Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 7872 16 пікір 27 Наурыз, 2020 сағат 12:34

Қазақ Республикасының 100 жылдығы (жалғасы)

Биыл «Алаш» ұлттық автономиясынан бастау алып, ҚАССР және қазіргі  тәуелсіз Мемлекетке айналған Қазақ Республикасының құрылғанына 100 жыл толады. Кеңес өкіметі 70 жыл бойы қасақана және жүйелі түрде «Алаш» тарихын, оның атын құртқысы келгенімен, ұлт тарихындағы оның рөлін қаншама жасырғанмен де тарихшылардың көпшілігі жоғарыда аталған құрылымдардың тікелей байланысын мойындады. Бұл түсінік бізге Тәуелсіздіктің 30 жылынан соң, тарихшы ғалымдардың мұрағаттарды қазбалап, жанқиярлық еңбектері арқасында қазір ақиқатқа көз жеткізіп отырмыз. Міне сондықтан, бұқара санасындағы әлі де кездесетін коммунистік идеялар мен ескі стереотиптерден арылу, де-коммунизация саясатын жүргізуі - бүгінгі міндеттің  бірі болып тұр.

Осыған байланысты Қазақ Республикасының 100 жылдығы туралы, оның ішінде, «Алаш» қайраткерлерінің  ұлттық мемлекет құрылысына, Қазақ Республикасының әлеуметтік–экономикалық үдерістеріне қосқан үлесі туралы айтатын кез келді. 

Ең бастысы, «Алаш» қайраткерлері мамандарды дайындау мен қоғамдық ағарту керек деп білгенін айта кеткен жөн. Олар ұлттық мемлекет алдында тұрған қиындықтар  мен міндеттерді саналы түрде қабылдап, оларды шеше алуға қабілетті қоғамға сүйену қажет деп санады.

Сол себетен, 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен ІІ Жалпы қазақ-қырғыз съезінде Алаш ұлттық жерлі автономиясының Алаш Орда Үкіметін құру кезінде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған арнайы білім комиссиясы  құрылып, оның міндетіне білім беру жүйесін қалыптастыру жүктелді. Мағжан Жұмабайұлы, Елдес Омарұлы, Биахмет Сәрсенұлы және Телжан Омарұлы комиссияға мүше болды.

Комиссия Алаш Орданың саяси басшылығына кірмегеніне қарамастан, комиссияға  кең құзыр беріліп, жеке бюджет бөлінді [1, 74-75бб.]. Бұл – «Алаш» қайраткерлерінің қоғамды ағартуға және ұлттық кәсіби мамандарды тәрбилеуге басты назар аударуының дәлелі. 

«Үстіміздегі ХХ ғасыр – жарыс заманы, - деп жазды «Қазіргі керек екі нәрсе» мақаласының авторы 1918 ж. тамыз айында, - Бұ күнде тіршілік күресінде майданға түспеген, мәдениетке талпынбаған жұрт жұрт та болмайды. Бұл күнде байлық, атақ, бақыт, дәурен күштінікі. Күш ғылымда, қазіргі жер жүзінің соғысында жүлде алып отырған – ғылым. Тұрмыс, өмір жүзінде төрден орын алып отырған – ғылым. Оқымаған жұрт оңбайтынына көзі жетулі: о жағынан көп айтып керегі де жоқ... Қазақ өз алдына жұрт болса да, болмаса да керегіміз көп. Бізге керек: жалпы оқу, жалпы әскерлік, жалпы шаруа түзеу, адам дәрігері, мал дәрігері. Бізге керек неше түрлі мекемелер: пошта, телеграфтар. Бізге керек нелер білгіш, саясатқа піскен адамдар, әртүрлі оқуға жетік мамандар (спетсиалистер). Бізге керек: фабрика, зауыттар, темір жолдар, игілік, шаруа ұйымдары, оларға жетік кооператорлар, тағы басқалар. Міне осы айтылған орындардың бәріне қазақтан оқыған кісі керек. Мұның бәрі бір күнде не бір жылда бола қоятын іс емес. Оңай, тез болуының тәсілі – осы бастан қам қылумен, білгіштердің тәжірибелі планымен, қызметкерлердің ауыр еңбегімен, байлардың күші, қаражатымен табылатын нәрсе» [2, 229 б.]

