистикалық жұмысы өрістеп, жиырма шақты жыл бойы толастаған жоқ.

Мұстафа езілген ұлт тілінде (барлық түрк халықтары түсінетін түрки-шағатайша) баспасөз құралын ашуға тырысты. Арнайы баспасөз жұртшылыққа ұлттық қозғалыстың мақсат, мұраттарын жеткізіп, оларды, әрине, бірінші кезекте түркістандықтарды тәуелсіздік идеялары айналасына топтастыру жолына қызмет етуге тиіс еді. Сөйтіп ол   Стамбулда саяси күрестегі үзеңгілес жолдасы Ахмедзәки Уәлидимен бірге «Йени (жаңа) Түркістан» (1927–1931) журналын ашты. Екеуі әуелі Петроградта Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы жанындағы Ұйымдастыру бюросында, сосын Ташкентте шаңырақ көтерген саяси ұйымдарда  қызметтес болған шақтардан бірін-бірі жақсы білетін. Көзқарастары жақын болатын. Эмиграцияда  құрылған Түркістан ұлттық қозғалысының саяси органы ретіндегі осы басылым беттерінде Түркістанның ұлттық тәуелсіздігіне жету, сол мақсатта  түрк халықтары арасындағы ынтымақтастықты күшейту идеясын дәйектей түсу көзделді. Басылым жайында жазған мақаласында Мұстафа Шоқай Түркістан саяси эмигранттарының өз отанынан шалғайда жүрген аз ғана тобы «Йени Түркістан» журналын шығаруға кірісіп отырғанын  айта келіп, эмиграцияға кеткендердің кімдер екенін: «Біз – императорлық Ресейдің ашық та қайтпас жаулары, орыс империализмі мен ұлтшыл ұлыдержавашылдықтың дұшпандары, біз – октябрь револю- циясының ұлттық өз тағдырын өзі айқындау туралы ұранына ашық та шын жүректен қосылғандар  және ешқандай бөтен ой бүкпей, совет өкіметімен оның әр халықтың Ресейден бөлек, дербес мемлекеттік ғұмыр кешуге хақылығы жөніндегі декларациясы негізінде қызметтес болуға ниеттенгендер (біздің арамыздағылардың көбі іс жүзінде қызметтес болды да), біз, Шығысты империалистік бөліп алу делінетіннің ең шешімтал қарсыластары...» – деп жіктеп түсіндірген еді. Міне, осындай көзқарастағы азаматтар өз отанын тастап, шетелге кетуге мәжбүр болды. Ал мұның қалай және қандай мақсатта жасалғанын Мұстафа үзеңгілестерімен бірге қолға алынған осы журнал беттерінде әңгімелеп бермекке, совет өкіметінің саясатын талдап, орыс емес жұрттарға азаттық әпердік, теңдікке қолдарын жеткіздік деген алдамшы сөздерін әлем алдында әшкерелеуге ниеттенеді.

Барлығы отыз тоғыз саны шыққан «Йени Түркістан»   беттерінде әріптестердің  ұлттық тәуелсіздік және түрк халықтарының рухани бірлігі хақындағы ой-пікірлері жарық көрді. Солардың қатарында Мұстафаның большевиктердің Түркістандағы ұлт саясатының идеялық және практикалық қырларын  қарастырған, өлкеде жүргізген аштық саясатын әшкерелеген, сондай-ақ өлкедегі орыс переселендері, байырғы Тұран мемлекеті, шешімін табуы тиіс ұлттық мәселе, басқа да маңызды жәйттер туралы мақалалары жарияланды. Журналды шығару барысында оның ұйымдастырушылары арасындағы кейбір көзқарас қайшылықтары айқындала келе, Мұстафа жаңа басылым ашуды көздеп, қажетті дайындық жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп Берлинде «Яш (жас) Түркістан» (1929–1939) журналын шығаруды жолға қойып, өзі бас редакторы болды. Журналдың алғашқы санындағы «Біздің жол» атты бас мақалада осы саяси басылымның басты мақсаты «Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресу» екенін баса айтты. Большевиктердің «пролетариат деген тапты ешкім естімеген елде»... «түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық» Түркістан республикаларын өмірге әкелгенін еске салды. «Ал біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу... сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деді.

