Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5395 0 пікір 17 Қазан, 2011 сағат 02:22

Мырзагелді Кемел. Шәкәрім жолы

Шәкәрімнің өзінің: «Біреудің жайын сынамақ бұрын, оның өмір сүрген ортасына, өміріне байыппен көз жібер, жағада қайық күтіп тұрып, қайық келмес бұрын жүкті арқалап тұрған жолаушыға ұқсама. ...Мені білу үшін, мен мінген қайыққа мін, сонда ғана өмір жайымды түгел ұғасың, сүйінішім мен күйінішімді, күйзелісімді түсінесің, сонда ғана анық танырсың кімдігімді...» деген сөзін тектен-текке кітапқа эпиграф етіп алмағанбыз. Шәкәрімнің тұлғасын, табиғатын, ой-ниетін, ғалымдығын, философтығын зерделеу үшін ол өмір сүрген заман шындығын білуге тырысу керек. Оны білгенде де сол кездегі замана ағымын, оның ішкі иірімдерін, бодан етіп отырған елдің қазаққа жасаған тыйым-талабын, қиянатын сезіну керек. Қазіргі заман да нақ солай, ешбір саясатқа бағындырмай, одан ада, бүкпесіз зерделеуге түсуі тиіс. Ол кездегі ақпарат жұтаңдығы мен бүгінгі ақпарат тасқынының молдығы да естен шықпауы тиіс.

Шәкәрімнің өзінің: «Біреудің жайын сынамақ бұрын, оның өмір сүрген ортасына, өміріне байыппен көз жібер, жағада қайық күтіп тұрып, қайық келмес бұрын жүкті арқалап тұрған жолаушыға ұқсама. ...Мені білу үшін, мен мінген қайыққа мін, сонда ғана өмір жайымды түгел ұғасың, сүйінішім мен күйінішімді, күйзелісімді түсінесің, сонда ғана анық танырсың кімдігімді...» деген сөзін тектен-текке кітапқа эпиграф етіп алмағанбыз. Шәкәрімнің тұлғасын, табиғатын, ой-ниетін, ғалымдығын, философтығын зерделеу үшін ол өмір сүрген заман шындығын білуге тырысу керек. Оны білгенде де сол кездегі замана ағымын, оның ішкі иірімдерін, бодан етіп отырған елдің қазаққа жасаған тыйым-талабын, қиянатын сезіну керек. Қазіргі заман да нақ солай, ешбір саясатқа бағындырмай, одан ада, бүкпесіз зерделеуге түсуі тиіс. Ол кездегі ақпарат жұтаңдығы мен бүгінгі ақпарат тасқынының молдығы да естен шықпауы тиіс.

Шәкәрімнің кезінде (онда да өткен ғасыр басынан бастап қана) қазақ тілінде бірер журнал шыққанын, кітап басуда Омбы, Қазан, сол кездегі Ресейдің астанасы Санкт-Петербургте ғана аздаған мүмкіндік болғанын есте тұту абзал. Сол кезден бір ғана мысал айтсақ, Абай өлгеннен соң-ақ оның жазғандарын кітап етіп шығаруға тырысқан зиялы азаматтар оған бір жыл дайындалған, екі рет тексеріліп, Әлихан Бөкейхановтың редакциялауынан өткен. Кітапқа енбек шығармаларды түзеткеннен кейін оны көшіріп жазудың өзі бір азап, жаза білетін жалғыз ғана Мүрсейіт. Мүрсейіт болмағанда Абайдың дана сөздерінің өзі уақыт өте келе көміліп, жарым-жартылай болса да ұмытылып, тарих қойнауында қалып қоюы да мүмкін екен. Кітап шығармақ жоспары тек 1909 жылы ғана, жоғарыдағы аталған қалалардың бәріне барып жүріп зорға жүзеге асырылған. Соның өзінде кітап бастыру үшін апарған 200 сомы кітапты толық бастыруға жетпей қалып, Абайдың қара сөзбен жазған «Ғақлиясын» тұтасымен алып тастауға мәжбүр болған. «Ғақлияның» бірінші кітапқа енбей қалуы осы күнге дейін Абайдың атын күндеушілердің сөзіне себеп болуда.

Ақпарат дегенде, оның тереңіне үңіліп қарасақ, әуел баста ештеңе болмаған, содан кейін сөз болған, артынан жазу пайда болды, кейін кітап басып шығаруды ойлап тапты, одан дыбыс пен көзбен көру арқылы (радио, магнитофон, теледидар және бейнетаспа) түйсіну болды. Енді сұхбаттасудың жаңа кезеңі - интернет-жүйеге көше бастадық.

Жазуды феодалдар ұстанды, капиталистер кітап пен бастапқы электрондық ақпарат құралдарына сенді. Қазіргі ақпараттың ішіндегі ең болашағы бары - бүкіләлемдік шырмауық деп аталатын интернет жүйесі. Ол бүгінде шынымен-ақ бүкіл әлемді шырмап алған. Не іздесең барлығын табасың. Оның 67 пайызы ағылшын тілінде. Ағылшыншасын қарауға білімі жететіндер бізде аз. Орыс тілінде бар болғаны 3 пайыздың төңірегінде. Соның өзінде - теңіздей мол, қарап тауысу мүмкін емес. Керек нәрсеңді әп-сәтте тауып аласың. Кемшілігі - қазақ ұлтына, оның тарихына, тіліне, діліне, дәстүріне, кісілік бет-бейнесіне қатысты мәліметтер аз, тіптен жоқтың қасы. Бұл орайда жетіле алмай жатқанымыз рас.

Барлығын біздің алған ақпаратымыздың көлемі, шыншылдығы, біздің қабылдау қабілетіміз шешеді.

Үшінші дүниежүзілік соғыс біткеннен ондаған жылдар өткен соң Азияның ит тұмсығы батпайтын қалың орманының ішінде адасып жүрген жапон солдаты табылған. Оған берілген әскери тапсырма тоқтатылып не өзгертілмеген соң, солдат байқұс жалғыз жүріп әскери тапсырманы орындауды жалғастыра беріпті. Сол тапсырманы орындау жолында көп жыл көзден таса жүре берген. Онысын Отанға берілгендік деуге де болар, бірақ ел бар жерден қашқақтағанның нәтижесінде соғыс бітіп, бейбітшілік орнағанын да білмей қалғандығы деуге жақынырақ.

Бұл сарбазға күлуге де болмайды. Оның ақпараты болмаған ғой. Бізде де кейде солай болып жатады. Кейде керісінше ақпараттың молдығы мен әр түрлілігінен, олардың бірін бірі жоққа шығаратын кереғарлығынан қайсысына сенерімізді білмей қиналамыз. Біз өзіміз білетін ақпарат төңірегінде ғана ой толғап, шешім қабылдай аламыз. Біз өзіміздің кішкене ғана әлеміміздің ішінен шыға алмаймыз. Сондықтан біз де жапон солдатының кебін киетін кезіміз көп.

Біз өзіміз ойымызда жасап алған әлемімізде өмір сүреміз, оның өзін өзімізге бейімдеп, ықшамдап құрастырып аламыз. Сол өзіміз құрап алған әлеміміз бізге әлемнің қандай екенін көрсететіндей ойда боламыз. Біз ойдан құраған, қиялымыз жеткен шектің аумағында ойлай және сезіне аламыз. Жағдай күрделенген сайын біз болжам жасай бастаймыз, сөйте-сөйте ақиқатты өзіміздің қалауымызға қарай бейімдегіміз келеді.

Тіл бізді жануардан өзгешелеп тұр. Тіл арқылы қоғамдастықтың барлық мүшелеріне ақпарат тарайды. Аңшылар мен өсімдік жинаушылар қай өсімдікті жеуге болады, қай жануардың қандай мүшесін қандай тәсілдермен жеуге әзірлеу керек - сондай ақпараттарды таратып отырды. Бұл ақпараттар біртіндеп барынша көп адамдарды қамтыды, ұрпақтан ұрпаққа жалғасты. Жұрт өзгелердің қателіктерінен қорытынды шығаруды, біреулердің озық тәжірибесін қабылдап, үлгі алуды үйренді. Осылай адамзат баласында зерде пайда болды, ол білімді жетілдіре түсуге итермеледі. Дегенмен ауызша таратылған сөздің мүмкіндігі шектеулі еді, ол ақпарат таралу барысында бұрмаланатын әрі көп ақпаратты есте сақтаудың мүмкіндігі аз еді.

Жазу пайда болған кезде оны жай адамның да пайдалана алуы мүмкін-ау деген ой ешкімнің қиялына кіріп-шықпаған. Жазба тіл бастапқыда адамдарды одан әрі құл ете түсу үшін пайдаланылған, оны француз антропрологы Клод Леви-Стросстың зерттеулері көрсетті.

Жазба тіл жаңа енген кезде де бүгінгі интернет арқылы бір-бірінің дидарын көріп отырып сөйлесу секілді керемет көрінген. Жазба тілді үйреткен Египет құдайы Тот бар сиқырдың құдайындай танылды. Жазу мен оқу әлемді және ол туралы ұғымды өзгертті. Жазба тіл пайда болғаннан бері империя түсінігі пайда болды. Өйткені бағындыру жеңілдеді, ұзақ қашықтықтарға және көп тараптарға бір мезгілде ақпарат, нұсқаулар, бұйрық жіберу мүмкін болды. Ол рулардан құралған, не болмаса әр қалалардағы жеке-жеке кішігірім мемлекеттерді ыдыратты. Билік бұрынғыдан бетер орталықтандырыла бастады, сөйтіп жеке билік салтанат құрды. Бағындыру жеңілдегендіктен билікке құмарлық артты. Билікке ие болғандардың ықпалы мен табысы еселеп өсті. Бара-бара өкімет басындағылар шексіз байлықты иелену мүмкіндігіне қол жеткізді.

Рим империясының ыдырауына папирус өндірісінің төмендеуі себеп болды деушілер бар. Иоганн Гутенберг баспа станогын ойлап тапқан он бесінші ғасырдың ортасы ақпараттың жаңа дәуірге жетелеген төңкерісі ретінде танылды (Он бесінші ғасырдың ортасында баспа өндірісі басталған кездері қазақ мемлекеттілігі жаңа пайда болған еді. Біздің ғаламдық деңгейдегі орнымызды осыдан-ақ бағамдай беруге болады). Баспа станогы адамзат қоғамының дамуының, индустрияланудың, тіпті жаһанданудың маңызды алғышарты болды. Сол кездерден бастап бұрынғы аксиома саналып келген нәрселердің бәрінің көбесі сөгілді.

Баспа станогы арқылы кәсіпкерлер заттарын өздерінің қиялына да келмеген көлемде шығаруға және қиналыссыз сатуға мүмкіндік алды.

Қазақтардың меймандостығы жайында ойлана келіп мен өзім үшін мынадай жаңалық аштым: қазақтар әр жерде жеке-жеке немесе аз ғана үй болып отырғанда, ауыл мен ауылдың арасы алшақ болған ілгергі заманда ақпарат беруші тек қана сырттан келетін адамдар болған. Сондықтан қазақ оларды құдайындай күтіп, жақсылап тамақтандырып, қонақ еткен, сөйтіп қазақтың меймандостық мінезі қалыптасқан ба екен деп топшыладым. Бұл оймен келіспеушілер де болар, дегенмен қазақтың меймандостығына жаңа ақпарат әкелушілерді зарығып күту де әсер ету мүмкіндігі қисынсыз емес.