Тіпті азамат соғысы да Алаш Орда үкіметінің келешек жоспарларын тоқтата алмады. Мысалға 1918 жылы Ташкентте қазақ педагогтарын даярлайтын курс ашылып, оны 1919 жылы алғашқы 145 мұғалім бітірді. Кейіннен бұл курс дербес қазақ педагогикалық училищесіне айналды. Училище Түркістан АКСР Халық ағарту комиссариаты қаулысымен ашылса да, оның ұйымдастырушылары мен мұғалімдері «Алаш» белсенділері Әбділазиз Байсейітұлы, Сегізбай  Айзынұлы, Коңырқожа Қожықұлы («Қыз Жібек» фильмінің қоюшы режиссері Сұлтан Қожықовтың әкесі) болды. Ал 1918 ж. желтоқсанында ТүркАКСР-інде Педагогикалық алқа құрылып, оған Сұлтанбек Қожанұлы, Хайретдин Болғанбайұлы, Фазыл Кұлтасұлы сынды басқа «Алаш» қайраткерлері мүше болды [3, 56-57 бб.]. 

Халықты ағарту ісін Алаш Орда мүшелері азамат соғысынан кейін бұрынғыдан белсенді жалғастыра берді. Оған дейін олар бір сәт  болса да өздерінің автономияны таныту күресінен тынған емес, ал оның артында ұлттық мемлекетті сақтау мүддесі тұрды. Мысалы, «Қазақ депутатары» мақаласында Әлихан Бөкейхан былай  жазады: «Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада ӨЗ ТІЗГІНІ ӨЗІНДЕ БӨЛЕК МЕМЛЕКЕТ болар», - деп жазды [4, 88 б.].

1918 ж. көктемінде Алаш Орда Кеңес өкіметімен арада бір бірін мойындау туралы келіссөз жүргізген болатын. Сол кезде Алаш Орда жетекшілері қазақ және бірге тұрып жатқан басқа ұлт өкілдері атынан сөйлеуге толық заңды және моралдық құқықтары болғанын ескере кеткен жөн. 1917 жылғы I және II Жалпыұлттық съездері мен олардың қаулылары  ғана емес, сол жылдың қараша айында (Семей, Ақмола облыстарында құрылтай сайлауы желтоқсан да өтті. – Авторлар.) болып өткен Дала және Түркістан өлкелеріндегі Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына өкіл сайлау қорытындысы олардың қалың қазақ атынан сөйлеуге толық құқық  берді. Белгілі тарихшы ғалым М. Қойгелдиев өзінің бір еңбегінде: «Алаш» партиясы сайлаушылардың сөзсіз кең қолдауына ие болды, қазіргі Қазақстан аумағы бойынша 80%, Орынбор облысы мен Ақмола облысының Омбы оязында 52% дауысқа ие болды. «Алаш» партиясы тізімі бойынша Бүкілресейлік құрылтайға қазақтан 43 өкіл сайланды, олар Алаш Автономиясының негізін қалады» деп жазды. 

Алаш Орда үкіметінің  РСФСР Халық Комиссарлар Советінің төрағасы В.Ленинге  Алаш және Совет Үкіметі арасында өзара автономияны тану туралы телеграммалардың бірі. 1918 жыл, 21 сәуір  

Халық Алаш қайраткерлерін азамат соғыс барысында да қолдауын тоқтатқан емес, Алаш армиясының тарихын зерттеуші ғалым Б. Әбдіғалиұлының мәліметі бойынша, Алаш Орда үкіметінің Алаш қаласында орналасқан кіндік кеңсесі мен Жымпитыдағы Батыс бөлімі халықты жұмылдырып, ондаған мың жауынгерден тұратын оншақты әскери бөлім  жасақтап, әскери қимылға жаттықтырып үлгерді [5, 72 б.]. Бұл Алаш Орданың аласапыран кездегі ұйымдастырушылық қабылетін, қалың бұқара арасындағы зор абырой-беделі болғанын аңғартады. 

