Төлен Әбдікұлы. Парасат майданы (жалғасы)
Эдуард Мунктің "Айқай" картинасы
7
1 көкек
Көңiлдегi күдiк күн сайын күшейiп келедi. Күшейген сайын, әлдебiр ылажсыздық, дәрменсiздiк билейдi.
Менiң "бейтаныс құрбым" өте зымиян адам. Менi сырттан қалт жiбермей бақылап жүр. Тiптi мен хат оқып жатқанда да, бiр тесiктен сығалап қарап тұрғандай көремiн. Үйткенi жазғандарына қарасам, менiң жазбаларымды былай қойғанда, ойлаған ойларыма дейiн оған таныс секiлдi.
Мен оны өз бетiммен iздеп табамын деген ойдан бiрте-бiрте қайта бастадым. Өзiңнен қу адамнан қулық асырам деу - әшейiн далбаса. Қазiр де ол осы төңiректе жүр. Бөлмеге келiп кетiп жүретiн медбикемен де, палатаны жуып-сүртетiн әйелдермен де, тiптi дәрiгердiң өзiмен де тығыз байланыста болуы ғажап емес. Оның бiлмейтiнi жер астында.
Мен ендi ол туралы күнi-түнi ойлайтын болдым. Өткен түнде оны түсiмде көрдiм. Үстiнде менiң үстiмдегiдей сұр халаты бар, аяқ киiмi де тура менiкiндей, терiс қарап түрып:
- Мiнеки, ақыры кездестiк қой,- дейдi маған.
-Иә, кездестiк,- деймiн мен кекесiн үнмен.
Эдуард Мунктің "Айқай" картинасы
7
1 көкек
Көңiлдегi күдiк күн сайын күшейiп келедi. Күшейген сайын, әлдебiр ылажсыздық, дәрменсiздiк билейдi.
Менiң "бейтаныс құрбым" өте зымиян адам. Менi сырттан қалт жiбермей бақылап жүр. Тiптi мен хат оқып жатқанда да, бiр тесiктен сығалап қарап тұрғандай көремiн. Үйткенi жазғандарына қарасам, менiң жазбаларымды былай қойғанда, ойлаған ойларыма дейiн оған таныс секiлдi.
Мен оны өз бетiммен iздеп табамын деген ойдан бiрте-бiрте қайта бастадым. Өзiңнен қу адамнан қулық асырам деу - әшейiн далбаса. Қазiр де ол осы төңiректе жүр. Бөлмеге келiп кетiп жүретiн медбикемен де, палатаны жуып-сүртетiн әйелдермен де, тiптi дәрiгердiң өзiмен де тығыз байланыста болуы ғажап емес. Оның бiлмейтiнi жер астында.
Мен ендi ол туралы күнi-түнi ойлайтын болдым. Өткен түнде оны түсiмде көрдiм. Үстiнде менiң үстiмдегiдей сұр халаты бар, аяқ киiмi де тура менiкiндей, терiс қарап түрып:
- Мiнеки, ақыры кездестiк қой,- дейдi маған.
-Иә, кездестiк,- деймiн мен кекесiн үнмен.
Түрiн көре алмаймын. Бiрақ оны бұрыннан бiлетiн адам болып көрiнгiм келедi. Сондықтан айналып алдына барғаннан гөрi, оның маған бұрылып қарағанын қалап, сабыр сақтап үнсiз тұрмын. Неғұрлым көбiрек үндемесем, ол шыдамай бұрылып қарайтын секiлдi. Бiрақ оның бұрылып қарайтын түрi жоқ, қатып қалған тас мүсiндей қыбыр етпейдi.
Ақыры шыдай алмай:
-Ендiгi жасырынбақтың ретi келмес,- деп иығынан тартпақ болып, қолымды созсам, қолым қимылдамайды. Бiреу тас қылып байлап қойғандай. Бар күшiммен қолымды қозғамақ боламын. Қанша талпынсам да, дәрменiм жетпейдi. Қатты зорланып, ыңыранған күйiмде оянып кеттiм. Бастырылығып жатыр екенмiн. Жан терiм шықты.
Көзiмдi жұмып, көрген түсiмдi қайта елестетiп, "бейтаныс құрбымның" бiр белгiсiн аңғарып қалғым келетiн секiлдi. Бiрақ еш белгiсiн ұстай алмаймын. Тiптi ұстағанда да не пайда? Түсiмде көрдiм екем деп, бiреуге қалай жармасасың?
8
2 көкек
Әлдебiр аңның iзiне түсем деп адасып, құла түзден бiр-ақ шыққан адамдаймын. Не iстеу керек екенiне миым жетпей, түндер бойы кiрпiк iлмей шығамын. Тәңертең тұрғанда басым мең-зең болып, әлiм құрып, бойымнан беймарал көнгiштiк, жеңiлiске деген құштарлық бас көтергендей болады.
