Нұрлыбай Қошаманұлы. Астана құрылысы: құлдық сананың қала салудағы көрінісі
Қазақ қаласы қандай болу керек?
Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін мәдениетіміздің осы бір саласын негізсіз аяқ асты пайда болған дүниелердей көріп келдік. Қазақ сәулет өнері, оның архитектурасы революцияға дейін тек қана қол өнер бағытында өркендеген, бар жетістігі қошқар мүйізді ою-өрнек түрінде ғана құрылған. «Қазақ қала салмаған, кең сахарада көшіп, дала кезген, киіз үйлі көшпенділер ғана» деп санаға сіңіріп келді. Тіптен, қазірдің өзінде кез келген қазақ суретшісінен қазақ халқының орта ғасырлық отырықшылық өмір-тіршілігін қағазға түсіріп беруін сұрасаң: «Кең жайлауда айнала ат шаптырып, мал бағып, түтіндетіп от жағып, қазан көтеріп, қымыз сапырып отырған киіз үйлі ауылды» қонжитып береді. Ал, көгілдір күмбезді ежелгі қалаларымыздың бүгінде көз алдымызда болмауы да, өзіміз жөнінде осындай көзқарастың орнығуына әкелген.
Қазақ қаласы қандай болу керек?
Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін мәдениетіміздің осы бір саласын негізсіз аяқ асты пайда болған дүниелердей көріп келдік. Қазақ сәулет өнері, оның архитектурасы революцияға дейін тек қана қол өнер бағытында өркендеген, бар жетістігі қошқар мүйізді ою-өрнек түрінде ғана құрылған. «Қазақ қала салмаған, кең сахарада көшіп, дала кезген, киіз үйлі көшпенділер ғана» деп санаға сіңіріп келді. Тіптен, қазірдің өзінде кез келген қазақ суретшісінен қазақ халқының орта ғасырлық отырықшылық өмір-тіршілігін қағазға түсіріп беруін сұрасаң: «Кең жайлауда айнала ат шаптырып, мал бағып, түтіндетіп от жағып, қазан көтеріп, қымыз сапырып отырған киіз үйлі ауылды» қонжитып береді. Ал, көгілдір күмбезді ежелгі қалаларымыздың бүгінде көз алдымызда болмауы да, өзіміз жөнінде осындай көзқарастың орнығуына әкелген.
Кешегі берекесіз ел басқарған кеңестік заманда «ескінің бәрі жаман, исламның әсері, жаңа қалаларымыздың сәнін бұзып тұр» деген желеумен шығыстық үлгідегі талай тарихи маңызы бар құрылыстар қиратылып, олардың орнына көп қабатты қорап тәрізді үйлер тұрғызылды. Осындай жолмен Орал қаласындағы ежелгі шығыс үлгісінде тұрғызылған Темір жол вокзалы мен «керуен шайханасы» жермен жексен етілді. Қазақ пен ноғайға астана болған көгілдір күмбезді соңғы қаламыз «Сарайшықты» жерімізді отарлаушы казак-орыстар өртеп қиратты. Ұрпақ тәрбиесінде ерекше маңызы бар төлтума архитектура дүниелерін бір күнде жоқ қылу секілді көріністердің қасіретін әлі тартып келеміз.
Ел ордамыз Астана құрылысы да еш көңілден шықпайды. Бейне бір Европа қаласында жүргендей күйге түсесің. Айнала европаша жылтыраған жалаңаш қабырғалар, зәуілім қораптар. Талғамның жоқтығынан шет елдік жобалаушылардың үлгілерін әкеліп, жарыса тұрғызуда. Қазақстанның бүгінгі елордасы Астана қаласы намысыңды жер етіп, жігеріңді жасытады. Түрлі-түсті төрт бұрышты үйлердің түзулігіне, сырты жылтырағанына мәзбіз. Шынын айтсақ, Астана ұлт символы ретінде қазақтардың қала салудағы сәулет өнерінің ерекшелігін танытатын, шетелдіктерге мақтана көрсететіндей, өзге сүйсінетіндей шығыс ордаларына тән әдеміліктен жұрдай. Ұлттық нақыш, қазақылық жоқ. Астанадан үлгі алған қалаларымызды жаңғырту қадамдары Қазақстанның басқа облыс орталықтарында да осындай бірізділік ауруына ұшыраған.
Алдағы жылдан бастап батыста, ежелгі Маңғыстау жерінде "Ақтау сити" атты үлкен туристік орда, жаңа қала салынбақшы. Өкінішке қарай, жаңа қаланың жобасындағы оның декоративтік көрінісінде ешқандай эстетикалық талғам, ұлттық болмыс, ерекшелік тағы жоқ. Көңілің құлазиды. Тағы да сол бірін - бірі қуалай еуропаша бой көтеріп жатқан алып қораптарды көресің. Барлығы да шетелдік жобалар. Осындайда қала архитектурасына жауапты деген қазақстандық мамандардың ойсыздығына, эстетикалық талғамсыздығына тағы ренжисің. Олардың арасынан аракідік болса да жергілікті архитекторлардың шығысқа тән бірде-бір ұлттық жобасы көрінбейді.