Осындай игі іс-әрекеттер (кейде тіпті өте сәтті әрекет) бұрынғы отаршыл империяның барлық шеткі аймағында көрініс беріп жатты: сол кезде Украина, Грузия, Әзербайжан, Башқұртстанда және т. б. халықтарда ұлттық мемлекеттер, автономиялар құрылып, басып жаншылды. Соғыстан әбден қалжыраған Кеңес өкіметі жергілікті ұлттардың бетін өзіне қарай бұратын, сөз жүзінде болса да ұлттардың өзін өзі билеу құқын мойындайтын, тіпті Ресейден бөлініп шығу құқы қарастырылған "Ресей халықтарының құқы декларациясы" қабылдауға және де ұлттық автономияларды қайта құруға (большевиктердің форматымен болса да) мәжбүр болды. Сондықтан, ұлттық республика құрудың шешуші факторы тоталитарлық коммунистік идеологияның немесе пролетариат диктатурасының «сыйлығы» емес, халықтардың азаттыққа деген ұмтылысы болды. Қазақ елінде мұндай ұмтылысты  «Алаш» партиясы бастап тұрды. 

Кейбір большевиктер ҚАССР құрылуын өздері  жек көретін «Алаш Орданың» «реинкарнациясы» деп санады. Мысалы, Тұрар Рысқұлұлы Қ. Сарымолдаұлына жазғанда ГПУ арқылы «Алаш» қызметіне қарсы әрекет ету  үшін 28 тараулы нұсқау жібереді, оның ішінде: «Менің өткенімді айтыңдар.... автономист болған емеспін»  (біздер бөліп көрсеттік - авт). 1922 жылы 22 ақпанда Т. Рысқұлұлы И.Сталинге жазған хатында ҚазАКСР-ын бөліп тастауды, солтүстік облыстарды Ресейге, ал оңтүстік облыстарды «Орта Азия Федерациясына» қосуды ұсынады [6, 390-391 бб.]. Оның себебі: «... бұрынғы «Алаш-орда» қазақ бұқарасы арасында  саяси және рухани үстемдікке ие, ал компартия болса олардың құйыршығына айналғаны фактілермен анықталды. Енді біздер,  ... қазақтар арасында «Алаш –Орда» билігіне бағынуымыз керек пе?» [7, 247 п.].

Алаш Автономиясы 1920 жылы 26 тамызда Қазақ АКСР болып қайта құрылды асыра айту емес, бұлтартпайтын тарихи ақиқат. Оксфорд университетінің Орта Азияны зерттеу орталығы «Kazakhs on Russians Before 1917. A. Bukeykhanov, M. Dulatov, A. Baytursynov, T. Ryskulov» атты еңбегінде: «1920 жылы Алаш Орданың көптеген жетекшісі Ресей (большевиктік) коммунистік партиясының құрамына қабылданды, бірақ бәрібір ... олар өздерінің барлық дәстүрлі мұраттары үшін күресті жалғастыруға тырысты. Қазақтардың мәдени оянуы, әкімшілік және саяси автономия, орыс көші-қонының тоқтатылуы және орыс отаршылары басып алған жерлердің оралуын жалғастыруға тырысты (біз бөліп көрсеттік – авт). 1930-жылдардың басына дейін 10 жыл бойы  Алаш Орда мүшелері Қазақстанның білім беру саласын, баспасөз және баспа ісін толық бақылауында ұстады, олардың жалғыз-ақ мақсаты - ол кеңестік қазақ мәдениетіне ұлттық сипат беру еді», - деп атап көрсетеді [8].

Британ ғалымдары «Алаш» қызметінің «қазақтарды мәдени ояту» екенін тектен тек бірінші орынға қоймайды. Әңгіме білім берудің заманауи жүйелерін енгізуден бастап әдебиет, денсаулық сақтау, өмір сүру салты, мемлекеттен дінді бөлу, қоғамдық өркениеттік қатынастарды қалыптастыру, әйел теңдігі, жастар тәрбиесі, құқықтық мәдениет және азаматтық бостандықтарды енгізу сынды ауқымды мәселелер болды.  