Жоқ, мен жүйке күресiне шыдамайды екенмiн. Ақыры оған хат жазуға мәжбүр болдым.
"Бейтаныс құрбым,- деп бастадым мен де хатымды.- Бiрден жауап қайтармағаныма кешiрiм сұраймын. Үйткенi сiз қозғаған кейбiр мәселелердiң маған анықтығы сонша, оған бола қызыл кеңiрдек болып таласудың қажетi жоқ деп ойладым. Бiрақ, байқаймын, олай емес секiлдi. Сiз шын мәнiнде басқа бағыт, басқа түсiнiктегi адам болып шықтыңыз. Әрине, жер бетiндегi барлық адам бiр-ақ бағытта ойласа екен деу шындыққа сыймайтын да шығар. Бiрақ солай екен деп, сенiмiңе, сезiмiңе жасалған қиянатқа қол қусырып қарап отыру мүмкiн емес.
Өмiр - күрес. Адамдар алдымен қара күшпен күресетiн болды. Одан кейiн неше түрлi қару-жарақ ойлап тауып, соғыс ашып, халықтарды жаппай қырғынға ұшыратты. Ендi, қатерi одан кем емес ақыл- парасат майданы шықты. Егер бұл майданда iзгiлiк жеңiске жетпесе, адамзаттың рухани күйреу дәуiрi басталады. Одан құтқаратын күш жоқ.
Сiз сол екеу-ара шағын майданды (әзiрге) бастадыңыз. Амалсыз қабылдадым... Ендi мәселенiң өзiне көшейiк.
Сiз маған iзгiлiкке қалай сенсеңiз, зұлымдыққа да солай сенiңiз депсiз. Құрбым-ау, олардың өмiрде бар екенiн мойындау сенiм емес қой. Сенiм деген сол екеуiнiң бiреуiнiң адам үшiн қымбат екенiн, артық екенiн мойындау. Достоевский: "Сенiм жоқ жерде - iзгiлiк те жоқ",- дейдi. Сонда бұл қандай сенiм? Iзгiлiктiң болмыста бар екенiне ғана сену ме? Жоқ, бұл - iзгiлiктiң жеңiсiне деген сенiм. Iзгiлiкке сенiм артпаған адам ешқашан да жақсылық жасай алмайды.
Сiз тағы да ештеңеге "жақсы", "жаман" деп айдар тағуға болмайды депсiз. Адам баласының хайуандар әлемiнен жоғары тұруы әлгi "жақсы" мен "жаманды" айыра алатын парасатының арқасында ғана емес пе. Егер бiз осы екi ұғымға лайықты айдар таға алмасақ, адамгершiлiк деп аталатын ұлы шариғат та тумаған болар едi.
Адамгершiлiк - адами қарым-қатынастың қағидасы. Онсыз адам өмiр сүре алмайды. (Рас, адамгершiлiк пен ардың заңын жиi-жиi бұзатындар жеткiлiктi-ақ шығар, бiрақ оған қарап, адамзаттың бүкiл болмысын жоққа шығару мүмкiн емес.)
Сiздiң өлiм жайлы философияңызды үлкен жаңалық деп айта алмас едiм. Бiрiншiден, өлiмнiң бәрi бiрдей емес. Егер адам тәңiрi сыйлаған тiршiлiгiн өз қадарынша өткерiп, кейiнгi ұрпаққа орын беру рәсiмiнде келген борышты өлiм болса, адамзат ондай "қиянатқа" шүкiршiлiк етудi баяғыда үйренген. Бiрақ әдiлетсiз өлiм деген бар ғой. Бiреудiң жеткiзбей желкесiн қиған, бiреудi жалғызынан айырған, жауызға жеңiс әперген, қанiшер қарақшының, қараниет күншiлдiң қолымен жасалған, тирандардың үкiмiмен жазықсыз жандарды жаппай қырғынға ұшыратқан өлiмге мен сiз секiлдi бiрыңғай философиялық тұрғыдан қарай алмаймын. Бұлар жер бетiндегi тiршiлiктi мәңгiлiкке айналдыру үшiн емес, жер бетiндегi iзгiлiкке қарсы бағытталған өлiм. Сондықтан, мүмкiндiгiнше, мұндай өлiмдi болдырмау үшiн күресу керек.
Өтiрiк туралы да құлаққа тосын естiлетiн пiкiрлер айтыпсыз. Рас, өтiрiкпен күн көрген заман көп болды. Қазiр де сонымен күн көрiп жүргендер аз емес шығар. Бiрақ ол өтiрiктiң өз басының жақсылығынан емес, өтiрiкке негiзделген қоғамның кiнәсынан ғой. Егер оның орынында шындыққа негiзделген әдiл қоғам болса, өтiрiк сол сәтте-ақ әшкере болып, сiз айтқандай, бiзге кекiрейiп, жоғарыдан қарап сөйлей алмас едi.
