Ц дыбысына С әрпін алу керек пе?
Латынграфикалы жаңа әліпбидің бекітілген акут нұсқасында Ц дыбысына таңба берілмеген. Сондықтан 2018 жылдың желтоқсанында осы әліпби негізінде әзірленіп, Латын әліпбиі жөніндегі Үкімет жанындағы Ұлттық комиссияда мақұлданған жаңа Емле ережелері бойынша кирилде Ц-мен жазылған сөздердің барлығы латында S [сы] әрпімен таңбаланатын болып белгіленді. Ережені мамандар мен жазарман қауым арасында сараптамадан өткізген Орфографиялық жұмыс тобындағы ғалымдар осылай жазуға ешқандай қарсылық болмағанын ерекше атап отыр. Қайта керісінше полицияны polisia, медицинаны medisina, циркті sirk деп жазуды қолдаған жұрт көп болды. Мұның фонологиялық негізі де бар: Ц орыс тілінің дыбысы, қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесінде жоқ, дыбыстық қорында болғанымен, фонема емес. Осы себепті Орфографиялық жұмыс тобы жетілдірілген умлаут жобада бұл дыбысқа арнайы таңба алған жоқ.
Дегенмен жетілдірілген жобаны талқылау барысында әліпби құрамына бірнеше таңба алыну керек деген ұсыныстар айтылды. Солардың бірі – Ц-ға қатысты. Ц дыбысына таңба алу қажет емес деген ұстаным басым, бірақ оған латынның С (си) таңбасын алу керек деп санайтын ғалымдар бар. Сонда, Ц дыбысына таңба керек емес пе, әлде латынның С әрпін Ц-ның таңбасы ретінде әліпбиге енгізген жөн бе? Осыған тоқталып, мәселенің дұрыс шешімін табу үшін, бірге талдап көрелік.
Ц дыбысына арнайы таңба алуды қолдаушылардың уәжі:
- орыс тілі арқылы енген сөздер (цех, циркуль, конституция) құрамындағы Ц-ны қазіргі қазақ жеңіл айта алады, әрі бұл сөздер тілдің лексикалық байлығы, олар кирил жазуымен қалай еніп, дыбысталса, өзгертпей, солай латында да таңбалап, дыбыстау қажет;
- Ч-ға таңба алмаған күннің өзінде, Ц-ға таңба керек, себебі кирилде осы әріппен енген шетсөздердің саны тым көп, олардың барлығын игеріп жазсақ, оқырман үшін мәтінді қабылдау қиындап кетеді;
- Ц дыбысы қазақ тіліне жат емес, ол жазуда таңбаланбаса да, төл сөздерде (атса – [атца], қатса – [қатца]) айтылады, сондықтан оған арнайы таңба алса, шетсөздердегі Ц-ны айқын дыбыстау да, ерекшелеп жазу да қиындық тудырмайды;
- А, B, C деп басталатын дәстүрге сәйкес латын графикалы әліпбидегі алғашқы үш әріп қазақ әліпбиінде де міндетті түрде болу керек, ол үшін С әрпін Ц-ға арнайы таңба ретінде енгізу дұрыс;
- түрік, әзербайжан әліпбиінде, ортақ түрік әліпбиінде С таңбасы бар. Ортақ түрік әліпби әріптерін мейлінше толық қолдану керек;
- Ф, В, Х сияқты шеттілдік дыбыстарды таңбалауға әріп алғанда, Ц-ны алмаудың себебі жоқ.
Ц-ның таңбасы С әрпін әліпбиге енгізбеуді қолдаушылар уәжі:
- Ц дыбысы бар сөздерді игеріп жазу қолайлы, себебі сонда олар ұлттық емлемен жазылады да, қазақша дыбысталатын болады, сол арқылы қазіргі қосамжар орфографиялық ереженің біразы қысқарады, сауат ашушы бүлдіршіндер мен өзге тілділер үшін жазу ережелері жеңілдейді. Қазақ тілінде мұндай дыбыс болмағандықтан, кирилдегі жазарман Ц жазылатын сөзді жаттап алуға мәжбүр болатын еді, ал латында Ц-ның таңбаланбауы есебінен жазудағы тұрқын жаттап алатын мұндай сөздердің саны біраз азаяды. Олай болса, латында Ц-мен келетін сөздерді қалай жазған дұрыс?
