Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 8568 0 пікір 24 Маусым, 2009 сағат 10:59

Алдаспан

Прагаға келіп  тұрып, осындағы Алаштың  аймаңдай ұлы Мұхтар Мағауинмен әңгіме-дүкен құрмау елден Еуропаға құр әншейін саяхаттап келіп, бос қайтумен бірдей секілді еді. Сөйтсем, Мұхтар Мағауин ешкімге интервью бермейтін жазушы екен. Сөйлесе келе, көз жеткен бір жай, жазушы қаламынан туған шығармасына ғана емес, аузынан шыққан әр лебіз­ге де ерекше жауапкершілікпен қарайтын көрінеді. Мұхтар ағамен арадағы әңгімеміз екі-үш сағатқа созылды. Біз соны біраз ықшамдап, бүгінгі оқырманға ең бір керек-ау деген тұстарын әңгіме-дүкенімізде ұсынып отырмыз. Жазушының аузынан шыққан әр лебізді қаз қалпында қалдырдық. Газет тіліне салып, қарабайырландырып жіберуден қашқан жа­йымыз бар. Мағауиннің өз бейнесі бар болмыс-бітімімен көрініп тұрса - еңбегіміздің текке кетпегені.

Мұхтар Мағауин көркем сөздің ғана емес, көсемсөздің де шебері ғой. Бір кезде ол өзін Ақтөбеден Жұбаназар Асанов деген жігіттің іздеп келгенін тілге тиек етті. Ол кезде жазушының атақ-даңқы Алашқа әлі бүгінгідей әйгілі бола қоймаған. Іздеп келген жігіттің мамандығы математик екен. Жазушыға қарапайым оқырман ретінде тәнті болғандықтан алыстан ат сабылтып жетіпті.

- Мені ең алғаш рет ұлы жазушы деп атаған сол жігіт, - дейді Мұхтар аға жымиып. Кейін сол жігіт Мұхтар ағамен арадағы әңгімені облыстық газетке жариялап, айды аспанға бір шығарған екен.

Прагаға келіп  тұрып, осындағы Алаштың  аймаңдай ұлы Мұхтар Мағауинмен әңгіме-дүкен құрмау елден Еуропаға құр әншейін саяхаттап келіп, бос қайтумен бірдей секілді еді. Сөйтсем, Мұхтар Мағауин ешкімге интервью бермейтін жазушы екен. Сөйлесе келе, көз жеткен бір жай, жазушы қаламынан туған шығармасына ғана емес, аузынан шыққан әр лебіз­ге де ерекше жауапкершілікпен қарайтын көрінеді. Мұхтар ағамен арадағы әңгімеміз екі-үш сағатқа созылды. Біз соны біраз ықшамдап, бүгінгі оқырманға ең бір керек-ау деген тұстарын әңгіме-дүкенімізде ұсынып отырмыз. Жазушының аузынан шыққан әр лебізді қаз қалпында қалдырдық. Газет тіліне салып, қарабайырландырып жіберуден қашқан жа­йымыз бар. Мағауиннің өз бейнесі бар болмыс-бітімімен көрініп тұрса - еңбегіміздің текке кетпегені.

Мұхтар Мағауин көркем сөздің ғана емес, көсемсөздің де шебері ғой. Бір кезде ол өзін Ақтөбеден Жұбаназар Асанов деген жігіттің іздеп келгенін тілге тиек етті. Ол кезде жазушының атақ-даңқы Алашқа әлі бүгінгідей әйгілі бола қоймаған. Іздеп келген жігіттің мамандығы математик екен. Жазушыға қарапайым оқырман ретінде тәнті болғандықтан алыстан ат сабылтып жетіпті.

- Мені ең алғаш рет ұлы жазушы деп атаған сол жігіт, - дейді Мұхтар аға жымиып. Кейін сол жігіт Мұхтар ағамен арадағы әңгімені облыстық газетке жариялап, айды аспанға бір шығарған екен.

Содан кейін біздің бағымыз жанды. Өйткені жазушының "Орталық Қазақстан" газетіне деген ілтипат құрметі ерекше екенін бұрыннан білетінбіз. Біздің газет пен жазушы шығармашылығы арасындағы байланыс сонау 70-ші жылдардан бастау алады. Мағауиннің "Тазының өлімі" деген повесіне республикада ең алғаш­қы болып, ойлы пікір білдірген біздің газет. Оның авторы өзіміздің жерлесіміз жазушы, марқұм Асан Жұмаділдин...

1972  жылы  32  жасында:  "Маған қарсы адам - қазақ  халқының  жауы" деп жазған Мағауин ғой бұл! Алаш идеясын бүкіл жан дүниесіне сіңірген қазақ қана айта алады мұндай сөзді. Содан  бергі уақыт  жазушының ерекше  дарын  иесі ғана емес, ерен азаматтығы мен шығармашылық ізденістерінің  жұлдызды сәтін де паш етті. XY ғасырлардағы жыраулар поэзиясын жарыққа шығар­ған жан қиярлық еңбегі шығармашылық ерлікпен пара-пар десе болады. Оған дейін қазақ әдебиетінің тарихы ХVIII ғасырдан - Бұқар жыраудан ғана басталатын-ды. Мағауин оны үш ғасыр­ға тереңдетті. Әдебиет шежіресіне Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз сынды әлемдік поэзияда бұрын-соң­ды болмаған ұлы жыраулар келді!

Содан бері Мұхтар Мағауин ылғи тыңға түрен салып келеді. Іле-шала ұлттық  әдебиетіміздегі  тарихи романдардың  үлгісі саналатын "Аласапыран" дилогиясы дүниеге келді. Совет өкіметінің қабағынан қар жауып тұрғанда Мәскеудің "Советский писатель" баспасынан әлі ақталмаған Шәкәрімнің өлеңдерін шығаруы жазушының асқақ азаматтық келбетін жалпақ жалғанға жария етті! Күні кеше жарық көрген "Қыпшақ Аруына" дейінгі аралықта оқырман көзайымына айналған қаншама інжу-маржандай көркем дүние ұлттық әдебиетіміздің алтын алқасындай көз жауын алып тұр?!

Мағауиннің әрбір шығармасы әдебиетіміздегі ірі оқиға десек артық айт­қанымыз емес. Оның ұлттық құнардан қуат алатын әрбір көркем дүние­сінен бүкіл адамзаттық проблемалар көрініс тауып жатады.

Осыдан 5 жыл бұрын Қарқаралыға келген сапарында Мұхтар ағамен Құнанбайдың мешітіне құран оқытып шыққанымыз еске түскен. Мешіттен шыға бергенде жазушы:

-             "Абай  жолындағы" Құнанбай  бейнесі бөлек  қой, - деп еді.  - Бірақ оны бұдан да кемеңгер, кемел, білгір адам ретінде суреттеп шығуға Әуезовтің дарын қабілеті қаптал жететін еді. Өз заманындағы моральды берік ұстан­ған кісі ретінде Құнанбай "Абай жолындағыдан" мүлде басқа адам бол­ған. Бір кезде Янушкевичтің  жазбалары  жал­ғанның  жарығына  шыққанда  Құнанбай біз ойлағаннан бөлек адам екен ғой, заманының тұлғасы екен ғой деген әңгімелер шыққан. Қазір уақыт өткен соң айта береміз, бұлай  жазуға болар еді, олай жазса қайтер еді деп... Әуезовтің заманы бізді­кінен басқа болды. Әуезов оны сол қатал қоғамның кезінде де ғарыштық биікке көтеріп кетті ғой, - дегенін есіне салдым.