Хатыңыздың соңында күйеуiн өзiне адал деп қателесiп, асылып өлген әйелдiң тарихын мысалға келтiрiпсiз. Мұның бәрi, айналып келгенде, әшейiн құйтұрқы пiкiр таласының айла-тәсiлi ғана. Зерденiң ойыны. Дәл осындай әйелi көзiне шөп салғаннан, керiсiнше, күйеуi асылып өлген талай мысалды келтiруге болар едi. Сондықтан оған қарап, дүниенi құртып жүрген дүниеде жоқ тазалық деп қортынды жасауыңыз ешқандай қисынға келмейтiн нәрсе.
Жалпы, iзгiлiкпен пен зұлымдықтың табиғаттағы арасалмағы бiрдей, тек сол тепе-теңдiктi сақтай бiлу қажет деген пiкiр, менiңше, жаңсақ пiкiр. Iзгiлiктiң көлемi зұлымдықпен ешқашанда тең болған емес. Себебi iзгiлiктiң жолы жiңiшке. "Қиянат жасаудың мың түрi бар, ал қиянат жасамаудың түрi бiреу-ақ, ол - тек қиянат жасамау" деген бiреудiң сөзi бар. Сондықтан қолыңнан келсе, жасайтыныңды iзгiлiкке жаса. Ал зұлымдық сенiң әлпештеуiңдi қажет те қылмайды.
Мұның бәрiн мен айтысқа араласып қалған соң, амалсыздан айтып отырмын, әйтпесе, сiздiң көзiңiздi шындыққа жетiзем деген ой менде жоқ. Сiздiң дүниетанымыңызда менiң жанымды, сезiмдерiмдi қорлайтын нәрселер көп. Сiзбен араласпақ түгiлi, ой бөлiсудiң өзi маған тым ауыр тиiп отыр. Сондықтан өзiңiзбен пiкiрлес, бағыттас адам тапқаныңыз жөн болар едi.
Бейтаныс."
9
3 көкек
Бейтаныс құрбым өзiме дәл осылай бәле болып жабысар деп ойламаған едiм. Тура бiр ғашығым секiлдi - күндiз-түнi ойымнан кетпейдi. Оның өзiмдi төңiректеп жүргенiн қатар тұрған адамның демiн сезгендей, жүрек лүпiлiн естiгендей бiр түйсiкпен аңғаратын тәрiздiмiн.
Аулада жүргендердiң қайсiбiрi күдiктi көрiнiп, тағы да соларды аңдумен бүкiл уақытым зая кеттi. Күн сайын ұйқым қанбай, тәңертең қалжырап әрең оянамын.
Түнде әлдебiр дыбыстан оянып кеттiм. Тың тыңдап бiраз жатқан соң, қараңғы коридорға шықтым. Көше жақтан бiреулердiң жүрген дыбысын естiп, терезеден қарадым. Ешкiм көрiнбейдi. Бiр ғажабы, мен терезе алдынан кеткенде аяқ дыбысы қайта естiледi. Анда-санда машина гүрiлiнен аяқ тықылын жоғалтып алып, бiраздан кейiн қайта естiп, кейде сол дыбысты естiп тұрғанымды, әлде естiмей тұрғанымды өзiм айыра алмай, беймәлiм күйде жүрегiм атқақтап ұзақ тұрамын. Сыртқа шығып қарамақ болып едiм - бөлiмшенiң есiгi жабық екен.
Қайтып келiп, төсегiме жаттым. Бiрақ, таң атқанша көз iлмедiм. Көзiм iлiне бергенде жақындап келе жатқан аяқ дыбысын естiп, оянып кетемiн.
10
7 көкек
Тәңертең әленеге елегiзiп, үлкен бiр шаруадан кеш қалғандай, немесе пойыздан ия ұшақтан қалып қойған жолаушыдай абыржыған күйде ояндым.
Басымды көтергенде бiрiншi көргенiм - тумбочка үстiнде жатқан хат болды. Жүрегiм зырқ ете қалды. Үрей оты тамыр-тамырымды қуалап, лезде жан дүниемдi шарпыды. Апыл-ғұпыл бүктеулi жатқан қағазды аштым - соның өзi. Хатты оқи бастағанда үрейдiң сыртында "не жазды екен" деген әлдебiр қызығушылық сезiмiнен де құралақан емес екенiмдi байқап тұрмын.
"Бейтаныс құрбым! Жауап жазғаныңызға рахмет. Бәрi де мен күткендей болды. Сiз қалыптасқан тұрақты көзқарастың адамы екенсiз.
Болмыс ұшы-қиыры жоқ базар секiлдi. Әркiм сол базардан өзiне керегiн ғана алады. Қалыптасқан көзқарас бойынша, керек емес заттың керегi жоқ. Бiрақ сiз керек емес затты да бiр алып көрiңiзшi. Барлық қызық содан басталады. Бұл - қалыптасқан дағдыны бұзу, жаңалыққа құштарлық. Тiршiлiк жаңашыл танымның арқасында ғана дамитынына дауыңыз жоқ шығар.
