ҚазПИ-дің іргетасына 90 жыл емес, 100 жыл толды
(оқу орнының 100 жылдығына орай)
Ел болып, еңсемізді тіктеп, рухани жаңғырып жатқан тұста мемлекетшіл ұстындарымызды, ұлттық құндылықтарымызды парықтау – аса маңызды іс. Бұл – әрі парызымыз, әрі өнегеміз. Өткеннің алдында – парыз, болашақтың алдында – өнеге.
Есте ұстар жайт: Тәуелсіздігіміздің елең-алаңындағы руханият жаңаруында біршама дүние зерттелініпті, айтылыпты, жазылыпты. Алайда «ол күні сабақта болған жоқпын» деп міңгірлейтін оқушыдай, соның көбін ұмытып, бүгінде шатып-бұтып жатамыз. Мысалы, Мемлекеттік ұлт театрының (бүгінгі М.О.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театр) шымылдығы тұңғыш рет 1926 жылы 13 қаңтарда Алаш тұлғасы Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен ашылғаны архивтік деректермен (тіпті афишасының көшірмесімен) дәлелденді. Бірақ соған қарамай әлі күнге оқу құралдарында, театрға қатысты жинақ-зерттеулерде баяғы қате факті өріп жүр. Тарихи деректі аталған театрдың бұрынғы-кейінгі басшыларының бірі білсе, бірі білмейді.
Биыл, осы күнгі тілмен айтсақ, Алаштың жастар қанаты «Жас азамат» ұйымына – 100 жыл. Ұйымның өзі аттас газетінің 1-саны 1918 жылы 30 шілдеде Омбымен іргелес Қызылжар қаласында жарық көрген. «Жас азамат» газеті – Қазақ елінің тұңғыш жастар газеті. Осы 1993 жылы айқындалған деректі, өкінішке қарай, басқа түгіл журналистердің өзі білмей жатады...
Сондай «басы дауда жүрген» (алаш сөзі) мәселенің бірі – Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнының тарихы. Яғни Абай атындағы ҚазПИ-дің тарихы.
Неге екенін білмедік, бірсыпыра жауапты адамдар осы оқу орнының совет тұсында «шегеленіп жазылған» дерегінен ажырағысы келмейді. Ол бойынша аталған институт (қазір университет) 1928 жылы ашылған. Осы жылы оған 90 жыл толады-мыс...
Әлем елдерімен тереземіз теңесті, дүниежүзі университеттерімен ықпалдасып жатырмыз дегенді көп айтамыз. Әйгілі жоғары оқу орындары өз тарихын қалай байыптайды екен – Google қарайықшы.
Сонымен, бірінші АҚШ-тың Гарвард университеті дерегі:
«Старейший из университетов США, Гарвард был основан 8 сентября 1636 года. Назван в честь английского миссионера и филантропа Джона Гарварда. Хотя он никогда официально не был связан с церковью, в колледже обучалось главным образом унитарное и конгрегационалистское духовенство».
Яғни, «негізі қаланған» уақытын колледж тарихынан, оның өзінде ХҮІІ ғасырға тән дінмен кіндіктескен бағдардан бастайды екен.
Екінші мысалға осы ҚазҰПУ-да институты (бөлімшесі) ашылған Францияның атақты Сорбонна университетінің тарихын алайық:
«Название Сорбонна происходит от имени богослова Робера де Сорбона, духовника короля Людовика IX Святого, основавшего в городе в XIII веке богословский колле́ж — Коллеж Сорбонна, позднее вошедший в Парижский университет. ... История Сорбонны начинается раньше XII века, но именно в 1215 году формируется Парижский университет, когда несколько церковных школ объединились и сформировали один из первых университетов в Европе».
Байқасаңыз, мұнда да арғы негізін діни коллежден (Франция, Бельгия, Швейцария т.б. елдердегі орта деңгейлі оқу орны, «колледж» делінбейді) бастайды.
Енді өзімізге яки Қазақстан зиялыларына, тарихшыларына сұрақ қоямыз:
1) Журналист-зерттеуші, жазушы Жақсыбай Самраттың бірнеше жылдан бері жазып жүрген «ҚазПИ-дің тарихы 1918 жылы ашылған Қазақ педагогикалық курсынан басталып, 1920 жылы Қазақ ағарту институты болып қайта құрылған оқу орынмен жалғасқан» деген дерегінде қандай қиғаштық бар? Ниет түзу, тұжырымдама қисынды, арман да айқын – елдікпен байланысқан ой тарих ақтаңдағын толықтырып жатса, қуанбаймыз ба?