 


Құнанбай қазақ тарихындағы өзгеше тұлға!


- Құнекең  қазақ тарихындағы өзгеше бір тұлға осы күнге дейін өзінің бағасын, орнын ала алмай келе жатқан. Басқаны былай қойғанда, Абайдың әкесі деген атақтың өзі қазақтың тарихында алтын әріппен жазылуға лайық. Ал, Абай мен Құнанбай әңгіме болған кезде біз бір мәселені көбіне ескермей жүрміз осы уақытқа дейін. Ол - Құнанбайдың, яғни Абайдың шыққан тегі, ата тегі деген мәселе. Осы тұрғыдан алатын болсақ, Абайдың тууы - Құнанбайдан тууы, Құнанбайдың сондай өзгеше тұлға болып қалыптасуы кездейсоқтық емес, өйткені Құнекең, демек, Абай - біздің қазақ халқының неше мың жылдық тарихында қалыптасқан, турасын айту керек, асыл тұқымынан.

Ата тегіне келетін болсақ, Абайдың жетінші атасы, яғни Құнекеңнің алтыншы атасы - Сары деген кісі. Сары өз заманында үлкен батыр болған, Еңсегей  бойлы Есім ханның заманында қол бастаған батыр болған. Сол кездегі бұлғақ заманында атақты Қатаған Тұрсын ханның Қоңырбике деген қызын алған. Қоңырбикеден Кішік туған, осыдан барып Абай тарайды, Абайдың  әулеті тарайды. Яғни осы тұрғыдан алатын болсақ, онда Абайдың әулеті, Құнекең - тура қазақтың Әз-Жәнібек хан, одан ары қарай Орыс хан, одан ары Жошы хан, одан ары тура Шыңғыс ханның өзінің тікелей әулеті болып шығады. Бұл - бір жағы. Екінші жағы, жаңа айттық, Сары - қол бастаған батыр болды деп. Одан кейін барып шыққан Ырғызбай да өз заманында үлкен, ірі батыр болған. Ыр­ғызбайдың бәйбішесі - Абылай ханның заманындағы, ханның оң тізесін алған атақты Керей Ер Жәнібек батырдың қызы, яғни Өскенбайдың шешесі, Құнекеңнің әжесі - Ер Жәнібектің қызы.

Осы тұрғыдан алғанда, біздің қазақ халқының қанында ғасырлар бойы жинақталған өте бір асыл қасиеттер осы әулеттің жетесінде мол еді. Сондықтан да Абайдың ХІХ ғасырда тууын кездейсоқтық деп қарауға болмайды. Ал енді Құнекеңнің өз басына келсек, егер бір ғасыр бұрын жасаған болса, ол ұлыстың бегі, ханның бас ақылшысы болатын еді, Абылай ханның заманында. Тәуке ханның заманында туса, "Жеті жарғыны" шығарушылардың бірі, Қасым ханның заманында туса, "Қасқа жолды" ұстайтын үлкен, ірі қайраткерлердің бірі болар еді.

Құнекең сол аға сұлтан болған кезін­де де, одан бұрын да, одан кейінгі уақытта да ұлттық мүдде тұрғысынан саясат жүргізген. Абайдың әкесін қалай бағалағаны өз шығармаларынан көрініп тұр: "Мұқым қазақ баласы, - Түгел ақыл сұрапты" - деген. Құнанбай өз заманының барлық даналығын ойына сіңірген, қазақтың халық әдебиетін, ескі сөздерін, жыраулар мен билердің нақыл толғауларын, бір сөзбен айтқанда, бүкіл қазақ халқының философиясын, далалық философияны бойына сіңірген адам. Абайдың дүние танып, қалыптасуына Құнекеңнің орны айырықша бол­ған. М.Әуе­зов романындағы жағдайлар өз кезінде заман ыңғайымен кеткен мәселе. Құнанбай ескіліктің бейнесі сияқты болды, Абай жаңалықтың жаршысы сияқты болды. Шын мәнінде, тарихи шындыққа қайшы келетіні өз алдына, көркемдік жағынан да Әуезовтің ұтысы деп айтуға болмайды.

Туғанда кіндігі Абай топырағына түсіп, ақыл-есі кіргеннен Абай рухына шомылған М.Мағауиннің көкірегі көз жеткізсіз дария, тылсым ой, тұңғиық сезімдерге толы. "Жармақтың" соңғы нүктесін қойып, көңілі жайланған аға­мыз енді Шыңғыс хан туралы романға білек сыбана кірісіп кетіпті.

- Бұл баяғы бала кезде көңілге ұялаған ой ғой, - дейді Мағауин. Шың­ғыс хан адамзат тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірі. Егер Шыңғыс хан болмаса, қазақ деген халық та болмас еді.

Мен бірінен-бірі сүйкімді 9 қыздан соң туған, мойынға  бұршақ  салып тілеп алған еркек кіндікті алғашқы немеремнің  атын Бату қойдым - Шыңғыс ханның сүйікті немересі, біздің  ұлы мемлекетіміз Алтын Орданың негізін сал­ған Бату ханның  құрметіне. Батыс Еуропада туған екінші ұлдың аты - Байдар, Шыңғыс ханның тағы бір немересі, 1241 жылы 11-шi көкекте Легница түбіндегі жойқын ұрыста бүкіл Еуропаның біріккен кірестшілерін тал­қандаған сайыпқыран Байдар сұлтанның құрметіне. Сол екі аралықта Алматыда туған немеренің аты - Тоғым, Қазақ Ордасының қаһарман ханы, өзінің "Тоғыз сары" аталатын тоғыз ұлымен қатар саны басым, біріккен моғол-өзбек әскеріне қарсы соғыста, Үш Қарқара, Кегеннің сырты - Сан-Таш аңғарында, 1537 жылы, 27 шілде, жұма күні шәйіт болған Тоғым ханның құрметіне қойдым.

Шыңғыс ханның жорықтарынан кейінгі ең бір айқын көрініс ретінде біздің ұлы мемлекетіміз - тарихта Қыпшақ ұлысы аталған Алтын Орда құрылды. Күш-қуаты әлемді тітіретті. Сән-салтанаты, жер-жиһанға жар болды. Тауарихтың тағы бір толқынында Ежелгі Түрік қағандығының, одан соңғы Шыңғыс хан ұлысының, оған жалғас Алтын Орданың тікелей мұрагері - Қазақ Ордасы бой көтерді. Шыңғыс хан қалыптастырған мемлекеттік жүйе, жарғы, жоралар ізімен Московиядан бастау алатын Орыс мемлекетінің өзі Шыңғыс хан үлгісімен құрылған болатын. Бүгінгі қазақ хал­қының жер бетінен өшіп кетпей, ел болып, жұрт болып отыруы - дүние қайтадан бұзылған алағай-бұлағай заманда дербес ту көтеріп шыққан осы Қазақ ордасы дейтін мемлекеттің арқасы. Ал Қазақ Ордасының негізін салған Керей мен Жәнібек - сол Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы.