Арғы-бергi тарихқа көз жiберген кiсi адамзатты бақытты болды деп айта алмас. Жер бетiндегi қырғын соғыстар, аштық, апат, iндет, адам баласының бойынан арылмаған қиянат, қайыршылық, ол аз болса, бүгiнгi табиғат дертi: бұзылған ауа, уланған су мен топырақ - соның дәлелi.
Мұның бәрiн былай қойғанда, жеке адамның тағдырын - тiптi мына екеумiздiң тағдырымызды - алайықшы. Бақыттымыз ба? Өз басым бақыттымын деп айта алмаймын. Өмiрдегi осынша қиянат пен әдiлетсiздiктi көре тұрып, және одан құтыла алмасыңды бiле тұрып, қайтып бақытты боласың? Сан ғасыр бойына iзгiлiк пен адалдыққа үмiтiңдi артсаң да, сол үмiт өмiр шындығымен бетпе-бет келгенде баланың ойыншығындай быт-шыт болатынын тарих қанша рет дәлелдесе де, ештеңе ұқпайтын нақұрыстай алған бетiмiзден қайтпаймыз. Соқыр ұстағанынан жазбайды дейдi. Бәлкiм, бұл - рухани соқырлық болар.
Бәрiне сенумен келемiз. Отқа да сендiк, суға да сендiк, табынбаған затымыз қалмады. Құдайға да, пайғамбарға да сендiк. Көсемге де, шешенге де сендiк. Бiрақ адамзаттың қасiретi содан жеңiлдедi ме? Адамзат қанша ғасыр өмiр сүрсе, сонша ғасыр алданып келедi. "Iзгiлiктiң жеңiсiне сенiңдер",- дейдi ақын-жазушылар. Ол жеңiс қашан болады? Iзгiлiк қай ғасырда жеңiске жетпек? Анық дәлел бар ма? Жоқ. Тек солай болса екен деген тiлек қана.
Сонда осынша бақытсыздықтың себебi не деген заңды сұрақ туады. Негiзгi себебi - ақыл-ой кеңiстiгiнде адамзаттың осы уақытқа дейiн адасып келгенi; оның рухани әлемiндегi жақсылық пен жамандық немесе iзгiлiк пен қиянат деп аталатын ұлы ғибадатханалардың қате салынуы.
Олай болса, ар-ұят, адамгершiлiк, әдiлет туралы түсiнiктерiмiздi қайта жасауымыз керек.
"Жаман деп жүргенiмiздi жақсы деуге батылымыз жеткен күнi бiздiң өмiрiмiзде ұлы кезеңдер басталады",-дейдi Ф.Ницше.
Ескi ұғым, ескi қағида, ескi дағды бiздiң ақыл-ойымызды буып, шындық пен ақиқаттың жүзiн дұрыс көрсетпейдi.
Қаншама тарихи тұлғалар кезiнде әйкәпiр атанып, отқа өртелiп, дарға асылып, елден аласталды - кейiн пайғамбарлар қатарына қосылды. Әдебиет пен өнер саласында қаншама көркем туындылар ең өркениеттi елдердiң өзiнде қоғамдық моральға үйлеспейтiн "ұятсыз" шығармалар деп танылып, оларға тиым салынып, жаңа заман, жаңа ұрпақ келгенде ең озық туындылар қатарынан орын алды. Осының бәрi ескi ұғымның салдары. Одан босанған сәтте-ақ санамызға нұр бiтiп, алдымыздан анық та, айқын басқа өмiр басталады.
Ендеше бiздiң санамызға бостандық керек. Ақыл-ойдың азаттығы керек. Оны тоқтатар ешқандай кедергi болуға тиiстi емес. Тек рухани шексiз бостандық қана адамзатты бақытты ете алады.
Сәлеммен, Бейтаныс құрбыңыз."
Жақсылық та, жамандық та алдымен дүниеге идея күйiнде келедi. Сосын iске асады, сенiмге айналады. Ал мына хаттағы идеяларды рухани әлемге тасталған атом бомбасы деп қана қарауға болады. Оның зардабын болжау мүмкiн емес...
Бұдан әрi ойлауға шамам жетпедi. Жүйке тамырымның тартылған сымдай сiресiп, үзiлудiң аз-ақ алдында тұрғанын сезiп, соны босату үшiн айқайлап коридорға шықтым:
- Бұл не деген сұрқиялық?! Не қылған адам өзi? Неге менiң бөлеме сұраусыз кiредi?
Жүгiрiп медбике келдi. Жұмысқа жақында тұрған әйел едi.
- Сiз не бiтiрiп жүрсiз?- деп бажылдаймын оған өзiмдi өзiм тоқтата алмай. - Бөтен адамды неге кiргiзесiз менiң бөлмеме?
