Сәлем салу - келіннің шүкіршілігі
Сәлем салу дұрыс па деп сұрайды кейбір інілеріміз. Иә, расымен де біреулер "бұл Аллаға серік қосу, бұл шірк" деп байбалам салып жатады. Бұл шынымен солай ма? Менің жеке пікірім мынандай: Біз араб емеспіз, біз қазақпыз! Үлкендерге сәлем салудың шариғатқа еш қайшылығы жоқ! Келін түскен жерінде күйеуінің ата-анасына, жалпы үлкендеріне иіліп сәлем салса ешкімнің иманы бұзылмайды. Жүрегінде Алласы тұрған соң Алланың қаһарын туғызбайды. Бұл қайта өзара сыйластықты, құрметті арттырады. Бұл өнеге, бұл тәрбие! Келін өзі сәлем салып тұрған енесінің бетінен алмайды. Ата-енесіне қарсы шықпайды. Сәлем салу - келіннің Алла алдындағы шүкіршілігі, амандасуы! Амандасу - ислам әдебінің басты шарттарының бірі.
Құран Кәрімде: «Ей адамдар, расында Біз сендерді ер кісі мен әйелден жараттық. Сондай‑ақ, бір‑бірлеріңмен танысуларың үшін сендерді халықтар және тайпалар етіп тараттық. Шын мәнінде Алланың құзырында ең құрметтілерің - көбірек тақуалы болғандарың» (1, 49:13) ‑ дейді емес пе?!. Арабтардың әйелдеріне қара киім кигізіп, тұмшалап тастауы шариғат талабы емес өздерінің ұлттық ерекшеліктері. Аяқтарына шәркей ілуі бізге өнеге емес. Арқаның 30-40 градус аязына ол жарамайды. Арабтың аяғымен дастархан басып тұратын әдет-ғұрпын (қажылықта жүргенде өз көзіммен көрдім) бізге көшірудің еш қажеті жоқ. Сондықтан әр ұлт өзінің тілін, әдет-ғұрпын сақтауы керек.
Қазақта рас, шаманизм кезінен қалған әруаққа сыйынудың сарқыншағы бар. Бірақ имандылықтың артуымен ол да қалып келеді. Асыл дініміздің жолында Алланың барлығын, бірлігін, хақтығын таниық, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауатымызды айтайық, бес парызымызды орындайық. Ең бастысы сол! Басқалай еш ағымның, еш сектаның қажеті жоқ. Сондықтан уахабшылар айтты екен деп дәстүрімізден ажырап қалмайық!
Марат Байділдаұлының жазбасы
Abai.kz