Баспа машинасы арқылы Библияның таралуы әркімнің Құдай сөзін өзінше талдауына мүмкіндік берді. Бүгінгі интернет жүйесі - адамның өз санасы жеткен деңгейінде таңдау мүмкіндігін береді.

Сонымен, бүгінде ақпарат көп, кітап, газет, журнал, теледидарды қоспағанда интернет аталатын жаңа ақпарат көзі басымдық алды. Шәкәрімнің үлгі алар Абайдан басқа, қолына түскен азын-аулақ кітаптар мен сөздіктер болмаса, ешкімі болмаған. Тіпті сөзіңді түсінер, оны мақұлдар немесе қарсы уәж айтар ешкім жоқ. Оны 1931 жылы Шәкәрімнің Сәбит Мұқановқа жазған хатынан да көреміз. Қазір ше? Теледидардағы кейбір оқиғаның өзі адамды қанша ойларға жетелеп, жазам дегендерге сюжет тауып береді.

Шәкәрімде ақпарат мол болып, көнеден келе жатқан даналарды бүгінгілерше оқып-білуге мүмкіндігі болмаған.

Шәкәрім Эсхилді оқи алмаған болса керек. Ол адамзат жаратылғалы бергі бірінші драматург. Эсхилге дейінгі театр монологтан, яғни бір ғана адам қатысатын спектакльден тұрған. Эсхил артистер санын екеу, кейін одан да көбірек етті. Ол кездегі театр бүгінгідей ыңғайлы, дыбысты залдың кез-келген бұрышына жеткізуге болатын, жайлы креслолы болмаған. Гректер артистердің орындауларын тас скамейкада отырып көрген. Эсхилдің «Орестея» деген пьесасы 9 сағат жүрген. Ондай болса бүгінде спектакль соңына дейін бір де көрермен қалмас еді. Ол кезде құлдар мен әйелдерден басқа ер кісілерді спектакльдерді көруге міндеттеп қойған.  Алдыңғы топ еркектерден кем саналғандықтан оларға театрға баруға тыйым болған. Спектакльдер тек мереке күндері ғана қойылған, ол күндері барлық жұмыс тоқтатылған, қолөнершілер де, соттар да өз жұмысын тоқтатқан. Соншалықты көп көрерменге бет мимикасын көрсете алмайтын болған соң актер маска пайдаланған, күлу керек жерде күліп тұрған, ашу шақырған жерде соған лайық маска киген. Барлық көрерменге жететіндей болуы үшін артистерге дауысы зор адамдар таңдалған. Спектакльдердегі әйелдердің ролін де ерлер орындаған. Бір күнде бірнеше спектакль де ойнатыла берген, әуелі трагедия қойылса, артынан комедия қойылған.

«Орестеяның» мазмұны мынадай: бас қаһарман Орест өзінің әкесі Агамемнонды өлтірген анасы Клитемнестрадан өш алмақ болады. Әкесін өлтіруге анасының көңілдесі Эгисф жәрдем берген. Аполлон құдай Оресттің анасын өлтіруін мақұлдайды да, жігіт анасын өлтіреді. Өш алу құдайы Эриния Орестті өлтірмекке соңына түседі. Орест ұсталып сотқа тартылады. Сотта дауыс екіге бөлінеді де айыпты ақталады. Содан бері Афинада сот даусы екіге бөлінсе, айыпты ақталатын болыпты. Кейбір қасіретті көрермен Эриния Орестті ұстап, өзі жазаласа екен деп, соны көруге барады екен.

Пьеса идеясы - Орест анасын өлтіруші ме, жоқ, әкесін өлтіргеннен өш алушы ма, оны шешу әр көрерменнің өзіне қалдырылған. Финалда саналылық жеңеді. Сонымен бірге, пьесада өлімді өліммен қайтару қашан да болса, бір үзілуі тиіс деген тиянақты да маңызды ой бар. Қиянатқа қиянатпен жауап беріп жүргенде, өмір ағызып өте шығады, мағыналы өмір сүрмек болсаң өшпенділікті қой, екі жаққа да тиімді бір жолын тап деген Шәкәрім идеясы бағзы заманғы пьесадан да көрініп тұр.

Шәкәрім Конфуцийді де оқи алған жоқ шығар. Конфуций - Кұң-фу-цзы қытайша - ұстаз деген мағынаны білдіреді. Конфуцийшілдік қытай философиясындағы арналы бағыт. Аңыз бойынша, Конфуцийдің үш мың шәкірті болған. «Көктем мен күз» (Чуньшо) жылнамасын жүйелеп, «Тарих кітабын», «Өлеңдер кітабын» дайындаған. Конфуцийдің терең танымдық көзқарасы «Сұхбат пен сыр» (Лунь юй) атты шәкірттері жинақтаған еңбекте көрініс тапқан. Оның этикалық ілімі кеңінен танымал болды. Онда «жэнь» (гуманизм) ерекше орын алды. Ол - үлкенді сыйлау, ата-анаға құрмет, аруақтарға бас ию, т.б. адамдық қасиеттерге негізделген. Конфуцийдің «Өзіңе не тілемесең, басқаға да соны тілеме» деген ойы философия тарихында «адамгершіліктің алтын ережесі» деп аталды.

Шәкәрім Луций Анней Сенеканың шығармаларымен де таныс болмаған секілді. Олай дейтініміз көне философтардың ішінде даналығы жағынан әрі ақын, әрі көсемсөзші, әрі философ, әрі билік ішіндегі тұлға ретінде Шәкәрімге ең жақын келетіні Сенека еді, бірақ Шәкәрім шығармашылығынан Сенеканың ізі де байқалмайды. Әрине бұл салалардың қай-қайсысында да Сенеканың ауқымы кеңірек болатын.

Шәкәрім Шекспирді де оқымаған болар. Оны оқыса, ақпараты аз адамның еліктегіш болатыны секілденіп, шығармаларының кейбірінде оған ұқсастық кездесіп қалуы да кәдік еді. Шәкәрімге дейін қазақтарда драматургия да болмаған. Оның басын Шәкәрімнің «Жолсыз жазасының» негізінде Мұқтар Әуезов бастаған «Еңлік-Кебек» драмасы бастаған. Әуезовтегі жаңалыққа құштарлық ол пьесаны жаздырып қана қоймай, өз туыстарын жинап, театр құрып, соларға рольдерді бөліп беріп, өзінше спектакль жасап, қазақтағы алғаш театр өнерінің жолын ашқан. Оған дейінгі қазақтағы массалық өнер көріністері - жар-жар айту мен айтыс, зікір салу болса керек.

Біздің дәуір романтикамен қоштасу дәуірі. Романтика кітапта, ауызекі сұхбатта, театрда болатын. Қазір ол азайды, жоққа айналды. Теледидар оларды өлтіріп жатыр. Кино көріп отырғанда ойлануға уақыт жоқ, сөздердің бірін аңдып қалсаң, есіңе сақтап қала алмай қиналасың, бірінен соң бірі жалт етіп өтіп кетеді. Киномен жарысамын деп әдебиет те, театр да көруге қызықты, әсерлі көріністерді қуып барады.

Шәкәрім философиясы өмірдің өзінен туған, көзі көріп, қолымен ұстаған нәрселерден ой түйгеннен туындаған өмір философиясы, дала философиясы. Ол:

Алланың адамды жаратқандағы қандай мақсұт қойды?

Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

Адам өлген соң рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

Ең жақсы адам не қылған кісі?

Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? - деген сұрақтар қойып, Алашқа арнау жолдағанда, алдымен өз түсінігінің дұрыс-бұрыстығын біліп алмақ болған, жазған сөзін, алған бағытын өзгелермен салыстырмақ болған. Бірақ ол кездегі қазақ қоғамы мұндай сауалға әзір болмай шықты. Оқығандары, бәлкім, Шәкәрім сөзін онша менсініңкіремеді, ал жай қазаққа ол түсініксіз әрі керексіз еді.

Шығармаларымен, сөздерімен Шәкәрім таныс болғандарды өз сөздеріне қарап теріп алсақ, олар: өзімізден Әнет баба, Шығыстан Хафиз, Физули, Әбунәсір әл-Фараби, ибн Сина, Хиуа ханы Әбілғазы Баһадүр, Исмаил бей Гаспарлы, орыстан Пушкин, Толстой, Батыстан Шопенгауэр, Огюст Конт. Ал ұлы Ахат бұларға тағы да біраз шығыстық даналарды қоса айтады, бірақ олар Шәкәрім сөздерінде жоқ: Асан, Бұқар, Марабай, Марқасқа, Өтеген, Үмбетбай, Абылай хан, Қазыбек би, Әбілқайыр хан, Қорқыт, Жүсіп Баласағұн, әл-Табари, Ибн аль Асир, Ибн Халдун, Ұлықбек, Низами, Науаи, Жәми, әл Ғазали, Фирдоуси, Әбу Хасан Рудаки, Шыңғыс хан, Әмір Темір, қытайдан Юань-Чао-Ши, Лермонтов, Некрасов, Гоголь, Салтыков-Щедрин, Радлов, Аристов, Березин, Левшин, Спасский, Маевский, Пифагор, Сократ, Платон, Аристотель, Томас Мор, Уильям Шекспир, Джон Донн, Вальтер Скотт, Байрон, Ф.Бэкон, Томас Гоббс, Дж.Локк, Д.Стюарт, Виктор Гюго, Жан-Жак Руссо, Гомер. Бұларды Шәкәрім оқыды ма, оқымады ма, оқыса еңбектерінде неге пайдаланбады, пайдаланған болса, олардағы өз сөзі бізге жетпей жоғалып кетті ме, әйтеуір қазірге дейін кездеспегендіктен «анығын Алла білер» деуден басқа ештеңе айта алмаймыз.

Шәкәрім Шығыстың ұлы шайыры Омар Хайямды оқыған-оқымағанын білмейміз, бірақ оның шарапқа қатысты рубаиларынан Шәкәрім ойларымен үндестік көрінеді. Хайямның шарап жайлы өлеңдерінің шын мағынасын бұрмалап, оны бірыңғай ішімдікке, жеңіл өмірге арналған деп ұғындыру біз кітап танығалы белең алған идеология болды. Ол, кезінде - Шығыстан жарытымды ақын шықпаған деу үшін, сөйтіп өз басымдығын көрсету үшін, өз пайдасына жарату үшін қажет болған сияқты.

Шараппен жуыңдар мен өлген күні,

Жоқтаңдар шарапты айтып, көмген күні.

Орнынан шарапхана мені іздеңдер,

Дүрілдеп ақырзаман келген күні.

Бұл жерде шарап - Алланың нұры, шарап толы кесе - жүрек. Яғни, Алланың нұрына бөленген жүрек. Оны қалау, оны тұтыну, оған мас болу - Аллаға асықтықтан рухани нәр алу, ләззат кешу. Ал, «жар» деген сөз парсыша «дос» деген сөзді білдіреді. Шәкәрімде де кездесетін «Менің жарым қыз емес, Хақиқаттың шын нұры» деген сөздеріндегі «шарап», «жар» сөздерінің шын мағынасын тану арқылы ақынның ұлы шайыр Хайямның да табиғатымен үйлесім тапқанын көреміз.

Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ «таза адам» дегенде дені-басын таза ұстап, таза тәбетте болатын адамды ғана айтпайды, жан-жүрегі таза, адал, бойынан жылылық пен мейірім есіп тұратын жаны таза адамды айтады» деген ұлағатты сөзі бар. Шәкәрім нақ соның өзі... Ол өзін таза жолмен жүруге тәрбиелеп қана қоймай, өзгелерді де сол жолға қарай сүйрейді: «Таза жолмен жүруге талаптан, өзіңді сол жолмен жүруге тәрбиеле. Адалдықты, тазалықты мақсат еткен жолға қарама-қайшы келетін бұзықтықтан бойыңды да, ойыңды да аулақтат. Белгілі бір дәрежеге, деңгейге жетсең де немесе одан кетсең де, белгілеген дұрыс мақсатыңды бұзба, одан айныма. Бұл өміріңнің жолы екіге айрылып өзендей ағар, әр жақтан әртүрлі мәселелер мен қиындықтар, азғыратын жайттар болмай тұрмас. Сол кезеңде дұрыс мақсатыңды берік ұстанып таза жолдан таймай барғаның, жетпесең де алғаның көбірек болсын. Таза, тура, адал жол деген негізгі қазыққа барар жолда бұзыққа қызықпа, ындыныңды тура жолға сал, мақсатыңды бұзба, таза жолдан тайма, тура жолға ие бол, ындынды қой. Құбылсаң, бұзылсаң, не қызығып, не именумен қайта алмай, байқамай себепке еріп жетектелсең, бұларды аттап өте алмай қалсаң, адалдығыңды жоғалтып, адамдығыңды кетіріп рухани тірі өлікке айналасың. Осыған ермей, ақ жолмен алға бассаң, міне, сонда ғана сен шынайы еркінсің, еркіңді қай бағытқа бағыттау өзіңнің жүрегіңнің шешімі. Тура жолды сезімі ояу, есті жан ғана табады».

Қазаққа рухани өсу үшін рухани бостандық керек еді. Ол күн туды. Алауыздықты, жікшілдікті қойып Әлиханша, Міржақыпша, Шәкәрімше ойлау парыз. Санамызды салғырттандырмауға тиіспіз. Сана өссе ой туындайды. Адам санасы өскен сайын таза адамдар көбейеді деген дәлелденген ақиқат осыдан келіп шыққан. Ойлап қарасақ, солармен бірге сол сананы айласын асыруға, икемділікке, басқалардан үстем болуға жұмсайтындар да көбейеді екен.

Шәкәрім сөзінен біз осы ойдың ұшқынын ұғамыз, ол ғылымның өзін адал, арлы адамға үйрету керек деді: «Надан, залым, айлакер, арам ниетті адамдарға ғылым үйретсе, ол әрі пайдасыз, әрі қауіпті. Шын залымға берме ғылым, ол алар да жоқ қылар. Қаруым дер, кісі атып жер, ол ғылымды айла етер».

Адам 3-3,5 жыл ішінде өзгеріп, дамып, санасы жетіліп, жаңа сатыға көтеріліп отырады дейді. Шәкәрім де бір күндері басына өзгеше ойлар келе бастағанын айтқан: «Бақтан» «баққа» қонып жүргенімде, бір күні құрғырдың қайдан келгенін білмеймін, «өткен өміріңді ойлашы» деген бір ой сап ете түсті. Амалсыз ойладым, сондағы ойым мынау: Мен әуелі балалыққа қызықтым, одан бозбалалықты бақ санадым. Одан әрі кісілік құрып, төрелік айтып, сөзімді тыңдатуды бақ санадым. Содан әрі дүние қуып, малға құл болдым. Себебі біріне жеткен сайын, алдыңғысы бұзылып, артқы бақ түзу сықылданды.

Осының тереңіне үңіле келе менде «Келдім қайдан?», «Кетем қайда», «Нетсем пайда» деген сұраққа тұншығу пайда болды».

Әрбір саналы адам баласы өмірде өзін іздеп жүреді, өзін-өзі танығысы келеді. Өзін тану өзіңді қоршаған ортаны танумен, қоғамда өмір сүріп жатқан адамдарды тану арқылы келеді. Шәкәрім философиясы «Өзіңді таны, соның нәтижесінде адамды таны» деуге келеді.

Біз өзімізден, өзімізді танудан қашамыз, өйткені... қорқамыз. Қорқатынымыз - біз ешкімге сенбейтін болып алғанбыз, ешкімнің көз жасына жүрегімізді ауыртқымыз келмейді. Адамдардың бәрі бетперде киіп жүргендей, соны сыпырып ала алу мүмкін болмағандықтан, кімнің дос, кімнің қас екенін білмей қаламыз. Адамдардың барлығын дос көрейін десек, бірде болмаса бірде өзімізді сатып кетіп жатқандарды көреміз де, сенгіміз келгенмен сене алмаймыз. Бойымызды осылай күдік жайлап алады. Қуанғымыз келеді, бірақ шындап қуана алмаймыз. Күліп жүрейік десек, өмір ылғи шат-шадыман тірліктен тұрмайды, осыны ойлағанда көңілімізді мұң басады. Сондайда Шәкәрімді сағынамыз, оның шындығын, тазалығын сағынамыз. Бізді сынайтындарға ол - кешегі күнді сағынғанымыздай көрінеді. Біз өзіміз де заманнан артта қалғымыз келмейді-ақ, бірақ, бүгінгі көшеден, алаңдардан, мәдениет ордаларынан, мейрамханалардан Шәкәрімнің тазалығын, шындығын, сұлулығын көре алмаймыз. Қайта, соларды іздейміз деп жүріп жасандылықты, жалғандықты, жорта ұйымдастырылған әлдебір нәрселерді көреміз де көңіліміз қалады, жанымыз жабырқайды.

Шәкәрім не дейді: «Бізше адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі - адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныш өмір сүруге мүмкіндік жоқ».

Бар мәселе - санада! Жетекшісі саналы болса, саналылары көп болса - ұлт саналы! Ұлт саналы болса - бақытты ұлт! Ал санада кінәрат болса, она ұлттың тірлігі алға баспайды. Ұлттың бағы да, соры да - санада! Демек, «бақ - санаға байлаулы. Сондықтан сананы жетілдіру бірінші кезекте болуы тиіс. Біздің бар тірлігіміз терең санаға негізделуі тиіс. Сырты жылтыр, іші - қуыс, жалған сана емес. Оны қуу - орнықсыз, баянсыз, тұрлаусыз іс» - дейді Шәкәрім.

Отырықшылыққа кеш көшкенімізден біз әлі күнге дейін Батыс елдерін айтпағанда, классикалық біртұтас ұлтқа айнала алмай, ұлт мәселесін ру мәселесінен төмен көреміз, жікшілдік пен топшылдықтан ажырай алмай жүрміз. Шындық осы.

Шәкәрімнің мінезін, тұрмыстық қалпын суреттегендер жас күнінен бастап бойын тіп-тік ұстанатын, киімді өте сәнді киетін, бой-басына мұқият қарайтын, тамақты аз ішетін, көп ұйықтамайтын, ойын сергек ұстайтын, өзін ұдайы өз бақылауында ұстайтын, аузына берік, артық сөз айтпайтын болған деседі. Тамақты сылпылдатып көп жеуді, дастархан басында орынсыз қарқылмен уақытын бос өткізуді жақтырмайтын болыпты. Бір ана жамбасына, бір мына жамбасына жантайып, күнұзақ алтын уақытын босқа өткізетіндерге мұнысының дұрыс емес екендігін, өмір ішіп-жеу, уақытты босқа өткізу үшін берілмегенін, мына өмірге адам боп келген соң адам боп кетуді де ойлауды ұмытпағанның дұрыс екенін ұдайы айтып отыратын болған. Өз қолынан келетін жұмысты біреуге істеткенді дұрыс көрмейтін, біреуге арба жөндесу секілді істерге көмектесуді өтінгенде де өзі араласып бірге жүретін болған. Біреуді ұру, боқтық сөз айту тіпті де болмаған.

Шәкәрімнің бойын күту қалпы қандай болса, шығармалары да сондай, оның жазғандарынан біреуге арнап айтқан ащы сөз, мысқыл мен міндеу таппайсыз. Тек бір жерде ғана, атын атамай, сол кездегі қазақ жағынан шыққан ел басшысы Елтай Ерназаровқа арнап атап айтқан сөзі ғана бар: «Түк те емес, көр жер, Басшыларың весьма тупой. Бұлғары ерін, құл қарын, Әлі-ақ ертең көрерсіңдер, Бұл қарынның былғарын». Ол, ел басшысы деп атауға лайық санамаған, түк те көңілі толмаған, қанағаттанбаған адамның ғана сөзі. Және шын сөз.

Өмір адамға аса қатігез болып көрінетін кезі көп. Таусылмайтын кедергілерді жеңуге күш те, қалау да қалмайтын кездер бар. Бір киноны көріп отырып естіген сөзім бар еді: "Өмірден керектінің бәрін алып болғаныңда қасқырша ұлығың келіп кетеді" - деген. Қазақ мұндайды "есіріктенді, тойғанын көтере алмады" дер еді. Бірақ, Шәкәрімше айтсақ, малсыз болғаннан, малды болған дұрыс. Бірақ сол Шәкәрім заманындағыдай, тіпті, одан да бетер, бізде малдыларды жек көреді. Соны күнде көріп жүреміз. Сосын ойлаймын: Неге біз бар болғандарды жек көреміз? Өзімізде бар болса, мейірленіп, қанағаттанып отырамыз да, біреуде болса, ішімізден болса да, жақтырмай, күндеп, жек көріп отырамыз.

Бізде ақшалыларды жек көру жақын арада қала қоймас. Көре алмау мен күндеу, берсе жақсы, бермесе аямаған пиғыл оңайлықпен тоқтамас. Олай болса, дүние жинаудың, оны қызғыштай қорудың, сол үшін әркімге жексұрын болудың керегі бар ма?!

Осыларды ойлап: «Өмірдің мағынасы дүние жиюда емес» дегенді тереңірек түсінгендей боласың.

Шәкәрім бір өлеңінде: «Ертелі-кеш елтең-селтеңмен күн өткізіп жүрген желөкпелерге ренжимін. Олардың өнер қуып, еңбек етпегеніне налимын. «Көрінгенге көз сүзбей күнін көріп, Қазақ қашан ел болар, құдайым-ай» деген. Шынында, кедейге, жоқ-жітікке ұдайы тамақ тасығаннан ештеңе өзгермейді. Олай тойғыза да алмайсың, жаның да жай таппайды. Өйткені оның мағынасы бір ғана - бір мезеттік қуаныш сыйлау.

Абай, Шәкәрімдер неге кедейдің сөзін сөйлеген? Себебі олардың теңсіз екенін түсінген. Бүгінгінің теңсізі кім? Сол баяғы кедейлерге ұқсас бүгінгі кедейдер. Олар жұмыссыздар мен қанша еңбектенсе де бүгінгі күнінен артылдырып, ертеңіне ештеңе жинай алмайтындардан құралады. Жинағысы келмегеннен емес, жалақысы бүгінгі күніне, зейнетақысы тамағы мен жатағына зорға жететіндіктен.

Шәкәрім бойынша: «Дүние өткінші, сол өткінші өмірде адамдар бір-біріне қайырымды болса, барынша адал, арлы болса... Қара қазақ баласы, әйтеуір, адам болса екен, олар да ел қатарына қосылса екен». Егер Шәкәрімнің арманы не? - деген сұрақ қойылса, осы сөздермен-ақ Шәкәрімнің бар арманын жеткізуге болар еді.