Біздің тарихшылар 700 жыл бойы моңғолдар биледі дейді. Орыс тарихшыларының айтқанын қайталайды. Шыңғыс ханмен болған жойқын соғыс­та, кейбір ағайындар айтып жүргендей, біз Отырарды қорғағанымыз жоқ, жаудан бостан қылдық. Қыпшақ қауымына, яғни, бізге тиесілі Отырарды ілкіде Хорезм басып алған болатын. Ал біз Отырарды қайтарып алдық. Неге десеңіз, Шыңғыс ханның жеңімпаз әскерінің негізгі бөлігін құраған түрік тайпалары еді. Сол кезде атағы шыққан зорлары - Керей, Найман, Жалайыр, Қатаған, Қоңырат.

Тарихқа ой салып қараңыз. Патшада ұлт болмайды. Түбін қазсаң, орыс патшалары түгел неміс болып шықпай ма? "Аласапыранды" жазғанда бір байқағаным, поляк патшаларының көбі швед екен. 1646 жылдан 1911 жылға дейін Қытайды Мәнжурлер биледі ғой. Оны қытайлар қайдағы бір бөтен біреу демейді, Цын династиясы дейді.

Еуропаны аяғынан тік тұрғызған жұрт, ел айтып жүргендей, қайдағы бір монғол-татарлар емес - өзіміздің қазақ екен! Ендеше, бізге елдің қоры болу - ұят! Тәуелсіздік тізгінін алған қазақ елінің күндердің күні өркениет өрінен ойып орын алатынына бек сенімді ол!

Жазушылық - Мағауиннің ойынша, адамтану ғылымы. Ал бұл адамның ең басты қасиеті - ата-бабаның ақ жолына беріктік. Яғни, адамдық негізі жазушының өзінен басталуға тиіс. Қаламгерлік өнерге "Молданың істегенін істеме, айтқанын істе" деген қисын жүрмейді. Өзің қандай болсаң - жазуың да сондай болмақ.

"Жақсының артынан сөз ереді, жаманның артынан бөз ереді" дейді қазақ. Ұзақ-сүрен әңгімеден бір бай­қағаным, Мұхтар Мағауиннің елге, жерге деген өкпе назы жоқ, қайта махаббат сүйіс­пеншілігі, сағыныш сезімі жүректі тербейді. Прагаға алаңсыз жазу үшін барғаны көрініп тұр.

- Мына терезенің алдындағы қарағайды көрдің бе? - дейді Мұхтар аға - Қарқаралының қарағайына ұқсай ма? Жоқ! Оның болмыс-бітімі бұдан ерекше...

Жазушы үй алдындағы бақшасын аралатты. Алма мен шабдалы өсіп тұр.

- Алматының алмасының иісі бөлек қой! - дейді Мұхтар аға тағы да терең ойға батып.

Туған жер, туған топыраққа түк жетпейтінін алыста - Еуропада жатып, жан-жүрегімен сезінгені байқалады. Біз өз үйіміз - өлең-төсегімізде жүріп, оның қадір-қасиетін бағалап жүрміз бе? Алаш­қа адамзаттың алыс түк­пірінен көз салған жазушының жүрегін небір ғажа­йып сиқыр әуен жайлап бара жатқандай сезіледі. Елге деген сартап сағыныш салқын ақылдың тезіне түскен сайын Алаш жайлы алтын ойлар қорытпасы ақтарыла беретіндей көрінді маған...

Әуелі "Қобыз сарыны" моно­графия­сында, кейін "Алдаспан" антологиясында түпсіз терең  тарихымыздың қойнауында ұмыт бола жаздаған жыраулар поэзиясын инемен құдық қазғандай зерт­теп, ерінбей зерделеп, көк түркінің бүгінгі ұрпағының  игілігіне жаратқан ересен еңбегін жазушының өзі: "Алдаспан" - тар замандағы қазақ рухының қайтпас қайқы қылышы еді. Тәңірінің таңдауымен біздің қолға берілді. Нық ұстадым, қолайын таптым, қиялай шауып, қапысыз сілтедім", - деп тебіренеді. Әдебиет зерттеушісі болмасам да, сөз құдіретін ұғатын бір оқырман ретінде Мұхтар ағамды Алаштың рухани алдаспанына теңедім сондықтан.

 


Алтын Орданың мұрагеріміз

 

- Түркінің қара шаңырағы - Қазақ! Сонау Алтын Орда заманындағы көш-қон салтанаты, аты аңызға айналған көк күйме, арбаның үстіндегі киіз үй - тек қазақта ғана сақтал­ған. Басқа бірде-бір елде жоқ! Киіз үйді арбаның үстінде тігу - Керей мен Наймандардан қалған. Сол дәстүр кешегі он сегізінші ғасырға дейін сақталып келді. Көк күймені ұстаған - біздің қазақ!

Орта Азия тарихшысы Рузбеханның жазбаларын ақтарып көрдім. Бұл 1513 жыл­ға тиесілі дүниелер. Парсыша жазылған. Жаңағы көк күй­ме­лердің үстіндегі киіз үй­лерді сол кісі егжей-тегжейлі сипаттап жазады. "Қыз Жі­бек" фильміндегі көшті  көрдік қой. Көк күймелі көш­тердің бір елесі бұл.

Византияның түркілерге YІ ғасырда келген елшісі Земарх, одан қанша заман кейін, XIII ғасырда Қарақорымға келген Карпини мен Рубрук өз жазбаларында қы­мыз туралы баяндайды. Бие сүтінен ашыған сусын болады екен. Оны қымыз дейді екен деп жазады. Ал қараңыз, монғол тілінде, ел айтып  жүр­ген Шың­ғыс ханның жұртында қымыз деген сөз бар ма?! Жоқ қой! Монғолдар да қы­мыз ашытады. Бірақ, оны қымыз демейді, "айрақ" деп ішеді. Мен де оның дәмін татып көрдім. Қымыз деген сөз біздің қазақ та ғана бар.

