Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Тұлға 16563 25 пікір 9 Сәуір, 2020 сағат 14:47

Қазақ әдебиетіндегі Хан-Тәңірі

(ұлы суреткер М.Мағауин туралы мөлтек сыр)

Биссмилла дегенде-ақ, сөздің басын ашып алатын бір мәселе, біз бұл шағын жазбамызда, қазақтың көркем ойын Хан-Тәңірдей биік белеске көтерген, ұлттық руханиятымызға өшпес олжа салған ұлы қаламгердің суреткерлік қарымын, ғалымдық сүрлеуін, бір сөзбен айтқанда, Мұхтар Мағауин феноменін сөз етпекші емеспіз. Керісінше ол кісіге соңғы жылдары тағылып жүрген бір айыптың, жабылып жүрген бір жаланың негізсіз екендігін  дәлелдеуге тырысу. Ол не десеңіз, «Мұхтар Мағауин – рушыл, яғни ол асқан керейшіл» дейтін жала!  Бұл шылғи өтірік! Мұхтар Мағауин, ол – алашшыл азамат! Ұлтшыл тұлға!

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Алаш жұртының ардақты перзенті, ұлы жазушы, көрнекті тарихшы-ғалым Мұхтар Мағауиннің есім-сойымен біз ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап таныс едік.

Ол кезде ҚХР астанасы Пекин қаласындағы «Орталық ұлттар институты» (қазіргі Орталық ұлттар университеті) деп аталатын оқу орнында студентпіз.  Білмекке құштар ашқарақ көңіл Пекинге барған күннен қолды-аяққа тұрғызбай шиыршық аттырып жүрген кез. Жатпай-тұрмай оқып, үйреніп, тез арада дөкей қаламгер болғымыз келеді. Кеудені кернеп бара жатқан басты арман осы. Бірақ, қайдан не оқып, кімнен не үйренеміз?! Сұрақ бар, жауап жоқ! Ауылдан қазақ мектебін бітіріп келген біздерді неше мыңдаған иероглифі бар қытай тілі «алдына отырғыза» қоятын түрі жоқ.  Ал қытайдағы қазақ қаламгерлері Мао-ның әйгілі «мәдени төңкерісі» тұсында жаппай «ұлтшыл», «халық жауы» атанып, алды абақтыда  жабылып, арты Тарым лагеріне жер аударылып кеткен жерінен енді-енді ғана ақталып, ауылына келіп жатқан. Демек олар әлі қаламын қолына алып үлгерген жоқ.  Жаңа буынның басы өзіміз.

Осылай дағдарып жүрген күндердің бірінде, Пекин қаласындағы Орталық ұлттар аударма мекемесінің қазақ бөліміне, ҚХР Орталық халық радиостанциясының қазақ бөліміне Сәбеттік Қазақстаннан «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек» деген секілді мерзімді басылымдар келіп тұрады екен. Әдебиетке жаны құштар біздер үшін, көктен тілегеніміз жерден табылғандай қарық болдық та қалдық. Аталған басылымдардың әрбір жаңа нөмірін жыл келгендей төрт көзімізбен сарғая күтіп, ерекше әсермен, үтір-нүктесін қалдырмай оқып шығамыз. Оқумен ғана шектелмей, жиналып алып, онда көтерілген мәселелер мен өзімізге ұнаған шығармаларды таласа-тармаса талқылап, қызыл кеңірдек боламыз да жатамыз. Талқыға қатыспай, «тек жүру» тіптен мүмкін емес. Әдебиеттің, баспасөздің құдіретін қойсаңшы, біз бірте-бірте өзімізді Қазақстанда, Алматыда жүргендей сезіне бастадық. Сол тұста назарымызды өзіне көбірек аударып, ықыласымызды өзіне көбірек тартқан қаламгеріміздің бірі Мұхтар Мағауин болып еді. Міне біз кейіпкеріміздің есім-сойымен ең алғаш осылай таныстық.

1987 жылы аталған оқу орнын аяқтап жолдама бойынша Үрімші қаласындағы Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрдық.

Академияның бір жақсы жері уақытыңның бәріне дерлік өзің қожасың. Аптасына бір рет, аса бір зәрулік болып жатса екі рет төбе көрсетсең жетіп жатыр. Бір кереметі біз жұмыс істейтін әдебиет институтына да Қазақстаннан жоғарыда аталған газет-журналдар келіп тұрады екен. Алайда бұл кезде біз қазіргі қытай тіліндегі әдебиеттерді емін-еркін оқудың, аударудың деңгейіне жеткенбіз. Оның үстіне Дэн Сяопин басшылығындағы қытай билігі  осы кезде әдебиет пен өнерге, ақын-жазушыларға барынша қолдау көрсетіп, қытай әдебиеті мен өнерін өркендету ісіне бел шеше кірісіп кеткен.  Содан да  жержүзі халықтары әдебиетінің ескілі-жаңалы шедеврлерін жаппай қытай тіліне аударып шығарып жатқан.  Демек, уақыт таба алсаң, оқитын дүние ұшан-теңіз. Демек, біз ендігі жерде Қазақстаннан келген басылымдарды бұрынғыдай басынан аяғына дейін түгін қоймай, сыпыра емес, іріктеп, талдап-талғап оқитын болғанбыз.