Кейбір мәселенің қырына назар аудара кетейік. Қазіргі қазақ тілінің, әдебиетінің және публицистикасының негізі 1917 жылдың ақпанына дейін қаланды. Осы уақытқа дейін алғашқы роман, поэма, пьесалар жарық көрді. Оның ішінде Абай Құнанбайұлының тұңғыш өлеңдер жинағы (1909 ж., СПб.), зайырлы қазақ мектебіне ауадай қажетті тұңғыш оқулықтар, халық ауыз әдебиетінің үлгілері және тағы басқа әдебиет жарық көрді. Осы ұлт үшін игі істердің басы-қасында «Алаш» зиялылары тұрды, Ақпан төңкерісінің ізінше олар «Алаш» партиясы мен және ұлттық жерлі Алаш автономиясын құрды. Олардың саяси көзқарасы мен ұстанымы өздері іске асырған мәдени ренессанстың, сондай-ақ халықтың материалдық және рухани сұраныстарын терең білуінің нәтижесінде қалыптасқанын атап өту керек. Оларға сол кездегі «Айқап», «Қазақ» сынды баспасөз беттерінде әдеби шығармалармен бірге күн тәртібіндегі өзекті де көкейтесті мәселелерді ашық талқылауы көмектесті.     

Осындай істердің жарқын үлгісі 1913 жылы ақпанда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Оразайұлының «Қазақ» газетін ашуы болды (М. Дулатұлы редакцияға 1913 жылдың наурызында келіп қосылды. – Авт.). Тұңғыш жалпыұлттық басылым ісіне олар Бөкей ордасынан Шығыс Түркістанға дейінгі сахараны мекендеген бүкіл қазақ қоғамын, оның ішінде қазақтың бай, шонжар, ақсүйектерін жұмылдыра білді. «Қазақ» - «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының ұйытқысына, жаршысына, «Алаш» партиясы мен Автономиясының баспаүніне айналды. Сорбонна университетінің француз зерттеушілерінің пікірінше, «Қазақ» «Ақпан төңкерісіне дейін 4 жыл бойы (5 жыл – 1913 жылдың ақпанынан 1918 жылдың ақпан-қыркүегіне дейін. - Авт.) қазақтың қоғамдық пікіріне теңдессіз үстемдік етті» [9, 154 б.]. Өз төңірегіне ұлт зиялыларын топтастырып, ұлттың мұң-мүддесін ашық талдайтын пікірталас орталығы міндетін атқарды. Газет редакциясында газеттің кезекті санымен қатар, көркем әдебиет, қазақ оқулықтары шығарылды. «Азамат» серіктестігі (газет құрылтайшысы) сонымен қатар кедей балаларының оқуын төледі. Олардың ішінде дарынды ақын, жазушы, драматург, болашақ мемлекет қайраткері әрі педагог Жүсіпбек Аймауытұлы бар еді.

Абай феноменінің әлемге танылуында да Алаш арыстарының қосқан үлесі зор. Атап айтқанда Әлихан Бөкейхан 1905 ж. ұлы ойшыл ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы орыс тілінде «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты азанама мақала жариялап, оның поэзиясына тұңғыш рет «Абайдың жылдың төрт мезгіліне арнаған өлеңдері Еуропаның әйгілі ақындарына мақтаныш болары хақ» деген жоғары баға берді [10, 3 б.]. Сонымен қатар Абай қайтыс бола салысымен, оның баға жетпес мұрасы ұмытылмай тұрып, оларды ұлы Тұрғұлға, інісі Кәкітайға жинатып, С.-Петербордағы Илья Бораганскийдің баспасынан тұңғыш жинағын шығаруға, М. Дулатұлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде жазғанындай, ыждаһат еткен де Ә. Бөкейхан болатын [11, 223 б.]. Көп ұзамай абайтанушылықты оның жақын үзеңгілестері А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Әуезұлы жалғастырды.

Алаш көшбасшыларының дүниетанымы, көзқарасының түп-тамырын Абай шығармашылығынан іздеу керек. Олардың бойында қалыптасқан ұлттық сана-сезімнің қайнар көзі Абай мұрасы еді. Соның бір айғағы: «Қазақ» газетінің 1913 ж. алғашқы сандарының бірінде «Қазақ тарихы» атты мақаласында Түрік баласы (Ә.Н. Бөкейхан): «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің ширақ ғадетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы»  [12, б. 32].