Ц дыбысы бар орыс тілі арқылы енген шетсөздердің жазба мәтіндегі игерілген түрін ХХ ғасыр басындағы алаш зиялыларының еңбегінен көруге болады, бірақ ол кезеңде бұлардың барлығы дерлік алуан түрлі нұсқада жазылып жүрді, мысалы, ағраном/ағроном, ағұс/ағұст, адуакат/атбекет, аптамабіл/аптомобил, апрел/артель, апрел/әпрел/әпірел, айарыстат/айроплан/аэролит/аэроплан, багон/багөн, Баскал/Паскал, бәнке/банке, бәлшебек/болшебік, Германійе/Гермен (Әлихан Бөкейхан шығармаларының 12 томдық толық жинағы, Астана: «Сарыарқа», 2013 – Ә.Б.).
Дәл осылай Ц әрпімен келетін орыс сөздері де түрліше таңбаланды: глитсирин/ әпесер (Ә.Б.), демоныстырасыйа/екіспедетсійе (Шонанұлы Т. Бес томдық шығармалар жинағы. Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2015 – Т.Ш.), проексиа/пропортсійе/пропортсионал/сатсійалдық (Омарұлы Е. Үш томдық шығармалар жинағы. Астана: Алашорда, 2018 – Е.О.), әксие/дитси метір/ каператсйе/ констійтұтсійа/ реболүтсійа/ інтернатсійоналізм (Е.О.), сеқ/силсиградус (Е.О.), сипыр/сифыр (Ә.Б.), тысыклон-циклон/ Тысарсткое-Царское (Т.Ш.), лиственница (Ә.Б.).
Байқағанымыздай, кирил әліпбиі орыс орфографиясымен жазуға мәжбүрлеген кезеңге дейінгі аралықта орыс сөздерін жазба мәтінде игеру үдерісі алаш кезеңінде қарқынды жүрді, бірақ игеру стихиялы түрде өтті, бірнеше нұсқаның бірінің орнығуына тілтанымдық механизмдер анықталып, оның тілде нормалануына тарихи мүмкіндік жасалып үлгенген жоқ. Тек ауызша коммуникация арқылы игерілген сөздердің бір нұсқасы нормаға айналып, жазуда орынығып үлгерді: мысалы, станция – станса/стансы, церковь – шіркеу. Ал жазба коммуникацияда – мәтінде түрлі нұсқада таңбаланып жүрген орыс сөздері жазу арқылы түсінісуді қиындатқандықтан, оларды кирил әліпбиімен орысша бірүлгімен жазу туралы шешім көп қарсылыққа ұшыраған жоқ.
Сөйтіп, қазір орыс тілі арқылы енген сөздің барлығы сияқты Ц дыбыстылары да орыс орфографиясы бойынша жазылады (циркуль, цирк, абзац, кварц, трапеция, конституция). Тілімізде орыс емле ережесі бойынша жазылатын 14600-ға жуық жалпы мағынадағы шеттілдік сөздің ішінде 1 310 сөздің құрамында Ц дыбысы бар, яғни орысша жазылатын сөздердің 9 пайызында Ц әрпі кездеседі. Олардың 736-сы –ция қосымшалы сөз, бұл Ц әрпі бар барлық сөздің 56 пайызын құрайды. -ция қосымшалы сөздер орыс тіліне еуропа тілдерінен енген, бұлардың барлығы ағылшын тілінде -tion түрінде жазылады, [шын] түрінде дыбысталады: эмоция – emotion [ɪˈməʊʃ(ə)n], конституция – constitution [kɒnstɪˈtjuːʃ(ə)n], эволюция – evolution [ˌiːvəˈluːʃ(ə)n]. Қалған 40 пайызға жуық сөздегі орыстың Ц әрпінің орнына ағылшын тілінде С (си) әрпі жазылады, бірақ олардың барлығы да s [сы] түрінде дыбысталады: медицина – medicine [ˈmɛds(ə)n], акцент – accent [ˈæksent], ацетат – acetate [ˈasɪteɪt]. Орыс тілінде Ц-мен келетін сөздің бәрінде ағылшын тілінде С әрпі жазылады, алайда латынды қолданатын басқа тілдерде олай емес екені белгілі: мысалы полиция сөзі тіл-тілде polisen (швед.), polis (түрік, әзербайжан), polisiýa (түркімен), politiet (норвег), poliisi (фин), polizia (итальян), Polizei (неміс), politie (нидерланд) болып әртүрлі таңбаланады. Бұдан шығатын қорытынды: әр тіл ұлттық жазуы арқылы шетсөзді өз ыңғайына қарай икемдеп алады.