Мәселен, Жалаңтөс баһадүр бабамыз Самарқанда әмір болып тұрған кезінде осы қалада Тиллахари (1647-1660), Ширдор (1619-1635) сияқты көптеген сәулетті тарихи құрылыстар, ғимараттар салдырған. Сыртқы жаулардан қорғаған, жорықтар жасап жерін кеңейткен. «Жеңімпаз Жалаңтөс батырға сырттан келген сый-сияпат көлемі мемлекетке түскен қазынадан асып түскен. Осы қаражат байлыққа жасақ ұстаумен қатар, Самарқанда сәулетті сарайлар салдырған» деп жазады М.Е.Массон. Ортағасырлық бастау алатын халқымыздың қала салудағы ғасырлар бойғы қалыптасқан төлтума шеберлігінің, бай тәжірибесінің, қазақтың кейінгі құрылыс өнерінде өзінің рухани жалғасын таппай келе жатқаны өкінішті. Сонылық, әлеуметтік мәселені дұрыс сезіну, тәрбиелік маңызы зор, ежелгі қала салу үлгісінде қазіргі заман құрылысын тұрғыза білу дәстүрі бізде үзілген. Бүгінгі архитекторларымыз ұлттық нақышта қазақы қала салу дегенді «әрбір қалада бір-бір мешіттен тұрғызу» деп түсінетін сияқты. Мәселен Астанада «Нұр Астана», Ақтауда «Бекет Ата» мешіттері. Осының барлығы ішкі жан дүниеміздің сезіне де, көре білмеуінен туған бейжайлықтан ба деп ойлайсың.
Осындайда жаңа қала салуда, құрылыс кешендерін халық үлгісінде жаңартуда көршіміз түрікмен, өзбек бауырларымыздың тәжірибесіне қызығасың. Соңғы оншақты жылдың ішінде ежелгі архитектура үлгісінде қазіргі заман үйлерін салуда олардың бізден әлдеқайда озып кеткендігі көрініп-ақ тұр. Мемлекеттік кешендер, резиденциялар, тұрғын үйлер тұрғызуда олардың құрылысында ұлттық нақыш, сонылық, ескімен рухани үндестік бар. Түрікменнің қазіргі үлгіде салынып жатқан Ашгабадын аралаған кезде бейне бір шығыс шаһарларында жүргендей сезінесің. Рухыңды көтеріп, намысыңды түрткілейді. Оларда өзбек архитектурасы, түрікмен, тәжік архитектурасы деген ұлттық ұғым қалыптасқан. Оның терең мағынасы ұлттық патриотизммен астасып жатқанында. Ал, біз қазақ архитектурасы, қазақ қаласы десек оған күмәндана қараймыз. Бұл салада қазақтың тәжік пен түрікменнен, орыстан, Астананы жобалап беріп жатқан жапоннан қай жері кем?
Қазақта қалалық мәдениет болғанын, құрылыс өнерінде де өзгеге ұқсамайтын тек қазаққа тән қайталанбас этнографиялық өрнектердің, құрылыс иіндерінің (арка) кездесетінін, тіптен, кейбір қалалардың өмірінде киіз үйлердің қатарласа тігілгенін археологтарымыз әлдеқашан дәлелдеген. Сауран, Сығанақ, Түркістан, Отырар, Сарайшық т.б. қалаларын бізге сырттан келіп ешкім салып берген жоқ, барлығы да бабаларымыздың қолымен тұрғызылған төл туындыларымыз. Араб мемлекетін билеген бабамыз Бейбарыс Мысыр, Шам арасындағы кең иеліктеріне ғибатханалар, салтанатты сарайлар, тұрғын үйлер салдырған. Оның кезінде Каир қаласының сыртында салған қорғаны, сол ғасырдың көптеген ғимараттары әлі күнге дейін тұр. Каир қаласының ортасындағы үлкен аудандардың бірі Бейбарысқа қатысты Заһир деп аталады. Өткеннің мұрасын рухани сабақтастыра алып жүре білу және жаңаша жаңғырта білу сол халықтың кемелін, асқан асуын, рухани байлығын көрсетеді.