Ешкім ешкімге қалай өмір сүруге нұсқау беруге тиіс емес. Өйткені, ешкім ешкімнен артық та емес, кем де емес. Шынымен басына түссе, санасы оянса, адам түрленіп, өзгеріп кетуі оп-оңай. Бірақ, адамның бойындағы бар дарыны жоғалып, жойылып кетуі де тез. Оның басты себебі - енжарлық пен ойсыздық.

Шекспирдің ең айтулы қаһарманы Гамлеттейін, барлық нәрсеге күдікпен қарайтын, ойға батып жүретін, тез және шешуші қадамға баруға қабілетсіз адамдар неге көп? Оның себебін қайдан іздейміз?

Оның себебі - қазақтың көптеген елдермен соғысып, қиналғанынан, түрлі өңірлері түрлі елдерге ұзақ жылдар қарап қалғанынан, яғни тұтас ұлттың ұзақ мерзім езгіде болғанынан ба екен?

Бүгінгі қазақтағы ең басты кесел - жалтақтық. Сен тимесең, мен тимен,- деген бейтараптық, қорқақтық.

Соқыр сенім, ойсыздық адамды жетілдірмейді.

Өзімен бетпе-бет келуден қорқатын адамдар көбейген заман.

Болмашы ғана жолы бола қалғанға балаша мәз болатындар бар. Сондайлардан қорқамын, өйткені олар біраз уақыт жолы болмай қалса, құл бола кетуге әзір тұрады.

Біз «нарық» аталатын қоғамға келіп кіргелі, бұрынғы кезде тыйым көріп тұрған талай нәрсе бетіндегі пердесін сыпырып тастағандай күй кешті. Жаңа қатынастағы басты роль ойнаушы «капиталдың үстемдігі» тұрмысымызға көзсіз байлыққұмарлықты  сүйреп әкелді. Адамзат баласы басынан-ақ мал тауып, жан бағуды жақсартуды жек көрмейтін болса, ендігі тыйым салушы «күзетшінің» жоқтығын көрген соң, осы дүниеқорлыққа барын салып, бас-көзсіз кірісіп кетті емес пе?! Мақсат қандай жолын тапсаң да баю! Барынша тезірек! Барынша көбірек! Ұрла, жырла, тала, тона - бәрібір! Басқа ұғымдар, Шәкәрім айтқан, адамшылық, ар, адалдық, алалды ғана тұтыну жайында қалды. «Білім ал, өнер үйрен» деген сөз бүгінде жай ұран ғана. Бүгінгінің бағалысы да Шәкәрім заманындағыдай - бай-бағландар. Бай болмасаң, басың алтын болса да тар шеңберде ғана бағаң биік болса болар, жалпы көп, әсіресе өз төңірегің сені адам демейді. Дүниеқоңыздық надандықты, тойымсыздықты, дүниенің қызығын қызықтауды, парақорлықты, жалақорлықты, нәпсіқұмарлықты, астамшылдықты туғызды.

Шәкәрімде: «Дүниенің жалғандығына сайып, өз жауапкершілігіңнен құтылып кетуге тырыспа» деген бір ой бар. Соны мақұлдай келе: дүние жалған емес, адам жалған, дүние орнында, дүниенің жалғандығынан да, шындығынан да адамға келіп-кетер ештеңе жоқ, не көрсе де адамның өзі көтеруі, өзінен көруі тиіс.

Жаратушы Алла барлық дүниені жаратқанда адам баласын басқалардан ерекше етіп жаратыпты, ол ерекшелік - адам баласы ғана өзінің жасаған әрбір әрекетіне жауап бере алады екен. «Жылқыны суатқа жетелеп алып баруға болады, бірақ оны суаттан су ішуге зорлай алмайсың» деген жапон мәтелі осыны растап тұр. Демек, тәрбиелеу, үйрету, білімін жетілдіру керек.

Оны билік ішінде отырғандардан бастау керек. Осыдан мың жылдай бұрын шығыс даналарының бірі Әбу Хамид әл Ғазами «Қарашаның мінез-құлқы ханның мінез-құлқына ұқсайды, өйткені былайғы қарапайым халық билеушісіне еліктейді» деп кетіпті. Еліктеу жағынан алдыңғы орын алатын біздің халқымыздың жетектеушілері адал, арлы болса дейтініміз содан.

Шәкәрім қазақты өзін мысал етіп: «мен жалқаумын, мен керексізбен әуремін» деп өз атын жұмсап, ұялтады. Ұялту кезінде айтылғанды түсіну үшін басқаның саналы ақылы керек...

«Жуандардың ел билеу ісін жүргізуіне айтар сыным бар. Өзіңше әділсініп, ақпын дейді. Қарасаң партия басшысы да сол, батыр да сол, малын жұмсап, бағын асыру, басқаны құл, өзін зор көру. Басқаны лажы келсе сатпақ, соймақ ниетте. «Мен - Құдай» дегенді айтпаса да ниеті солай».

Бұлай кете берсек қайтіп оңамыз? Тәңірі алдында мұнымыз қалай болар екен? Біреуге құлдану - қорлық қой! Құдайға ғана құл болалық та, сол жетеді ғой.

Осыны айт отырып Шәкәрім: «Ойсызға сөзім жақпайды, Арсыздар оны таптайды» деген. Түңілгені. Күдер үзгендей болғаны. Шәкәрімді мұңға ораған сол мінез бізде әлі сақтаулы.

«Елді қу билейтін заман болды бүгінде. Жақсы да, жаман да қу мен сұмның алдында бүгежектей қалады, осысы маған ұнамайды. Жылы сөзбен жылмаңдаған қуларға қашан болса да бір ісім түсіп қалар деп семіз атын беріп, мол тамақ астырып, абыр-сабыр болады да жатады. Пірге қол бергендей қып қуды құрметтейтіні, қорқатыны олардың ел ішінде көп жүріп, бір-бірі туралы сөз тасып, бірінің сырын біріне айтып жүргені ғой. Жақсы қатынас жасамасам жауыма ауып кетеді деп қорқады. Осының бәрі адалдықтың кемдігінен. Қуға жалынып, шығынданғанша адалға бет бұрмай ма одан да.

Арамның жолдасы мол болатыны, қу мен сұмды кім жиса, шын мықты сол болатыны несі?!

...Арлылықтан аттамайтын, надандыққа бастамайтын, әділдікті таптамайтын, кісілік келбеті биік, парасаты жоғары адамды іздеумен келемін. Көргенімнің көбі арым үшін жан садаға дей отырып арамдық жолмен жүріп, кісі хақысын жеуден арланбайтындар.

...Жан денеден жалықты. Бар арман тойыну мен қызық өмір ме екен? Дүниелік мақсат, нәпсі қалауы,  мал, байлық, мансап, мақтан, ішіп-жеу, рахат өмір кешу ме? Басқа не бар бізде?!» деп дана Шәкәрім икемдінің, қудың жолы болғыш болатынына, әлеуметтік қоғамдағы әділетсіздіктерге наразылық танытады.

Сөйтіп: «Заманды өз қолыммен түзетер едім, ол менің қолымнан келмейтін нәрсе, өйткені замана маған ерік берер емес. Менің көкірегімдегі кегім қазақтың ертеңі үшін емес өз өмірінің жайлылығы үшін оқып, қазақты жетелеудің орнына бай-манаппен бірге қанасып келе жатқандарда, әкімдерде, жуандар мен пысықсымақтарда. Елдің қаймақтай ұйыған берекесін бұзатындар осылар екен» деп ой түйген Шәкәрім бүгін де өзекті. «Нәпсісін арына, ақылына, рақымына, әділетіне билеткен адам ғана адамшылық қалпын сақтайды, көпке өнеге болады» деген Шәкәрім сөзі өнегелі.

Бір өлеңінде: «...Өткен өмір толы өкініш, ойым жаралы. Құр тілім сайрауыл болғанымен, қол-аяғым байлаулы. Себеп - қолымнан келер ештеңе жоқ. Мақтан қуып, партия қуып жүргенде менің бар өмірім ескерусіз, желге кеткендей... Өзім деп осы жерде ел мінезін айтамын. Ақыл, айла, қайратым селге ағып жоқ болғандай. Достарым, мен сендерге жүгінемін, менің биім - сендердің ақ жүрегің. Сол не айтады? Өзім деп осы жерде ел мінезін айтамын. Көбіміз сондай болдық. Не қайран?!» дейді.

«Өмір мағынасыз, адамның жетем дегеніне жетуі қиямет... Ел мінезі кемшін, мұсылмандық қазаққа онша жұғысты емес. Адамзаттың бірін дос қылып, бірін жау қылып арпалысқандағы мақсат айламен билік жүргізуге бағытталған, тойынбаған нәпсінің әрекеті» деп бар ойы ел мұңы болған Шәкәрім қазақтың қалайда қатардан қалмауына, тезірек жетілуіне тілеулестік білдіреді.

Шәкәрімнің өзін қоршаған адамдармен адамдық қарым-қатынас жасау жайындағы сөздерін біршама теріп қарасақ, бірімен-бірі жалғасып тұрған нанымды ақыл, тұнық ойларды көреміз:

«Адамның еркі Алланың еркі емес, Алланың еркі - Адамның еркі».

«Мен адамгершілік мінез-құлықтың қарапайым қағидаларын ұсынар едім: 1. Егер сені біреу ренжітсе, керісінше сен оған жақсылық жаса. 2. Егер сізге біреу жамандық жасаса, оған жамандықпен жауап қайырма. Оны кешіре біл. 3. Егер біреу үйіңе келуін доғарса, сен оған бар».

Ешкім де періште емес, патша да, пақыр да - пенде. Иса пайғамбардан: «Өзін күнәдан тазамын дегендер маған бірінші болып тас атсын» деген сөз қалған. Шәкәрім дана: «Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қылам» депті. Күнәлілік, нені күнә, нені кінә деуімізге де байланысты, барлық жағынан тап-тазамын деп ақталу адамзат баласының әрбіріне де қиын болса керек, маған да солай.

«Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі - адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныштық өмір сүруге мүмкіндік жоқ. Бірақ осы айтылғандарға қарсы, жолдан қосылған, адамның бойында біржола сіңісіп, біте қайнасып қалған күшті, зиянды жау нәрселер, әдеттер бар. Олар: нәпсі, өзімшілдік, мақтан. Бұлардан ұшы-қиыры жоқ жаман әдеттер туа бермек. Мысалы, зорлық, алдау, мансапқорлық, малқұмарлық, рақымсыздық, мейірімсіздік, қанішерлік, тағы тағылар. Бұлай болғанда осы жаман әдеттерден құтылудың айласын іздеу керек. ...Ол үшін барлық адамды адал еңбек ететін жолға салу керек. ...Оларға еңбек өнерін үйрету керек, онымен қабат оқу-білімге жетілдіру қажет. ...Жаман әдеттерді жоюға бұлар жеткіліксіз болғандықтан, сол адал еңбек, білім үйренумен қабат, «ар білімі» деген білім оқытылуға керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, нәпсіні жойып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек. Адам бойындағы нәпсі кеселі кетсе, өзгерісі оңай...» - дейді Шәкәрім. Бірақ сол қалай жасалуы тиіс. Зорлықпен бе? Жоқ, зорлық зорлықты туындатады. Жол қайсы?