- Ц-ға арнайы таңба керек жоқ деп санайтын ғалымдар оның жиілігін де негізге алып отыр. Ц әрпі қазақ мәтінінде қандай жиілікте қолданылатынын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының филология ғылымдарының докторлары, профессор Асқар Жұбанов пен Айман Жаңабекованың жетекшілігімен әзірленген қазақ әріптерінің жиілік сөздігінен көруге болады (www.tbi.kz // «Қазақ графемаларының жиілік сөздігі», Алматы, 2018). Графемалардың жиілікті-әліпбилі сөздігінде 67 451 836 әріптен құралған қазақ мәтініндегі әрбір жеке әріптің жиілігі анықталды, сонда Ц әрпінің абсолютті жиілігі 81 165, яғни 70 миллиондай әріпқолданыстан құралған мәтінде Ц 81 165 рет кездескен, бұл барлық мәтіннің 0,12 пайызын құрайды. Аталған көрсеткіш қаншалықты аз не көп екенін түсіну үшін ең жиі кездесетін А әрпінің жиілігімен салыстыруға болады: А әрпі 67 451 836 әріптен құралған қазақ мәтінінде 8 630 862 рет қолданылған, бұл бүкіл мәтіннің 12,8 пайызын құрайды. Жиілігі аз әріптердің соңғы ондығын Ц әрпі бастап тұр, одан кейінгі жиілігі төмен әріптер: Ф, В, Э, Ь, Ю, Һ, Ъ, Ч, Щ, Ё. Байқасаңыз, Ц-дан кейін тұрған Ф мен В әрпінен басқасының жетілдірілген жобада таңбасы жоқ. Ал Ц-ның жиілігі Ф мен В-дан жоғары болуы оның -ция қосымшалы сөздердің есебінен екенін аңғару қиын емес. Бұл орыс тілінің тек өзіне ғана тән қосымша.
- Ц-ны таңбалаудың қажетсіздігі оның фонологиялық мәртебесімен де негізделіп отыр. Ц тіліміздің негізгі дыбысы (фонемасы) емес. Ц дыбысы Т дыбысынан кейін тұрған С-ның бір түрленімі ғана, яғни С дыбысының қоршауға тәуелді айтылатын реңкі, мысалы, /атсыз/ - <атсыз> - [атцыз], /хатсандық/ - <хатсандық> - [хатцандық]. Бірақ [жансыз], [сандық] сияқты қоршауға тәуелсіз жағдайда жиылыңқы жуысыңқы, қатаң, тіл ұшы-қызыл иек С дыбысы анық айтылады. Сондықтан атсыз, хатсандық сияқты сөздерде Т-ның алдындағы позицияда Ц айтылып, естілгенмен, жазуда негізгі дыбыс С таңбаланады, өйткені қоршауға тәуелді, дербес мағына ажыратпайтын дыбыс қазақ жазуының басты принципі – фонологиялық принцип бойынша жазуда таңбаланбайды, бұл принципке сәйкес жазуда тек фонемалар таңбаланады. Демек қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде Ц фонемасы жоқ;
- түрік, әзербайжан, өзбек, түркімен, қарақалпақ латын әліпбиінде Ц дыбысына арнайы таңба жоқ, себебі бұл тілдерде де ол сөз мағынасын ажыратпайды, дербес дыбыс – фонема емес. Сондықтан оларда орыс тілінде Ц-мен, ағалшын тілінде латынның С (си) әрпімен жазылатын шетсөздердің барлығы дерлік игеріліп негізінен S таңбасымен жазылады: түрік тілінде: sirk (цирк), kuvars (кварц), çimento (цемент), aseton (ацетон), gliserin (глицерин), kalsiyum (кальций), reseptörü (рецептор), monosit (моноцит), sitoplazma (цитоплазма) radyasyon (радиация); әзербайжан тілінде: sirk, kvars, sement, aseton, qliserin, kalsium, reseptor, monosit sitoplazma radiasiya. Біреулер ортақ түрік әліпбиінде С әрпі бар, сондықтан біздің де әліпбиде ол таңба болу керек дегенді айтады, алайда ол әріптің мазмұнына мән бермей жатады. Ортақ түрік әліпбиіндегі С әрпінің орыстың Ц дыбысына еш қатысы жоқ. С әрпі түрік, әзербайжан әліпбиінде олардың тілдерінің фонологиялық жүйесіне тән ұяң, дауыссыз аффрикат [дж] дыбысын (фонемасын) таңбалайды. Мысалы, түрік тілінде – сan [джан], cami [джами], inci [інджі], әзербайжан тілінде - məscid (мәсджид), satıcı (сатыджы), təcili (тәджили). Мұндай дыбыс қазақ тіліне тән емес.
