ЕР МІНЕЗДІ ЕРДУАН
Естеріңізде болса, өткен аптада «2012 жылы Кипр Еуроодаққа төраға болса, Түркия Одаққа мүше елдермен қарым-қатынасын тоқтатады», - деген ақпарат тарап, сарапшылардың қызу талқысына түскен еді. Енді сол Түркияның премьер-министрі Режеп Тайып Ердуан келесі аптада елімізге ресми іс-сапармен келеді деп күтілуде. Соған орай «Қазақстан Заман» газетінің бас директоры Ахмет Аляздың сараптамалық материалын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Естеріңізде болса, өткен аптада «2012 жылы Кипр Еуроодаққа төраға болса, Түркия Одаққа мүше елдермен қарым-қатынасын тоқтатады», - деген ақпарат тарап, сарапшылардың қызу талқысына түскен еді. Енді сол Түркияның премьер-министрі Режеп Тайып Ердуан келесі аптада елімізге ресми іс-сапармен келеді деп күтілуде. Соған орай «Қазақстан Заман» газетінің бас директоры Ахмет Аляздың сараптамалық материалын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Түркияның билік басына Режеп Тайып Ердуан келгелі бері, елдің ішкі және сыртқы саясатында қатты өзгерістер байқалып тұр. Әсіресе, Ердуан үкіметінің батылдығының арқасында «Ергенекон» деп аталатын үлкен қылмыстық топты ортаға шығарып, оларды сотқа сүйреумен басталған ішкі саяси тәртіп бүткіл дүниежүзінің назарын Түркияға аударды. Өйткені Түркияда бұрын-соңды кездеспеген мафиялық топ әшкерелене бастады. Елуден астам генерал және екі жүзден астам әр түрлі әскери қызметтегі лауазымды кісілер бірінші рет республикалық сот алдында жауап беретін болды. Бұдан тыс қаншама саясаткерге, қаншама іскер адамға және журналистке «Ергенеконға мүше» деген айып тағылып, сотталып жатты. Бұл Түркия тарихы үшін сөз жоқ, үлкен төңкеріс деуге болады. Өйткені күні кешеге дейін, әсіресе әскери адамдарды соттамақ былай тұрсын, оларды сынауға ешкімнің батылы бармайтын. Ердуан басқарып отырған үкімет көзге көрінбейтін осы жасырын жаумен күресте әжептәуір жеңіске жетті. Сот әлі де болса, жалғасып жатыр. Дегенмен бір кездері өзінің премьер-министрін дарға асқан түрік әскерилері, жасаған қылмыстары үшін сотқа тартылуының өзі ел алдындағы беделдерін тарс түсірді.
Билікке келсең де, билей алмайсың
Түркияда «Сен жүз жерден билікке келсең де, билей алмайсың» деген жасырын қағида елдің аузында жүруші еді. Ердуан және оның жолдастарының да бұл жасырын қағиданың қыспағына түсетіні о бастан белгілі болатын. Ердуанның өзі Ыстамбұлға әкім болып тұрған кезінде патриоттық рухтағы бір өлеңді оқығаны үшін, өзінің қызметінен айырылып, сотталып түрмеге түскені баршаға аян. Бұл әрекет негізінен оның болашақ саяси өмірін тоқтату үшін жасалғанды. Алайда бұл оқиға Ердуанды жаңа саяси өмірі үшін қамшылайтын әрекет болды. Үш ай түрмеде жатып шыққаннан кейін, жаңа саяси партия құру үшін білек сыбанып жұмысқа кірісті. 2001 жылдың 14 тамызы «Әділет және даму» партиясын дүниеге әкелді. Бір жылдан кейін парламент сайлауында 34,63 пайыз дауыс жинап, билікке келді. Абдуллах Гүлдің жетекшілігіндегі партия 58-ші үкіметті жасақтағаннан кейін, партияның көсемі Тайып Ердуанның алдындағы саяси кедергілерді кетіру үшін арнайы заң шығартты. 2003 жылы Сиирт қаласында болған сайлауда Фадыл Аққүндіз заңсыздыққа жол бергені үшін депутаттықтан босатылады. Кезекті сайлауда Ердуан депутат сайланып, премьерлік тағына отырды.