Өмірдегі ұстаным, Сұлтанмахмұтша айтқанда: «Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен. Біреу қылды дегенді, Шығарамын сөзімнен» дегеніндей болса. Әйтеке би де жеріне жеткізе айтыпты: «Өмірім - өзгенікі, өлім ғана - өзімдікі». Ал алманың дәмі - тістеген ауызға да байланысты. Шәкәрімді түсінбеген, түсіне алмаған адамның есінде осы сөздер тұрса... Адам өзі өмір кешкен қоғам ішінде жүріп, тек пайдалы істермен ғана айналыса алмайды. Лениннің: «Жить в обществе и быть свободным от общества нельзя» дегені дұрыс. Сондықтан ұлы бидің адамның өмірі өзінікі емес дегені жөн-ақ. Қадыр ақын айтқандай: «Дастарқанда қанша отырдық ал-ал деп», яғни өміріміздің үштен бірі ұйқыға кетсе, үштен бірі онша керек емес нәрселерге шығын болады. Қалған үштен бірін-ақ - пайдалы істерге жұмсасақ - бақыт деген сол болар еді. Ал, өлім - адамның жеке өзінікі ғана, бұл орайда Әйтеке би дананың сөзін айтқан. Оны қайтіп өлді, қалай көмді деп қарапайым ғана емес, кең көлемде түсінсек, өлімге қалай барады - адамның өзіне ғана байланысты. Адамның жақсы аты да, жаман аты да өлгеннен соң нақтыланады.

Ең бастысы - жетістікке өз еңбегімен, ақылымен, білімімен, өз күшімен, сатылап жетуі керек. Аспаннан түсе қалған бақты ұстау да қиын, ол - адамды, негізінен, бұзады. Әрине ата-ананың, туған-туысқандардың қолдауы керек, онсыз болмайды. «Ұшатын құсқа жәрдем қанаты қатайғанша керек» деген ұлы мәтел бар. Бірақ қолдау - бірден шырқау биікке көтеріп апарып қою болмағаны дұрыс. Олай барып отырған адамдардың ілуде біреуі болмаса, жетіліп кете алмайды, өйткені жеткен биігіне өз еңбегі сіңбеген соң бағасын біле бермейді. Осы орайда Шәкәрімнің: «Біреу бай, біреу кедей. Байы - батыр, көсем һәм шешен. Ол қылмаған өнер жоқ. Кедей - қор, басқадан кем. Көргені бейнет. Бай болған жақсы-ау. Бірақ барлық істі өзің атқаратындай шамадағы байлық болса деймін. Ешкімді салмаса, ешкімге жалынбаса. Соған жетер шыдамы мен төзімі болса. Ол арамнан жиған мал я дәулет болмас еді, өзінің маңдай терімен келген дәулет болар еді. Сонда байлық шын рахат болар еді» - дегені де даналық.

Феодализмнен социализмге аттап өтіп, одан капитализмге қайта ораламыз деп жүргенде ұлтқа тірек боларлық құндылықтардың көбін жойып алдық. Бүгінгінің үлкенінің де, кішісінің де, байының да, кедейінің де ой, қиялы - ақша. «Суды біреу ішу үшін іздейді, біреу кешу үшін іздейді» деген мақалдағыдай бай - байлығын молайтсам деп тойымсызданады, кедей - күнімді қайтып көрем, балаларымды қалай тойындырам деп ұмтылады. Ақшаны бірінші орынға қою - ұлтты бұзушы күш. Бүгін білінбегенмен, ертеңіміз - қатерлі. Өркениетті елдердің адамдары ең алдымен өзінің денсаулығын бағалайды, содан соң - еркіндік, одан кейін барып - ақша. Сондықтан да оларда ең көп айлықты дәрігерлер алады. Бізде ең алдымен ақша, екінші орында билік, немесе керісінше, соңғы орындарда ғана денсаулық пен еркіндік. Біз еркіндікті бірінші орынға қойғысы келгендердің және осы ойға келгендердің көп болуын қалаймыз.

Ұлтымызда білімді тез қағып алу бар да, соны жетілдіріп, тереңдете түсу әлі аздау. Біліктілік пен әріптестік, кооперацияны қабылдай, ұстана білу де керек мінез. Әкенің балаға ақыл айтуы қабылдана бермейтін қоғамда әкеге баланың білгенінен тереңірек біліп, дәлелмен, өзінің жеке үлгісімен оны мойындату, сол арқылы жеңу дұрыс мінез болар бәлкім. Біздің ұлтқа өз ұлтын, өз Отанын сүйетін патриоттық та жетпей жатыр. «Білімге ұмтыл» деп естияр бабалардың бәрі айтып кеткен, біздің көбіміз шектеулі ғана, керек көлемде ғана білім алсақ жеткілікті деп жүрміз. Луначарский айтқан екен: Университеттік білімі төрт ұрпаққа жалғасқанда ғана ондай отбасынан интеллигент шығады,- деп. Ал біз сүйенішпен алған, не сатып алған қызметімізге кірісе сала қайраткер, интеллигент болып шыға келеміз. Олжабай батыр: ұрпағым білге, яғни оқымысты болса екен деп тілеген екен. Бұл сөзді айту үшін қандай тереңдік, көрегендік керек еді. Осылай деген Олжабай батырдың бағасы бүгінде атасының ұрпағы билік пен байлықта жүрген «батырлардан» неге төмен?!

Біз «сақтау» деген ұғымды жаттап алғанбыз, санамызда «өзгеру», «даму» деген ұғымдарға бет бұра алмай жатырмыз. Әсіресе ауылда. Қалада оншалықты жаппай емес шығар. Шынында ауыл адамы негізінен «сақтау» үдерісімен өмір сүреді: өндірген өнімін қыста жеуге сақтайды, айырбастау үшін сақтайды. Малының төлін де солай, бағып-қағады, қалпына келтіріп барып сатады, жейді, айырбас жасайды. Ауыл адамының қалтасында ақша жүрмейді. Ондағы өмір бірқалыпты ағыста, оларда өзгеріс көп болмайды. Сондықтан да олар даму мен жетілу туралы аз ойлайды. Ойласа да берік шешімге келе алмайды, қиялдайды да қояды. Ілуде біреуі болмаса, көбі жетілуге ұмтылмайды.

Ал «өзгеру, дамуға» келсек, тәуелсіздікпен бірге келген нарық қатынастары бізді өзгертті, ақылы мен қажетті жерде айласын жұмсап, ұмтылғандар жаман болып жатқан жоқ. Бірақ осы жерде де бір кілтипан бар - біз әлі дүниеге тоймай тұрмыз. Тоқтайтын, сабырға келетін, руханиятқа оралатын кез келді, бірақ біз бәрін тоқтатып қойып, дүние қуудамыз (ол дүние билік пен аса мол байлық иемденгендердің өздеріне опа бермей, ашкөздік орға жығып жатқанын көзіміз көріп тұрса да). Әрине, 70 жыл ішінде артық ақша ұстап көрмегендіктен бойымызға сіңіп кеткен ақшаға деген құмарлық басылмай жатыр-ау деп өзімізді жұбатуға болады, бірақ тұтас бір ұрпақ ақшаның басымдығында, соны ең негізгі санаған ниетте тәрбиеленіп жатқаны да бізді ойлантуы тиіс. Мынадай асығыс, дүние күніге өзгеріп, кешегі озық идея ертең ескіріп жатқан заманда қалыпқа түсу үшін бірер он жыл жетіп жатыр.

Бұдан қазақ көштен қалып қойды деген тұжырым шығарсақ жөн болмайды. Жаман емеспіз. Батырлықпен алып қалған кең байтақ жеріміз асырап жатыр. Ел жағдайы бірқалыпты, тыныштықтамыз, шекарамыз айқындалып, белгіленді. Жастарымыз да жақсы жетіліп келеді. Оларда біздердегі ұяңдық пен бұйығылық, бүгінгі жағдайға көне салу жоқтың қасы. Бұл, әрине, жақсы, қанағат етуге тұрарлық.

Біз адамзат өркениетінен өзімізді бөліп қарауға тиіс емеспіз. Ғаламдану үрдісі, тез дамып жатқан, кешегі жаңа, бүгін ескі болып жатқан дәуірдеміз.

«Тікeн eксeң, жүзім шықпайды» дeйді Ахмeд Йүгінeки. Жақсы сөз айтсаң жақсы сөз қайтады. Шәкәрім оны мықтап ұстанған. Тәкаббарлықтан, біреулерді жалпылай қаралай салудан аулақ болған жөн. Шыңғыс хан айтқан деседі: «Әрбір құс өзінше сайрай берсін, оны да тәңір жаратқан. Eгeр дүниeдe тeк қара қарға қалса қайтeр eді, нeмeсe, тeк бүркіт, тeк тoтықұс қалғанмeн де қызық бoлмас eді. Ал күшігeн ғана жайласа тіпті сoрақы бoлар eді».

Әркім не айтам десе де құқылы уақыт. Бірақ кім де болса, айтқанының қоғамға пайда-зиянын да ұмытпауға тиіс. Абай айтады: «Ақылдың жетпегені арман емес». Бұл орайда Ғарифолла Есімнің: «Данышпанды дана адам ғана түсінеді» деген сөзін келтірсек те артық емес.

Осыдан екі мың жылдар бұрын еврейлер Иерусалимнен қуылып, тауға шығып кеткен кезде қалада қалып қойған бірен-сарандары хат жазыпты дейді: «Бізді төмендетіп жатыр, біздің балаларымызды дұрыс мұғалімдер оқытпайды, бізге дұрыс жұмыс бермейді» деп. Сонда таудан хат келіпті: «Егер сендердің балаларыңды нашар мұғалімдер оқытса, өздерің жетіліп, өз балаларыңды оқытатын өз мұғалімдерің болсын, егер сендерге дұрыс жұмыс бермейтін болса, өздерің жетіліп, басшылық қызмет пен кәсіпорын иесі болыңдар да, өз адамдарыңа өздерің лайықты жұмыс беріңдер» депті. Мұндағы мораль: сәл болмай қалды, менің жөнім еді, алдымды орап кетті дегенді қойып айқын басымдыққа ие болып тұрсаң, өмірден өз үлесіңді аласың.

«Әлемнің бар ақылды адамдарын бір жерге жинай алмайсың» деген бір даналық бар. Олай болуы теория жүзінде мүмкін бола қалса, онда олардан ақыл шықпаған болар еді. Сондықтан олардың ақылдарын ғана жинаса жетерлік.

Сол ақылдылардың ішінде Шәкәрім даналығының өзіндік үлесі бар. Әсіресе қазақ үшін. Өйткені Шәкәрім - біздің ұлтымыздың нағыз патриоты.

Шәкәрімше айтқанда: «Ақиқат, ұждан, шын иман, адамдық, кісілік - адаспайтын айқын жол». Ақиқатқа жетудің амалы осы заманғы озық білім-ғылымды игеру, алып-ұшып тұрған асығыс заманда қатарыңнан кейін болмау, қазіргі тілмен айтсақ - күштің, байлықтың немесе қызыл сөздің емес, білім мен ғылым атты өнердің бәсекелестігінде жеңу.

