Біржан
Актер Досхан Жолжақсыновтың өнербаянынан ой иірімдері
Бандыны қуған «Хамит»
Актер Досхан Жолжақсыновтың өнербаянынан ой иірімдері
Бандыны қуған «Хамит»
Көзі қарақты көрермен оны алғаш Хамит деп таныды. Кәдімгі «Бандыны қуған Хамит». Бір қызығы, осы Хамит есімінің оның өмірінде ерекше рөл ойнайтынын сол кезде ол білген жоқ. Бірі - оны актер деп танытқан кинодағы кейіпкері болса, бірі оның үлкен өнерге аттаған алғашқы қадамына «құтты болсын» айтып, батасын берген - ақын Хамит Ерғалиев.
Иә, бір кездері үкісі бұлғақтап, домбырасының әуенімен күллі қазақтың делебесін қоздырған Ақанға да айналды. Кәдімгі атағы Арқадан асып, Алашқа жайылған, Ақтоқтыға ғашық болған сері Ақан. Рас, ойнаған рөлдері көп. Оның денінде өнерге ынтық кейіпкерлерді сомдайды. Бірақ «Біржан салдың» жөні бір бөлек. Құдды Ерназардың Ертөстігі секілді. Бұл жайында кейінірек баяндармыз. Біржан сал дегеннен-ақ бағамдаған боларсыз, біз белгілі актер, режиссер, Қазақстан Республикасының халық әртісі Досхан Жолжақсынов туралы сөз қозғап отырмыз.
Сахнаға сері болып келіп, кинода сал рөлін сомдап, сән-салтанатқа кенеліп һәм сары уайымға салынатын, бір сөзбен айтқанда, сезімнің адамы -актер Досхан Жолжақсыновты көрермен Арқа төсінде дүние есігін ашқан Көкше баурайының перзенті болар деп болжауы ғажап емес. Рас, сал мен серінің образын ойдағыдай жеткізу үшін сері болып ойнау бір бөлек, салдар туған жерде туу керек дейтіндер де табылар. Бірақ Досхан Арқадан алшақтау жатқан Зайсан көлінің жағасындағы алақандай ауылда дүниеге келді. Бұл құрттай құмдауыт ауыл - балықшылардың мекені еді. Ол туралы актердің өзі былай деп сағынышпен еске алады:
«Мен үшін туған ауылым кез келген дүниенің кереметінен кем емес. Ал балықшылар дүниесі деген мүлде бөлек әлем еді. Біреулер балықшылар қармақ пен аудан басқаны біле ме деп ойлар. Рас, барлығы дерлік ауылдан әрі бармаған жандар. Бірақ шетінен рухани тоқ болатын. Бүгін қарап отырсам, олардың бәрінің көңілдеріне қанағат ұя салған екен ғой. Қашан көрсең шат-шадыман қалыптарынан танған емес. Ал әкем мен анам екеуі де өнерге жақын жандар еді. Әкемнің қолынан домбыра түспейтін. Керемет күйшілігі, суырып салма ақындығы болатын. Үйге келетін қонақтардың да көкіректеріне құйғаны мол, қадамы құтты жандар еді. Мен ең алғаш Біржан сал, Ақан сері, Махамбет, Сегіз сері, Жаяу Мұса, Мәди, Абай есімдері мен шығармаларын солардың аузынан естідім. Қазақ өнерінің жампозы Жүсіпбек Елебеков, Камал Қармысов сынды тұлғалар шаңырағымыздан дәм татқан азаматтар еді. Әкемнің дауысына қызыққан Жүсекең тіпті оны алып та кетпек болыпты. Кейін де әкемнің көзін көрген жандардың «әкеңнің дауысы ғажап еді» деп айтып отыратынын жиі естідім. Ал анамның «көрші-көлем, ауыл-аймақтан киім-кешек, түрлі жиһаз-жабдықтарды жиып алып, Бейімбет Майлиннің «Шұғасын» ойнаушы едік» деп айтатыны есімде. Бұл да болса қазақ даласындағы бекзат өнердің биігі - театр өнерінің алғашқы баспалдақтары болса керек. Осындай ортадан шыққан менің өнерге өлердей ғашық болмауым мүмкін емес еді».