Түркі жұртының қара шаңырағы - бізбіз! Алтын Орданың жұртында біз отырмыз! Шыңғыс хан туралы жазу бала кезімнен ойымда болған нәрсе. Бірақ, үлкен жоспардың ішіне енгізбеген едім. Өйткені ол заманда Шыңғысхан  туралы ойдағыдай жазып, оны  жарыққа шығару мүмкін емес еді. Мен Янның "Шыңғысхан" романын он жасымда қазақша  аудармасын оқы­дым. Қазір оған жұрттың көңілі толмай жүр ғой. Солай болғанымен Яннан көшпенділер мә­дениеті, тарихы жө­нінде мағлұмат алдық. Кейінгі қытай түсірген "Шыңғысхан"  фильмінен кейін ұлы қағанға қарсы шабуыл көп саябырлады. Фильмді көрген қазақтар өз­дерінің Найман, Керей, Қоңы­рат, Жалайыр сияқты руларын тауып, тарихқа басқаша қарай бастағаны байқалды. Шың­ғысханның руы Қият. "Қырық мың үйлі Қият" деген қазақ оны. Патша  қай уақытта  болсын қатал. Бір  сөзбен айтқанда,  әр түрлі әңгі­ме  шыққаннан кейін "Шыңғысханды" жазу керек болды.  Көп күш кетеді. Бірақ енді өмір бойы ойланғанымыз, өмір бойы жинақтаған білімі­міз осы арнаға құйылады ғой. Үш жыл кететін түрі бар.Өткен жылғы қарашаның 12-сі күні бастадым. Бес ай  руларды түгендеумен отырмын.Барлық ру емес, Шыңғысхан заманындағы Ұлы далада, қа­зіргі Монғолия деп аталған жерде тұрған, жасаған руларды айтамын. Мынаны қараңыз, дербес қабырғалы тайпалармен бірге өз аттарымен сақталған Шанышқылы, Телеу,  Қият,  Төлеңгіт, Таз, Тама, Тоқа рулары бар. Сіздердің елге етене  Кәрсөн -Керней, Шаншар ішіндегі Таз Қоңы­рат, Сары Үйсін, Найман тайпаларында ұшырасады. Ал Қаракерей Байжігіт ішіндегі Тоқас, Найман ішіндегі Ақ тоқас, Арғын- Қуандық ішін­дегі  Сары Тоқа - бәрі  сол бір ру. Оны былай деп жаздым: "Тәңірінің қалауымен тарих тағдыры ежелгі жүз сан руды шалқар далаға бұршақша шашып жіберіп, тобымен  то­ғыс­­тырып, әбден араластырып барып, қойны-қонышын толтыра қайтадан жинаған екен"....

Арғы заманнан даңқты аталарының тікелей мұрагері болып табылатын қазақ хал­қының ана тілінің бірлігі, түр тұтастығының үйлестігі, әдет-ғұрпының ортақтығы және соған  орай өзіндiк менталитет осы ұлттық  ұлыстар аясында ұйысқан сан ғасырлық қалт­қысыз аралас ұрпақтан ұр­паққа өткен туыстық жалғастықтың нәтижесі. Бұ­рын да айтқанбыз, әлем тарихында дәл қазақ сияқты ежелден-ақ берік қалыптасқан біртұтас ұлт некен-саяқ, тіпті жоқ та шығар. Мақсат - қа­зақтың тарихын, арадағы тарихын негіздей түсу.

Академияның тарих институтының директорының орынбасары, жаңылмасам Алдажұманов болу керек, маған қарсы арызға өзі жазбаса да қол қойып, "Мағауин қолдан тарих жасап шығарып отыр, Қоңырат, Найман еш­қашан ол жақта болған жоқ, сонда біз монғол болып кетеміз бе?" деп айтады. Надандықты қараңыз енді. Еуропа бұдан 100 жыл, 200 жыл бұрын бұлардың түркі тектес рулар екенін, Шыңғысханның өзі монғол емес, түрік текті екенін айтқан, жазған. Бәрі дәлелденген нәрсе.

 

 

ҚАЗАҚ  - БІРТҰТАС ЖҰРТ


- Қазақтың символы үш би емес - бір хан болу керек. Ханның тұлғасын қасындағы қырық уәзір жасамайды. Қа­зіргі заманды алсаңыз да елдің басында жалғыз адам отыр ғой. Үш би деп жүріп қазақты үш жүзге бөлшектеп алудан сақтануымыз керек. Қазақ хал­қы біртұтас болған. Барлық уақытта. Барлық кезеңде. Бүйректей бөлінбеген.

Тарихта сеператизм деген болған. Бұл бөлінуді көздей­тін, өз билігін көбірек ойлайтын күйкі ойдан шығатын келеңсіздік.

Тұлғалардың ролі өзгеше болады. Шыңғысхан болмаса, үлкен империя құрылмайтын еді. Абылай қазақты қайта тірілтті, қайта көтерді. Бытырап кеткен қазақтың басын қосты. Қазақтың біртұтастығы мен ұлттық мәселесін анда-мұнда тартуға болмайды. Біреулер Абылайға тисіпті, жазыпты деп естігем, Бұл енді заманның азып-тозғанының бір көрінісі ғой.

Абылайдың бүкіл өмірі күреспен өтті. Мен ол туралы жазғам. Абылай жөнінде де арнайы роман жазу жоспарда болған. Бірақ жазатын нәрсем өте көп болды. Заманында өткірін емес, өтетін тақырыпты амалсыз алып отырдым. Соның өзімен айтатынымызды  айтып қалдық. Абылай заманы бұрыннан зерттеп, танып жүрген Ресей мен Қытай мүдделері қарпысатын өте күрделі кезең. Әлгі соғымнан кейін ұзынсары жақындағанда кебеженің түбіндегі мықты мүшелер түгенделеді ғой. Әрине, кебеже түгесілген жоқ, бірақ ұсақ-түйектерді түгендеп алайық деп 5-6 жыл  әңгімелер жаздым.

Қытаймен соғыс тарихында Абылай қытайлардан же­ңілді деп жазады. 100 мың әскермен келе жатқан қы­тайға тосқауыл қою мүмкін емес. Бірақ Абылай дұрыс тәсіл қолданған. Жан-жақтан ұтылай ұрып, тиiсіп шегініп  далаға қарай алып келген ғой. Содан император Цяньлун екі қолбасшысын Хадаха мен Дардананы генерал атақтарынан айырып, қатардағы жауынгер қылып айдап жіберген. Ал енді Абылай жеңілген болса, қытайдың екі генералы атақ-абыройдан неге жұрдай болады? Қытай алғашқы жорықта қазіргі Аягөз қаласына дейін келген. Кейін де әскерлер жіберген.

Қазақта Көтеш  деген шәйір болған. Баянауылдың тумасы. Өте дарынды ақын еді өзі. Сол кезде уыздай жас - он сегізде. Тұрмысы да нашар екен. Сол ақын Абылайға тіл тигізеді. Кейін бір жаман байталға мініп келе жатқанда  қарақшылардың қолынан опат болады. Оны Абылай қарғаған жоқ шығар. Тіпті, оған назар да аудармаған болуы мүмкін. Бірақ, қазақтың ұлы ханына, бір туар тұлғасына тіл тигізгені үшін Тәңірі оның сыбағасын берді.

Мен өзім аруаққа сенетін адаммын...

 

 

"ТАЗЫНЫҢ ӨЛІМІ"


- Мен оны 29 жасымда жазып едім. "Орталық Қазақ­стан­ға" деген ілтипатым неге ерекше дейсіз ғой? Менің шығармашылығыма әдеби орта мән бермей, үн-түнсіз қалған кезде Асан Жұмаділдин деген жазушы ағамыз "Тазының өлімі" туралы ыстық лебізін осы газетте жариялады. Мен күтпеген оқиға болды. Әдеби ортадағы таныс-білістерім үндемей қойғанда, Қарағандыдан бұрын бет-жүзін көр­меген адамым осыншама ағы­нан жарылып, марапаттай қояды деп үш ұйықтасам ойыма кірмеген еді.