Осы тұста Түркия ғалымдарымен 2020 жылдың 8 желтоқсанында болған кездесуде Стамбұл университеті ректорының кеңесшісі, тілтанушы ғалым Өзджан Табаклардың түрік тіліндегі С әрпінің қазіргі жастар арасында ағылшын тіліндегі мағынада қолданылуы жазба коммуникациясында қиындық тудырып отырған фактілері туралы ескертпесін еске сала кеткен жөн көрінді, мәселен, түрік тілінде клуб сөзі игерілген нұсқада kulüp деп жазылады, бірақ қазіргі ағылшынтілді жастар оны ағылшынша club түрінде жазуды сәнге айналдырып барады, мұны түрік оқырманы [джлуб] деп оқып, мағынасын түсінбей жатады. Ғалым болашақта осындай қиындыққа тап болмаудың жолын осы бастан ойластыру керек, төл дыбыстық жүйеде жоқ бөгде дыбысты өз таңбаларыңызбен бергенде жазу қиындамаса, бөгде әліпби әрпін алмаған дұрыс деген кеңес айтты.
- Ц өзі кездесетін барлық тілдерде жасалуы күрделі дыбыс, ол алдыңғысы Т, соңғысы С дыбысының жасалуына ұқсас тоғысыңқы және жуысыңқы екі артикуляциялық компоненттен құралады, тіл ғылымында мұндай дыбыстарды аффрикат дыбыс деп атайды. Аффрикат дыбыстардың күрделі құрамына қарап оларды екі дербес дыбыстың қосындысы, тіркесі деп тану қате. Аффрикат тұтас бір дыбыс, ол өз алдына мағына ажырататын дербес тілдік бірлік: мысалы, спица және спится сөздерінен орыс тіліндегі Ц сөз мағынасын ажырататын фонема екенін көруге болады.
Ал қазақ тілінде Ц тек Т-ның алдындағы С фонемасының дыбыстық түрленімі екенін алдында айттық. Олай болса, орыс тілінен енген Ц фонемасына қазақ әліпбиіне арнайы таңба алудың негізі бар ма? Арнайы таңба алмасақ, Ц дыбысымен келетін шетсөздерді қалай жазамыз деген мәселе туындайды. Оны шешу үшін Ц аффрикат дыбысының күрделі құрамына ұқсатып, ts әріптіркесімен транслитерациялап жазуға немесе орыс тілінен енген Ц дыбысты сөздердің ертеректегі игерілу тетіктеріне сүйеніп, S таңбасымен жазуға болады. Жалпы мағыналы сөздер мен жалқы мағыналы сөздердің жазудағы таңбалану принциптерінде ерешелік бар екенін ескеріп, Ц дыбысы бар шеттілдік кісі есімі мен жер-су атын транслитерациялау принципімен, мысалы, Tsehovoi, Tsarevitş, Tsaritsino ал жалпы мағыналы сөздегі Ц-ны S таңбасы арқылы беру ұтымды болмақ. Бұл, озық жазулардағыдай, ономастикалық атаулардағы құжаттық дәлдікті сақтауға мүмкіндік береді әрі сөзді игеру механизмін іске қосады. Мысалы, ағылшын, француз тілінде, қазақ тіліндегідей, Ц дыбысы жоқ, сондықтан олар орыс тілінен тілінен енген Ц дыбысы бар сөздерді ts әріп тіркесімен таңбалай береді: Царьград – Tsargrad, ts әріп тіркесін орыстың қатаң аффрикат Ц дыбысына мүлде ұқсамайтын жалаң ұяң дыбыспен айтады.