«Ақан мен Біржан туралы Сіз балалық шағыңызда-ақ біліп, түйіп өскенсіз-ау» дегенімізге:
«...Менің кейінгі түйсінген, түйген дүниелерімнің бәрі сол шақтағы естігендерімнің бүгінде жадыма қайта оралуы дер едім. Ұлы Байрон: «Менің жазып жүргенімнің барлығы - менің балалық шағымда көргендерім» депті ғой. Сол сана-жадыңда жатталып қалған дүниелер кейін келе кезең-кезеңімен алдыңнан көлденең шығып отыратынына көзім жетті. Жастықтың буы бұрқырып, жалындап тұрған шағымда Ақанды ойнасам, мен ол кездегі серінің рөлін сомдай алдым деп білемін. Ақан да өнерге өлердей ғашық еді. Серілік құрды. Сән-салтанатқа кенелді. Сезімге ерік берді. Ал бүгін Біржанды ойнасам дәл қазіргі шағымдағы салдың образын бердім. Яғни Біржанның елуді еңсерген, кемелденген, сезімнен елдікті биік қойған, ақыл тоқтатқан өнер әрі ой иесі болып қалыптасқан образын сомдадым» дейді өнер иесінің өзі.
Сөзінен аңғарсақ, сәби шағынан домбыраның үніне елітіп өсуі, сал мен серінің өмір дерегіне қанығып ержетуі оның осы образдары мүлтіксіз алып шығуына сеп болған болуы керек. Актердің айтуынша, бала кезінен елден ерек озық жүруге ұмтылыпты. Өзі қатарлас балалардың алды болып қана қоймай, ересектерге үйір жүреді екен.Тіпті мектепте ұлдар мен қыздардың арасы алшақтап кетсе, елші болатын да сол - бала Досхан. Жігіттік жасап жұдырықтаса қалса, істің ақ-қарасын ажыратып беретін де осы. Түрлі сауықшыл ортаға кезіге қалса, қолына үкілі домбырасын алып, кештің көрігін қыздырып жіберетін өнерлі жігіт те атаныпты. Сөйтіп жүріп бала қиялға қанат бітіріп, Алматыға келеді.
Қызығы сол, бүгінгі актер бірден өнер жолын таңдамапты. Әр баланың қызығып өсетін әскери оқуына бармақ ниетте емтихан тапсыруға бекінгенімен жолы болмаған. Неге дейсіз ғой? Бұйрық солай болған болуы керек, аяқастынан құлағы ауырып, алынбай қалыпты. Сол кезде атақты актриса Хадиша Бөкеева актер мамандығына түскісі келетін екінші топтан емтихан қабылдап жатыр екен. Сөйтіп, бағы жанған болашақ актер өнердің өз ортасынан бір-ақ шығыпты.
«Театр - хас сұлудың
көз жасы»
«Қазақ өнерінің көгінде екі жұлдыз жанды. Оның бірі - Досхан, бірі - Лидия». Бұл сөздердің авторы - қазақтың айтулы ақыны Хамит Ерғалиев. Кез келген дүниеге көлгірсуді ұнатпайтын Хамаңның бұл пікірі қашан және қай жерде айтылып еді? Оны актердің өз аузынан тыңдалық:
«Оқи жүріп Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөсіпірімдер театрының қосалқы труппасына қабылдандым. Кейін оқу бітіргенімде осы театрдан мені өздеріне қалдыру туралы ұсыныс хат келіпті. Бардым. Осы театрда Жұмабай Тәшенов пен Игорь Саввиннің бірлесіп жазған «Қаладан келген Қылжақбас» пьесасы менің актер болып танылуының алғашқы баспалдағы еді. Бұл қойылымда актриса Лидия Кәденова екеуміз ойнадық. Мен - жігіт, ол - шабанның қызы. Осы қойылымның алғашқы көрермені Хамаң (Хамит Ерғалиев) болды. Спектакльден соң директордың кабинетіне жиылдық. Жаңа қойылымның бағасын есту үшін. Жас актерлер болғандықтан жүрексініп отырғанымыз жасырын емес. Әріптестер әдемі сөздерін айтып, мақтауларын асырып жатты. Алайда аузы дуалы жалғыз адамның ойы біз үшін бағалырақ еді. Ол - Хамаң. Бір кезде Хамаңа сөз жеткенде біз тына қалдық. Ол кісі қысқа да қадап айтатын жан еді ғой жарықтық. Орнынан тұрып: «Бүгін қазақ өнерінің көгінде екі жұлдыз жанды. Оның бірі - Досхан, бірі - Лидия» деп қысқа қайырды. Біз үшін бұдан асқан мақтау да, марапат та керек емес еді! Бұл - менің Хамаңмен алғашқы кездесуім».
Ал актердің Хамит Ерғалиевпен екінші кездесуі ұлт тағдыры таразыға түскен қиын қыстау шақ екен. Ол кезде де Досхан - ТЮЗ-дің актері.