2) Біз 1990 жылдан бері мемлекет және қоғам қайраткері, аса батыл тұлға Смағұл Садуақасұлының мұрасын зерттеп-зерделеп келеміз. Оның жазған-сызғандарының ішінде көзге оттай басылатыны – «О значении ВУЗ-а для Казахстана» атты 1926 жылы 29 қазанда Ташкенттегі Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнының ашылу салтанатында сөйлеген орыс тіліндегі сөзі яки баяндамасы. Осы ғасырлық салмағы бар баяндаманың мәні мен мақсатын ҚазПИ және жалпы жоғары мектеп тарихына келгенде, неге айналып өтеміз?
Біздіңше, осы Смағұл еңбегінің мазмұнымен Тәуелсіз Қазақстандағы күллі жоғары мектептің ректорынан қарапайым оқытушысына дейін танысуы тиіс. Өйткені, ол – ұлт университетінің №1 тұжырымдамасы. Дәлірек айтсақ, тұжырымдама деңгейіндегі еңбек. Бұл – ұлт зиялыларының ойы, ұстанымы.
Төменде С.Садуақасұлы баяндамасын тезис түрінде түпнұсқада ұсынамыз.
1.1. «Тяга к знанию велика, а сил и средств для удовлетворения недостаточно, недостаточно по сравнению с великим культурным спросом на сегодня. Но все же, по сравнению с крошечным наследием беспросветного прошлого, наши достижения в области народного просвещения громадны».
1.2. «Я убежден, что будущий историк Казахстана, безусловно, посвятит особую главу в своей книге - открытию первого Казахского ВУЗ-а. Ибо это дело - открытие ВУЗ-а - является завершением важнейшего строительства из культурных мероприятий государства».
1.3. «История организации первого Сибирского университета в гор. Томске - есть история развития Сибирской общественной мысли. Этот университет своим возникновением обязан деятельным участиям таких величин, как Ядринцев и Потанин. Они были лучшими людьми только пробуждавшейся Сибири. ... Потаниным и Ядринцевым вокруг вопроса об организации университета для Сибири была мобилизована вся тогдашняя сибирская общественность».
1.4. «Нам нужны работники со специальной подготовкой и выучкой, работники знающие Казахстан и любящие здесь работать. Вот почему наше правительство решило открыть специальный ВУЗ для Казахстана».
1.5. «Почему мы открываем в первую очередь ПедВУЗ? Конечно, нам нужны вообще всякие работники. Нам нужны и агрономы, и врачи, и инженеры и т.д. Но в первую очередь в настоящее время казахские трудящиеся массы нуждаются в педагогах. При том огромном проценте неграмотности в Казахстане, перед нами стоит колоссальный важности задача - внести всеобщее обучение».
1.6. «Я повторяю, нам не стыдно учиться работать, используя опыт бывших людей. Мы никогда не отказывались от технической культуры прошлого, прекрасно пользуемся теперь результатами достижений науки. Используем тот огромный опыт, который остался нам в наследство от старого строя».
1.7. «И в этом великом деле изучения Востока, ныне открываемый ПедВУЗ должен сыграть для Казахстана первостепенную роль. В стенах этого ВУ3-а должны быть сосредоточены силы, которые будут служить нам справочниками, авторитетными справочниками, куда мы могли бы обращаться в нашей практической работе, и мне кажется, что в этой области задача ПедВУЗ-а далеко выходит за пределы специальных педагогических знаний».
1.8. «Значение нашего профессора гораздо шире и больше того значения, которое под этим словом понимается в других государствах. Наши профессора должны быть не только учителями наших студентов, но они должны изучать жизнь народа, среди которого они работают, должны изучать естественные богатства своего края и т.д. И в этом смысле их миссия поистине огромна и велика».
1.9. «У нас золотое дно тоже есть, но оно лежит под землей. У нас миллиарды пудов каменного угля, миллионы золота, соли и т.д. Но все это должны мы добыть и обратить в пользу только тогда, когда вы пойдете туда на работу. До этого наши ограниченные возможности не дают возможности обеспечить Вас как следует. Поэтому мы повторяем - максимум бережливости, экономии, воспитайте и себя и товарищей наших в этом направлении».
Баяндамада отаршылдық зардабы, Шоқан-Ыбырай-Абай трагедиясы, Жапония мысалында білім-ғылым тілі мен оянған Шығыс мәселесі де айтылады. Смағұл тұжырымдамасы мынандай:
Біріншіден, Қазақстан үшін педагогикалық жоғары оқу орны – республика дамуына серпін беретін күш.
Екіншіден, қазақ студенті мен маманының алдындағы зор міндет – тарих тағылымын, халық сұранымын, зиялылық талғам-таразысын білу және соған сай білім алып, қызмет ету.