Азамат соғыс аяқталып, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Алаш арыстары өз бағдарламаларын жүзеге асыруды жалғастырды. Ең алдымен олар бар күш-жігерін жаппай сауатсыздықпен күреске, медресені зайырлы мектепке айналдыруға, жаңа қазақ оқу орындарын, оның ішінде университеттер ашуға, барлық пән бойынша бағдарламалар мен оқулықтар дайындауға бағыттады. 

1920 ж. қазан айында Алаш Орда жанындағы білім комиссиясының төрағасы А.Байтұрсынұлы ҚазКСР-нің білім министрі болды. Жоғарыда айтылғандай, қазақ педагогикалық курсы осы комиссияның «алғашқы қарлығашы» еді. 1920 ж. Қазақ ағарту институты (ҚазАғартуИн) құрылып, оған Сырдария, Жетісу, Әулие-Ата, Шымкент, Ақмешіт, Ферғана, Самарқанд және Хорезмнен 224 студент қабылданды. Оны  Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, Қ.Жалелұлы, Т. Жүргенбайұлы, М.Әуезұлы және басқа да 33 Алаш қайраткері ұйымдастырып, сабақ берді. 1926 ж. оқу орны педагогикалық болып қайта құрылды, ал 1925 ж. Ташкенттің Өзбек КСР құрамына өтуіне байланысты, 1927 ж. Қазақ мемлекеттік университеті болып өзгертіліп (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ), Алматыға ауыстырылды. Оның алғашқы ректоры көрнекті Алаш қайраткері С.Аспандиярұлы болды (Асфендияров) [13]. Бұл Алаш зиялылары ашқан алғашқы оқу орнның бірі ғана еді. 1929 ж. Алматыда ветеринарлық институт, 1930 ж. ауылшаруашылық институты, 1931 ж. қазіргі С.Аспандиярұлы атындағы медицина институты ашылды. Орал, Семей, Ақтөбе, Петропавл, Шымкент және Қостанай қалаларында мұғалімдердің біліктілігін арттыру институттары ашылды. 1934 ж. Алматыда 2 жаңа оқу орны - Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті  (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰМУ) және Тау-кен металлургия институты (қазіргі Satbayev University) ашылды. Соңғысының негізін салушылардың бірі қазақтың алғашқы математика профессоры, Томск Тау-кен институтының түлегі Әлімхан Ермекұлы - Алаш Орда халық кеңесі (үкіметінің) мүшесі болды. Одан бұрын, 1921 ж. ол өзінің туған Қарқаралысында мектеп пен педагогикалық техникум ашты, ал 1935 ж. ол екі оқулықтың және қазақ тіліндегі жоғары математика курсының авторы болды. Ең бастысы, Ә. Ермекұлы 1920 ж. В.Лениннің қатысуымен өткен Совнарком мәжілісінде баяндама жасап, Қазақ жерінің аумағын анықтап, дәлелдеп берген болатын. Осы қызу талқылаудың нәтижесінде Алаш автономиясы шекарасы аумағында Қазақ (Қырғыз) АКСР құрылды [6, 360 б.].

«Алаш» арыстары тек ұйымдастырушылық қана емес, сонымен қатар ғылыми және әдістемелік жұмыстарды да жүргізіп, бұл міндетті толығымен өз мойындарына алды. Мәселен, 1920 ж. 2 желтоқсанда ҚазМемБаспаның оқулықтар мен әдеби шығармалар шығару жөніндегі мәжілісі өтті. Оған Ағарту халық комиссары А.Байтұрсынұлы, Қазақ АКСР Орталық Атқару комитеті төрағасы С.Меңдешұлы, КазӘскерКомы төрағасы Б.Сәрсенұлы, Алаш өкілдері: Жер жөніндегі Халком өкілі Ә.Бөкейхан, Ағарту халкомы өкілдері - Х.Болғанбайұлы, Е.Омарұлы және комсомол С.Садуақасұлы қатысты. Жиынға қатысқан жеті адамның алтауы - Алаш қайраткері еді.