Медбике менi әрең дегенде сабырға шақырып, не болғанын сұрады. Мен оған жөппелдемеде ештеңе түсiндiрiп бере алмадым. Тек хатты көрсетiп: "Мiнеки, мiнеки, бұдан артық қандай дәлел керек?"- дегендi қайталай беремiн.
Ақыры медбике не болғанына түсiндi.
- Мен барда сiздiң бөлмеңiзге ешкiм де кiрген жоқ,- дедi маған таңырқай қарап.
- Қалайша кiрген жоқ? Мiне, мiне,- деймiн тағы да хатты көрсетiп.
- Жақсы,- дедi ол әлден соң бiр құпияның бар екенiн сезгендей болып. - Сiз қазiр жатып демалыңыз, сабырға келiңiз. Сосын көремiз.
Медбике менi бөлмеге кiргiзiп, тыныштандыратын дәрi бердi де:
- Бүгiн далаға шықпай-ақ қойыңыз. Егер кешке қарай мазаңыз болмаса, кезекшi дәрiгерден жатарға укол сұраңыз,- деп ақыл қосты.
- Сiз ғафу етiңiз,- дедiм мен бейбiт үнмен медбикенiң қолынан ұстап.- Ыза болған соң, даусым шығып кеттi. Мен сандырақтап отырған жоқпын. Сенесiз бе? Мен бiр тығырыққа тiрелгендей жағдайда жүрмiн. Осында келгелi бiр адамнан хат аламын. Соңғысы - мынау. Бiрақ кiм екенiн бiлмеймiн. Мазақ қылғандай кейде бөлмеме тастап кетедi.- Қолымдағы хатты тағы көрсеттiм.- Аңдығаныма бiраз болды. Жүйкеме тиiп жүрген нәрсе - осы.
Медбике шын ойланып:
- Хатты қашан көрдiңiз?- дедi.
- Осы жаңа ғана.
- Жаңа ғана?- деп қайталады ол шошығандай бiр үнмен.- Жарайды,- дедi сосын шығуға бет алып.- Мен жақында келген адаммын, көбiн әлi тани қоймаймын... Бiрақ, байқап жүрейiн. Ал сiз дем алып жата тұрыңыз,- деп есiктi сыртынан жапты.
Мен байыз тауып жата алмадым. Сағат 11-де аутотренингке бардым. Бiрақ iшiмдегi жайсыз ойлардың мазамды алғаны сонша дәрiгер қыздың әдемi ерiнi мен маржандай тiстерi, жұмсақ үнi, жан рахатына шақырған сиқырлы сөздерi, қиял тербеген музыка - бәрi де әсер етпедi.
Ақыры кешке хат жазуға отырдым.
"Құрметтi бейтаныс! Сiз бен бiздiң тығылмақ ойнап, айтысқанымызға бiраз болды. Олай болатын себебi - екеумiз де бiрдi айтып, бiрге кетемiз. Әрқайсымыз өзiмiздiкiн дәлелдеу үшiн, бүкiл жиған- тергенiмiздi ортаға салып, өзiмiзге тиiмдi дәлелдер мен қисындарға ғана жүгiнемiз. Егер айтар ойымыз бен жүгiнер шындығымызды нақты алғышарттарға негiздемесек, сiз екеумiз өмiр бойы айтысып өтуiмiз мүмкiн.
Сонымен, сiздiң айтуыңызша, адамзаттың осы кезге дейiнгi жүрiп өткен рухани жолы - жалған, үйткенi адам баласының әу бастағы бетке алған темiрқазығы - адамгершiлiк мұраты дұрыс емес. Iзгiлiк, қиянат, махаббат, адалдық, арамдық деген ұғымдар қате қалыптасқан. Сондықтан ең алдымен мұраттың өзiнен бас тарту керек. Бәлкiм, "бас тарту" деген сөз жоқ та шығар, бiрақ түптеп келгенде айтар ойдың тоқ етерi - осы.
Ал, менiңше, адамдар осы кезге дейiн қалыптасқан адамгершiлiк қағидаттарын орындағаннан емес, керiсiнше, орындамағаннан рухани тоқырауға ұшырап отыр. Рухани ғибадатханаларды қате салғаннан емес, керiсiнше, қасиеттi орындарды қадiрлемегеннен, құндамағаннан, ластағаннан бақытсыз болып отыр.