Үшіншіден, қазақ жоғары оқу орнының даму сипаты, құрылымы, ерекшелігі әлем тәжірибесімен сәйкестенуі тиіс.
С.Садуақасұлы баяндамасында «педагогикалық институт» деген тіркес кездеспейді, ылғи «педагогикалық жоғары оқу орны» («педвуз») дейді және үлгі-өнеге ретінде Том университеті алынған. Сондай-ақ қайраткердің ойына әрдайым ғылым (іргелі және қолданбалы зерттеу), өндіріс зәрулігі оралып отырады.
Осы тұста тағы да сұрақ туады: ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында Орынбор, Ташкент, Семей, Орда, Алматы т.б. қалаларда ашылған «халыққа білім беру институттары» мен «ағарту институттарының» мәртебесін қалай бағалауымыз қажет? Смағұл баяндамасында «институт» терминінің қолданбау себебі – ұғым-атауларды шатастыруды қаламағанында болса керек.
Біздің ұлт зиялыларына қатысты көбірек айтылатын екі оқу орны бар: бірі - Орынбордағы «КИНО» (Қазақ халыққа білім беру институты), екіншісі – Ташкенттегі «Киринпрос» (Қазақ ағарту институты). Біз 1990 жылы «Өркен» газетінде осы оқу орындарының айқындалмаған мәртебесін, тағдырын ойлап, «Тұңғыш» десек, ұтамыз ба?» атты мақала жазып едік. Бір қызығы, мұнда да әңгіме «ҚазПИ 1928 жылы пайда болды» деген деректі терістеуден өрбитін (1921 жылы А.Байтұрсынұлы халық ағарту комиссары кезінде Орынборда Қазақ мемлекеттік университетін ашу туралы мәселе көтерілгенін осында айтқанбыз).
Суреттер сөйлейді
Әр елдің тарихы өз жолымен дамиды. Сондықтан кез-келген өлшем-түсініктің парқы сол дамудың аясында қарастырылуы керек. Мысалы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ романдарын сол ғасырдың 60-70 жылдарындағы өлшеммен қарай аламыз ба? Өйтсек повесть-хикаят «мәртебесін» де қомсынып қалуымыз мүмкін. Біз үшін олар – ұлт романының бастауы, тәжірибесі!
А.Байтұрсынұлы сынды ұлт ұстаздары қызмет еткен халыққа білім беру институттарын «орта деңгейден де төмен» деп мұрын шүйіргеніміз қалай? Бәлкім «Ахметтің өзінің де жоғары білімі жоқ» деп шатқаяқтармыз... Әрі қарай Шоқан мен Абайдың, Қашқари мен әл-Фарабидің «дипломын» сұрап қалатындар табылар...
Қазақ халыққа білім беру институттары – күрделі, қым-қуыт заманда мұғалім, басқа да сала мамандарын даярлаған оқу орындары. Оны «техникум» дейін десең, ол кезде дәл сондай атаумен оқу орындары жұмыс істеді. Ал, халыққа білім беру институтын құрған, жүргізген тұлғалар былай жазады (түпнұсқа): «В настоящее время приблизительно придерживаются программы школы 2 ступени и отчасти высших учебных заведений» (Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, 41-қор, 1-тізім, 1288-іс, 20-парақ).
Біз, әрине, Киринпрос «Ережесінде» «педагогикалық орта деңгейлі оқу орны» деп жазылғанын жақсы білеміз. Бірақ бұл сол кездегі тарихи жағдайға және экономикалық қиындықтарға байланысты (оқу ғимараттары, мамандардың жалақысы, студенттерге бөлінетін қаржы, жатақхана, зертхана т.б.) айқындалған мәртебе екені сөзсіз. Сонымен бірге «Киринпрос» құжаттарында, есептерінде «жоғары білікті («высококвалифицированный») мектеп қызметкерлерін даярлаймыз» деп көрсетеді.
Ал, оқу жоспарларына қарап, Киринпрос басшылығы мен мамандарының қайсыбір бастамасын біздің жоғары оқу орындары бүгін де орындамай жүргеніне қайран қаласыз. Мысалы, әдетте «шет тілі» ұғымын беретін еуропа тілдерін шұғыл араб, парсы тіліне ауыстыру жайы. Бұл кейінгі Қазақстанда 70-жылдары ішнара жүзеге асты. Немесе «орта оқу орны» (әдейі тырнақшамен жаздық) қазақ тілінде оқулық пен зерттеу кітаптарын жазуды ұйымдастырады, халық мұрасын (ел әдебиеті) жинау, талдау, жүйелеу, жариялау ісімен айналысады, пән сөздеріне (терминология) қатысты пікірталас өткізеді. Студенттер «Жас жүрек» атты газет, «Жас алаш» атты журнал шығарады. Оны айтасыз, оқытушылар мен білім алушылар оқу орны мен өздерін асырайтын жері, суы, малы, құрал-сайманы бар «Өрнек» атты шаруашылық құрады.
