Батыр Тоқтар тағы да ғарышқа ұшуға бел байлап отыр
Қарсылық Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаевтың аузымен айтылды. Көкті көріп қайтқан екінші қазақ біріншісіне көрсетілер құрметті тым артық деп санайды. Кеңес заманынан қанымызға сіңген 12 сәуір - ғарыш күнін өзгертудің қажеті жоқ деп шыр-пыр болды. Тоқаң да әріптесін қолдайтынын білдірген. Әрине, өзін өзі мақтаған өліммен тең. Батыр үшін тіптен лайық іс емес. Бірақ ол біздің мақтанышымыз еді ғой. Бәріміздің. Бар қазақтың. Ендеше, оны мақтап, дәріптеп, насихаттауда неге алакөз бола қаламыз? Оның да себебін бәріміз білеміз. Батыр ағамыздың батылдығы, турашылдығы, халықты ойлайтыны, бүгінгі саясатқа көңілі толмайтыны билікке түрпідей тиеді. Сондықтан да оның атын атамауды жөн көреді.
Батырдың оппозицияға бір бүйрегі бұрып тұратыны алғашқы қазақтың ғарышқа ұшқанының 20 жылдығын елеусіз, ескерусіз қалдыруға себеп болды. Билік оның батырлығын мойындағысы келмейді. Жер бетінде жүріп батыр екенін дәлелдеу қиын болғандықтан Тоқтар ағамыз ғарышқа ұшып ер екенін билікке тағы бір дәлелдегісі келетін секілді.
Аға, халқыңыз сіздің ер екеніңізді әлдеқашан мойындаған. Сіздің ғарышқа ұшқан ерлігіңізді енді қанша қазақ қайталай қояр дейсіз. Ал жер бетіндегі батыл істеріңіз талай жұртты рухтандырады. Халқыңыз сізді пана көреді. Елдің еңсесін көтеретін батыл бастамаларға себепші болса дейді. Барымызды бағалап үйренетін күн де туар. Сондай атты күнде сіздің де есіміңіз тарих беттеріне алтын әріппен жазылады.