Бұдан кейін де кедергілер аз болған жоқ. Әсіресе, Еуропа Одағына кіру жөніндегі батыл қадамдары қатты сынға алынды. Түркиядағы адам құқықтарына кедергі келтіретін заңдарды өзгерту, оппозицияның қатаң сынына ұшыратты. Солшыл ұлтшылдар Тайыпты «Түркияның Ататүрік бекітіп кеткен демократиялық, зайырлы, құқықтық бағытына бұрды», - деп айыптады. Шынында да, бұл сын, Ердуанды түсінбейтін ішкі және сыртқы саясаткерлерді кәдімгідей алаңдатты. Немесе солай көрсетілді!
Алайда Ердуан бұл сындарға қараған жоқ. Оның саяси белсенділігі және ел алдындағы абыройы өскен сайын кедергілер күшейтілді. Мысалы, шығарып жатқан заңдары Ата Заң сотынан немесе президент Ахмет Неәжат Сезерден қайтып келуші еді. Яғни Ердуанға елге билік жүргізуге мүмкіндік бермеудің бар амалы қарастырылды.
2007 жылдың көкек айындағы парламент сайлауында Тайып Ердуан, 46,58 ұпаймен тағы да басым дауыс жинады. Халық оған сенім артқан сайын, ол жігерлене түсті.
Президент сайлауындағы әділетсіздік
2007 жылғы президент сайлауында Ердуанды президент сайлауына қатыстырмаудың амалын қарастыра бастаған Түркиядағы жасырын күштер Ыстамбұл, Измир, Анкара қалаларында миллиондаған халықтың қатысуымен шерулер ұйымдастырды. Сырттай «Ататүрікті ойлау қоғамы», «Зайырлы өмір сүру қоғамы», кейбір жұмысшылар одағы осы жиындарды ұйымдастырғандай көрінді. Әсте шындық басқа еді. Жиынды бүгінгі таңда сотталып жатқан «Ергенекон» тобының ұйымдастырғаны белгілі болды. Бұл топ әсіресе 2007 жылғы президент сайлауында Абдулла Гүлдің президент сайланбауы үшін құқықтық кедергілер де шығарды. Зейнеттегі бас прокурор Сабих Қанадоғлы, Абдулла Гүлдің алдында бірде-бір президентке қойылмаған «550 депутаттың 367-сі депутаттық сайлауға қатысуға тиіс» деген идеяны ортаға салды. Бұл ұсынысын оппозицияның қолдағаны үлкен кедергі болды. Оппозициялық топ Гүлді Чанқаяға шығармау үшін парламенттегі сайлауға қатыспады. Осылайша Гүл Өзалдар сайланған жүйе бойынша сайлана алмады. Есесіне, 27-ші көкекте әскерилер ресми веб-сайттарында қатаң мәлімдеме жасап, биліктегі партияға және халыққа үрей салғысы келді. Алайда, ер мінезді Ердуан бұған да көне қойған жоқ. Батылдыққа барып мәселені референдумға салды. Ақыры халық президент сайлау жүйесін өзгертетін атазаңдық өзгерістерге 58 пайыз дауыс берді. Осылайша Абдулла Гүлге жасалған бұл әділетсіздікке халық араша түскендей болды. Ендеше президентті бұрынғыдай парламент емес, бес жылдық мерзімге халық сайлайтын болды.