Орайлы сұрақ қоямыз: бүгінде атынан ат үркетін, мақтанғанда зымыран мен ұшаққа жол бермейтін университеттердің қайсысы осыны жасап жүр? Немесе «нарық» деп, университетке қарық болғандарымыздың ойына жоғарыдағыдай елдік жұмыс істеу кіре ме екен? Көбісінің арманы – тек Еуропаға барып, қаржы аударсаң жапатармағай беретін «білім лидері», «жыл университеті», «креативті басшы» т.б. жылтыраған шашақты медаль алып, көбелек галстук таққан қалтыраған алаяқтармен суретке түсу...
ҚазПИ-дің бастауында тұрған Қазақ ағарту институтының ғылыми, мәдени әлеуеті кімдер еді? Халел Досмұхамедұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Мұхтар Әуезұлы (ескерту: ол шақта ұлт баспасөзі дәл осылай «ұлы» деп жазады), Хайретдин Болғанбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мырзағазы Есболұлы, Файзолла Ғалымжанұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Шамғали Сарыбайұлы, Абдолла Байтасұлы, Кәрім Жәленұлы, Дінше Әділұлы, Сегізбай Айзұнұлы, Иемберген Табынбайұлы (осы азамат 1922 жылы А.Байтұрсынұлы мерейтойына байланысты Ташкентке арнайы шақыртумен келгенде, Түркістан зиялылары атынан естелік алтын жетон тапсырады) т.б. Еуропалықтардан (сол кездің лексиконы) дәріс оқығандар - В.В.Бартольд, А.Э.Шмидт, Н.Архангельский т.б. Ташкенттегі әйгілі «Талап» атты мәдениетті көркейтушілер қауымы (форматы әрі ғылыми-зерттеу орталығы, әрі халық университеті секілді) осы үркердей зиялылар тобының арқасында жұмыс істеді.
Ақыры Ақаңның аты аталып қалды, оқытушылар тізімінде ұлт ұстазының да ныспысы тұр. Сірә, әлгі Ташкент сапарында және басқа да кезде дәріс оқыған.
Айтқандайын, халық атынан «Киринпрос» (ҚазПИ қарашаңырағы деп ұғыңыз) ғимаратында тапсырылған алтын жетонның бір бетіне:
«Ақа! Күшті сенің қаламың. Халық ісі - сенің тамағың. Жаса, ұлт мектебінің жүрегі!»
деп, екінші бетіне:
«Түркістан зиялыларынан белгі. 1922 жыл 2 ауғыст» деп жазылыпты.
Мұны неге дәйектеп, дәлелдеп отырмыз? Ашық айтайық: ҚазПИ-дің бүгінгі кейбір мамандары, тіпті проректор деңгейіндегі жауапты қызметкерлері осы тарихи әлеуеттен безіп, «біздің университетімізге - 90 жыл, тарихшыларымыз осыны дәлелдеді» дегенде, не ұтады – осы жағын мүлдем түсінбедік.
Ал, отандық баспасөзде ҚазҰПУ мамандары оқу орнының «Казинпрос»-тан басталатын арғы бұлақтарын айта отырып, «Казпедвуз» жоғары мектеп екенін дәйектей тұрып, «КазАССР Совнарком»-ының 23.03.1927 жылғы Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнын Ташкенттен Алматыға көшіру туралы қаулысын еске сала келе, «ҚазҰПУ-ға 90 тоқсан жыл» деп қорытынды жасайды. Соңғы тұжырымын әрі ойлап-бері ойлап, қабылдай алмадық.
Сонда қалай болғаны? Жоғары оқу орны мәртебесімен қарағанның өзінде ҚазПИ-ге (1926 жылдан есептегенде) биыл 92 жыл болмай ма? Әлем тәжірибесімен (колледжден бастайтын) байыптағанда 100 жыл толмай ма?