Осы ұстанымға адал «Яш Түркістан» журналы оқырмандарына түрк халықтарының тәуелсіздік үшін күресінің мән-мағынасын, азаттық идеяларын жан-жақты жеткізуге тырысты. Алдына түрктерге ортақ тарихты жаңғыртып, мәдениет пен түсінікті тіл қалыптастыруды мақсат етіп қойды. Совет Одағындағы әдемі де тәтті ұрандармен бүркелген байырғы отаршылдық әрекеттердің жалғасып келе жатқанын ашып көрсетіп, большевиктердің түрк халықтарын ұлыстарға бөлшектеп билеу әрекеттерін әшкереледі. Мұстафа 16-шы жылғы дүрбелеңге байланысты Торғай даласында өзіне тайпаластары тарапынан қойылған ұсынысты еске алып жазған  бір мақаласында: «Түркістанның ұлт-азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті өзбек, қазақ, түрікмен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін (түрк халықтарын – Б.Қ.) бөлшектеп, өлімге бастайтын жол екенін жақсы білетін едім», – деп жазған еді. Айқын да анық осы көзқарасы оның түрк халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын біліктілікпен, терең де жан-жақты талдауын және  азаттық жолындағы күрес теориясын жасауын мүмкін етті. Ақпан революциясынан кейін қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен халықтарының бірігуі жайындағы ой, отаршылдық озбырлыққа түрк-мұсылман ынтымақтастығын қарсы қою әрекеті империядағы мұсылман қозғалысын жаңа сатыға көтерген. Тұтас Түркістан идеясы өлкеде 1917 жылы Түркістан автономиясы жариялануы арқылы нақты іс көрінісіне айналғаны мәлім. Эмиграцияда саяси күресін жалғастыру барысында Мұстафа  бұл идеяны теориялық тұрғыда дамытып, тәуелсіздік үшін күрес құралына айналдырды. Тәуелсіздікті көздеген қозғалыста ол түрлі ұрандармен көлегейлеп, бұрынғы отарлық жүйені қайта орнықтырған Совет Одағындағы барлық түрк халықтарының ең алдымен бірлесіп қимылдауы қажет деп санады. «Ұлттық азаттығымызға тезірек қол жеткізетін бірден-бір дұрыс жол – түрікшілдік (түркшілдік – Б.Қ.) жолы» деген ұстанымын ту етті. «Яш Түркістан» беттерінде осы ұстанымды дамытып, тәуелсіздік байрағын айбындата желбірететін аса зор міндеттер әңгімеленді. Жалпы қоғамдық даму үдерістері, әлемде орын алып жатқан оқиғалар, азаттық қозғалысының түрлері мен күрес тәсілдері жайындағы Мұстафаның көзқарастары, түрк халықтарының тарихы мен мәдениетіне байланысты ой-пікірлері журналда жақсы  баяндалып, айқын көрініс тауып жатты.

Мұстафа Шоқайдың иланымынша, тарихи отанын жанындай жақсы көретіндер ғана оның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы нағыз күрескер бола алады. Сондықтан да ол «Яш Түркістан» басылымы беттерінен оқырмандарды туған елі мен жер-суының тағдыр-талайын жақсы білуге, оны жақсы көріп, мақтаныш ете алуға үндеді.   Мұстафа азаттық қозғалысында тек түркістандықтардың ғана емес, солармен бір қатарда өзге де түрк жұрттарының – қырымдықтардың, татар, башқұрт, әзірбайжандардың бір мақсатта күресуінің маңыздылығына назар аударды. Түркістан бірлігі идеясының жаңа мазмұнда түсінілуіне мән берді. «Түрк іс бірлігі» баршасына үлкен күш-қуат беретінін уағыздады. Еврейлердің өмір салтынан «Варшавадағы бір еврейдің тісі ауырса – Америкадағы еврейдің жағы сыздайды» деп айтылатын қанатты сөзді келтіріп, қазіргі ұлт қайраткерлері де тап сол сияқты: «түрк тектес бір ел азап шексе – барша түрктер азап шегеді» деуі қажет екенін айтты. Мұстафаның бұл көзқарасын эмиграциядағы түрк зиялылары толық қолдады. Мәселен, Уфа губерниясынан шыққан саяси қайраткер, заңгер, әдебиетші, Құрылтайшы жиналыс мүшесі, эмигрант Омер Тенерекоглы өзінің де Мұстафа тәрізді жалпытүрктік көзқарасты ұстанатынын хабарлап, Россиядағы түрк ұлттық мәселесі Түркістан тәуелсіз болғанда ғана шешілетініне сенетінін жазды. Оны Әзірбайжанның  да, Қырымның да тәуелсіздігі шеше алмайтынын, Еділ бойы түрктерінің мәселесі де Түркістан мәселесіне байланысты екенін айтты.