- өзге тілге тән дыбыс таңбасы Ф, В әріптерін алғанда, Ц-ны неге «шеттетеміз» деген пікір жиі айтылады. Біріншіден, Ц дыбысы қазақ тілінде ғана емес, көп тілдерде жоқ, ал Ф мен В тек орыс тілінде емес, басқа да көптеген шет тілінде бар. Екіншіден, Ф, В әріптері таңбалап тұрған дыбыс пен Ц әрпі таңбалайтын дыбыстың арасындағы айырмашылық осы дыбысы бар сөздердің игеріліп жазылған графикалық тұрқының көзшалымға жеңіл, жазудағы кескінінің мәтін ішінде танымал болу деңгейімен өлшенеді. Мысалы, Ф дыбысының таңбасын әліпбиге алмай, оны П немесе Б түрінде игеру тетігі бойынша жазып, футболды putbol/butbol (путбол/бутбол), федерацияны pederasіa/bederasіa (педерация/бедерация), факультетті pakültet/bakültet (пакультет/бакультет), фотонды poton/boton (потон/ботон), фарфорды pаrpor/bаrbor (парпор/барбор), фосфорды pospor/bosbor (поспор/босбор), файлды pail/bail (пайл/байл), фитнесті pitnes/bitnes (питнес/битнес) түрінде таңбаласа, бұлардың тұрқы мәтінде танылмай кетеді. Сонымен бірге Ф дыбысымен енген араб, парсы сөздерін түгелдей П-мен таңбалау қазіргі күні мүмкін емес, бүгінгі жазарман қауым Фарабиді Параби, Фзулиді Пзули, Фатиханы Патиха деп жазуды қабылдамайтыны анық. Сол сияқты В-мен келетін сөздерді де игеріп, У-мен вакуум – uakum (уакуум), валидол – ualіdol (уалидол), немесе Б-мен конвертер – konberter (конбертер), валидатор – balіdator (балидатор) деп жазса, бұл оқуды қиындатады. Бұлар көзшалымға бірден түсінікті бола кетпейді. Демек, Ф мен В игеруге қиын әріптер, сондықтан әліпби құрамына алынды. Ал Ц тек орыс сөздерінде кездесетін себепті игеруге ыңғайлы дыбыс. Бұл аффрикат дыбыстың күрделі құрамындағы соңғы элементінің, яғни S-ның таңбасын алып жазса, шетсөздер мәтін ішінде танылады, оның тұрқы көзшалымға ауыр тимейді, сөйтіп, қазақ тілінде игерілген сөз саны да артады, әрі бұл сөздер түркі тілдерінде де осылай жазылады, сөйтіп ортақтүркілік терминдер қалыптастыруға бір мүмкіндік жасалады. Бұған көз жеткізу үшін, жетілдірілген әліпби жобасымен жазып, қарап көрелік.
Мысалдар жеңіл танылып тұр, графикалық кескіні оқырманды ойландырмайды, түпнұсқа тілдегі тұрқынан ерекше алшақтаған жоқ, дыбысталуы да ұқсас. Сонымен бірге дыбысталуы тіліміздің айтылу нормасына да үйлеседі. Сонда латын әліпбиімен сауат ашқан ұрпақ Ц-мен келетін сөздің бәрін қазақша жазып қана қоймай, қазақша дыбыстайтын да болады.
