Сейсенбі, 21 Сәуір 2026
Жаңалықтар 130 0 пікір 21 Сәуір, 2026 сағат 15:34

АЭС қай өңірлерге салынуы мүмкін?

Сурет: GOV.KZ сайтынан алынды.

Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев атом электр стансасын салуға лайықты алаңдарды атады.

- Қазақстанның электр энергетикалық желілерінің дамуын ескере отырып, кемінде 3, ал келешекте 4 атом электр стансасын салу қажет деп есептейміз. Қазіргі уақытта келешегі бар алаңдардың барлығын барынша байыппен зерделеп шықтық. Болжамды энергетикалық теңгерім, экологиялық, сейсмикалық қауіпсіздік талаптары тұрғысынан Қазақстанда атом энергетикасы үшін бірнеше бірегей алаң бар. Біріншісі – Балқаш маңы алаңы. Ол жер 6 ірі энергетикалық блокқа дейін салуға мүмкіндік бере алады. Курчатов бар, мүмкін шағын және орта қуатты атом реакторларын дамыту үшін барынша әлеуетті алаң бола алады, - деді агенттік төрағасы Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Ол АЭС құрылысы үшін лайықты орындардың тағы бірі ретінде Батыс Қазақстанды атады. Оның айтуынша, бұл өңірде энергетикалық қондырғы жұмыс істеп, тек электр энергиясын ғана өндіріп қоймай, жылу, суды ысыту және суды тұшыту үшін пайдаланылды.

- Дегенмен Қазақстанда басқа да алаңдар бар. Қазіргі уақытта оларды зерттеп жатырмыз. Энергия балансына байланысты мүмкін енді 20-30 жылдан кейін Қостанай алаңы қарастырылуы мүмкін. Ол жер де Қазақстандағы атом стансасы құрылысы үшін болашағы бар орын бола алады, - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Abai.kz

0 пікір