«Уақытында айтылмаған сөз, уақ сөз» - біз қала салудың пайдасы мен қатар оның қауіп әкелер көлеңкелі тұстарын да ескере білгеніміз абзал. Осының барлығы ғаламдық жаһандану жетістіктерімен жақындасу дегеннің аясында қазақтың мәдениеті мен рухын, сол аймақтың этникалық тұтастығына кепіл болып келген төлтума өмір сүру дәстүрін өзгерту, еуропаша ассимиляциялау-экспанциялаудың жаңа бір көрінісі сияқты көрінеді маған. Себебі жаңа қала салу артынан аймаққа сырттан түрлі ұлттар ағыны басталады. Егер жаңа қала салу арқылы халқын өсіреміз, экономикасын көтереміз дей жүріп, Маңғыстау халқы болашақта сырттан әкелінетін «шетелдіктердің» есебінен және көбейетін болса, онда бұл сол өңірдің ғасырлардан бері сақталып келген өзіндік дәстүрлі этникалық, этнопсихологиялық тұтастығының бұзылуына әкеледі. Осыған дейін де ғылыми негіздемесіз, науқаншылықпен жүргізілген талай алып құрылыстар мен тыңды көтеру кезіндегі сырттан қоныстанушылық ұлтаралық мәселелерді туындатып, қазақ халқының басына талай нәубетті үйіргенін, ұлттық мінез-құлқын өзгерткенін де ұмытпайық.
Айтарымыз, Кеңес кезінен қалған құлдық психология бүгінгі қазақ зиялыларының бойынан әлі арылмай келеді. Ол олардың өзгенің жетегінде жүре беруі. Басқа конструкцияларды ешқандай сынсыз сол күйінде қабылдай салу, өзіне тән жол іздеуден гөрі басқа біреудің салған соқпағымен желе жортуға бейімділік, өз жақсысы тұрғанда жат елдік үлгілерге еліктегіштік - міне, бұл - сол баяғы өзгеге құлдық ұрған, империялық үстемдік кезінде бой алдырған дерттің, жасық мінездің, көнбістіктің көрінісі. Бір ойшыл айтқандай қашанғы: «Олар - актер, біз - публика» болып жүре береміз? Мен Астана мен болашақ «Ақтау сити» қалаларының құрылыс жобасын түрі қазақ болғанымен, өзі қазақ емес, орысша ойлап, орысша түс көретін, ұлттық рухтан жұрдай дүбаралардан құралған бүгінгі Үкіметтің қиялынан туған дүниелер дер едім. Оларға ұлттық намыс емес, тек ақша мен даңғаза мақтану ғана керек.
Біз жаңа қаланы түгел шығыстық үлгіде тұрғызу қажет деуден аулақпыз. Өркениет ерекшелігін де қабылдауымыз керек, әрине. Бірақ, жаңа жобада аракідік болса да қазақстандық архитекторлардың ежелгі әдіспен тұрғызылған шығысқа, қазаққа тән көгілдір күмбезді сауда орындары, мейманханалары, мәдениет мекемелері мен мұражайлары бар жекелеген мөлтек аудан құрылыстары болуы қажет демекпіз. Бұл бағытта сондай-ақ, аймақтың ұлу тасынан кесенелер тұрғызуда Маңғыстау, Атырау шеберлерінің бұрыннан қалыптасқан өзгеге ұқсамайтын өз мектебі де қалыптасқан. Біз Астананы салуда кетіп жатқан «әттегенайларымызды», тұрғын үй салудағы өзіндік ұлттық қолтаңбасы мен ерекшелігі бар кәрі Маңғыстауда қайталамауымыз керек.
Тарихи архитектуралық құрылыстардың өзіндік ерекшелігінің ұрпақ тәрбиесінде алатын эстетикалық идеологиялық маңызы да зор. Қазақтың ежелгі қала, қыстақ, там, көгілдір күмбезді кесенелер салудағы бар тәжірибесі бізге бағдар болуы тиіс. Жаңа қалаларымыз Астана мен "Ақтау сити" ұлттық калоритімен, байырғы ғимараттарға тән қазақылығымен өмірге қайта келген соны жаңалықтай болып, көз үйіртер сәнді дүниелермен айшықталуы керек. Себебі, болашақ қала «Ақтау ситидің» қазіргі жобасы да қазақтың талғамына сай келмейді. «Ақтау қала құрылысы департаментіндегі» бұған тікелей қатысы бар ұлтжанды азаматтар осы бағытта шығармашылық топ құрып, «Ақту сити» қаласының бас жоспарына қазірден бастап өзгеріс енгізу қажет.
«Қаланың жақсы болуы көшесінен» - деген, біз шетелдік құрылыс үлгісіне қарсы тұратын субъект, ұлттық қолтаңбаға бай архитектура туындыларына зәруміз. Қазақ қаласы Ақтау, Астананың ізімен кетпей нағыз ұлттық болмысымен ерекшеленуі қажет. Болашақтан күтеріміз де - осы.
Ақтөбе қаласы
«Абай-ақпарат»