Дүйсенбі, 1 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 11308. Жазылғандар — 5404. Қайтыс болғандар — 41
Ақмылтық 1947 18 пікір 1 Сәуір, 2020 сағат 15:47

Ресми ақпарат қолжетімді болса, өтірікке ешкім сенбес еді...

Біздің елде ресми ақпараттар алдымен орыс тілінде шығатын, ал мемлекеттік тілдегі нұсқасы бірнеше сағат, кейде бірнеше күн кешігіп жарияланатын әдет бар. Мұндайда қазақ тілді ақпарат құралдары амалсыз ресми хабарларды өздері аударады. Былайша айтқанда, қазақ тілді басылымдардағы журналистер аудармашылық қызметті қатар атқарып келеді.

Өкінішке орай, қалыптасқан осы жағдай елдегі төтенше жағдай кезінде де оңалмай тұр. Жауапты органдар вируспен алысып, қарбалас болып жүргенде жұмыстарынан мін іздемей-ақ, қоюға болар еді. Бірақ мәселенің мәні әріде жатыр. Төтенше жағдай кезіндегі жедел жаңалықтар негізінен орыс тілінде жарияланып жатқаны өкінішті. Мемлекеттік тілде мәлімдеме жоқ демейміз, бар. Бірақ тым аз және кешігіп шығады.

Негізі Қазақстанда сайт-порталдардың көбі шартты түрде қос тілді деп көрсетіледі. Алайда мемлекеттік құрылымдар мен ақпараттық агенттіктердің өзі қазақша нұсқасын елдің көзін алдау үшін ғана ашып қойғаны жасырын емес. Мәселен, үлкені министрліктің, одан кейін әкімдік, өзге де мемлекет қарауындағы басқармалардың сайтында ең алдымен орысша ақпарат жарияланады. Ал қазақшасы шықса бірталай уақыт кешігіп шығады, шықпаса ол да жоқ.

Бұл мемлекетке қарасты құрлымдар жайлы әңгіме. Ал коммерциялық, ойын-сауық және жаңалық сайттары қазақ тілінде ештеңе жарияламайды. Кез-келген өңірдегі мемлекеттік емес, бірақ халықпен тығыз жұмыс жасайтын орталықтар тек орыс тілінде қызмет көрсетіп келеді. Тіпті мемлекет бюджетінен күн көріп отырған спорт клубтарының да ресми сайттары мемлекеттік тілде мүлде жаңалық таратпайды.

Мұның бәрі бейбіт күндегі жағдай. Биліктің жалтақойлығы, халықтың бейғамдығымен бұл мәселелер жабулы қазан - жабулы күйінде келе жатыр.

Ал төтенше жағдайдағы әңгіме бөлек. Төтенше жағдай кезінде ақпарат таратуда да төтенше режим болу керек. Бұрынғыдай ресми мәлімдемені алдымен орыс тілінде беріп, бес сағаттан кейін мемлекеттік тілде жариялау үлкен қателікке ұрындырады. Қазақшасы шыққанша орысша ақпаратты әркім әртүрлі аударады. Әртүрлі аударма әу бастағы ақпараттың тонын теріс айналдырып жіберуі мүмкін. Содан барып әлеуметтік желідегі жалған ақпараттар қалыптасады.

ІІМ азаматтарды әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратпауға шақыруда. Егер әдейі жалған хабар тарататын болса 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертті.

Жалған ақпараттың алдын алған дұрыс. Бірақ алдын алудың жалғыз жолы азаматтардың ауызымен алысу емес. Екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоюдың қиын екені әу бастан белгілі. Сол үшін істің салдарымен емес, себебімен күрескен жөн. Мемлекеттік органдар минут сайын мемлекеттік тілде ақпарат таратуы керек. Ресми мәлімдемелер халыққа еш кешікпей жетіп тұрса, өтірік ақпарат оқуға уақыт та табылмас еді ғой...

Төтенше жағдай басталғалы жедел ақпараттар жауапты органдардың ресми сайтында, әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланып жатыр. Әсіресе телеграм желісі белсенді жұмыс істеуде. Шенділердің өзі ақпарат іздегендерді сол жаққа сілтейді. Енді бірнеше ресми органның жұмысты қай тілде жүргізіп жатқанына назар аударайық.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы. Сайтында жарияланған сирек ақпараттар қос тілде беріліп отырған. Ал телеграм парақшасы орыс тіліндегі ақпарат басым. Әсіресе төтенше жағдайдың алғашқы он күнінде мемлекеттік тілде өте аз ақпарат жариялаған. Тек соғы екі-үш күнде қазақ тілді ақпараттар бар.

Қазақстандағы коронавируспен күрес жөніндегі IT-штаб. Мемлекеттік тілді белден басып отырған орталық осы екен. Сайты қос тілді болғанымен, орыс тілінде көбірек ақпарат таратып отыр. Ал телеграм парақшасы ара-тұра мемлекеттік тілде ақпарат салады демесеңіз, көбіне орыс тілінде жұмыс істеп тұр.

Оперативті штабтың сайты қос тілде жұмыс істеп тұр. Ал телеграм парақшасы соңғы күндері мемлекеттік тілге мән бере бастады. Оған дейін орыс тіліне басымдылық беріп келген.

Айта кетерлігі, жоғарда аталған телеграм парақшаларына ортақ ерекшелік, төтенше жағдайдың бастапқы кезімен салыстырғанда соңғы уақытта мемлекеттік тілде хабар таратуға мән бере бастаған. Соған қарағанда пайдаланушылар шағым түсірген болу керек.

Коронавирус кезінде салмақтың ауыры Денсаулық сақтау министрлігіне түсіп тұр. Аталған министрлік мүмкіндігінше жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік тілде ақпарат таратуы да көңіл көншітерлік. Алайда қазақ тілді ақпаратта қателіктер өріп жүр. Бұл да біздің мемлекеттік органдардың көне дерті. Жоғарыда мемлекеттік тілде ақпараттар кешігіп шығады дедік. Сол кешігіп шыққан қазақ тіліндегі жазбаны түсінудің өзі мұң, мүлде түсініксіз тілде жазады. Мемлекеттік тілдегі заң тармақтары, сот қаулылары да солай, түсініксіз...

Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында бүгін таңертең жарияланған мына ақпарат қос тілде берілген. Бірақ қазақшасында қателер бар.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін мойындамайтын мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Бейбіт күндерде де, төтенше жағдай кезінде де мемлекеттік тілде сауатты жазылған түсінікті контент табу қиынның қиыны. Бізді таңғалдыратыны мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін жетік білетін бірде-бір маман жоқ па? Әлде қазақ билігіне қазақ тілінің құны көк тиын ба?!

Құрметті шенділер, елдегі қазақ ұлтының саны 70 пайыздан асқаннын, мемлекеттік тілге сұраныстың өте жоғары екеніне ақылдарыңыз жетпесе, мемлекет құраушы ұлттың мүддесін белде баса отырып, өздерің ойдан шығарып алған 50/50 қағидасын ұстансаңыздаршы тым құрығанда...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

18 пікір