Рас, дүниеге келген жан иесiнiң бәрi де бостандыққа ұмтылады. Бостандық, сiздiң ойыңызша, қолбайлаудан босану. Шынында да бостандық "босану"(құтылу) деген сөзден пайда болған. Бiрақ, қолды тек жамандық қана байлай ма екен? Парыз, обал,сауап, ар-ұят деген ұғымдар бар емес пе? Сонда ар-ұяттың қолбайлауынан босанған кездi де бостандық деймiз бе? Олай қарасақ, бүкiл тежеусiз iстiң бәрi - имансыздық, қылмыс, алдау-арбау, жезөкшелiк - қысқасы, ойға не келсе, соның бәрiн iстеу (ал ойға не келмейдi) - бостандық болып шықпай ма? Ойларына не келсе, соны iстеген Рим цезарлары - Нерон, Калигула және басқалар шын мәнiнде, нағыз бостан жандар болар едi. Үйткенi олар белгiлi бiр қалыптасқан қағидаға бағынған жоқ, бәрiн бұзды; өз шешелерiмен ашына болды, мiнiп жүрген аттарын сенатқа мүше қылды т.с.с. Бiрақ, иттiң иесi болса, бөрiнiң тәңiрiсi бар. Оларға тарихтың бағасы да, үкiмi де берiлдi.
Бәлкiм, адамзатты осынау жын-ойнақтан сақтап қалған дiн болар. Соның арқасында есiрген iбiлiс ауыздықталмаса да, жазғырылатын болды. Адам санасына бiр құдайдың келуi ендi оның ешқашанда хайуан бола алмайтынын, сол себептi хайуани бостандықпен өмiр сүруге хақысы жоқ екенiн бiлдiрдi. Соның арқасында өз қыздарына өздерi үйленiп жүрген "бостан" жандар ойларына келгендi iстей алмай, шариғатпен шектелiп қалды.
Бiрақ сiз ойлағандай, бостандықты өзге өмiрден бөлiп алып, оған пұтқа табынғандай табынатын болсақ, әлгi жын-ойнаққа қайтып келуiмiз әбден мүмкiн.
Адам адам болғаннан бастап, оның жан дүниесiнiң түкпiрiндегi зынданға салынған: қатерлi нәпсi, хайуани түйсiктер, ұятсыздық пен ынсапсыздық, қатыгездiк пен қараулық, рақымсыздық пен тоңмойындық сенiң бiр сәттiк шарасыздығыңды пайдаланып, бiздi босат, сыртқа шығамыз деп зiркiлдейдi. Ал сен оны бостандық деп ойлайсың. Оны босату түрмедегi қауiптi қылмыскердi босатқанмен бiрдей екенiн түсiнгiң келмейдi.
Көшеде кетiп бара жатқан әдемi келiншектi көрсең, пенделiк жеңiлтек сезiмге берiлiп, оған қызығасың. Бiрақ, сәл сабырға жүгiн. Ол келiншек өзiң секiлдi бiреудiң жары, қарындасы... Сенiң сәбиiң секiлдi бiр сәбидiң анасы. Мiне, осы жерде сен үлкен қатыгездiк пен табандылық көрсетiп, өзiңе "Тоқта!"- дей бiлуге тиiстiсiң. Үйткенi бостандық бiреуге залалың тимейтiн жерге дейiн ғана бостандық, одан әрi - қиянат. Егер тоқтай алмасаң, хайуани сезiмнiң құлына айналасың.
"Сенiң патшалардан айырмашылығың не?"-деген сұраққа данышпен Сократ: "Олар өз бойларындағы құмарлықтың құлдары, ал мен сол сезiмдердiң патшасымын,"- деп жауап берген. Сократ сол құл-патшалардан жүз есе бостан.
Өмiрдiң мәнi мен мағынасы қарапайым ақиқаттан тұрады. Бiздiң сорымыз - сол оп-оңай ақиқатты түсiнуге және оны орындауға құлқымыздың жоқтығы. Бiз өз еркiмiзбен ең қиын, ең бұралаң жолды таңдап алып, өзiмiз қолдан жасаған қиындықпен жан аямай күресiп, ешкiмге керегi жоқ ерлiктер жасаймыз. Мәселен, темекiнiң адам ағзасына тигiзер зиянын жұрттың бәрi бiледi. Осы бiр жұрттың бәрi бiлетiн ақиқатқа мойынсұнып, одан өзiңдi сақтау үшiн үлкен қайраткерлiктiң, жанпида ерлiктiң, тiптi ештеңенiң де керегi жоқ секiлдi, тек темекiнi тартпасаң болғаны. Бiрақ жер бетiнде қанша миллион адам осыған шамалары жетпей, қасiретке душар болып жүр. Мыңдаған адам темекiден өкпе рагiне т.б. ауруларға ұшырайды. Оларды емдеу үшiн қымбат дәрiлер жасалып, мемлекет қазыналарынан қыруар қаржылар бөлiнедi. Алайда қолдан жасалған осы дертпен күресте адамзат бiрыңғай жеңiлiске ұшыраумен келедi. Статистикаға жүгiнсек, жер бетiндегi жер сiлкiну, өрт, тасқын тағы басқа табиғат, жол апаттарынан, iндеттен, қылмысты әрекеттерден - бүкiл көлденең ажалдан мерт болғандардың 41,4%-i темекi құрбандары. Яғни жер шарындағы бүкiл қасiреттiң тең жартысына жуығы темекi зардабынан болып отыр.