А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, С.Сәдуақасұлы, Х.Болғанбайұлы және Ж.Аймауытұлының қатысуымен өткен ҚазМемБаспа жанындағы редакция кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Кеңес құрамында ІІ Жалпы қазақ-қырғыз съезінде құрылған кезінде А. Байтұрсынұлы комиссиясының негізі сақталып, тек Х.Болғанбайұлы, Ә.Бөкейхан, С.Сәдуақасұлы, Ж.Аймауытұлдарымен және басқалармен толықты.

«ҚазАғартуИн» оқытушылар тобы: 2-ші қатар, солдан оңға: Алаш қайраткерлері М. Жұмабайұлы, Е. Омарұлы, М. Есболұлы, Х. 3-ші қатар - сол жақтан төртінші Т. Жүргенұлы, М.Әуезұлы, Ф. Ғалымжанұлы және басқалар. Ташкент, (шамамен)1920-1923 жж. 

Ағарту халық комиссариатының құрамында құрылған академиялық және ғылыми-әдістемелік орталықтар қазақ балаларына арналған оқу бағдарламаларын жасау, ауыл мектептері үшін оқулықтар мен әдістемелер шығаруда үлкен жұмыс атқарды. 1922-1924 жж. олар қазақ тілінде А.Байтұрсынұлының «Сауатсыздықты жою туралы оқулық», М. Дулатұлының «Тапсырмалар кітабы» және «Оқу кітабы», Қ.Сәтбайұлының (Сәтпаев) «Сатылым», Ж Аймауытұлының «Дидактика», М.Жұмабайұлының «Педагогика», Е. Омарұлының «Физика» және басқа да оқулықтар дайындап, шығарды: 1927–28 оқу жылында қазақ мектептері үшін жалпы таралымы 575 мың дана болатын 30-дан астам оқулық шығарылды.

Айта кету керек, «Алаш» зиялылары Кеңес өкіметінің қысымының өте қиын жағдайда жұмыс істеп, оның соңы не болатынын жақсы түсінді. Бұған Мәскеуден Ә.Бөкейханның 1923 ж. 23 шілдеде Дінмұхамед Әділұлына (Әділев) жазған хаты дәлел. «Бауырым Дінше! – деп жазды Ә. Бөкейхан, - Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. «Шолпанға», «Темірқазыққа» неге мақала жазбайсың? Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой!». [14, 398 б.].

Соған қарамастан, ҚазАКСР-нің ұлттық білім беру жүйесі бұрынғы комиссия А.Байтұрсынұлының шығармашылық қызметінің арқасында алғашқы онжылдықта тез дамыды. Алаш қайраткерлерінің 1920-1930 жж. сауатсыздыққа қарсы жүргізген қарқынды күресі өз нәтижесін берді. 1940 жылы Қазақ КСР-де 5 289 бастауыш, жеті жастағы балаларға 1770 және 698 орта мектеп жұмыс істеді, оларда 1 368 187 оқушы білім алды. Профессор-оқытушылар құрамы ҚазМУ-да, 13 педагогикалық және оқытушылық институттарда және 23 педагогикалық мектепте оқытылды. Осылайша, білім жаппай құбылысқа айналды, білімді және еркін ойлаған ұлттық зиялылардың ортасын қалыптастыру үшін алғышарттар пайда болды. Айтпақшы, 1931 ж. мақала авторларының бірі, 1937 жылы Алаш Орданы насихаттағаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған, білімімен қатар ұстаздарының ұстанымдарына ие болған Перуаш Кәрімұлы Ақмола қаласындағы осындай техникумды бітірді.

Қазіргі тәртібінен бөлек, кітаптардың шығарудың алдында, олардың мазмұны көпшілік алдында талқыланған болатын, бұған Ә.Бөкейханның 1922-1925 жж.-дағы қазақ баспасөзіндегі көптеген шолуы пен пікірі (рецензиясы) дәлел. Осы шолуларға, сондай-ақ оның серіктестері А. Байтұрсынұлы, Д.Әділұлы, А. Ермекұлы және басқалармен арадағы хаттарына қарап, Ә.Бөкейхан өз серіктестеріне бағыт-бағдар беріп, енді рухани жетекшілік етті. Мәселен, А.Байтұрсынұлына 1925 ж. бір хатында Ә.Бөкейхан одан күзге дейін Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсарыұлы туралы зерттеуін аяқтауды сұрайды [14, 398 б.].