«Тоқсан!» деп табандап тұрған мамандар бұл ойын қалай дәлелдейді дейсіз ғой. «Казпедвуз 1926 жылы Ташкентте ашылды. Қазір ол – басқа мемлекетте. Оның үстіне ол кезде университет мәртебесі болмады. ҚазПИ-дің (ҚазМУ) қазақ жерінде тамыр жайғанына – 90 жыл!..» деп тұр... Бұған күлесіз бе, жылайсыз ба?.. Ау, Ташкент – қандай жағдайда да өз Ташкентіміз емес пе? Арғы жақты айтпағанда, бергі жағында Алаш тарихы, тағдыры, тұғыры, трагедиясы тұнып тұрған Ташкент қой! Тәуелсіздіктің ширек ғасырында университет-институттың парқын, айырмасын көре алдық па? Қисын қайда, қағидат қайда?..
Содан түңіліп кетіп, мынаған қам жедік: егер ғайыптан әлгідей ойлы мамандар қазақ әдебиеттануына ойысса, біз әдебиет тарихымызды ешқашан Асанқайғыдан бастай алмайды екенбіз. Бұл кісілер «Қобыз сарыны» мен «Алдаспанды» белден сызып, Мұхтар Мағауиннің «Жұлдыз» журналы тарихын 1928 жылғы советтік «Жаңа әдебиеттен» емес, арғы жағында өз алдына бөлек шығып, қыспақтан жабылған 1922 жылғы алашшыл «Таң» журналынан бастаған тәуекелшілдігін мүлдем терістейтініне шүбә келтірмейміз...
Ғафу етіңіздер, ҚазПИ түлегі ретінде бұл ойларыңызбен, тұжырымдарыңызбен келіспейтінімізді ашық айтамыз. Өйткені alma mater – өсірген, өндірген, адам қылған алтын ұямыздың ұлт оянуымен, Алаш арманымен байланысты арғы тарихына бейжай қарай алмаймыз.
Біз ұлт зиялыларының ақылы, парасаты алдында басымызды иеміз (С.Садуқасұлы баяндамасындағы ойлар)! Олар қоғамның түрлі қиындықтарына қарамай, Ә.Бөкейхан армандаған университет идеясын қилы тәсілдермен жалғастырып-жалғап отырған. Абай атындағы ҚазПИ – соның жарқын мысалы.
Тарихтың тағылымды бір оқиғасы есімізге түсіп отыр. 1544 жылы негізі қаланған, Пруссияда «Альбертина» аталып кеткен (құрған герцогтің құрметіне) Кёнигсберг университеті деген оқу орны болған. Соған тура 400 жыл толғанда, ІІ дүниежүзілік соғыстың сойқан зардабынан 1945 жылы алғаш Грейфевальд, кейін Гёттинген қаласына көшіріліп, сол жылы-ақ қызметі амалсыз тоқтатылады... Былайша айтқанда, Кёнигсберг орыстың қанжығасында кетіп, Калининградқа айналады. Өзі бастаған соғыстан сенделген Германия жаңа шекарасы аумағындағы университеттерін бағып-қаға алмай, аңырайды. Сөйтіп, төрт ғасырлық әлеуеті бар Кёнигсберг университеті жабылып, тарих қойнауына кетеді. Ал, «фашизмді жалғыз жеңдік» деуден танбайтын солтүстік көршіміз бүгінде не деп мақтанады дейсіз ғой. «Кёнигсберг университеті – қазіргі Ресей жеріндегі ең байырғы оқу орны...» дейді.
Қайраткер С.Садуақасұлы білім министрі ретінде Қазақ республикасы үкіметі атынан барып, елдік, өңірлік маңызын, мақсат-міндетін айқындап берген Ташкенттегі Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнының тар жол, тайғақ кешуде жоғалып кетпей, жойылмай, алаштың жаңа астанасы – Алматыға аман-сау жеткені, күні бүгінге дейін ұлт білімі шамшырағын өшірмегені, тіпті қуғын-сүргін жылдарының өзінде жолын тауып, дана Абай есімін алғаны – әлемге үлгі етіп көрсететін ерлік деп есептейміз.
Жалпы, мысалы, жоғарыда айтқан театрдың Алаш кезеңін көрсетпеу, білім-ғылым саласындағы Алаш еңбегін ескермеу – кеңестен қалған «комплекс».
ҚазПИ Ташкенттен Алматыға көшіп келіп, Қазақ мемлекеттік университеті атанғанда, оның ректоры болған Санжар Аспандиярұлы 1936 жылы медицина институтының 5 жылдығына орай өзінің емес, қоғамның санасындағы сол «комплексті» төмендегіше жеткізіпті: «Были передложения об открытии медицинского института в Кзыл-Орде, чтобы пользоваться близостю Ташкента на этом строить базу института. Практика социалистического строительства вдребезги разбила и эту «теорию» правооппортунистического уклона...». Мұны түсінікті тілмен айтсақ, Ташкентпен ат құйрығын кесу – өткеннің «жаман» жағынан құтылудың жолы ретінде ұғынылған.