Содан бері қырық жылдай уақыт өтті-ау деймін. Таяуда "Қазақ әдебиеті" газетінде бір жазушы қыз "Тазының өлі­мін" талдап шығыпты. Бұл - қазақ халқының трагедиясы. Қазақтың ұлттық дәстүрінің аяқ-асты болып бара жатқаны, тоталитарлық режим, реп­рессия - мұның ішінде сол заманның зауалының бәрі бар еді. Жаңағы жас қыз соны терең талдапты. Асан Жұмаділдин біле тұра, түсіне тұра көп ойын іркіп қалған, мына бала ойындағысын жа­йып салыпты. Енді ол уа­қытына байланысты себеп-салдарлар ғой. Сол тұста өзі­міз тәрбиелеп өсірген бір сыншы жас жігіт: "Сіздің не жазып жүргеніңізді білеміз!", деп дөңайбат жасаған. Ондағысы менің советтік малақайлардың орнына түлкі тымақты дәріптегенімнен ұлтшылдық іздегені ғой. "Тазының өлімі" - ұлттың, ұлттық құндылықтардың жойылғаны туралы хикая еді. Сонда да жарияланып кетті. Сол сияқты басқа да көп дүниелерді өткізе алдық. "Бір атаның балалары" деген повесім коммунистік әдебиет сыншыларының аузына ілігіп, мақталған жалғыз шығармам болды кезінде. Ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлер арқылы біртұтас совет адамының образын жасау міндеті қойылды ғой. Бұл шығармамда қазақтың  бауырмалдылығы, кеңдігі суреттеледі. Солай бола тұра қатты кеткен бір жер бар. Коммунистік идеология мен фашистік идеологияның айырмасы жоқ дейтін бар. Сол шығармамда Яков деген баланы түсінде немістің әскери ұшағы қуады. Ол маңдайында бес бұрышты қызыл жұл­дызы бар әкесіне айналып, бетінен сүйіп жатады да артынан қызыл жұлдыз фашис­тердің кресіне ауысып, ақы­ры жалғыз көзді жалмауыз түріне енеді. Шебер жазушы қысымда жүрсе де ойын өт­кізе алады. Қазір цензурасыз заман болған соң еркінірек жазасың. Ал еркін жазғанның бір пайдасы, бір зияны бар. Пайдасы - қай тақырып болсын жазасың, айтатын сөзді айтасың. Екінші мәселе - жайдақтанып кетуі мүмкін. Идеяның астында көркем бейне қалып қоюы кәдік. Ал жалаң ұран ешқашан көркем әдебиетті көтермейді.

"Тазының өлімі" жазыл­ғалы 40 жыл өтті. Жоғарыда айтқан екі адамнан басқа шығарманы талдаған бірде-бір әдебиетші болған жоқ. Міне, біздің әдебиеттанудың өресі мен деңгейі.

 

ШАҒЫН  ӘҢГІМЕ


- Шағын әңгімені жазу - қиямет- қайым дүние. Екі есе еңбекті қажет етеді. Кейде бір күн, кейде екі-үш күн жазасың. Енді қараңыз, он әңгімең бір романның көлеміне жетпейді. Бірақ оған кеткен еңбек он есе деп айтпайын, екі-үш есе көп болады. Әйткенмен, қалам ұстаған 50 жылда жазылған әңгімелердің өзі үлкен-үлкен үш томға толды.

Менің жазуымның өз реті бар. Асығып, аптығып жазбаймын. Бірақ күн сайын, төрт-бес сағаттан. Бала кезімнен қалыптасқан осылай. Жұмыс рәсімім. Күндіз-түні, жанталасып жазатын жазушылар да бар. Өліп-талып, ұйықтамай отырып жазады. Бұлай жазуға болмайды. Бұл қаламгердің жазу кәсібінің, профессионалдық  деңгейі­нің төмендігін көрсетеді.

Бір жазармандар айтады: күзде жазған жақсы, көктемде жазған, қыста жазған жақсы деп... Мұның бәрі жазу кәсібін игермегендіктің салдары. Төрт маусымның бәрі жақсы.

Аспирантураға түскен кезден бастап қаламұшпен жаздым. Мен өмір бойы ғы­лыми еңбектерімді, әдеби сын мақалаларымды, кейінгі кө­семсөздердің барлығын машинкамен жаздым. Тағалаған ат сияқты тық-тық етіп ойыңды жетелейді де отырады. "Ұлтсыздану ұраны", Абай жөніндегі еңбектерім осымен жазылды. Прозаның жөні бөлек. Өйткені өте нәзік нәрсе ғой. Ғылыми зерттеуде, кө­семсөзде, әдеби сында бастысы ой болса, прозада ой да керек, бірақ бастысы - бейне. "Мен" шығармамда жазған боз қалам болды, мынау Прагаға әкелген сұр қалам. Бұқар атамыз айтқан "Ақ пен қара танытқан, дәуіт пенен қаламдай" дегендей дәуіттен коллекция жинап жүрмін. Осында тұрған "Тұлпар" деген дәуіт пен осы сұр қаламмен "Жармақты"  18  күнде жаздым. "Аласапыран" 2 жыл 3 ай, яғни  27 айда жазылып біткен.  "Шыңғысханды" машинкамен жазып жатырмын.Кейін компъютерге түседі ғой. Машинкамды 1963 жылы сатып алғам. 46 жыл болды. Қазір оның лентасы табылмайды. Құдайға шүкір, бірер жүзін алып, кеуіп қалмасын деп мұздатқышқа салып қойғам. Енді жететін шығар.

 

ӘУЕЗОВ  ӘЛЕМІ


- Мұхтар Әуезов Абайдың өмірбаянын неге қайта-қайта жазды? Сол заманда Абайдың басын дау-шардан арашалап алу оңай болған жоқ. Советке бодан кезімізде Алаштың Абайдан айырылып қалуы мүмкін еді. Сондықтан оны орыс әдебиетінің үлгісін ұс­тан­ған ақын ретінде алып шығу керек болды. Сол кездегі орыс әдебиеті, шынында да озық әдебиет еді. Абай Пушкинді аударған, Лермонтовты аударған дедік. Отар ел бол­ғаннан кейін қожайынның көңі­лінен шығу керек болды. Шә­кәрімді ақтар алдында ол Пушкинді тәржімалаған дедік. Бірақ бұл оның негізгі еңбегі емес еді ғой.

Мұхтар Әуезов Абайтанудың негізін салғанымен түбіне жете алған жоқ. Абай түпсіз мұхит қой. Абай туралы Рамазан Тоқтаров та роман жазды. Ол кезде мен "Жұлдызда" бас редактор едім. Ол менің орынбасарым.  Оның не жазып жүргенін білгем жоқ. Бір күні дәу қолжазбаны алып келді. "Мен Абай туралы роман жаздым" деді. «Абай жөнінде Әуезовтің жазғаны аз болды ма?!» дедім мен.  «Бальзак жө­нінде пәленбай роман жазылған ғой» деді ол. «Біз үшін француз әдебиетінің деңгейі басқа. Француздардың тарихи танымы орнында, сондықтан қалай жазса да болады. Ал бізде ең үздік шығарма - «Абай жолы». Одан басқа тақырып таба алмадың ба?!» дедім. " Мен басқаша жаздым" деді ол. "Басқаша жаз­ған жоқсың. Заман өзгерді. Көзқарас өзгерді. Соны ғана ши­ырладың. Кенесарыны қос­қан шығарсың?"  дедім.  "Ең құрмаса, оқып көрші?" деді Рамазан. " Оқымаймын!". Қолыма да ұстамаймын! Ме­нің атымды Әуезовтің құрметіне Мұхтар деп үлкен атам қойған.  Оқымаймын! Одан озып, ештеңе айтқан жоқсың!" дедім.