Желтоқсан көтерілісі кезі. Көзге ілігіп жүрген жастардың бәрін Жазушылар одағына жинап алған. Мінбеге мүйізі қарағайдай адамдар бірінен соң бірі шығып сөйлеп жатыр. Олар шетінен алаңға шыққан жастарды жаппай жерден алып, жерге салып бақты. Ол күнді актер былай деп еске алады: «...Сол кезде мен артқы жақта отыр едім. Бір кезде одан әрі төзе алмайтынымды сездім де қолымды көтеріп, сөз сұрады. Бермейді. Шыдамай барамын. Бір кезде кезек келді-ау... Бағанадан тамағыма тығылып тұр екен, ақтарылдым кеп... Біреу сөзімді қағып кетердей қылғынып сөйлеп жатырмын, сөйлеп жатырмын... Бұлай сөйлеуіме басты себеп - сол кездегі басына күн туған қазақтың күйі еді. Яғни бұл - менің ішкі үнім, жан дауысым болатын. Түптеп келгенде менің аузыммен айтылған сол кездегі жаппай алаңға шыққан қазақ жастарының сөзі екенін мен кейін білдім. Сөзімді әрең бітірдім-ау дегенде көзімнен жас парлап кетті. Жұрт сілтідей тынған. Бір уақытта орындықтар тықырлап, орнынан біреу ауыр қозғалып тұрды да өктем үнмен: «Мына сөйлеген кім?» деп дүр етті. Бұл Хамаң еді. Ел оған «Бұл ТЮЗ-дың жас актері» деп сыбырласып жатты. «Аты кім?» деді. «Досхан Жолжақсынов» десті ел күбірлеп. Сол кезде Хамаң: «Досханға дейін сөйлегеніңнің, Досханнан кейін сөйлегеніңнің сөзі - сөз емес!» деп қаһарлы үн қатты да таяғын ортадағы кілемнің үстіне лақтырып жіберді. Булығып отырғандар баршылық екен, ду етіп қол шапалақтап жіберді. Бұл - менің Хамаңмен екінші кездесуім еді».
Сол кезде аты әйгілі кей апаларымыздың Досханның бұл әрекетін бетіне басып, «Бұған қалай бардың? Жастарды бұлай тәрбиелеуге болмайды. Басылыңдар!» деп бұйыра сөйлегендері де болыпты.
Осы уақыттан 2004 жылға дейін аталған театрда қалтқысыз қызмет етті. Қазақ киносының әйгілі әжесі Әмина Өмірзақова бастаған актерлердің өтінішімен 7-8 жылдай сол театрда басшылық қызметте болды. Сол жылдардағы саналы ғұмырын театр туындыларының көрермен көңілінен шығуына арнады. Қысылтаяң шақтарда «Қыз Жібекті» сахнаға шығару қандай қиын еді?! Еңбекті ғана емес, қыруар қаржыны қажет ететін. Бірақ қазақ жырының жауһары «Қыз Жібек» қазақ сахнасында қойылды. «Ақан сері - Ақтоқты» да көрерменге жол тартты. Ақан туралы айтқан кезде актер қызықты жағдайларды еске түсіріп күліп алады. Сол кездегі талантты орыс режиссерлердің «Ақанды қоямыз» деп қанша тер төккенімен түк шығара алмағанын да қызықты жеткізеді. Ақаннан Махамбет жасағысы келген режиссердің репетициясын көрген Ғабеңнің ұшып тұрып: «Жүр, бәйбіше. Это - не моя пьеса! Я умываю руки» деп кетіп қалған кезін де күліп отырып еске алады. Иә, «театр - хас сұлудың көз жасындай мөлдір дүние» деп баға берген Ғабеңнің бұлай кетуінен батырлық іздеудің қажеті жоқ, тек тектілікке сүйсіну керек. Осылайша Досханның театрдағы образдарын оймен шолсаңыз талай рөлдердің тізбегі көз алдыңызда тұра қалады. Бірақ Досхан театрдан кетті. Неге?..