Саяси себеппен қысылып-қымтырылу психологиясын Мұхтар Әуезов 1939 жылғы «Білімнің тұңғыш ордасы» атты мақаласында былайша әуезелеген: «Жаулардың арамдық істері тоқтамады, қайта байшыл ұлтшылдардың нелер алаяқтары оқытушы деген атпен ҚазПИ-ге жинала бастады, олар ҚазПИ-ді ұлтшылдықтың медресесіне айналдырмақшы болды. Бірақ онысы болмады. ҚазПИ-ге партия ісіне берілген, өнер-білімге жанын салған совет жастары көп жиналды. Жас болса да берік болды олар. Байшыл ұлтшылдардың білгірсіген, шешенсіген қусымақтардың тас талқанын шығарып, күлін көкке ұшырды». НКВД түрмесінде 2 жыл отырған Мұқаң осылай замана мен сол заманға сай оқығандар тынысын айна-қатесіз жеткізген.
Сірә, Тәуелсіздіктің ақ таңына тәуба дей отырып, рухани жаңғыруға жұмылып, 20-30-жылдар ойранын басқа жағынан «әжетке жаратқымыз» келмейтін шығар.
Рас, бүгінде Абай университеті – танымал оқу орны. Осыдан біраз жыл бұрын сол кездегі ректор Серік Пірәлиев республикалық газеттегі бір мақаласында «ҚазПИ-дің тарихы 1928 жылдан емес, 1926 жылдағы Ташкент кезеңінен басталады» деп жазғанда, «е, сең бұзылыпты ғой» деген көңілмен қуанып едік. Тіпті Астанадағы бір жиында «Секе, енді 100 жылдыққа даярлану керек!..» деп, қағазға өз қолымызбен жазып, ұсыныс та бергенбіз. Бүгінгі тәжірибелі басшысы, бірнеше жоғары оқу орны мен Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясына жетекшілік еткен Тахир Балықбаев «университет тарихына байланысты елеулі жобалар белгілеп жатыр» деп естідік. Енді Тәкеңе де сәттілік тілеп отырмыз.
Біздіңше, Google-де, энциклопедия мен анықтамалықта шамамен былай деп жазылуы керек: «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің (қалыптасқан атауы – Абай атындағы ҚазПИ) тарихы 1918 жылдан басталады. Түркістан республикасының орталығы Ташкент қаласына шоғырланған Алаш зиялылары осындағы университеттің (Түркістан университеті, кейін САГУ) және жергілікті оқығандардың әлеуетін жұмылдыра отырып, өлкедегі жаңа қазақ мектептері үшін мұғалім даярлау мәселесін көтерді. Түркістан АССР халық ағарту комиссариатының 1918 жылғы 12 қарашадағы алқа жиынында «20 қарашадан бастап Орыс педагогикалық училищесі жанынан 6 айлық қазақ педагогикалық курсын ашу туралы» қаулы қабылданды. 1919 жылы мамырда аталған курсты 145 мұғалім бітіріп шықты. Осы жылы 1 маусымда Түркістан АССР үкіметінің қаулысымен қазақ педагогикалық курсы жеке «Қазақ педагогикалық училищесі» болып қайта құрылды. Оның жанынан Өлкелік педагогикалық даярлық курсы ашылды. 1920 жылы қазпедучилищені 59 курсант бітіріп шықты. Осы жылы училищеде 200 қазақ курсанты оқып жатты. 1920 жылы маусымда Түркістан республикасы Халық ағарту комиссариаты жанындағы алқа қазақ, орыс, өзбек, татар тілдерінде жеке Халыққа білім беру институттарын қыркүйек айына дейін ашу туралы Ереже қабылдайды.
Қазақ педагогикалық училищесі мен оның жанындағы еңбек мектебі базасында ашылған Қазақ халық ағарту институты (Киринпрос) 1920 жылдың 1 қыркүйегінен ұйымдастыру жұмысына кіріседі. Оның құрылымы: негізгі бес жылдық педагогикалық курс, бір жылдық курс, сабақтан тыс тәрбие курсы, үй тәрбиесі курсы, кітапхана курсы, дене тәрбиесі курсы, 1-деңгейлі еңбек мектебі. Институт ресми 17 қыркүйекте ашылады. 1920-1921 оқу жылы білім алушылардың саны – 224, оқытушылардың саны – 33. Оқу орны Сырдария, Жетісу, Әулие ата, Шымкент, Ақмешіт, тіпті Ферғана, Самарқан, Хорезм өңірі халқын қамтуға тырысады.