Партияға қауіп төнді
Кедергілер желісі осымен де тоқтаған жоқ. Жасырын күштердің соңғы ойыны 2008 жылдың 14 наурызы күні қайта сахнаға енді. Партияға: «Елдің зайырлылық принциптерін бұзды», - деген айып тағылып, партияны жабу және Ердуан, Гүл және партияның белсенді 71 адамын бес жыл бойы саясаттан аластату туралы талап пен іс Ата Заң сотына берілді. Түркия тарихында бас прокурор Абдуррахман Ясынкаяның www.google.com, яғни «Google» соты деп аталатын (құжаттарды интернеттегі ақпараттар бойынша дайындалғаны үшін осылай аталған.) сот процесі басталды. 2008 жылы сот партияға тек қана қазынадан алатын көмектің елу пайызын қысқарту туралы шешім шығарды. Бұл шешімде халықтың наразылығынан сескенген соттың 11 мүшесінің алтауы партияны жабу туралы, төртеуі қазынадан жасалған қаржылай көмекті жартылай қысқарту туралы, біреуі мүлде кінәлауға болмайды деп дауыс берді. Осылайша партия бір дауыспен аман қалды. Дегенмен қазынадан берілетін көмек елу пайызға азайды. Соттан кейін Ердуан және Гүл саясат сахнасындағы рөлдерін жалғастырды. Қазір «Ергенекон» соты «Әділет және Даму» партиясының жабылу ісін ұйымдасқан қылмыстық іс деп қарап, арнайы тергеуге алды.
«Ергенекон» қылмыстық тобы әшкереленді
Ердуан халықтың сенімін әбден мықтылығынан кейін әлгі жасырын күштерге қарсы күресті бастады. 2009 жылдың 12 маусымында Ыстамбұлдың Үмрания ауданындағы бір жер үйде 27 гранат және бомба жасауда қолданылатын құрал-жабдықтар табылды. Кейінгі барлауларда араларында генералдар жоғарғы әскері лауазымды тұлғалар, журналистер қоғам қайраткерлері, партия жетекшілері осы ұйымның мүшесі деген айып тағылып, жаппай соттала басталды. Күн сайын жаңа бір қылмыстық оқиғаның беті ашылып отырды. Даныштай сотының мүшелеріне жасалған қастандық ісі, Жұмхұрият газетіне тасталған бомбы ісі, Түркияда тұратын өзге ұлт өкілдеріне жасалған қастандық ісі, «Әділет және даму» партиясын биліктен кетіру және Фетуллаһ Гүленді жою жоспары деп аталатын бір миллион халықты өлтіру (әсіресе діндар элитаны және елдегі белсенді азаматтарды деп көрсетілген) және Ыстамбұлдың тарихи мешіттерін бомбалап мұны гректерге жаба салу сияқты арам ойлар бүткіл халыққа белгілі болды. Өкінішке қарай бұл жама пиғылды іске асырмақ болғандардың белсенділері әскерлердің менмендеген генералдары (Шенер Ерұйғыр, Хуршит Толон, Четин Доған тб.) яғни күні кешеге дейін «Әділет және даму» партиясына ашықты жасырын кедергіден кедергі туғызып отырған топтың мүшелері екені белгілі болды. Әрине, осы істің бетінің ашылуында Ердуанның «Жылап келген дүниеден кебен киіп кетеміз, сіз мені өліммен қорқытпақшысыз ба?», - деп жар салған ер мінезімен Түркиядағы ұлтжанды патриоттардың батылдығын айтпасқа болмайды.
«Ергенекон» сотына күн сайын жаңа дәлелдер жаңа кемшіліктер қосылып жатыр. Соған қарағанда, бұл сот процесі жақын арада бітер емес. Дегенмен қазіргі билік бұл күресте соңғы қадамын жасамақшы. Ол ендігі жолда Түркия халқын топ-топ саяси жікке бөлдірген, әскери төңкерістен кейін жасалған Ата Заңды өзгертуге ұмтылу. 2011 жылы 12 маусымындағы парламент сайлауында Ердуанның халқына берген уәдесі Ата Заңды жаңарту еді. Яғни нағыз демократиялық, зайырлық, құқықтық базаны қалыптастыру. Сол үшін де халықтың тең жартысы Ердуанның партиясын қолдады. Алдағы уақытта оппозициямен келісімге келіп, өз уәдесін орындай ала ма? Оны уақыт көрсетпек. Бұл турасында халық Ердуанға зор сенім артып тұр.
