Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дидар-ғайып 3192 0 пікір 31 Наурыз, 2020 сағат 12:30

Жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін ұялатқан аға

Көзінің тірісінде-ақ қазақ әдебиеті тарихына есімі үлкен әріптермен жазылған, поэзия деген құдіреттің қаймағын қалқыған ақын ағамыздың мәңгілік ғұмыры басталды.

Аманхан Әлімұлы – поэзия әлемінде нағыз қаламгерге тән шыншыл, ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы бар, әлемдегі жырқұмар барша қазаққа танымал тұлға еді. Қазақ поэзиясын ұлттық тұрғыда жаңғыртып, дамытып, өз дәуірінің биік сатысына көтерген, тектілігі жоғары, адамилық болмысы бөлек, ұлтжанды ақын болды. Жырларынан азаматтық ұстаным мен талғам биіктігі айқын сезілетін. Өршіл ақын поэзия, сын, журналистиканы сабақтастырып, бойындағы ерекше қабілеттері арқылы ұштастыра білді. Ерекше сөз нақышымен рухани байлығын, ой-пікірін еш бүкпесіз ортаға салып кетті. Енді, еш күмән жоқ, өмір жолы өлеңмен өрілген аса талантты тұлғаның жарқын бейнесі мен өшпес мұрасы сөнбес сәулеге айналады!

...Аманхан ағамен аға-іні болып аралас болған уақытым осыдан он бес жылдай бұрын басталды. Парасаттылығы мен біліктілігі, зерделілігі мен білімділігі жоғары ағамызбен бірер жыл қызметтес болдым. Ә дегеннен ақжарқын пейілімен өзіне баурап алып еді. «Заң» медиа-корпорациясының аясындағы қызметтес құрдастары Қалбай Әділ, Елеусіз Мұрат үшеуі оңашаланғанда мені де ерте кететін. Әңгіме мен жырға құмар мен үшін сол отырыстар зор қуаныш еді. Әңгіменің тиегі ағытылатын, жыр оқылатын.

Бірде көрші столда отырған бір топ жігіттермен таныса отырдық. Қытай елінен Атажұртқа қоныс аударғалы жүрген қандастар екен. Аманхан ағаның есімі аталғанда ана жігіттер орнынан атып тұрып: «Расымен де сіз Аманхан ағасыз ба?» деді жамырасып. Содан бір керемет сәт басталды дейсің! Қытайдан келген жігіттер Аманхан ағаның жырларын жарыса оқыды. Сондағы Аманхан ағаның жанары жарқылдап, ерекше бір бақытты күйге енгені әлі есімде.

Аманхан ағамен араласқан күні-ақ мен жерлес ақын Өмірзақ Қожамұратов туралы айта бастағам. Өзімді «Өмірзақтанушы» деп жүрген менікі құр далбаса екен. Аманхан аға Өмекеңнің бірнеше жырларын жатқа айтып, кей өлеңдерінің астарын ақтарып, жіліктеп талдап бергенде еріксіз таңдай қаққанмын.

Араға 4-5 жыл салып, Өмекеңнің кітабын баспадан шығарып, Жазушылар одағында тұсаукесерін өткізу ойым барын айттым. Аман ағам қуана қолдады. Сол жиында өзі баяндама жасап, Өмекеңнің жырлары талай ақынға үлгі болғанын дәйекпен дәлелдеп, шығармаларына жоғары баға берді. Содан кейін  марқұм ақынның шығармашылығы туралы бірнеше газет-журналдарда мақалалар жариялап, теле-радиоларға шығып, Ө.Қожамұратовтың қазақ әдебиетіндегі  маңдайалды ақындардың бірі екендігін күллі қазаққа мойындатты десем асыра айтқандығым емес!

Құдай-ау, Аманхан ағамыздың білмейтіні жоқ еді. Үзеңгілес інілері, біздер, ағаның жанында болуға құштар едік. Біз естімеген шетел ақындары мен философтарының жырлары мен қағидаларын айтқанда, аузымыздың суы құрып тыңдайтынбыз. Айдан анық, Аманхан абыз біздің санамызға жаңғырту жасады!

Мезгіл жанды келетін өртедіге,
Қылын көңіл күйімнің шертеді ме?
Еске алып отырмын кездерімді,
Көрінетін ұқсастау ертегіге,-деп өзі жырлағандай, ағаның жанында жүрген ертегідегідей ерекше күндердің қайта оралмайтынын сезіп, біліп мұңайып отырмын.

Жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін ұялатқан ағамызбен сырлас, сұқбаттас болған кездер – мен үшін өмір бойы мақтаныш сезіммен еске алатын естелік болып қалмақ.  Алла алдыңнан жарылқасын, Аман аға!

Қали Жолдасов,

әдебиет зерттеушісі, баспагер.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552