Егер біздің ұлтымыз бәсекеге қабілетсіз болып қалсақ, екі ұлы мемлекет пен амбициясы биік, мемлекетқұраушы ұлтының саны бізден үш есе көп тағы бір көрші мемлекеттің ортасында тұрып, нарық экономикасына көшу мерзіміміз әлемде негізінен барлық байлық пен халықаралық сауда әбден жолға қойылып, жаңа мемлекеттерге өркениеттен өз орнын табу аса қиындаған сәттерде барып осы жүйеге бет бұрған біздің еліміздің тағдыры - біздің ұлтымыздың ұлт ретінде, мемлекетіміздің мемлекет ретінде сақталып қалу үшін - әлемдік бәсекелестікте лайықты орнымызды табуда болып тұр. Ол үшін біздің экономикамыз ғана емес, билік те, халқымыз да бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Егер біз бәсекеге қабілетті бола алмасақ, онда мемлекеттілігіміздің іргесінің беріктігіне, халқымыздың тіліне, дініне, діліне нұқсан келуі оп-оңай. Бүгінде мемлекеттілігіміздің экономикалық негізі орнықты, ендігі мәселе халқымыздың өзінде.

Бұл ғасырда ұлтты оятатын күш - білімділік, ақпарат таңдай білу. Ұлттық сананың биіктігі. Сатылмау. Ұлт мәселесіне келгенде пенделіктен биігірек болу. Көп ұлттылық қазаққа ешбір теріс әсер ете алмайды, ол кезден біз өтіп кеттік: Кеңес Үкіметі кезінде қазақтар Қазақстанда халықтың үштен бірін ғана құраса, қазір үштен екісіне жетті. Егер біздің рухымыз биік болса, теріс пиғылдарға, ішімізден ірітуші күштерге төтеп бере алатындай болсақ, өз мінезіміз, өз қалпымыз болатын болса, көп ұлттылық неге теріс әсер етсін? Басқа ұлттарды ығыстыру бізде болған емес, Қазақстанда тек қазақтар ғана тұрсын деген ойда жүрген ешкім жоқ, өз қазанымызда қайнай бермей, олардан үйренуге де тиіспіз. Ұлтына, руына, жерлестігіне қарамай қызметке қоюды, әріптесті бағалауды, Шығыс халқына тән бірлестікке өмір сүру салтын, кооперацияны дамыта түссек ұлттың оянуына жетеміз. Бүгінде біз Батыстың индивидуализмінде өмір сүруге жалпылама көшіп кеттік, одан бізге Шығыстық үлгі қолайлы. Ауылдағы шаруа бірлессе жерінен молырақ өнім алады, қаржысын бірлестіргендер үлкен кәсіпорын салып алады. Бізде әлі бір-бірімізге сенімсіздік бар, өйткені алдап, сатып кететіндер көп. Осының бәрі ақшаны бірінші орынға қойғанның кесірі. Сана биіктігі керек, біздің көңіліміз ояу, көзіміз ашық, ақпаратымыз нақты болуы керек. Біздің ақпарат құралдары ұрандаудан гөрі жетістіктер мен кемшіліктерді көрсете алатын ақпараттарды көбірек берсе, жақсысы мен жаманын бағамдауды оқырманға қалдырып отырса жақсы болар еді.

Бірдеңені ойлап табу үшін оған қажеттілік тууы керек. Сонда ғана құлшыныс болады. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бомбаның тез арада ойлап табылуы осы ойға жетелемей ме?! Бүгін де қоғамдағы ұдайы бағыну мен бақылауда ұстағысы келетіндерге ашық немесе іштей наразылық жаңа ақпараттық жүйенің өмірге енуін тездедетін түрі бар.

Орта таптың қоғамның негізгі қозғаушы күші болатыны - олар өзгерістерге бейімделгіш. Және олар өзгерістерден барынша өз пайдаларын алып қалады. Сондықтан да орта тап капитализм дәуірінен бастап, негізгі күшке айналды.

Капитализмнің бүгінгі сатысында тасқа басылған сөзге қоса радио мен магнитофон, олардың дамыған түрі - бейнені қоса көрсете отырып ақпарат беретін - теледидар мен бейнелі ақпаратты жазып алып, кез келген уақытта көрсете алатын бейнетаспа шықты. Бұлардың біртіндеп ене бастағанына бір жарым ғасырдың шамасы болып қалды.

Бүгінгі электрондық байланыс құралдары барлық ақпараттық төңкерістердің ішіндегі ең ұлысының бастапқы бір бөлшегі. Ал радио, теледидар мен бейнежазбалар болса баспа өнімдері мен Жаңа жүйенің ортасындағы баспалдақ іспетті. Гутенбергке дейін де жазу болған: Күлтегін тасқа, римдіктер папирус қағазына хаттар мен пайымдаулар жазған.

Осынау электрондық ақпарат құралдарының өмірге енуі биліктің массаны бағындыруға құштарлығын арттыра түсті және қай жағдайда да өз дегенін жүзеге асыруы жеңілдеді. Ол біздің елдегі соңғы саяси іс-шараларда айқын көрініс берді.

Интернет - жаңа құбылыс. Аз ғана уақытта, аз-кем қаржыға мың күншілік жерлерден керек ақпарат алу мүмкіндігі осыдан отыз жыл бұрын ешбір ақылға сыймайтын іс еді. Жай ақпарат қана емес, слайдтармен, музыкамен көркемделген, бет-бейнені қоса көрсететін ақпаратты оп-оңай-ақ алған кезде көңіліңді шаттық кернейді, оны жасағандардың алдында басыңды игің келеді. Бұл Жүйеде біз жасаушы, тұтынушы, бейнелер мен дыбыстарды қабылдаушы боламыз. Бұдан құдіретті не бар?! Жүйеде біз әрі автормыз, әрі шығарушымыз, әрі продюсерміз. Біздің өзімізді-өзіміз көрсете алу еркіндігіміз орасан, ал аудиториямыз қиял жетпейтіндей кең. Бір ғана нүктені жәй ғана басып қалғанда біздің алдымызға кез-келген талап еткен ақпаратымыз келе қалады және өзіміз де ақпарат жібере аламыз.

Скептиктер: «өзгеріп жатқан ештеңе де жоқ, әлем бұрын қандай болса, сол күйінде» деп жүр. «Біз бұрынғыша шеге жасап шығарамыз, резеңке галош киетіндер әлі де бар, банктер ақшаны бұрынғыша несиеге беріп жатыр, аз ғана болмаса, өзгеріс шамалы. Рас, кейбір адамдар хатшы қыз бен диктофонның орнына іскерлік хаттарын интернет арқылы жазуға машықтанып жатыр. Одан не өзгере қояр дейсің»,- дейді олар.

Оларға қарсы жақ мұны көрсоқырлық дейді. Олар интернетті барлық проблемалардың шешілу көзі санайды.

Өндірістік революцияның мәні мынада: онда машиналар адамның қуат мүмкіндігін көп есе арттырып жіберді. Ал алдағы күтілетін сандық ақпарат адамның миының мүмкіндігін электрондық коммуникация жүйесімен интеграциялану арқылы шексіз арттырады. Бірақ біз ол жағдайға әлі жете алмай жатырмыз, себебі оның алғышарттары әлі толық құрылған жоқ. Бәлкім, технологиялар қиял жетпестей-ақ тездікпен дамып жатқан болар, алайда адам баласы асықпайды. Үйреніскен діни және идеологиялық тыйымдар да дамуға кері әсерін тигізеді. Дегенмен біз қалыпты ұғымдарымыздың жүйесін қирату үстінде тұрмыз. Үдеріс біздің бақылауымыздан шығып кеткен және оны өзгерте алмаймыз. Технология өзі үшін тырысып жатыр.

Технологияның өмірге енуі арқылы адамдар әлемге де, өздеріне де жаңа көзбен қарай бастады. Жаңа ақпараттық технология бәрін де өзгертуі мүмкін. Оның ішінде тілді де. Өйткені жаңа технологияға жаңа терминология керек болады. Ескі сөздер құрып кетпейді, олар жаңа мағынаға ие болады. Тілдің өзгеруімен ойлау қалпы да өзгереді. Жаңа технология білім мен ақиқат секілді базалық түсініктерге жаңа анықтама береді. Не маңызды я маңызсыз, не мүмкін және мүмкін емес және, ең бастысы, нақтылық деген не екені жөніндегі ұғым қайта өзгереді. Яғни, қоғам «экологиялық» өзгерістерге ұшырайды. Технология балалардың калейдескопы секілденіп біздің санамызды сілкиді, сөйтіп, идеялар мен мүмкіндіктердің күтпеген жаңа әлемі пайда болады. Біз жаңа мәдени және экономикалық дәуірге аяқ басамыз. Уақыт рухы біздің ойларымызды айқындайды.

Коперник «Жер Күнді айналып жүреді» деп алғаш айтқанда, жұрт оның есі ауып кеткен болар деп ойлаған-ды. Онысы үшін Коперниктің сол кездегі сынаушыларының сөзі дұрыс емес еді деуге бола ма?! Осындай жағдай Ньютонның физикасынан Эйнштейннің физикасына көшкен кезде де болған. Көп адамдар салыстырмалылық теориясын қабылдай алмай, қарсы шыққан. Ньютонның көптен бергі қолданыста жүрген теориясынан бірден бас тарта қою қайдан оңай болсын? Осылай екі парадигма бір-бірімен қатарлас өмір сүріп барып, ақыры біреуі үстемдікке ие болған.

Бірақ адам бір біріне қарама-қарсы екі көзқарасты қабылдамайды ғой. Сондықтан адамдар бір-бірлеп немесе топ-тобымен бір парадигмадан екіншісіне ауыса бастайды. Олардың ауысуына жеткілікті түсіндіре алар ақпарат жәрдем береді.

Шәкәрімді зерделей келе, оның ар ілімінің бүгінгі заманғы жалғастырушыларының озығы академик-философ Ғарифолла мен таныс болып, шығармаларына ғана емес, кісілік келбетіне, түрліше көзқарастарына қаныға келе көңілім толады. Орыс ақыны Евтушенко: «Неважно, есть ли у тебя исследователи, А важно, есть ли у тебя последователи» деп айтқандай, Шәкәрімнің ісін, ойын, сөзін жалғастырушылардың көшбасында Ғарифолла Есім тұрса, Шәкәрімнің Семейдегі зерттеушілерінің де оның идеяларын жалғастырушыларға айналып келе жатқанын көріп, Шәкәрім жолы жалғасып келе жатқанына, оны жалғастырушылардың көптігіне, қаулап өсіп келе жатқанына риза боласың.

Экономиканың моторы - технология мен жақсы менеджерлер деген ой біржақты секілді көрінеді маған. Экономиканың басты моторы - мәдениет. Егер қайсыбір ұйымда жұмыс нашар жүріп жатса - ұжым мәдениетінің төмендігінен. Ал мәдениетті жетілдіретін - философиялық ой. Бүгінде ғылым мәдениетті де философияны да ығыстырып алдыға шықты.

Қай заманда болсын, философтың ізгі арманы - адамдарды ойлау қабілетінен айрылудан сақтап, жан-жүрегін әлеуметтік жағдайдың жетегінде кетпеуден қорғау болған. Кеңес үкіметі кезінде де шын философтар осы мінезін сақтап қалды. Бірақ біз осындай философияға   үйренбегенбіз.   Үйренбеген   себебіміз   -   оны   бізге үйретпеген. Үйретпеген себебі - ондай философия ақиқатқа сәйкес ойлауды үйретеді, тиранияға, жоғарыдай келетін бірдей ойлаушылыққа қарсы күресуді үйретеді.