Бізде Әуезовтің беделін кеміткісі келетін, оның орнына таласатын  бір пенделер бар. Әдебиетте біреудің орнына біреу отырмайды. Әркім өз орнына отырады. Сол Мұхаңмен бақ сынасқандар Рамазанды көтермелеп әкетті. Сыйлыққа ұсынып, мақтап-марапаттап жатты...    Содан кейін өзі айта алмайды. Ол кезде бізден жұмыстан кетті пенсияға. Сыйлыққа ұсынылған соң ортадағы інілерін салып, қолдай ма екен деген әңгіме айтыпты. Енді мен айттым: Рамазан жақсы нәрселер жазды, нашар нәрсе де жазды. Кез келген жаман романын ұсынатын болса, мен көңіл үшін, ағайындық үшін дауыс берер едім. Бірақ мынаған қарсы дауыс беремін, - дедім. Қысқасы Рамазан алды бәйгені.

Мұхаң өз орнында тұрады, қалай болғанда да. Басқа жазатын нәрсе көп қой. Екінші мәселе - зерттеу ең­бек­тері болса, Құнекең туралы, Абай туралы. Басқаша дүние. Енді мен өзім де жаздым. Мысал үшін айтайын. Абайды суреттеген эссе. Ол кітап  шағын нәрсе. Жүз бетке тола ма, толмай ма? Құдай-ау өзі неше жыл  жаздым. 3  жыл ма, 4 жыл жаздым ғой. Аз-аздан. Бірте-бірте. Абайға бару үлкен жауапкершілікті тілейді адамнан. Абайды алғаш шығаруда, Абайтануда Әуезовтің еңбегі жоғары болды. Негізі Абайды зерттеп біту мүмкін емес қой. Әуезов  Абайды зерт­теу тарабында негізін сал­ғанмен жеріне жете алған жоқ. Абайдай мұхиттың тереңіне жету үшін заман керек.

Мысал үшін, мен өзім Абай жөнінде жазуға қорқамын. Мұны бұрын айтқанмын. Өзіңнің деңгейіңнің бәрі көрініп қалады. Абайды талдамай-ақ, Абаймен салыстырмай-ақ, сол өз бетіңмен жүре­тін болсаң, кішкене абыройлырақ боласың. Абайдың тереңдігіне  біз әлі жеткеніміз жоқ. Мен бір жазғанымда айт­қам: "Мен Абайдың тізесіне жеткен кезде  бұрын-соңды қазақта қалам ұстаған жұрт­тың барлығы менің тобығымда қалады" деп.

Абайдың суретін жазу керек болды. Өйткені менің Абайды тануым басқаша. Мұ­хаң айтқан заман басқа болды. Көбінесе ол айта алмай кетті. Сонан соң айтыла алмай қалған нәрселер бар. Біздің ауыл - Абай ауылы ғой. Абайды көзі көрген шалдарды мен көрдім. Менің өзімнің үлкен әкем Абайдың алдын көрген.  Мақамына дейін айтатын. Қалай сөйлегенін, қалай отыратынын, Абайдың мінез-құлқын. Аристократ болған, өте тәкаппар адам болған. Енді қалай, өзі Абай болса, өзі Құнанбайдың баласы болатын болса. Оны енді артық демократ жасауға болмайды. Бекзаттық, ақсүйектік мінезі бар еді қарадан шықса да.

 

ЖАЗУШЫЛЫҚ  ПЕН  ШЕШЕНДІК


- Бізде шешендік туралы ұғым мүлде теріс. Бүкіл қазақ демейін, қауымның пікірі теріс. Жұрттың ұғымынша жиында еліріп, көтермелеп сөйлейтін болса, біздің жазушылар ортасында да, соларды шешен екен дейді. Шешендік - мағыналылық және әсерлілік. Мағыналы сөйлесе, жұрттың көңіліне әсер ететін болса, сол - шешендік. Қазақтың арғы заманындағы  шешендіктің әр уақытқа  сай әр түрлі сипаты болды. Ол заманда бейнелеп сөйледі. Ежелгі түрік, Шыңғысхан заманынан кешеге дейін солай болып келді. Ал бүгінгі сөз тіпті басқаша. Мақалдап-мә­телдеп сөй­леген жөн. Бірақ сөз өт­кірлігі мен мағыналық әсерінен айырылып қалмауға тиіс.  Жазу мен сөйлеу екі түр­лі нәр­се шындығында. Мәселен, лепіріп сөйлеушінің сөзін хат­қа түсіріңізші сол бетінде. Ол әншейін нәрсе болып шығады. Екінші бір мәселе бар. Көбіне жазу дегенді бір қа­лып­қа түскен схема деп ұғатын адамдар бар. Олай емес, жазудың өзі сөйлеу тілінен шыққан. Менің прозамның бір ерекшелігі - қазақтың сөйлеу үлгісін өте қатты пайдаланам.

Ал исі қазақта Әуезовтей шешен кісі көргем жоқ. Мен бір кезде Қазақ Универси­тетін­де осы ғұламаның дәрісін тыңдаған шәкіртімін. "Абайтану" курсынан лекция оқы­ды. Ол мінбені пайдаланбайтын. Кәдімгі стол басына отыратын. Мен дәл сондай екінші столды тіреп қойып отыратын едім. Кеудесі зор, иығы кең, соған қарамастан шықшытты,   маңдайлы басы тым үлкен кө­рінетін. Көзі ойлы, мұңды еді. Оң жақ шекесінде, самай үс­тіндегі қара- қоңыр меңі әлі көз алдымда. Мұхаң лекция барысында лепіріп, желпініп те сөйлемеуші еді. Аспай-саспай, анда-санда сәл-пәл жөткі­рініп тамағын кенеп қойып, бірқалыпты қоңыр үнмен, өз ойын мәнерлеп, орайлы сөз­бен ұтымды жеткізетін. Кейде байсал аққан дариядай төгіліп кетеді. Мұхаңның лепесі -  ойлы, мағыналы, қазақы шешендіктің өзгеше үлгісі еді. Кейбір сәттерде құран мақамы анық аңдалатын. Терең мағына мен сырлы әуез, көркем ой мен тың толғамдар - Мұхаңның әрбір сабағын  шығыстың сиқырлы ертегісіне ұқсатар еді.

Мықты жазушының бәрі бірдей шешен болмаған. Тіпті, сөйлей алмайтындары да бар.  Мәселен -  Гоголь. Бүгінде бү­кіл дүниежүзі оның екі жүз жылдығын атап өтіп жатыр ғой. Сол заманда ағылшын, француз, неміс әдебиеті өз биiгінде тұр еді. Бірақ, Еуропада Гогольге тең келер прозашы болған жоқ. Гоголь - орыс прозасының көш басының бірі, һәм бiрегейі.