Бiр қарағанда оп-оңай көрiнген заттың миллион есе қиындап, осындай әлемдiк проблемаға айналуы кiп-кiшкентай бейкүна жәндiктiң аяқ астынан аждаһаға айналғаны секiлдi, шынында да, сұмдық емес пе? ("Адамдар ең көп азапты қарапайым ақиқатты елемегеннен шегедi"- дейдi сiздiң сүйiктi философыңыз Ф.Ницше). Ал сiз осы бәледен құтылудың жолы - темекiнiң бойынан бiр жақсы қасиет тауып, темекi шегудi заңдастыру деп ойлайсыз. Бұл өз бойыңдағы кеселдi дағдыға қол көтерiп берiлу, ештеңеге қарсы тұра алмайтын, күресе алмайтын, табансыз, әлсiз жанға - құлға айналу деген сөз.
Бостандық адамның өзiнiң iшiнде, санасында. Тумысында қорқақ,жағымпаз жанға қанша хұқықтық бостандық бергенмен, ол бостан бола алмайды. Шектен тыс өзiмшiл, шенқұмар, нәпсiқұмар, ашқарақ адамдар ешқашан да бостан бола алмайды. Үйткенi олар өздерiнiң әлгi ниеттерi мен пиғылдарының құлақкестi құлдары.
"Бостандық деген не? - Ар-ұятты" тазалығы",- деген бiздiң дәуiрiмiзден жетi ғасырдай бұрын жер бетiндегi жетi дананың бiрi - Периандр Коринфский.
Ғажап емес пе! Яғни шын бостандыққа рухани кемелдену арқылы ғана жетуге болады. Мiнеки, мұндай бостандықтың алдында бас киiмiңдi алып, басың жерге жеткенше иiлу керек.
"Iзгiлiк қай ғасырда жеңiске жетедi? Анық дәлел бар ма?"- депсiз. Iзгiлiктiң жеңiсiн жер бетiнен зұлымдықтың түп-тамырымен жойылып кетуi деп түсiнсек, тым қарабайырлық болар едi, әрине. Iзгiлiктiң жеңiсi - iзгiлiк туралы идеяның адамзат санасына берiк орнауы.
Дегенмен, бұл мәселенiң бiр-ақ жағы. Жеңiс пен жеңiлiстiң ара-қатынасын сiз бен бiз әлi анықтаған жоқпыз. Қазiргi ұғымда жеңiс бiзге рингте қарсылысын ұрып жыққан боксердiң немесе арзанқол кинофильмдерде өз жауын атып құлатқан боевиктiң еншiсiндей ғана елестейдi. Яғни қаза тапқанның бәрi - жеңiлгендер. Алайда, адам төзгiсiз қаталдықпен жау қолынан қаза тапқан Иса пайғамбардың жеңiлiсi ақыры адамзат үшiн нағыз ұлы жеңiс болып шыққан жоқ па?! Өмiрде осындай жеңiске бергiсiз жеңiлiстер бар. Немесе ұядағы балапанын қорғап, жыланның аузына өзi құлап өлген торғайдың ерлiгiнен артық қандай ерлiк болуы мүмкiн?! Бұл да жеңiске бергiсiз жеңiлiс емес пе? Таң қалсақ, осыған неге таң қалмаймыз?
Жалпы ерлiк дегеннiң өзi не нәрсе? "Кеселдi кiсiнiң ер келетұғыны несi?"- дейдi Абай. Қарап отырсаңыз, бiздiң көбiне ер дейтiнiмiз кеселдi iске жүрек жұтқандар. Қаннан қорықпау, кiсi өлтiруден, тонаудан, қанаудан қорықпау. Қысқасы, қарақшылар мен жендеттер ер деген атқа ең лайық жандар болып шығады. Ал рухани ерлiктi қайтемiз? Мәселен, өз мiнiң мен қателiгiңдi мойындаудан қорықпау, өзгеге қаталдық емес ( одан оңай не бар), өзiңе қаталдық көрсете бiлу, өзiңдi жазалай бiлу, қысқасы, ең алдымен өзiңдi өзiң жеңе бiлу - мұның бәрi ерлiкке жатпай ма? Өзiнен әлеқайда күштi жаудың аузына өз еркiмен түсуге жүрегiн дауалата бiлген жаңағы торғайдың ерлiгiн арыстанның қайталай алмауы әбден мүмкiн. Бәлкiм, осы тұрғыдан кейбiр ұғымдарды қайта қарауға тура келетiн шығар.