Ағарту жұмысында алашордашылар тек оқулықтар дайындаумен шектелмеді. Олардың өздері жазған не басқа тілдерден аударған ғылыми-әдістемелік әдебиеттердің қазақшаға тек орыстан емес, Еуропа тілдерінен де аударылуына ерекше назар аудару керек. Мысалы, француз астрономы К.Фламмарионның «Астрономия әліп-биі», Д.Гравенің «Дүниенің құрылысы» аударылды [15]. Ә.Бөкейханның мұғалімдер мен оқушыларға арналған «Жаңа мектеп» журналында жариялаған «Серуен жасап оқу әдісі» атты оқу-әдістемелік құралы күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ [16]. Оның үзеңгілестері игілік іс (кооператив) құру, оның жұмыс істеуі, кәсіподақтар ұйымдастыру, денсаулық сақтау, гигиена және т.б. туралы көптеген кітапты аударды.

Жергілікті бәлшебектер алашордашылардың үстінен кезекті жаласын ойластырған жүрген 1924 жылдың 12-17 маусымында, Алаш зиялыларының өздері Орынборда қазақ білімпаздарының тұңғыш съезін ұйымдастырып өткізіп жатты. Съезд делегаттары көптеген өзекті тақырыпты көтерді. Күн тәртібінде қазақ тіліндегі ғылыми терминология, білім берудің барлық деңгейіне арналған оқулықтар мен ғылыми басылымдар көлемінің ұлғаюы, этнографиялық материалдар жинақтау мәселелері айтылды. Ұлттық бірегейлік мәселелері талқыланып, басты қорытынды ұлттық-мемлекеттік бірегейлік белгілерін (тіл, мәдениет, аумақ) біріктіру болды. Шетелдегі (Қытай, Ресей, Монғолия, Бұхара, Хиуа, Шығыс Түркістан) қазақ диаспоралары мәселесіне ерекше назар аударды. Алайда, М.Дулатұлы съездің шет елдермен жұмыс істеуге шектеулі өкілеттіктерін еске алды [17, 167-168 бб.]. Жалпы алғанда, Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы ғалымдарының алғашқы конгресі Ұлттық ғылым академиясының құрылуының бастамасы болды.

Британ зерттеушілері Алаш зиялыларының білім, ғылым және мәдениетте, баспа мен баспасөзде үстемдік еткенін дұрыс айтты. Мәселен, жоғарыда айтылған ҚазМемБаспаның редакциялық саясаты ғана емес, сонымен бірге 1922-1928 жж. аралығында Нәзір Төреқұлұлы басқарған Мәскеудегі Шығыс халықтарының кіндік баспасы да Алаш алыстарының ықпалында болды. Ә.Бөкейхан, М.Жұмабайұлы, А.Байділдаұлы (Байділдин) Кіндік баспаның Қазақ бөлімінде жұмыс істеді. «Алаш» қайраткерлері көптеген ғылыми және мерзімді басылымның ұйымдастырушысы әрі негізгі авторы болды: олардың ұстанымын «Ақ жол», «Теңдік», «Кедей теңдігі» (Қызылорда) газеттері, «Шолпан» (Ташкент), «Темірқазық» (Мәскеу), «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі», «Жас қазақ», «Жас қайрат» т.б. журналдар жеткізді.

Алашордашылардың 1930-жылдағы қайғылы тағдыры белгілі. Алаш Орданың ақкөңіл және еркін рухты көшбасшылары көз майын төгіп жазған барлық еңбегімен, ұлттық идеяға адалдығымен, кейінгі қуғын-сүргін кезеңдерінде оларды бақталасы ретінде көрген жергілікті бәлшебектердің жала, нақақ айыптарынан қорғансыз болды. Бірақ Кеңес дәуірінде Алаш ардақтылары қысқа мерзімде екі негізгі нәрсені істей алды: а) автономия тануға қол жеткізіп, Қазақ Республикасының мемлекеттік институттарын құрды; б) бірқатар маңызды сала, ең алдымен, білім беру саласында дұрыс бағыт орнатты. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы және оның комиссиясы жасаған серпіннің мықты болғаншы соншалықты, ол оның бастамашыларының ізін ондаған жылдар бойы жалғастырды. Сондықтан, мұнайға немесе долларға емес, білім мен білімді ұлтқа негізделген ұлттық идеяның мәнін қалпына келтіру - біздің тарихи міндетіміз.