Сол Гоголь әу баста тарихшы мұғалім болған. Университетте сабақ  берген екен. Сөйлей алмағандықтан ақыры мұғалім бола алмай кетіп қалған...  Ал, енді, Гогольдің жазуы ғажайып жазу ғой.

 

 

"ТОЛҒАУЫ

ТОҚСАН  ҚЫЗЫЛ  ТІЛ"


- Мен Әуезовтің мақтанғанын көрдім. Оны менен басқа естігендер болған шығар, жазып  қалдырған менмін. Бір лекциясында Абайды талдап отырып, "Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар" деді. Бұл біріншіден, Абайды қаншалықты пір тұтқаны, екіншіден, өзін ұлықтағаны, үшіншіден, шындық қой.

Менің тілімде Абай тілінің және Мұхтар Әуезов тілінің, бүкіл қазақтың өткен халық әдебиетінің тілі бар. Сонымен қоса қазақ ауыз әдебиетін, орта ғасырлық түрік тілді әдебиетін, мәдениетін бойыма сіңірдім. Мысалы, Абай ті­лінде орта ғасырдағы түрік прозасының, Бабырнаманың хикаяшыл үлгісі бар. Кейінгі әдебиетте ол қолданылмаған, қолданыстан шығып қалған.

Тіл деген бір орында тұр­майды.  Тіл дамиды. Мысалы, орыс әдебиетінің тілі, не­містің, ағылшын әдебиетінің тілі көп өзгерген. Үлкен құрылымдарды, күрделі құрылымдарды жазушылар жасайды. Халықтың тілін дамытатын сол халықтың ішіндегі сөз қадірін білетін адамдар. Қазақта - билер. Дамыған деген елдердің өзінде әдебиетшілер тілі бірқалыпты болмаған. Орыстың  Ломоносов, Державин заманындағы әдебиеттің тілі бір басқа, тіпті Пушкин кезінде бір басқа да, Тол­с­той, Достоевский,Тургенев, Гогольден  бастап күрделіленеді. Менің тілімде батыстың үлкен прозасының да үлгісі бар. Ол  үлгіні қалай алу керек. Ол  үлгіні тілдің ұлттық табиғатына ыңғайлап таңдап алу керек. Содан кейін біздің сөйлем құрылысымыз мүлде басқа ғой. Мүлдем басқаша. Ой ағымы деген бар. Адам қалай ойлайды, қалай сөй­лейді. Мен сөйлемнің бәрін қазақтың тілінің ежелгі табиғатына сәйкестендіріп, қазақтың өзінің тілінің табиғатына қарай құрамын. Абай атам айтқан ғой:

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға  жайылған;

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп, қайырған -

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл.

Тағы деген жабайы жыл­қы. Кәдімгі Пржевальский жылқысы. Керемет жүйрік болған. Қазақтың тілі туралы бұл. Қазақтың тілі сондай тіл. (Қараңыз: Абайдың 2005 жыл­ғы шығармалар жинағының 2 томдығында  «тағына» деп қате басылған. 1 -том,  87-бет. «Жазушы» баспасы. Автор). Сондықтан мен өте қатты мән бердім тілге. Ой ағымына сәйкес, көңіл-күйіне сәйкес қазақтың сөйлемін түгелдей басқаша құрдым.

Менің Курчаткин деген досым "Аласапыранды" ау­дарды. Орыстың үлкен жазушысы. Москваға бір барғанымда бір сөйлемді аудара алмай отыр. Мен басында айт­қам, сөйлемді сөйлем қалпында аударасың деп. Қысқа сөйлемді қысқа. Бір сөз болса, бір сөз. Көп сөзді көп сөз қалпында деп. Сөйтсем бір беттік ұзақ сөйлемді аудара алмай отыр екен. Мен айттым: Сонда Толстой мен Тургеневтің тілі менің тіліме жетпей отыр ма, әлде сенің тілің жетпей отыр ма? Мынаны тү­гел аудар, бұзбай,- дедім. Ол бұзбай аударып отырды. Құрмалас сөйлемнің, ұзақ сөйлемнің мәнісі құрылымында. Мысалы, киіз үйдің құрылымы біреу-ақ қой. Уығы бар, керегесі бар, бірақ біреу-ақ. Сол сияқты сөйлем де жиналып келіп біреу-ақ болу керек. Жаңағы Курчаткин "Аласапыранды" сөй­лем­нен сөйлем шығарып оты­рып, бірме-бір аударып шықты. Орысша аудармасы қазақша түпнұсқадан кітапқа басқанда 5 баспа табаққа, 100 бетке көбейіп кетті. Ол аңы­рып қалды. Содан мен айттым, орыс тілінен қазақтың тілі әлдеқайда бай, икемді, ырғақты, мағыналы, әсем, ық­шам, әуез­ді, екі тілді салыстыруға болмайды, қай жағынан ал­ғанда да, біздің тіліміз артық. Мен қазақтың сөйлемін түгелдей, қазақтың жазу мәдениетін мүлдем басқа сатыға көтер­дім. Мен жазғаннан кейін қа­зақтың тілі бұрынғыдан екпін­ді болды, бұрынғыдан өткір болды және бұрын­ғыдан кең болды, бұрынғыдан терең болды деп. Ол - рас нәрсе. Қазақ тілін тек қана араб тілі­мен салыстыруға болады. Жалпы арабтың тілі әлемдегі ең бай, ең оралымды, ең әдемі тіл. Ал құ­рылымы жөнінен алған кезде қазақ тілі сондай дәрежеде.

Енді қазақ көркем әдебиет тілінің тарихы орыс әдебиет тілі  тарихынан да, ағылшын әдебиет тілі тарихынан да арыда. Орхон-Енисей жазбасын қараңыз. Біздің, қараңыз, қазақ тiлiнiң қазiргi жазу үлгісі. Орыс­тың XII  ғасырдағы "Игорь полкі туралы жыр" деген жалғыз шығармасын қазіргі орыс түсінбейді ғой ау­дармасыз. Ал бізде V-VIII  ға­сырларда тасқа қашалған ұлы, ғажайып мұраларымыз  бар. Күлтегіннің, Білге қағанның, Тонүкүктің  басындағы жазу, Мойын шор жазуы. Ол кезде бүкіл Еуропада жоқ, ондай ескерткіш, мәдениет.

Қазақтың тілі сол өзінің қалпында. Қазақтың тілінің тұрпаты өте жоғары. Қазақтың тілі - әдебиеттің, мәдениеттің тілі. Ал саясаттың тілі, ол екінші басқа мәселе. Мынадай үлкен әдебиет жасаған тіл, қаншама халық сөйлеп отырған тіл қор болмайды. Екінші мәселе, үкімет сөйлемейді екен деп мен қазақтың тілінде жазбай қоямын ба?

 

 

ТӘҢІРДІҢ БЕРГЕН ӨНЕРІ


- Егер Тәңірі сізге қуат берген болса, дарын берген болса, көкірегіңізге бір сәуле құйған болса, оны аялап ұстаған абзал. Бұл дарын аз ба, көп пе - сен оны ешкімнен тартып алған жоқсың. Берсе - оны саған Алла берді.