Мұстафаның иланымы бойынша, түркшілдік – түрк халықтарының шығу тегіне, мәдени-рухани тіршілігіне қатысты мәселе. Яғни ол шыққан тек пен мәдениет хақындағы мәселе ретінде қарастырылуға тиіс. Ал азаттық үшін, тәуелсіздік үшін күрес – күн тәртібіндегі мәселе, бұл ретте түрк мүддесін көздегендер барлық шынайы бостандықты аңсаған халықтармен бірлесіп күресу керек. Сондықтан да ол қоғамдық-саяси тақырыптағы мақалаларында тек Түркістанның мұң-мұқтажын ғана күйттемей, совет билігі езгісіндегі украин, грузин, әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ бойы, Қырым халықтарының тыныс-тіршілігін арқау етті. Түрк халықтарының рухани жақындығын әрқашан есте ұстап, қандай жағдайда да бір-біріне қол ұшын беріп жүруін жақтай отырып, Түркістан Ұлттық Бірлігінің өз ішіндегі ынтымақты күшейте түсуге, сөйтіп, шетелдегі барша ұлттық ұйымдармен тұрақты қарым-қатынас орнатуға күш жұмсады. Ортақ мүдде үшін күресуде бірлікті нығайта түсудің маңызды екендігін әрдайым еске салып отырды. Мұстафа Шоқай азаттық үшін күрес қисынын мәселеге осылай кеңінен қарау арқылы пайымдады. Ол он жыл бойы шығарған «Яш Түркістанның» жүз он жеті саны түгелдей түрк ұлт-азаттық қозғалысын теориялық тұрғыда негіздеуге қызмет етті.

Ұлы күрескер Берлинге жиналған Түркістан жастары алдында 1936 жылы  сөз сөйледі. Онда «жат үкімет... алты жұмхұриетке бөліп» тастаған «Түркістан – бөлінбес бір өлке» екеніне  жас азаматтардың назарын аударды.  Алдағы мақсат ретінде, өлке жұртының өз ұлттық өкіметін құру, «жалғыз Түркістанның ғана емес, бүтін түркі халқының дос болып, өзара бірлік пірадарлықпен жасап, сыртқы дұшпандарға толықтығын білдіріп қою» екенін айтты. «Еуропаның әр тарапында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар!» – деді. «Кімнен таяқ жегендей біздің түрктің баласы, алдырып жүрген дұшпанға – ауызының аласы», – деген нақыл сөзді ұмытпауға шақырды. Бес жылдан кейін, екі тоталитарлық мемлекет текетіресінің құрбанына айналған сан-мың соғыс тұтқындары қамалған лагерьлерді 1941 жылғы тамызда аралап, түркістандықтар алдында сөйлеген сөзінде: «Алла бізге неміс тұтқынынан құтылуға және өз үйімізде бейбіт және адал еңбегімізбен өмір сүруімізге көмектесетініне сенемін. ...сендер бәрің де өз отаны бар біртұтас Түркістан халқының ұлдарысыңдар деп есептеймін. ...Менің ең негізгі қамқорлығым сендердің әрқайсыңа біздің болашақ отанымызды – Түркістанды құру үшін қажетті әртүрлі іскерлік жұмыстарға орналастыру болмақ», – деді. Баршамызға белгілі, тағдыр оған жоспарын жүзеге асыруды жазбады...

Тура Мұстафа Шоқай аңсағандай болмағанмен, Түркістан өлкесінің байырғы халықтары елу жылдан кейін, 1991 жылы,  өздерінің тәуелсіз мемлекеттерінің түтінін түтетті. Содан беріде өзіндік жолдарымен дами отырып, қазіргі таңда тарихи тамырластықтарын бекіте түсетін мәдени іс-шараларды жүйелі түрде бірлесіп жүргізіп келеді...

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5628