Пайдалынылған әдебиеттер тізімі:

  1. Алаш-Орда: Сборник документов. /  Состав. Н. Мартыненко. – Алматы: Малое изд. «Айқап», 1992. – 192 с.
  2. Бөкейхан Ә. Шығармалары – Сочинения. 15 тт. – Астана: «Алашорда» Қоғамдық қоры, 2018. – Т. ХІ. – 576 с.
  3. Енсепов Б.Б. «Ағартушы Қоңырқожа Қожықов». // Қазақ тарихы. – 2020. – №1. – 54-59 бб.
  4. Бөкейхан Ә. Шығармалары – Сочинения. 15 тт. – Астана: «Алашорда» Қоғамдық қоры, 2018. – Т. Х. – 560 с. 
  5. Абдыгалиулы Б. Войско Алаш. Казахские части в составе Белой армии (1918-1920 г.г.) – Астана: Фолиант, 2017. – 416 б.
  6. Аманжолова Д. На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана. – Алматы: Издательский дом «Таймс», 2009. – 412 с.
  7. РГАСПИ (Москва). - Ф.17. - Оп. 85. - Д. 77.
  8. Society for Central Asian Studies. Kazakhs on Russians Before 1917. A. Bukeykhanov, M. Dulatov, A. Baytursynov, T. Ryskulov. Reprient series № 5. Oxford, 1985.
  9. Bennigsen A., Lemercier-Quelquejay Ch. La presse et le mouvement national chez les musulmans de Russie avant 1920. Paris-La Haye: Mouton & CO and Ecole Pratique des Hautes Etudes. MCMLXIV – P. 254-261 (перевод с французского – Бахыт Садыковой).
  10. Букейхановъ А. Абай (Ибрагимъ) Кунанбаевъ. Некрологъ. - «Семипалатинскій листокъ». – 1905 г. – 27 ноября. - № 252. - Семипалатинскъ. – C. 3.
  11. «Қазақ» газеті. 1914 жыл. 2-басылым/ Құраст.: С. Смағұлова, Ғ. Әнес, Т. Замзаева. – Алматы: «Арыс» баспасы., 2018. – 480 б. 
  12. «Қазақ» газеті. 1913 жыл. 2-басылым/ Құраст.: С. Смағұлова, Ғ. Әнес, Т. Замзаева. – Алматы: «Арыс» баспасы., 2018. – 480 б. 
  13. Қамзабекұлы Д. ҚазПИ-дің іргетасына 90 жыл емес, 100 жыл толды. – Abai.kz, 26.04.2018. -  https://abai.kz/post/67751  
  14. Бөкейхан Ә. Таңдамалы – Избранное (Состав., автор предисловия, научных комментариев и библиографического указателя С. Аккулулы). – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1995. – 479 с.
  15. Фламмарион К. Астрономия әліп-биі (қазақшалаған Қыр баласы). //СССР халықтарының Кіндік баспасы [ЦИН СССР], 1924 ж. Мәскеу; Граве Д. Дүниенің құрылысы (ауд. Қыр баласы). // КСРО халықтарының Кіндік баспасы [ЦИН СССР]. - 1926 ж. - Мәскеу. - 102 б.
  16. Қыр баласы. Серуен жасап зерттеу әдісі. // «Жаңа мектеп». - 1926 ж. - №№ 9–10. Қызылорда. - 5–10 бб.
  17. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1920-1928 жж. Движение Алаш. Апрель 1920-1928 гг. – Алматы: «Ел-шежіре», 2007. – Т. 3. – Кн. 1. – 304 с.

Азат Перуашев, Сұлтан Хан Аққұлы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592