Сократты қайдағы бір жаңа құдайларды ойлап тапқаны үшін өлтірген немесе айыптау қорытындысында күшті дәлелге қарсы атқан дәлелі әлсіз болғаны өліміне себеп болған деседі. Жоқ. Сократты өз отандастарының ойына қозғау салып, сілкініс туғызғаны үшін, демократияның нақты анықтамасы мен оның мақсаттарын айтуды талап еткені үшін өлтірді ғой. Мемлекеттік тұлғалардың атына сын айтып, халыққа күдік дәнін сепкені үшін, қасаң әрі біркелкі ойлаудан адамдардың санасын сақтандырғаны үшін өлтірді.

Екі онжылдыққа жуық мерзім ішінде біз жаңа құндылықтарды қастерлеуге көштік. Библиядағы «Ничто не утешит человека, обретшего весь мир и потерявшего себя» деген сөз құнын жоғалтқан жоқ. Ат қалдыру арманға айналды, ол ниет бұрынғы кездегіден де басымырақ көрінетін болды. Біз асығыспыз. Асықпағандар көштен қалып жатқандай болып барады. Осындай кезеңде асықпай ойланудың, асықпай оқудың бағасы, әрине, төмен. Философиялық ойды, оның қиын сөздерін түсіну ойлануды, уақытты керек етеді. Уақыт жоқ, сондықтан қиын сөздерге деген сұраныс төмен. Кейбіреулер ғана болмаса, көп адам оқымауға, ойдың мағынасын түсінуге тырыспауға айналды.

Бірақ, бұлайша философиядан қашу - бостандықтан қашу, әсіресе - сөз бостандығынан. Ал сыни ойды жоққа шығару арқылы қоғам өзгерістер мүмкіндігін өзі жояды.

Ақылмандар осылай дейді. Диоген Синопскийдің айтқанындай: ақсақтар мен жоқ-жітіктерге адамдар садақа ұсынады, ал ақылмандарға ештеңе де бермейді. Өйткені садақа берушілер өздері де ақсақ я жоқ-жітік болуы мүмкін екенін, ақылмандық дәрежесіне ешуақытта жете алмайтынын ішкі түйсікпен түсінеді.

Философтарға садақа керегі жоқ, олар өмірдің мағынасын түсінуге тырысатын адамдарға ғана зәру және олардың барынша көп болуын қалайды. Ал ондай адамдар аз, өте аз...

Екеуара, үшеуара, т.с.с шағын топтардағы әңгімелерде өзіңді рухани байытқан адамдарды көп көресің. Олар білімді, көңілді, талантты, қайырымды, жолы болғыш болып көрінеді. Бірақ уақыт өте келе бұл қасиеттер жеке тұлғаның басты ерекшеліктері емес екенін көресің. Отырып ойланасың, мүмкін, адам ешбір жасандылықсыз, бұқпасыз, жақсы кісі болуы керек-ау деп...

Ғарифолла Есіммен таныса келе менің дәптеріме түскен сөздер осылар еді...

Маркестің атағы шыққан соң ғалымдар: «бұл елде бұрын-соңды қандай жазушылар болған екен» деп зерттеп қарағанда, бір кездері кітабы шығып, өзі өлген соң ұмыт қалған Бальтасар Грасиан ашылған. Абайдың даңқы Шәкәрімнің ұмытылмауына жол болды.

Шәкәрім ұлы Абайдың даналық дәстүрлерін жалғастырған, эпикалық жанрдың дамуына үлкен үлес қосқан ірі ақын және ойшыл болды. Ақын есімін атауға тыйым салынып, шығармаларының жария көруіне жол берілмесе де, халық арасында кеңінен мәлім болып қалды, оның шығармалары ауыздан-ауызға ауысып, жасырын көшіріліп, қолдан қолға өтіп жұрт арасында кеңінен таралып кеткен. Ол өзінің ұстазы Абай секілді адалдықты, арлылықты ту еткен, даналық дәрежесіне жеткен ақын еді. Өзінің шығармаларында өмір шындығын, өзі өмір сүрген қоғамның қайшылықтарын батыл көрсете білді.

Шәкәрім шығармашылығы өзінің диапазонының кеңдігімен ерекшеленеді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырар трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғатының әсемдігін тебірене жырлайды. XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ өмірі болмысындағы оқиғалар мен құбылыстарға қызу үн қосады. Ақынның көптеген өлеңдері өзінің идеялық бағыты жөнінен ақылгөйлік-ағартушылық, әлеуметтік-әшкерелеушілік сипатта болып келеді.

Абай сияқты Шәкәрім де феодалдық-рулық ортаның мінез-құлқы мен моралін, өздері соның ішінде қоян-қолтық араласып, көп жағдайларда билік айта жүріп, жат көрді, сол кездегі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылысындағы жарықшақты тануда екеуінің пікірлері бір болды.

Шәкәрім патриархалдық пен кертартпалыққа қарсы күресті, ол үшін орыс мәдениетінен, өзге халықтардың мәдениеті мен тарихынан сусындады.

Ақынның осыдан жүз жыл бұрын бүкіл адамзат қамын ойлап, жер бетінде бейбітшілік пен татулықты, теңдікті сақтау керектігі туралы жыр толғағанын бүгінгі ұрпақ тиісінше бағалай түсуі тиіс.

Шәкәрім Құдайбердіұлы да барша адамзаттың озық ойлы зиялылары сияқты өз дәуірінің перзенті. Күрделі тарихи кезеңде ғұмыр кешкен ол туған халқымен өзін қашанда бірге санады, халқының мұңын өз мұңындай көрді. Туған халқының басындағы экономикалық және рухани, мәдени ауыртпалықтарды, заман проблемаларын көзімен көрді, көңілімен саралады.

Заманның ақыры бола ма? Жоқ, әр адамның қиямет күні өзіне ақырзаман ба? Қиямет күні жер бетінде ар-ұят, мейірбандық, қайырымдылық қалмайды деуші еді... Ілгергілердің тура жолы ұмытылып, пенденің құлқы-пейілдері бұзылып, адамдар біреулердің есебінен күн көруге өтіп, соттар жасаған үкімін сатып, жалған үкімдер шығаруға әдеттеніп, заңдар мен тәлім-тәрбие бағаланбай, шындық өтірікке айналатын заман келсе, қиямет күні сонымен бірге келеді демеуші ме еді біз оқыған кітаптарда...

Әрбір адамның алдына қояр көкейкесті мақсаты болады. Шәкәрімнің ет-жүрегі езіліп, елім деп өткендегі асыл мақсаты да, аяулы арманы да, құтылмас қасіреті мен жазылмас дерті де өз халқының бойынан бес жақсы қасиет көрсем дегенге саяды. Өзінің «Жігіттер ендігі сөз менің сөзім» деп басталатын арнау өлеңінде ел азаматтарына «Өлгенше ізденіп бақ, қапы қалма» деп ұран тастайды. Сөзінің түйіні Шәкәрімнің ғұмыр бойғы мақсат-мұратын көрсететін бұл өлеңде:

«Іздеген ғашық болып бес нәрсем бар,

Берейін атын айтып ұқсаңыздар:

Махаббат, ғаделет пен таза жүрек,

Бостандық, Терең ғылым - міне осылар» деген тұжырым бар. Осы бесеуін бір ұғыммен берер болсақ, «ар, арлылық, ар ілімі» деген ұғым шығады. Махаббат та, әділеттілік те, жүректің тазалығы да, ойдың, сөздің, іс-қимылдың еркіндігі де, терең ғылым да арлы адамның атқарар ісі, арлы адамның ғана қолынан келер іс. Сондықтан, біз Шәкәрімнің «ар ілімі» мәңгі жасайды, қазаққа жол нұсқап, жөн көрсетіп тұрар нұр болып қала береді дейміз.

Шәкәрім бүкіл адамзатқа ортақ пайдасы боларлықтай ар ғылымының соңына түсіп, осы жолды ең әділ, ең таза жол деп ұққан:

Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,

Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес, - деп өз халқы мен адамзат баласына ортақ пайдасы бар ар ғылымының тетігін таппақ болған ақынның бар мақсаты бүкіл өмір тартысының, рухани талап арманының тетігіне айналды.

Шәкәрім Абай шәкірттерінің ішінде ең ұзақ өмір сүргені ғана емес, артына ең мол мұра қалдырғаны да. Оның поэзиясы, шын мәнінде, Абайдың ақындық дәстүрінде туған. Құнарлы топырақтан нәр алған қуатты поэзия. Ақынның дастандары мен лирикалық шығармаларында өз халқының өткені мен бүгінінің ізі сайрап жатыр. Алапат рухани күш-қуат, ширақ сезім, ауыр мұң мен зіл қайғы, жан ләззаты мен мөлдір сезім, ар мен ұят - бәрі-бәрі Шәкәрім поэзиясының өне бойынан өз орнын тапқан. Бір сөзбен айтқанда оның шығармалары өз заманының айнасы болды, бірақ ол кез келген құбылысты талғаусыз бейнелей берген жоқ. Оның шығармаларынан шынайы поэзияға, кемелденген кең құлашты талантқа тән айрықша белгі болып табылатын ой жүйесінің қарапайымдылығы мен ұғынықтылығы айқын аңғарылып тұрады.

Шәкәрімнің шығармаларындағы шыншылдық - Абай жырынан бастау алған тәлімнің нәтижесі, оның шығармаларындағы халықтық сипат, әлеуметтік астар, тақырып пен жүгінің ауырлығы, адам мен қоғам мәселелерін бірлестікте бейнелеу шеберлігі, көркемдік және жаңашылдық ізденістер нәтижесі.

Абай дүниеге әкелген көркемдік тәсілдің орнығуына, ұлттық әдебиетімізден өз орынын табуына, өркен жоюына Шәкәрім өзінің шыншыл да шебер жаңашыл жырларымен өлшеусіз үлес қосты. Мұның өзі Шәкәрім шығармашылығының шығар биігін анықтады.

Суреткер Шәкәрім өз шығармаларында терең мағыналы пайымдауларға табан тіреп, типтік образдар жасаудың жаңа формаларына жүгінеді. Кейіпкерлерінің мінез-құлқы, ішкі-сыртқы қасиеттері арқылы өмірдің жалпы заңдылықтарын тарихи жағдайлардың аясында бейнелейді. Шәкәрімнің шыншылдығы жағымсыз кейіпкерлерді мүсіндеумен қатар, жаны ізгі, жүрегі таза жандардың шынайы жиынтық образдары арқылы да көрінеді. Адам жанының білгірі болған Шәкәрім ұлттық характерді, халықтық қасиеттерді барынша байыту жолында жырлардың соны үлгілерін туындатады.

Шәкәрімнің шыншылдығы өз заманында болған барлық қоғамдық проблемалардың бәрін өлеңдерінде боямасыз шындық арқылы бейнелей білгенінен көрінеді. Шығармаларында қарапайым халықты өнерге, білімге шақырған. Бұл бағыт Шәкәрімді ағартушылық арнаға әкелді.

Шәкәрімнің қайсыбір өлеңін алсақ та бастауын Абайдан алады, сондықтан біз Шәкәрімді қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрінің жалғастырушысы, төл шәкірті дейміз.