«Біржан сал» -
қазақтың жан дауысы
«Мен Біржанның алдында қарыз едім. Олай дейтінім белгiлi режиссер Талғат Теменов екеуiмiз 90-шы жылдардың басында «Бiржан сал» туралы фильм түсiре бастаған едiк. Онда Бiржан туралы тек жай ғана жалпылама баяндалатын. Қаражаттың жоқтығынан жұмыс орта жолдан тоқтады. Бұл бізге оңай тиген жоқ. Сөйтіп, мен Біржан алдында қарыздар болып қала бердім. Ақыры бұл борыштан құтылу үшін мен театрдан кеттiм. Менің бұл кездегі жанымның қалауы, көңілімнің құлақ бұрауы - сал-серілер кезеңі еді. Көп оқыдым. Байқағаным, Біржанның тағдыры бір бөлек екен. Оны сабайды, матайды, ел еркесіне ойларының келгенін істеп бағады. Киноға сұранып тұрған тағдыр. Оңай емес. Бірақ оған сценарий жазатын адамды қайдан таптым?.. Сөйтіп жүріп белгiлi мәдениеттанушы Әлия Бөпежановамен кездескенімде осы ойымды ортаға жайып салдым. Ол бiраз күннен соң менi шақырып, Таласбек Әсемқұлов деген бiлiмдар азаматпен жолықтырды. Оны кезінде Алматыға Семейден Мұхтар Мағауин алып келген екен. Байжiгiттiң күйлерiн бүгiнде Таласбектен басқа ешкiм орындай алмайды. Сөйтiп, Таласбекпен таныстым. Сөзі түзу Таласбекке Бiржанның қилы тағдырын көрерменге ашып көрсетiп, оған қоса бұған бүгiнгi күннiң келбетін қоса жеткізуіміз керек дегенді айттым. Бұл туынды рухани әлемнен ажырап, ұлттық санасы уланып бара жатқан бүгінгі қазаққа ой тастайтын дүние болсын деп өзіме серт еттім. Таласбектің сценариімен алғаш танысқанда көзіме жас келді. Ойымды оқығандай болыпты. Тура менің ішкі толғанысым қағаз бетіне сөз болып өріліпті! Менің бала күннен жиған рухани қазынам ақтарылған екен...» дейді актер өткенді оймен шолып.
Иә, «Біржанға» кезек жетті. Асылық айтсақ, Алла кешірсін, қазақ киносының соңғы жиырма жылдық кезеңінде жөні түзу кино түсірілмепті. Қазақ қазақы мінездегі кинотуындыға шөлдегені былай тұрсын, рухани ашырқап, ашкөздене айналасына анталай бастаған. Осы сәтте күллі қазақ менталитетіне керағар ағымдағы киносымақ дүниелер көптеп рухани аш әлемге ақтарылып жатты. Соның бірі - «Келін». Адам лоқсығысы келетін бұл дүниелер қазақтың рухани қажеттілігін өтей алмасы анық еді. Кейін, қашаннан ішіне тас болып семіп, сыртқа шығара алмай келген қазақтың күйініші, ауызбен айтуға боламайтын аңсары ақтарылып, қысқасы, қазақтың жан дауысын естірткен «Біржан сал» өмірге келгенде бар қазақ «Бәрекелді!» десті.
Кім не десе о десін, бұл сал мен серінің өмірін сипаттаған деректі жалаң дүние емес. Бұл - қазақтың кешесі мен бүгіні. Бүгінгі қазақтың айта алмай келе жатқан жан сырын Біржанның аузымен айтуы еді. Қазақ қоғамының көз-сүйелі - әділетсіздікке лағынетті осы сал-серілердің аузына салу да осы фильмнен көрінген.
Фильмге үңіліңізші. Көкжалды қайдағы бір келімсек атып түсіреді. Көкжал қазақтың жаны, рухы болатын. Ол да көкке қарап ұлып, өліп барады. Фильмде Біржанды табалайтын кім? Қазақтың өзі. Бір сөзбен айтқанда бұл фильм - қазақтың саңылаусыз санасын сойып салу, қазақтың өзін қан шығармай бауыздау. Жай сөзбен айтсақ, намысын қайрай отырып, жігерін жану. Астарында ақиқат жатыр. Бүгіннің шындығы бар. Мойнымыз бұғаудан босағалы қашан, ал санамыз ше? Астарында осындай ауыр сұрақ бар.
«Аяқ-табақ жалаған сарай әншісі етігімен төрге оза ма деп қорқамын. Бағлан өнердің басы табалдырықта қала ма деп қорқамын» деген сөзді алыңызшы. Киелі сахнасына қасиетсіздер қаптаған бүгінгі қазақ өнерінің бір ақсаған тұсын қалай дөп сынаған десеңізші! «Біржанды» біреулер ойлағандай сән-салтанатымен,үлде мен бүлдеге орап, әндерін айтқызып, әп-әдемі, моп-момақан күйінде түсіруге болар еді. Бұл - таза этнографиялық танымдық фильм болып қана кәдеге жарайтын. Ал менің көздегенім бұл емес. Бұл «Біржан» - менің жаным. Ал ол қазақтың жанына айналса менің бұл дүниедегі миссиямның орындалғаны. Солай!» осылай сөзінен қорытты «Біржан».
