Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4138 2 пікір 8 Сәуір, 2020 сағат 17:07

Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейген

Қазір қытай вирусы әлемнің 200-ден аса еліне тарап, ұзын-ырғасы 1,5 миллионға жуық адам індет жұқтырған. 83 мыңнан аса адам көз жұмды. Елімізде вирус жұқтырғандар саны 700-ден асып жығылды. Осыған байланысты ел аумағында карантин жарияланғаны белгілі. Карантин режимі бізде ғана емес, қауіпті вирус күн сайын күш алып келе жатқан өзге мемлекеттерде де енгізілді.

Ал өткенде Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антаниу Гутерриш мәлімдеме жасапты. Сөйтіп, төтенше карантин кезінде дүниежүзінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбейгенін айтыпты. Бұл әлемдегі жағдай.

«Соңғы аптада экономикалық және әлеуметтік қысым мен үрей күшейген кезде, біз отбасылық зорлық-зомбылықтың куәсі болып отырмыз», - деді Гутерриш. Оның айтуынша, әлемнің бірқатар елінде сақтық шарасы ретінде карантин режимі жарияланған. Дәл осы карантин басталғалы бері отбасылық кикілжің, дау-жанжалға тап болып, көмек сұраған әйелдер саны артқан екен.

БҰҰ басшысының бұл сөзін қазақстандық мамандар да растап отыр. Олардың айтуынша, карантин енгізілген уақыттан бері үй ішінде моральдық және физикалық қорлыққа ұшырап хабарласатын әйелдердің саны 2-3 есеге артқан. Бұл Қазақстандағы жағдай.

Осыған байланысты біз Алматы қаласындағы «Тұрмыстық зорлық - зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына» хабарластық. Қазіргі уақта аталмыш орталықты 17 әйел, 20 бала паналап жатыр екен.

Салтанат Маусеитова, дағдарыс орталығының маманы, психолог:

- Алматы қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы карантин басталғаннан бері 15 адамды қабылдады. Оның 5-еуі әйел адам және 10-ы бала. 

Хабарласушылардың саны қазіргі кезде көбеюде. Біз оларға телефон арқылы заңгердің және психологтың кеңесін береміз. Егер орталыққа келген адамдардың баратын жерлері жоқ болса, біз оларды басқа ғимаратта 10-14 күн карантинде ұстап, одан кейін қабылдаймыз. Қазір карантинде бір әйел үш айлық баласымен жатыр. Қалған әйел адамдарды орталығымызға көшіріп алдық.

Карантин басталғаннан бері біздің орталықтың көмегіне жүгінетіндердің саны 2,5-3 есеге артты. 

Бізге тек қана тұрмыстық зорлық - зомбылық құрбандары келеді. Олар өздеріне жәбір көрсеткен адамдарының үстінен полицияға арыз түсіреді. Сол арыз түсіру арқылы ғана біздің орталыққа келе алады. Яғни, полиция міндетті түрде идентификация жасауы керек. Біз полицияның нұсқауы бойынша ғана қабылдаймыз.

Біз орталықта бірнеше бағыт бойынша арнайы әлеуметтік көмек көрсетеміз. Ол: медициналық, психологиялық, заңгерлік, тұрмыстық, мәдени, педагогикалық және еңбек арқылы. Яғни, бізге келген әйел орталықта жарты жылға дейін тұруға мүмкіндігі бар. Ол адамның жарты жылдағы тамағын, киімін, жүріс-тұрысының барлығын мемлекет қамтамасыз етеді. Егер жарты жыл ішінде ол кісі ажырасамын деп жатса, орталықтағы заңгерлердің көмегіне жүгіне алады. Заңгерлер құқықтық көмек берумен қатар, сотқа барғанда ол кісілердің мүдделерін қорғайды.

Сонымен қатар, бізге келген адамдарға психологтар көмектеседі. Олар тек ересектермен ғана емес, балалармен де жұмыс істейді. Ал, педагогтар сабақ оқуға көмектеседі. Айта кетерлігі, орталықтың жанындағы екі мектеппен келісім бар. Сол меморандум арқылы бізге келген әйелдердің балалары оқу процесін үзбей, сол жерде оқуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, әлеуметтік педагогтар барлық төлемдеріне, алимент жағдайларына, басқа да мәселесінен арылуға көмектеседі.

Сосын, бізге келген адамдар қол-аяқтары сынып келуі мүмкін немесе көп жылдан бері үйден шықпағаннан кейін, созылмалы аурулары болуы мүмкін. Ондай жағдайда арнайы дәрігерлер жұмыс істейді.

Әрине, бізге көбінесе күйеулерінен зәбір көрген әйелдер келеді. Бірақ, бізде қазір 70-тен асқан апа бар. Ол өзінің ұлынан жәбір көрген. Жас қыздар да бар. Бізге 10 күн бұрын қыз келіп түсті. Ол ата-анасынан жәбір көрген. Тұрмыста болмаған, екі баласы бар. Үйде әке-шешесі ұрсады, ұрады екен.  

Егер өзінің отбасына қайтамын деп жатса, біз оған қарсылық көрсетпейміз. Әрине, оның отбасы сақталып қалғанына қуанамыз. Бірақ, біздің орталықтың статистикасына сәйкес, 2017 жылдан бастап 30 пайыз әйел өз отбасына қайтып бараыпты. Алайда, сол 30 пайыздың ішінде 12 проценті біздің орталыққа қайтып келген. Яғни, жағдай тағы қайталанады.

Бұл жердегі басты мәселе - біз жәбір көруші адамға көмек көрсетеміз. Бірақ, жәбір көрсетуші адаммен ешкім жұмыс істемейді. Сондықтан осы жағдайлар қайталанады. Егер, біздің мемлекетімізде сондай агрессорлармен жұмыс істелетін болса, тұрмыстық зорлық-зомбылық та, ажырасу да, балалардың әкесіз өсуі де азаятын еді. 

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625