Оқытушылар жаңа оқулық жазып, ғылыммен, өлкетанумен айналысады. Білім алушылар газет-журнал шығарып, түрлі танымдық үйірмелер құрады. 1925 жылы 8 қазанда Қазақ АССР Халық ағарту комиссартиаты (басшысы С.Садуақасұлы) алқасы Ташкенттегі «Киринпрос»-ты Қазақ педагогикалық жоғары оқу орны («Казпедвуз») етіп қайта құру туралы қаулы шығарады. Бұл институттың салтанатты ашылуы 1926 жылы 29 қазанда өтті.
1926 жылы тамызда «Казпедвуз»-ға 338 студент қабылданады. Қазақстан халық ағарту комиссарының бұйрығымен Темірбек Жүргенұлы осы институтқа ректор болып тағайындалады. Ректордың орынбасары ретінде Халел Досмұхамедұлы бекітіледі. 1927-1928 жылдары осы институтты Смағұл Садуақасұлы, Сәкен Сейфоллаұлы басқарады.
КазАССР Халық комиссарлар кеңесі 1927 жылы 23 наурызда Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнын Ташкенттен Алматыға көшіріп, Қазақ мемлекеттік университеті етіп қайта құру туралы қаулы қабылдады.
Қазақ мемлекеттік университеті Алматыда 1928 жылы 1 қарашадан жұмысын бастайды. Жаңа ректоры болып Санжар Аспандиярұлы бекітіледі. Педагогикалық бағыттағы физика-техника, жаратылыстану, тіл-әдебиет бөлімдеріне 121 студент қабылданады (оның 73-і қазақ)... [Бұдан кейінгі тарихы көпшілікке белгілі.-Д.Қ.]».
Әрине, осы мағлұматты әлі де сығымдай түссе болады. Біз сәл таратыңқырап айттық. Бұл арқылы ұлт зиялылары білім жүйесі сабақтастығын үзбегенін жеткізуді қаладық.
ҚазПИ-дің ғасырлық жолы дегенде, оның даңқты оқытушы-профессорларын, түлектерін топтап, жүйелеп көрсету ләзім. Әлем университеттерінің бәрі де түлектерімен мақтанады. Абай университетінің сайтында тарихта орны бар бітірушілер тым аз көрсетілген. Мысалы, біз оқытушылардан бөлек түлектерді былайша топтауды ұсынар едік: 1) Тәуелсіздік жолында құрбан болғандар (репрессияға ұшырағандар т.б.); 2) Екінші дүниежүзілік соғыста шейіт кеткендер; 3) Әр ғылым саласының танымал ғалымдары; 4) Мемлекет және қоғам қайраткерлері; 5) Білім жүйесінің (ЖОО, училище, мектеп т.б.) басшылары, озық педагогтер; 6) Ақын-жазушылар; 7) Өнер, мәдениет тұлғалары.
Осы қатарда біз тізімдеген тұлғалардың саны 270-ке жуық. Айталық, 1935 жылғы түлектер ішінде Қасым Мұратбаев 1937 жылы «ұлтшыл ұйым құрды» деген айыппен атылып кеткен. ҚазПИ-ден соң ЛГУ-ға арнайы жіберілген бастапқы 6 түлек-маманның ішінде талантты жас лингвистер Ордабай Ағыбаев пен Кәрім Бекенов сондай жаламен құрбан болған. Қалғандары да кейін қуғын-сүргін көрген. Айдау мен абақтының азабын көрген мұраттанушы Омар Қаймолдин да – осы санатта. «Халық мұғалімі» газетінің қаламгері Мұқаш Нүсіпов фашизмге қарсы соғыста қайтқан. Құдайберген Сұрағанов – кеңес одағының батыры (ҚазПИ-ді бітірген батырлар саны – кемі 5-6). Мәжит Айтбаев - «Түркістан легионында» болған, тұтқында ұлт газетін шығарған тұлға. Осындай тағдырлы Хәкім Тыныбековті де ұмытпалық. Соғыста қайтқан әйгілі ақын Абдолла Жұмағалиев, Абай ұрпағынан майдангер Ишағы Жағыпарқызы, дана ақынның досы, ертегіші Баймағамбеттің баласы Мұхлис – ҚазПИ түлектері. Ілияс Жансүгірұлы, Құрманбек Жандарбекұлы, Ғани Мұратбаев, Әлібек, Әуелбек Қоңыратбаевтар – Ташкенттегі Киринпрос бітірушілері. Әдебиеттанушы-академиктер - Қажым Жұмалиев, Мәлік Ғабдуллин, Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев, Шәмшиябану Сәтбаева, Сейіт