Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Саңлақ 6537 6 пікір 24 Наурыз, 2020 сағат 19:01

Елдегі жағдайға біздің «миллионер» футболшылардың реакциясы қандай?

Коронавирус дерті тұтас дүниені табанынан тік тұрғызды. Әлемді алаңдатқан аты жаман ауыру өкіншке орай біздің елді де айналып өткен жоқ. Елде төтенше жағдай жарияланып, Алматы мен Нұр-Сұлтан карантинге жабылды.

Төтенше жағдай кезінде барлық мерекелік-спорттық шаралар уақытша тоқтатылды. Біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде спорттық жарыстар кейінге шегерілді. Әлемнің әр түкпірінде өтіп жататын мыңдаған турнирлер тоқтап, миллиондаған спортшының қолы босап, үйлерінде отыр.

Жай отырған жоқ, дүниені дүрліктірген дертпен хал-қадірінше күресіп жатыр. Бірі адамзатты тазалық сақтауға шақырып, әлемдік челлендж ұсынса, енді бірі қайырымдылық қорын ұйымдастырып, ауырумен күресуге миллиондап ақша бөлуде.

Бір мысал ретінде, германиялық «Бавария» футбол клубының ойыншылары Йосуа Киммих пен Леон Горецканың коронавирустан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қаржы жинап жатқанын айтсақ болады. Қос футболшы өздері ұйымдастырған We We Corona қорына әрқайсысы 500 мың еуродан аударды. Оларға бірден «Манчестер Сити» ойыншысы Лерой Сане қосылды, ол да дәл осы сома мөлшерінде ақша берді.

«Бавария» ойыншылары коронавируспен күреске қаржы бөлді

Йосуа Киммих пен Леон Горецка

Дәл осы командада доп тебетін шабуылшы Роберт Левандовски де аурудан зардап шеккендерге көмектесуге білек сыбана кірісті. Поляк футболшысы әйелімен бірге отбасылық бюджеттен медициналық техника сатып алуға 1 миллион еуро бөлді.

Аладоп қуған азаматтардың адамгершілігі жайлы айтылар әңгіме бұл ғана емес. Жылына бірнеше миллионнан бастап, 30-40 млн. еуроға дейін жалақы алатын еуропалық футболшылар осынау қысылтаяң кезде жалақысын қысқартуға да қарсы емес. Атап айтқанда Лионель Месси бастаған «Барселона» футболшылары клуб басшылары ұсынған карантин кезінде жалақыны азайту ұсынысына келісім берді.

Бұл жерде каталониялық клубтың президенті Хосеп Бартомеудің ойыншылармен ортақ тіл табыса білгенін айта кету керек. Бартомеу мырза футболшылармен арнайы кездесіп, командамен ортақ тіл табыса білді. Матчтар тоқтап, клубтың кірісі азайған кезде, шығынды қысқарту керек екенін футболшыларға түсіндіре білді.

«Барселона» президенті Хосеп Бартомеу

Енді өз еліміздегі жағдайға оралайық. Біздің елде де аладоп қуғандардың алатын айлығы аз емес. Еуропадағыдай 10-20 млн. болмаса да, бір жылда бірер млн. еуроны қалтаға басатын «қомағайлар» бізде де бар (әрине, мұндай жалақы легионерлерге төленеді). Халқы қоңыр қалта күн кешетін Қазақстан шетелдік спортшыларға жалақы төлеуде әлемде үздік 20-30 елдің қатарында. Оның үстіне бұл қаржының бәрі мемлекеттік бюджеттен бөлінеді.

Біз бұған дейін де бюджет қаржысының бүйірін сорып отырған кәсіпқой спорт клубтары жайлы жаздық. Атап айтқанда, футболдан премьер-лигада бақ сынайтын 12 командаға ел бюджетінен жыл сайын 30-40 миллиард теңге бөлінетіні, 2018 жылы дәл осы футболшыларға жалақы төлеуге 80 млн. еуро (33,5 млрд. теңге) жұмсалғаны, елордалық «Барыс» хоккей клубына 2019 жылы 3,6 млрд. теңге бөлінгені жайлы...

Ендеше ел бюджетінің майлы жілігін мүжіп отырған қазақ футболының карантин кезіндегі күйі қандай? Әрине, төтенше жағдай жарияланғалы футбол турнирі тоқтатылған. Командалар жекелей жаттығуға көшті.