Өнердің киесі мен иесі
Өнер иесі өнерде де, өмірде де талай тарлан боздармен бірге жүрді. Абдолла Қарсақбаевтар бастаған аға буынның өкшесін баса жүріп, біраз дүниені санасына түйді. Олардың жан дүниесіне, өнердегі өзіндік болмыстарына әлі күнге таңғалумен, тамсанумен келеді. Ал бүгінде кей іні буын я үзеңгілес режиссерлердің шалыс қадамдарын көргенде қатты қынжылады.
«Өнерді сүю арқылы тудыру мен өнерді үйрену арқылы қолдан жасаудың арасы жер мен көктей. Ол қанға сіңбесе, араласпаса оны оқып, үйренгеннен ештеңе өнбейді. Ал бір жерінен шашау кеткен нәрседен ешуақытта жұп-жұмыр дүние тумайды. Оның мысалы бүгінде шаш етектен. Көбі кино түсірудің схемасын жатқа біледі. Бірақ әр жағында түк жоқ. Мысалы, «Біржан салдан» сәл ертерек «Келін» деген кино түсірілді. Оның режиссері кейін онысын «қазақ аналарына қойған ескерткішім» деген кещелік ұғымға дейін барғанын білеміз. Міне, бұл да соның тағы бір дәлелі» дейді ол.
Ғабит Мүсірепов, Хамит Ерғалиевтерден бөлек Досхан атақты жазушы, сыншы Асқар Сүлейменовтің алдын көрген адам. Осынау алаштың асыл азаматының қызын жар етіп алған актер ол кісі туралы айтуға келгенде біраз тосылады. Өйткені оның айтуынша, Асқар аға туралы айту оңай емес, ауыр. Ол кісі адам тұлғасынан әлдеқайда биіктеп, адамзаттық дейгейге дейін асқақтап кеткен жан. «Кейде оған отағасы, жай ғана әке деп қарау бір қызық еді. Оған ондай қарапайым образдар қонбайтын. Ол тым биік еді! Үйге кірген адамның өзі ол кісіден именіп тұратын. Қоғамның қай саласынан болмасын аса жетік білімдар еді. Талай «менмін» дегендердің Асқар ағаның алдында мысы басылғанын көзіммен көрдім. Тым өр де асқақ еді. Болмысы биік, парасатты жан еді. Кезінде Ғабеңнің өзі оған өзін «сен» деп айтуға рұқсат бергенін алыңызшы. Міне, нағыз талантты бағалау һәм мойындау. Осындай адамзат асылының алдын көру, асылдың сынығын қолыма қондыру мен үшін зор бақыт»
Досхан - аға. Еріктей інісі бар. Кино кеңістігінде өзіндік із қалдырып келе жатқан Ерік Жолжақсынов жайында ағалық лебізін білдірген ағасы: «Өзімнен кейінгі бауырларымның өнер жолын таңдағанын қаламаған едім. Бұйрық солай шығар, Ерік актерлікті қалады. Қадамы жаман емес. Бірақ қаншама киноларда көрінгенімен бағын ашып, есімін елдің аузына іліктіретін туынды кездеспей келеді. Оған ол кінәлі емес. Бірақ оның ізденісіне, шеберлігіне аға ғана емес, актер ретінде де көңілім толады» деп бір қайырды.
Кейде ұлылардың атын шығарған дүниелерін оймен таразылайтынымыз бар. Солардың ішінде өзгеден ерек көзге ілігетіндері кездесетіні өтірік емес. Тура сол туындысы оның тұлғасын айшықтап, елге танымал еткенін байқаймыз. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым - Қожасы». Жазушының бұдан бөлек біраз шығармалары оқырман қауыммен қауышқанымен, Қожаның орны қашан да бөлек. Оны қаламгерлер де, оқырман қауым да Қожа деп таныды. Ал оны қойған Абдолла Қарсақбаев ше? Оның да қанша кинотуындылары көрерменге жол тартқанымен күллі қазақтың жүрегіне жол тапқаны «Менің атым - Қожа» еді ғой. Ендеше Досханды елдің сүйіктісі еткен образ болса, ол - Біржан. Біржан - бірегей. Бүгінде алпыстың асқарына аяңдап келе жатқан Досхан актердің өмірінде Біржандай туынды, Біржандай рөл екі рет бұйыруы екіталай. Ендеше бес күндік жалғанда бүгінін ұмыта жаздап жүрген қазаққа Біржанын оралтқан өнер киесіне һәм өнер иесіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Динара ІЗТІЛЕУ