Шәкәрім: «Адам жаман болып тумайды, оқымаса, білуге ұмтылмаса, танымға асық болмаса, білгенін, танығанын үлгі тұтпаса, бірте-бірте қатарынан қалып, төмендеп наданға айналады» - дейді. Нақ сол надандық данышпан ақынды көп уақыт тануға жол бермеді, өзінің көрсоқырлығының нәтижесінде бірер надан жиналып Шәкәрімнің өміріне қол сұқты. Ол 73 жасында жазықсыз жапа шекті, оққа ұшты. Мүрдесі құдыққа тасталды. Сонда да Шәкәрімді туған халқы ұмытқан жоқ, оның сөздерін ойында сақтады, жазылған сөздері көшіріліп, таратылды, әйтеуір жойылып кеткен жоқ.

Ұзақ жылдар бойы салт-санасы тозып, халықтық тарихи санасына нұқсан келген, тек қана тәуелсіздік таңы атқалы бері тоза бастаған ар мәселесін қолға берік ала бастаған халқымыз үшін Шәкәрім табыстаған ар іліміне назар аударып, рухты жаңғырту жолындағы күресімізді жалғай түсу бүгінгі ұрпақ - біздерге сын.

Мұхтар Мағауиннің айтуынша жарты ғасырдан астам еріксіз үзілістен соң халық алдына қайта шыққан ұлы тұлғаларымыздың бірі Шәкәрім. Мағауинмен қатарлас әдебиетшілер мен ғалымдар Абаймен қатар Шәкәрім үлгісін де кәміл танып өсті. Шәкәрім әрі ақын, әрі тарихшы философ, өз заманының үлкен ойшылы. Қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген, қазақ халқының көркемдік ойының үздік үлгілерін туғызған, қазақ өлеңін түрлендіре түскен, қазақ тілінің мол мүмкіндіктерін бұрынғыдан әрмен таныта түскен бірегей қаламгер. Ол Абайға туыстық жағынан ғана емес, ұстанған жолы тұрғысынан алып қарағанда да ең жақын адам еді. Абайдан соңғы лектің ішіндегі ең танымал есім, ең көрнекті тұлға Шәкәрім болды.

Шәкәрімнің ойшылдығы туралы қайта-қайта айта бергің келеді. Оның ойларында әлемдік, ғарыштық проблемалар айтылады. Шәкәрімді қазақ қалпы, қазақ тұрмысы ғана емес, жалпы адамзат баласының тіршілігі толғандырған.

Шәкәрімнің қалдырған мұрасы сан салалы, сан алуан, ешқашан маңызын жоймайтын мол қазына.

Бір жерлерде Шәкәрімнің «Үш анық» деген екі сөзін орыс тіліне «Три истины» деп аударғанын байқадым. Истина деген ақиқат. Анық деген ақиқат емес, ақиқаттың адамға белгілі болуы. Шәкәрімнің еңбектерін орыс тіліне (асықпай, таңдап, талғап, ұғынықты етіп) аудару аса қажет. Өйткені бүгінгі күні және алда бірақ мерзім біздің Жаңа ақпарат кеңістігі - интернетте өз орнымыз болуы осы тілде ақпарат бере алуымызда. Қазақтан басқаларға да Шәкәрім сөзі жетсін десек осылай еткеніміз жөн.

Сосын аудиокітап секілді ақпараттың жаңа технологияларын да пайдалануды қолға алуға тиіспіз. Өзімнің жеке басымнан бір мысал: бүгінгі күні интернеттен лазерлік дискіге көшіріп алып, ұзақ жолға шыққанда небір сүбелі романдарды, Библия мен Будданы таспа арқылы тыңдап кете беретін болдық. Сол жазбалардың ішінде қазақ тілінде ештеңе жоқ, жаңағылардың орнына қазақша Құран немесе «Көшпенділер» де тұруы тиіс. Бұл мысал біздің жаңа жүйені өмірге енгізуде артта қалып бара жатқанымызды көрсетеді.

Біз еркіндікті көп аңсаймыз. Еркін болсақ өміріміз өзгеше бола кететіндей көреміз. Біздің еркіндігіміз - Құдайдың ғана қолында. Сонымен бірге - өзіміздің де қолымызда. Өткені, біз - Адамбыз!

Бәрі бірден бола салмайды. Оған негіз, яғни арқау керек. Мата тоқығанда оның арқауына, яғни негізіне мықты жіптерді салады. Сол арқауға тоқылатын жіптер әртүрлі бола береді: біреуі қатты, біреуі жұмсақ, біреуі қымбат, біреуі ұлпа. Соған қарап матаның сапасы бағаланады. Негіз - халық. Халық қайсыбір жақсы идея болмасын, жалғастырып әкете алмаса - қиынның қиыны. Егер Өкімет тым алға ұзап кетсе (демократияшыл болса да),  халық оның соңынан ілесе алмаса, арқауының әлсіз болғаны, ол көп ұзамай жарамсызданып қалатын мата секілді сыр беріп тұрады.

Біздің көптеген кемшіліктер өркениетті қоғам құра алмай жатқанымыздың белгісі. Өркениетті қоғам құру үшін қоғамына мемлекеті, мемлекетіне қоғамы сай болуға тиіс. Ол үшін еркіндікке жетелер биік сана, білімділік пен біліктілік, ояулық керек. Зиялыларды да, оппозицияны да, мемлекеттік қызметкерлерді де, жалпы халықты да, пайдалылар мен онша пайдасы жоқтар, керектілер мен керексіздер деп бөлмей, осы талапқа сай келетіндердің қоғамға ықпал етуіне, көзі ашықтық пен көңілі ояулыққа баршаны жетелеуге мүмкіндік туғызу қажет.

«Өзіңе өзің берік бол» мәтелін ұстансақ, біздің Елбасы қазірден мемлекетімізді бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосу ниеті қай жағынан болса да өте құптарлық екеніне көз жеткіземіз. Президенттің Еуразиялық Одақ яки Орталық Азия елдерінің ортақтасуы дегендегі түпкі ниеті осы қауіптердің алдын алу үшін алдын ала қолға ала бастаған әрекет деп санаймыз.

Сонымен бүгінде қазақтың алдында түйінді, тағдырнамалы екі мәселе тұр: біріншісі - бәсекеге қабілетті ұлт пен мемлекет болып жетісу, екінші - жаһандану үрдісіне, Жаңа Жүйе жағдайына лайық қуатты, жан жақты жетілген ұлт пен мемлекет болып қалыптасу!

Біздің өміріміз Марк Аврелий: «Сен әруақытта қазiргiдей бiр көрiнiстi көресiң: адамдар некеге отырады, бала өсiредi, ауырып-сырқайды, өледi, соғысады, тойлайды, саяхат жасайды, жер өңдейдi, жағымпазданады, тәкаппарлық жасайды, қастық iстейдi, басқаның өлімін тілейді, тірлігіне көңілі тоймайды, ұнатады-сүйедi, қазына жинайды, құрметтi лауазымдар мен таққа таласады» деп айтқандай күнде қайталанып отыратын пәндәуи тірлік. Олай жалғаса беруі - ағысқа еру. Одан биік тұрып ұлт қызметіне жегілу - Абайдың, Әлиханның, Ахметтің жолы. Қазақтың бүгінгі зиялылары бізді осы жолға бағыттағай.

Ақырғы сәті жақындағанын сезінген Шәкәрімнің түйін сөздері мынадай болыпты: «Өмірде бар тілекке жетіп, бар қызыққа баққанмен, соңында барыңның бәрінен айрылып, тұлдырсыз аттанар екенсің. Дүние бір аққан су, адам ондағы шөп, су қайда жетелесе, қалықтап соның бетінде өз еркіңсіз ағып кете барады екенсің. Тағдыр сенің басыңды тауға да, тасқа да соғады екен, жұмсақ, жайлы жерде де болады екенсің. Адамзаттың түбінде баратын орны бір үлкен көл десек, әуелі бұлақтан басталып, кейіннен ұлғайып өскен адам баласы өзенге айналып, ақыры барып сол көлге құйып тынады екен. Оған дейін көрген рахат, алған ләззат, оқыған білім, еткен еңбек, көрген қиындық, шеккен азап, қасірет қана қалады екен бойыңда. Жазмышты мойындап, өмірдің өтпелілігін көріп, сол азғана жалғанда жаман атың қалдырмай, тоғышар, надан, топас болмай, жақсы атпен өтсең, артыңда қалатын сол ғана екен.

Кейінгілер сөзімді оқыр. Бірі ұнатар, бірі сынап күлер. Сонда менің зарланумен өткенімді түсінер. Дүниенің рахатына сенім жоқ екенін түсінгелі басымды тауға да, тасқа да ұрып, ғаделет іздеп алқынғанымды білер. Қайран қу дүние, барлық арманыма жеткізбесіңді білгем. Әттең! Тағы да әттең! Абай ағам секілденіп «қолымды кеш сермеппін». Ырду-дырдумен, ел ішінің ұсақ түйегімен, ата жолы деп билікке араласып, алтын уақытымды босқа өткеріппін. Енді амал нешік. Менен кейінгілер қаулап өсіп кел жатқаны ғана көңілге медет. Мен жетпегенге солар жетеді деп үміттенем. Уақытым тарлығынан кейінгі жылдары ойыма келгеннің бәрін, нақ сол сәттегі көңіл-күймен қағаз бетіне түсіре бердім. Оным ала да, құла да шыққан болар. Менің бүгінгі жеткенім осы болды. Ақтығыма, қазағыма адалдығыма, оған жарқын күндер тілегенімен сеніңдер халқым...».

Бұл сөздер бүгінгі тоқкөңіл, бейтарап, енжар, тәубешіл қазаққа анда-санда бір оқып, өзін осыған лайықтап атқаруына аса қажет сөздер.

«Мен өзіме «Мұтылған» деп ат қойдым. Мұтылған деген сөз ұмытылған деген сөз, әрі халқымның мұң-зары менімен бірге ұмытылса екен дегенді де ойладым. Халқым сол мұң-зарды ұмытып, қайтадан ес жинаса дедім» деп Шәкәрім өзім ұмытылсам да, халқым мәңгі жасай берсін деп тілеу тілепті.

Айтарымызды академик Ғарифолла Есімнің «Шәкәрім өз бойындағы барлық мүмкіндікті толық іске асырған адам» деген сөзін келтіре айтқанда, тағдыры күрделі, өмірінің соңы қиын болғанымен Шәкәрім артына ұмытылмас сөз қалдырған, іздеушілері мен зерттеушілері, сөзін ұстанушылары бар ойшыл тұлға деп тұжырымдағымыз келеді.

Бүгінде Шәкәрім мұрасы жүйелі түрде зерттелуде және одан да әрі тереңдей зерттеле бері тиіс. Бұдан былайғы уақытта Шәкәрімнің әр өлеңі, әр дастаны, әрбір прозалық шығармасы, әрбір сөзі, әр ойының түкпіріне үңіліп, тереңде жатқан дәнін аршып алып, оны сөздерінің нәрімен қоса айқындай түсу басты міндеттердің бірі. Шәкәрім жайында дайындалған осынау зерттеу еңбегіміз - біздің Шәкәрімтану ғылымына қосқан теңіздің тамшысындай аз ғана үлесіміз.

Бәрімізді жүз жыл бұрын қазақ қамы деп бар ұмтылысын, күшін, жігерін аянбай жұмсаған Шәкәрім дананың аруағы қолдай жүрсін. Әумин!

Мырзагелді Кемел,

экономика ғылымдарының

докторы, профессор,

Қазақстан Жазушылар

Одағының мүшесі.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522