Басқа саланы айтпай-ақ қояйын, өзімізге етене таныс жазу-сызу төңірегіне ой салсақ, Тәңірі ақын болсын, жазушы болсын деп бір пендесін таңдады. Көкірегіне сәуле құйды. Менің Серік бауырым сияқты. Алла сәулесін ақын Ақсұңқарұлының көкірегіне құйды! Онымен қатар, қанжығаласа туған балаларға ондай қасиет берген жоқ.

Дарын - қарызға алғандай нәрсе. Енді сол Алланың аманат етіп тапсырған қабілет-талантын орнымен жұмсау - адамға міндет, парыз. Тәңірі таңдаған соң саған парыз, міндет болып түсті. Егер адам Тәңірі берген сол дарынды сыйламаса, трагедиялық жағдайға ұшырайды. Әдебиет тарихында мұндай мысалдар көп.

Алла Тағала әу баста көкі­рекке бір сәуле түсіріп, бір міндет артса, соны атқарып шығатындай уақыт та беру керек.

 

 

ЕУРОЦЕНТРИЗМ

ЕЗУЛЕП ТҰРҒАН КЕЗЕҢДЕ


- Еуроцентризм деген бір ағым бар. Бұл - индо-еуропа, батыс халықтарының өркеуде үстемдігін әйгілейтін бір ілім. Міне, бес жүз жыл болды, әсіресе, соңғы үш ғасырда адамзат мәдениетіне айтарлықтай зиянды ықпалын жүргізіп келеді. Олардың ойынша, бұлардың үлгісі - әлемдегі ең озық үлгі деп есептеледі. Қалған жұртқа мұрын шүйіріп қарайды.

Меніңше, әрбір халықтың әдебиеті өзінің ұлттық дәстү­ріне сай, ұлттық мүддесіне қызмет етуі керек. Ұлттық әдебиет, ең әуелі өз ұлтының көсегесін көгертуі керек. Соңғы рет менің "Шахан шері" деген романым 1986 жылы орыс тіліне тәржімаланды. Содан бері жиырма шақты жыл өтті. Менің бірде-бір шығармам орысша шыққан жоқ.

Лев Толстой дүние жүзі үшін емес, ормандай орыс жұрты үшін жазды. Жапон жазушысы жапон халқы үшін жазады. Еуропаның негізгі тілдерінде жазған жазушылардың барлығы жалпақ жұртқа мәшһүр болады. Бұл олардың дарын қабілетінің мықтылығынан емес.

Мені бір орыс немесе не­міс оқымаса қойсын, қазақ оқыса - жетеді! Біздің қазақтың прозасының бүгінгі деңгейі - Еуропаның ең озық прозасының деңгейімен бірдей.

 

 

СТЕНДАЛЬ ЖӘНЕ БЕКЕЖАН   ТІЛЕГЕНОВ


- Француздың Стендаль деген жазушысы болған. "Қы­зыл мен қара" деген әйгілі романның авторы. Соны замандастарынан ешкім түсінбеген. Оқымаған. Тіпті, менсінбеген  деуге болады. Сол Стендальді сол кезде үш елден үш-ақ адам бағалаған көрінеді. Кім дейсіз ғой? Францияда - Бальзак, Германияда - Гөте, Ресейде - Пушкин! Стендаль бұл дүниеден қайтқаннан кейін жиырма жыл өте жазушы ретінде мо­йындала бастады. Елу-жүз жыл өткенде ұлы жазушы атанды. Бұл бізден гөрі мәдениеті жоғары Францияда болған жағдай.

Енді бізге келейік. Бекежан Тілегенов деген талантты бір жазушы бағаланбай барады. Оның классикалық екі романы бар. Біреуі - "Қара жел" деп аталады. Ана Семейдегі полигон туралы. Екіншісі - "1986 жыл". Бұл  1986  жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы емес, бұл партноменклатура туралы. Өзі 4-5 жас үлкен  бол­ғанмен біз бір буынбыз ғой.  Мұндай замандық тақырыпқа арнаған  бұндай шығарма жаз­ған ешкім  болған жоқ. Мен осы туралы арнап мақала да жаздым. Бірақ, санаға сіңіп қалған, көп ешкім мойындай қоймады. Өзіне Стендаль тағдырын айтқам.

Бекежан  қазақ әдебиетінің классигі, өте үлкен жазушы. Бі­рақ ешкім елеп-ескеріп от­ыр­ған жоқ. Айтпайды да. Мен жазғам, біздің қазақ халқы үлкен халық болатын болса, біздің қазақтың әдебиеті үлкен әдебиет болатын болса, полигон сияқты қасырет атаусыз қалмау керек деп. Полигон үлкен қасырет болды ғой. Бір үлкен жазушы  жазу керек деп. Ал Бекежан сол міндетті атқарып шықты. Халық алдында. " Қара жел" - ғажайып  роман. Мен бірден ала салып, журналға бастым. Ол кезде әлі дүниенің өзгермеген кезі болатын. Өзі қалай болар екен, не айтар екен деп ойлап жү­ріпті. Сол қалпында "Жұлдыз­ға" басып шығардық. Екінші романы 1986 жылдың 1  қаңтарынан басталып, желтоқсанмен аяқталады. Мұнда бүкіл біздің партиялық басшылардың мінезі, құлқы, бейнелері, прототиптері де бар, әрине. Бұл романдардың кейінгі тағдыры Стендальдікіндей болса, жақсы ғой.

 

 

 

СУРЕТКЕР


- Мен саясаткер емеспін - Суреткермін. Саясаткер ел ішінде болу керек. Елдің тір­шілік қарекетіне белсене араласуға міндетті. Жазушыға ел ішінде отыру шарт емес. Осыдан 60-70  жыл бойы елден жинаған рухани қазына жүрек түбінде жатыр. Енді соны жал­ғанның жарығына шығарып кетсек... Оны Алматыда отырып жазасың ба, Америкада отырып жазасың ба - мәселе мұнда емес, қаламыңнан туған туындыларың туған еліңе жетіп жатса болғаны.

Тургенев барлық дүниесін шетелде жүріп жазды. Гогольдің өзі Ресейге алыстан барып көз салған. Герцен ғұмыр бойы шетелде жүріп еңбек етті.

 

 

ЧЕХИЯ


- Бұл өзінің елдігін сақтап, еуропалық болмысын айқындап отырған кішкентай ғана ел. Әуел бастан ел болудың дұрыс жолын таңдай білген жұрт. Социалистік елдердің ішінде экономикасы күйремей, ел-жұрты күйзелмей, нарықтық экономиканың базарын базарлап жүрген мемлекет осы.

Ең ғажабы, мұнда алаңсыз тірлік етіп, көсіле жазуға мүмкіндік мол. Біреуде біреу­дің жұмысы жоқ. Өсек-аяң, қаңқу сөз естілмейді. Жазушыға керегі осындай жанының тыныштығы ғой.

Мағауия   Сембай.

(Қарағандылық қаламгер Мағауия Сембайдың прагада тұрып жатқан қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағуинемен әңгімесі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған).

 

0 пікір