Елдегі төтенше жағдайға біздің «миллионер» футболшылардың реакциясы қандай? Еуропадағыдай қор құрып, қаржы жинау, медициналық техника сатып алуға ақша бөлу деген секілді адамгершіліктің үлгісін біздің футболшылардан күтпей-ақ қойыңыз. Қалтасынан қаржы шығарғанды қойып, жалақыны қысқартуға қарсы болып, шу шығарып жатыр.

Мәселен, Премьер лигада бақ сынайтын «Ертіс» пен «Каспий» футбол клубы ойыншылар мен қызметкерлерге төтенше жағдай кезде жалақы елдегі ең төменгі есептік көрсеткішке теңестірілетінін хабарлаған. Бұл хабарды ести сала ыңыршағын бауырына ала тулаған футболшылар жоғары-төмен арыз жаза бастады.

«Ертіс» футбол клубының жаттықтырушылары, әкімшілік құрамы және клубтың футболшылары Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа ресми хат жолдап, клуб басшылығының жалақыны төмендету шешіміне үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді.

«Ертіс» ойыншылары әкімге ашық хат жазды

Ал «Қызыл-Жар» футбол клубында доп тебетін Литва құрамасының қорғаушысы Витаутас Андрюшкявичюс чемпионат тоқтаған кезде де жалақы төленуі міндетті деп есептейді.

«Спортпен айналысып жүрген адамдар қазіргідей кезде спорттық бабын қалай сақтауды біледі. Кейде мұндай демалыстар спортшының жарақатынан айығуына пайдасын тигізеді.

Матчтар өту-өтпеуіне қарамастан, клуб біздің Қазақстанда жүрген әрбір күнімізге жалақы төлеуге міндетті».

Біздің елде өнер көрсететін шетелдік футболшының төтенше жағдай кезіндегі ұстанымы осындай екен. Легионерлерге мемлекеттік бюджеттің миллиондарын санап беруден шаршамайтын шенділердің назарына ұсынып отырымыз мұны.

Витаутас Андрюшкявичюс

Әділ болу үшін «Барселона» футболшыларымен «Ертіс» пен «Каспий» ойыншыларының табысын салыстыруға келмейтінін айта кетейік. Испаниялық команданың ойыншылары біздің елмен салыстырғанда әлдеқайда мол жалақы алады. Оның белгілі мөлшерін қысқартқанымен, бәрібір тәп-тәуір табыс табары сөзсіз. Ал біздің клубтар бірден ең төменгі есептік көрсеткіш (42 мың тг.) бойынша төлегелі отыр. Елдегі орташа айлық мөлшерінен 100 есе жоғары жалақы алып үйренген футболшылар мұндай аз ақшаға әрине қарсы болады.

Тағы бір мәселе, біздің елдегі басшы қызметкерлердің өзімбілермендігі, КСРО кезіндегідей баса билеп, шешім шығаруы болып отыр. Біз жоғарыда «Барселона» президенті Хосеп Бартомеудің ойыншылармен арнайы кездесу өткізіп, келісімге келгенін ерекшелеп айттық. Біздің басшыларға осы қадам жетіскен жоқ. Мүмкін біліксіздіктен, мүмкін жауапкерсіздіктен болар. футболшылармен еш келіспей, сырттай шешім шығарған.

Футболшылар жазған ашық хаттар әлеуметтік желіде жарияланды. Бұл берісі қазақ футболын әлемдік қауымдастықтың алдында күлкіге қалдырып, футбол әлеміндегі абыройынан айырды. Әрісін айтсақ, мұндай арыз-шағымдар халықаралық қауымдастыққа жетсе, клубқа айыппұл салу, Еурокубоктардан шеттету және чемпионаттағы ұпайын кеміту сынды жаза қолданылады (Қазақстан футболында мұндай жағдай бірнеше рет қайталанған).

Басшылар ақылды болып, сәтті келіссөз жүргізе білсе бәрі басқаша болар ма еді?! Біздің футболшылар да шетелдегідей жалақысының бір бөлігінен бас тартып, тіпті Еуропадағыдай вируспен күресуге қаржы бөлер ме еді? Бұлай болмаған күннің өзінде «жау жағадан алғанда, етектен тартар бөрі» болып, арыз жазбас еді ғой...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3292