- Ц дыбысының әрпіне латынның С таңбасын алудың тағы бір қолайсыздығын профессор Құралай Күдеринова былай көрсетеді: «С әрпінің атауы қандай болады? Мысалы, біздегі дауыссыз дыбыс әріптерінің атауы өзінен кейін қысаң езулікті қосып жасалады: /Q/ әрпі [қы], /S/ әрпі [сы], кейде қысаң езулік алдынан қосылып, мысалы, /R/ әрпі [ыр], /L/ әрпі [ыл] деп аталады. Ал латынның С әрпін әліпбиге алатын болсақ, оны не деп атаймыз? Мүмкін нұсқалар – [цы], [си], [сы], қайсысымен атаймыз? Бұлардың ешқайсысы да біздің әліпби жүйесіне сәйкеспейді, себебі [си] деуге болмайды, бұл ағылшын тіліндегі атауы, [цы] да біздікі емес, орыс тіліндегі әріп аты, ең дұрысы [сы] болар еді, бірақ ол біздегі S әрпінің атымен бірдей ғой. Сонда S-мен бірдей аталатын тағы бір әріптің әліпбиге керегі қанша? Мұны қазіргі орыс сөздерінің жазылуын ойлап қана керек деп отырмыз, басқаша айтқанда өз басымызды ғана ойлап отырмыз. Ал әліпби болашақты ойлап құрылу керек. Осы кезге дейін Ц-мен жазып жүрген сөздердің айтылуын сақтауды ойлап, болашақта бұл әріптің қызметі әлсірейтінін ескермей отырмыз. Алдағы уақытта сөздерді орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы емес, роман-герман тілдерінен тіке алатын боламыз, сонда ондағы C әрпімен келетін сөздерді қалай таңбалаймыз деген мәселе даулы болайын деп тұр, өйткені біз әліпбиіміздегі латынның /S/ немесе /С/ екі әрпінің бірін таңдауымыз керек болады. Мұндай таңдауға жолығып, біздің ойланатынымыздың себебі ол кезде санамыздан орыс тілінің Ц деген әрпінің жоғалатынымен байланысты, бұл әріп кирилде қалады емес пе? Мысалы, медицина сөзін бұрын естімеген болып елестетейікші. Медицина деген сөз ағылшын тілі арқылы жаңадан енді делік, ал бұл сөз ағылшын тілінде [ˈmɛds(ə)n] болып қазақтың sana, sen сияқты сөздердегі бастапқы S дыбысы арқылы дыбысталады, ал жазуында латынның С әрпімен беріледі. Егер біз қазір әліпбиге С әрпін алған болсақ, онда бұл ағылшын сөзін соңындағы дыбысталмайтын Е әрпімен, яғни ағылшын тілінің емлесімен medicine деп толық жазуымызға тура келеді, өйткені С әрпін алып тұрып, сөздің графикалық образын шала бере алмаймыз, Е-ні де жазып толық аламыз. Ал бұл өз кезегінде қазақ жазуының енді орыс орфографиясымен емес, ағылшын орфографиясымен қосамжарлығына әкеп соғады. Ағылшын тілінің экспанциясына ұшырамауымызға кепіл бар ма?» (автордың 13.03.2020 жылғы Орфографиялық жұмыс тобының кеңейтілген отырысына жолдаған аудиожазбасы).
Сонымен, қорыта айтатын болсақ, кирилшеден Ц әрпімен таңабаланып енген сөздер бірыңғай S әрпімен жазылады. Ал ағылшынның С әрпін ұлттық әліпби құрамына алмай-ақ, оны пернетақтаға орнату арқылы дәйексөз принципімен (цитаттық) жазылатын сөздерді таңбалауға қолдануға болады. Сөйтіп, С әрпі Ww мен Xх сияқты ұлттық әліпби құрамына алынбайды, бірақ пернетақтада түймешесі болады. Бұл мәселенің ғылыми негізі кез келген дыбыстық-әріптік жазуда әліпби, графика және орфографияның болатынымен байланысты. Егер әліпби белгілі бір ретпен орналасқан әріптер жүйесі болса, графика осы әріптердің дыбыстық мазмұнын немесе өзара тіркескен бірнеше әріптің транслитерациялық мазмұнын көрсетеді, ал орфография сөздердің жазу нормасына сәйкес таңбалануын реттейді. Сонда аталған таңбалардың қазақ жазуындағы қолданысын әліпби мен графика емес, орфография реттеп, регламенттейді.
Анар Мұратқызы Фазылжан
Abai.kz