Елге жасаған қызметіне халық дән риза
Ердуан үкіметі өздеріне жасалған соншама кедергіге қарамастан, халықтың көңілінен шыға білетіндей қызметтерімен де көзге түсті. Оның еңбекқорлығын халық Ыстамбұлға әкім болып тұрған кезінде-ақ, байқаған еді. Сол кездегі Ыстамбұлда ауызсу аудан не бәрі күніне 2-3 сағат ағушы еді. Көшелер лас, әсіресе Халич деп аталатын аймаққа жақындау мүмкін емес-тұғын. Ыстамбұл секілді мегополиске сырттан келгендер қайда келгенін білмей қалушы еді. Ердуан әкім болғаннан кейін не бәрі екі жылдың ішінде Ыстамбұл тарихи атына сай қалаға айналды. Өзінің атағын шығарғанда, осы халыққа жасаған игі қызметі болды.
«Әділет және даму» партиясы билік басына келгеннен кейін де, орасан зор қызмет жасады. Біріншіден, мемлекетке зиян келтіріп жатқан ірі кәсіпорындар жекешелендірілді. Кәсіпкерліктің алдындағы бюрократиялық кедергілер жойылмаса да азайтылды. Өндіруші кәсіпкерлерге экспорттық-импорттық жеңілдіктер жасалды. Осы реформалардың арқасында бүгінде Түркияны экспорты 135 миллиард долларға жетті. Импорт 190 миллиард долларды құрады. 2001 жылы ауыр экономикалық кризисті бастан кешкен Түркия үкіметі қысқа уақыттың ішінде (IMF-ке қарызынан құтылды және соңғы 3 жылдан бері қарай орташа 8 жарым 10 аралығында экономикалық өсіммен бүгінде Қытайдан кейін әлемде 2-ші орынға шыға білді.
Ердуан үкіметі билікке келгенде, бір АҚШ долларының құны - екі миллион түрік лирасына жеткен еді. Ақшаның осыншама құнсыздану, әрине, алдыңғы үкіметтің жіберген үлкен қателерінің кесірінен болатын. Ердуан түрік лирасынан 6 нөлді алып тастап 1 долларды 1 лираға теңеді. Экономикалық тұрақтылықтың арқасында бір кездері 85-90 пайызға жеткен инфляция 6-9 пайызға төмендеді. Қымбатшылық тоқтады. 2002 жылдан бері тек бензиннің бағасы ғана қатты көтерілді.
Ердуанның мақтауға тұрарлық тағы бір саласы, сөз жоқ оқу-ағарту саласы. 74 миллион халқы бар Түркияда 2002-ші жылға дейін университеттің саны елуге де жетпейтін. Ал қазір оның саны 115-ке жетті. Осы университеттер ашыларда, елдегі зиялы қауым кәдімгідей сынға алды. Ердуан, осы университеттерге ұстаз керек, оқытушы керек, мәдениет жоқ жерде университет ашуға болмайды дейтіндерге жауабын тез арада берді. Бүгінде жоғары оқу орындарының алдындағы кедергілерді біртіндеп жою арқылы әбден саясиланған университеттер саяси идеологиядан тазартылып, таза білім беретін ошақтарға айналдыра басталды. Осының нәтижесінде әлемнің ең үздік оқу орындарының қатарынан түрік университеттері де көріне бастады. Бұл жүйедегі реформалар жемісін алдағы уақытта көрсетіп жатар. Сол кезде бұл мәселеге тағы да тоқталатын боламыз.
Түйін сөз:
Сөз соңында айтарымыз, бүгінгі таңда 25 миллиард доллар жылдық табысқа жетіп отырған туризм саласымен абаттанған қалаларымен көріктенген Түркия елі бүгінде Еуропаның 6-шы, әлемінің 15-ші биік экономикасына айналды. Осы карқынмен дамуды жалғастырса, бес жылдан кейін әлемінің 10-шы биік экономикасына айналады. Лайым соған жеткізсін!
http://jasqazaq.kz/post/er-m%D1%96nezd%D1%96-erduan