Сiздiң бүкiл идеяңыз "iзгiлiк мұраттары жер бетiндегi адамдардың кемелденбеген өмiрiне сәйкес келмейдi" деген тұжырымға негiзделген. Рас, анық өмiрде кемелiне келген мүлтiксiз ештеңе жоқ. Бар болса, ол әрi қарай дамымас та едi. Жер бетiндегi тiршiлiктiң мәңгiлiгiнiң өзi мәңгi дамуға негiзделген. Сондықтан кемелiне жеткен мүлтiксiз ештеңе болуға тиiстi емес. Бiрақ суретшi иә мүсiншi өз туындысын жасағанда мiндеттi түрде жаңағы өмiрде жоқ кемелдiкке ұмытылады. Оған ешқашанда жете алмасын өзi де бiледi. Алайда соның арқасында талай тамаша өнер туындыларының дүниеге келетiнi белгiлi.
Емделмейтiн ауруларды емдеу арқылы, алынбайтын қамалдарға жасалған шабуылдар арқылы, сол жолдағы жеңiске бергiсiз жеңiлiстер арқылы адамдар ғажайып рухани биiктерге көтерiледi, адами мүмкiндiктiң көкжиегiн кеңейтедi.
Ендеше мұраттың қарабайыр тiршiлiкке сәйкес келмеуi оның кемшiлiгi емес, керiсiнше, артықшылығы болмақ.
Өмiрдi жақсартуға болатын iзгi сезiмдер мен iзгi шарттарды құдай бәрiмiздiң бойымызға берген. Ендi сол шарттар мен ойға алған ниеттердiң iске аспағанын өзiмiздiң табансыздығымыз бен жiгерсiздiгiмiзден көрудiң орынына, ар-ұяттың құдiретiмен жасалған қасиеттi ұғымдарды тәрк етiп, бүкiл адамзаттың парасатын жоққа шығарғымыз келедi.
Адами өмiрдiң заңын адам жасайды. Ол заңның iске асуы өзiмiздiң құлқымызға байланысты. Рас, табиғаттың iрге тасында бiздiң қасиеттi сезiмдерiмiздi қорлайтын қатал заңдар көп. Бiрақ,табиғаттың ол заңдарымен өмiр сүретiндей, оны өзiмiзге тiршiлiк шарты етiп алатындай - бiз хайуан емеспiз ғой.
Айталық, тәңiрi үшiн, махаббат үшiн, ұлы мақсат-мұрат үшiн өзiн өзi құрбандыққа шалу немесе өмiрдiң рахат-қызығынан өз еркiмен бас тарту, қасiретпен тазару тағы сол сияқты әулие қасиеттер табиғат заңында (дәлiрек айтсақ, хайуанат заңында) бар ма? Жоқ. Әулиелiкке адамнан басқа жан иесi түсiнбейдi. Олай болса, хайуандар әлемiнiң заңдарын табиғат заңы деп желеу етiп, өз күнәмызды ақтау үшiн санамызды сарсаңға салып, не бiр қисынды қиыннан қиыстырып, құдай берген қабiлетiмiздi босқа сарыққанша, кiсiлiк парасатқа лайықты шарттармен өмiр сүргенiмiз дұрыс емес пе? Ал оған шамамыз жетпесе - мейлi жетпесiн, бiрақ алған бетiмiзден неге қайтамыз? Алған беттен қайттық екен, онда бойымыздағы парасат сезiмдерi желге ұшып, оның орынына хайуани сезiмдер бас көтередi. Өзiмiздiң хайуан екенiмiздi сезген сәтте-ақ бүкiл адами мiндеттердi жеңiлдетiп, күнә мен қылмыстарымызды ақтап, өзiмiздi емес, ар мен ұяттың қағидаларын "жөндеуге" кiрiсемiз. Бұрыстың бәрiн дұрыс қылып заңдастыру әрекетiн бастаймыз. Яғни кiсi өлтiрсек те, "бұл табиғатта бар нәрсе, солай болған, болып келедi, бола бермек".
Осыдан кейiн бостандық. Не iстеймiн десең де, өз еркiң. Күнәға бат, арыңды сат, жарыңды сат, алда-арба - үйткенi адам мақсатты түрде күнәһар болып жаратылған. Табиғат заңы осындай. Қандай рахат! Бостандыққа шыққан бас кесердей ойыңа не келсе, соны iстейсiң. (Сiздiң "қол созым жерде тұрған бақыт құсыңыз " осы болар).
Жоқ, бейтаныс замандас! Өмiр деген ұлы Ойынның ережесi баяғыда жасалған. Әдетте ереженi төменгi дәрежедегi ойыншылардың жиi бұзатынын және олар үшiн ереже қашан да ауыр жүк екенiн есiңiзге салғым келедi.
Қош болыңыз!
Бейтаныс.
Айтпақшы! Кезiнде әйкәпiр атанып, отқа өртелген, дарға асылған, елден аласталған пайғамбарлар, тиым салынған әйгiлi шығармалар қиянатты қарапайым халықтан емес, билiк жүйесiнен көрдi. Ал халық өзiнiң есте сақтау қабiлетi арқылы оларды тарих ажалынан аман алып қалды."
(жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»