Қасқабасов, әдебиетшілер, ақын-жазушылар - Иса Байзақов, Белгібай Шалабаев, Әди Шәріпов, Хамза Есенжанов, Сәйділ Талжанов, Ғали Орманов, Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекқожин, Дихан Әбілев, Есмағамбет Ысмайылов, Жұмағали Саин, Төлеутай Ақшолақов, Қайнекей Жармағамбетов, Төкен Әбдірахманов, Сырбай Мәуленов, Сағынғали Сейітов, Қапан Сатыбалдин, Берқайыр Аманшин, Тахауи Ахтанов, Айқын Нұрқатов, Нығмет Ғабдуллин, Бердібек Соқпақбаев, Мыңбай Рәшев, Баламер Сахариев, Әнуар Дербісәлиев, Хизмет Абдуллин, Ғожахмет Садуақасов, Ғафу Қайырбеков, Мекемтас Мырзахметұлы, Әдібай Табылдиев, Мұхтар Жанғалин, Хажымұрат Сыздықов, Нұрғазы Шәкеев, Мұқсихан Заитов, Төкен Ибрагимов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Шәміл Мұхамеджанов, Әкім Тарази, Илья Бахтия, Герольд Бельгер, Асқар Сүлейменов, Едіге Тұрсынов, Задан Жұмағалиев, Қуандық Мәшһүр-Жүсіп, Бақыткерей Ысқақов, Нүкеш Бәдіғұлов, Ермек Өтетілеуов, Асылбек Абдрахман, Ғұсман Жандыбаев, Сәрсенбі Дәуітұлы, Мейірхан Ақдәулетұлы, Серік Асылбекұлы т.б. осында оқыған. Әйгілі ғалымдардан – математик-академик Орынбек Жәутіков, химик-академик Батырбек Бірімжанов, этнограф Халел Арғынбаев, үш мәрте ректор, академик Серғали Толыбеков, КСРО мұғалімі Құмаш Нұрғалиев, қайраткерлер – Кенжәлі Айманов, Өзбекәлі Жәнібеков, Балжан Бөлтірікова, Мәнсура Ахметова, Мұхамбетқазы Тәжин, Махмұт Қасымбеков, Талғат Абайділдинов, Ережеп Мәмбетқазиев т.б., бірнеше институтты басқарған профессорлар Әділ Ермеков пен Қадыр Жаманбаев, тілшілерден: академиктер - Нығмет Сауранбаев, Мәулен Балақаев, Ахмеди Ысқақов, Рабиға Сыздықова, профессорлар – Ғұбайдолла Айдаров, Фатима Мұсабекова, Нұржамал Оралбаева, Әрсен Ибатов, Әйтім Әбдірахманов, Есет Жұбанов, Телғозы Жанұзақов, Оқас Нақысбеков, Әбжаппар Аблақов, Оғаз Сұлтанияев, Тұрағұл Қоңыров, Сейдін Бизақов, Амангелді Қошқари т.б., географ-академик Әлия Бейсенова, ауылшаруашылылық ғылымына химия-биология мұғалімдігінен барған академик Рақымжан Елешов, Зоология институтын басқарған биолог-профессор Аманқұл Бекенов, академиктер әулетінің өкілі математик-профессор Қанапия Арынғазин, Ақмолада бірнеше училище-техникум басқарған Қамидолла Нұртаев, «Қазақстан мектебі» мен басқа да салалық журналдарға жетекшілік еткен Сайраш Әбішева – ҚазПИ-ден түлеп ұшқандар. Драматург Сағыр Камалов, халық әртісі Шара Жиенқұлова, композитор Бақытжан Байқадамов – осында оқығандар. «Қазақ календарын» жазған Мыңбай Ысқақов, әл-Фараби мұрасы мен математика тарихын зерттеуші Ауданбек Көбесов, сыншы, композитор Тұрсынжан Шапай, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұл, математика бағытында 5 мектеп ашқан, РФМШ директоры болған Әбдімәжит Өтеш – Абай университеті мақтаныштары.
Елбасыдан бастап ел ағаларының бәрі рухани жаңғыруға ерекше мән беріп жатқан тұста, ұлт парасаты және зиялылық өлшемі қайта зерделенген шақта, баба жасынан әлдеқашан асқан ҚазПИ-дің біртұтас тағылымды тарихын советтен қалған қайсыбір «комплекстерге» байланысты бөліп-жаруымыз ақылға да сыйымсыз, ғылыми танымға да қайшы.
Абай университетінің ғасырлық жолы – Алаш мұратына, отандық білім мен ғылым, мәдениет пен руханият құндылықтарына адалдық жолы.
Дихан Қамзабекұлы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Абай атындағы ҚазПИ түлегі
Abai.kz