Осылай талдап, талғап оқып жүрген күннің өзінде Мұхтар Мағауин біздің ең сүйікті жазушымызға айналып кетті. Бізді ешкім ұрған жоқ, соққан жоқ, үгіттеп-сүгіттеген, міндеттеген жоқ,  баспасөзден Мағауинді  қалт жібермеу дағдымызға айналды. 1988 жылы Қазақстаннан келген баспасөзден Мұхтар Мағауиннің «Жұлдыз» журналының бас редакторы болғанын оқып, туған көкеміз тағайындалғандай алақайлап қуанғанымыз бар. Бұл қуаныштың себебін  қазір түгілі, сол кездің өзінде де түсіндіріп бере алмас едік. Әйтеуір қазағым деген арда азаматқа, дарынды қаламгерге ауған ықыластың белгісі екені анық.

Бұл кезде ҚХР мен КСРО арасы жақсарып, екі елдегі қазақтар бір-біріне емін-еркін қыдырып барып келе бастаған.

Сонау бір заманда (1956ж.)  әкемнің інісі отбасымен, анамның аға-әпкесі, інісі түгел Сәбеттік Қазақстанға көшіп кеткен екен. Ата-анамыз біз ес білгеннен соларды айтып көз жастарын көлдетіп отырар еді. Енді, міне, заман оңалды. Әке-шешемізді Меккеге жаяу арқалап апара алмасақ та, перзенттік парызымызды өтеуге  аз да болса сеп болсын деп, бір-бірлерін  тұп-тура 33 жыл көрмеген, әрі «бұл пәниде енді көрмейтін шығармыз» деп күдерлерін мүлде үзген жақындарымен қауыштыруға бел будым.

Осылайша жол түсіп, дәм тартып 1989 жылы әке-шешемді алып Қазақстанға қыдырып келгем-ді. Ол кезде КСРО деген империяның іргесі шайқалыңқырап тұрғанымен, әлі «тірі» болатын. Қазақстанның Алматы қаласы, Алматы облысы, Қарағанды облыстарында тұратын, әке-шешемнің отыз жылдан аса көрмеген бірге туған әпке-қарындас, аға-інілерін, ет-жақын туыстарымызды аралап шыққанша шілде-тамыз – екі айдан аса уақыт кетті. Әрине, шекарадан өте салып табан тіреген жеріміз - өмірімізде бір көру арман болған ару Алматы!

Ол кезде шетелден атажұртқа қыдырып келушілердің өзі некен-саяқ екен. Ал қаламгер ағайындар жоқтың қасы деуге болады. Біздің келгенімізді сол кезде «Қазақ радиосында»  жұмыс істейтін нағашы ағам, жазушы Жолдасбай Тұрлыбаевтан естіген радиодағы журналистер мені дереу студияға шақырып интервью алды, өлең оқытты. Ертеңінен бастап Алматыдағы газет-журнал редакциялары бірінен соң бірі кездесуге немесе сұхбаттасуға шақыра бастады. «Өркен», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мектебі» секілді газет-журналдармен қоса «Алатау» телеарнасында арнайы қонақ болдық.

«Жұлдыз» журналы әдейілеп шақырған жоқ, бірақ ол журналдың қасиетті шаңырағына бас сұғу, әсіресе журнал басшысы, ұлы Мұхаңа сәлем беру ауылдан жолға шыққандағы жоспарымыз еді. Нағашы ағам, жазушы Жолдасбай Тұрлыбаев Мұхаңа телефон шалып: «Қытайдың Үрімші қаласынан  жиенім келіп еді,  сізге сәлем беріп кіріп шықсам дейді»  деп алдын-ала келісіп қойған екен. Уағдалы күні «Жұлдыз» журналының редакциясына бардық. Мұхаң орнында күтіп отырыпты. Ұзақ көрмеген туған бауыры келгендей өте жылы қабылдады. Ол кісінің мені көргенде соншалық риясыз, балаша қуанғанына таң қалдым. Редакциядағы бір-екі кісіні шақырып алды. Арғы беттегі ағайындардың рухани, әлеуметтік хал-ахуалына қатысты көп сұрақтар қойды. Әңгімеміз бір жарым сағатқа созылды. Сосын қозғалуға ыңғай танытып едік, Мұхаң: «Ал, Дүкеш, не мал бар? – деп күлді  де, –  мынау Түрік ағайындар тауарды «мал» дейді екен. Қаламгердің тауары шығармасы ғой, «Жұлдызға» не алып келдің?» – деді. Мен «Оғызнама – ортақ мұра»  деген мақала әкелгенімді айтып, қолжазбамды бердім. Мұхаң екеуміз ескі таныстардай немесе туған аға-інілердей  қимай-қимай қоштастық.

Осы арада айта кетерлік бір жағдай, біздің сол аталған мақаламыз «Жұлдыз» журналының сол жылдың N9 санында жарық көрді. 1990 жылы ҚХР өкіметі 1980-1990 жылдары аралығындағы ғылыми зерттеу еңбектерге бәйге жариялады. Біздің сөз болып отырған  «Оғызнама – ортақ мұра» атты  еңбегіміз бүкілқытайлық таңдаулы (үздік) ғылыми еңбек сыйлығына ие болды. Бұған әрине, мақаланың Қазақстанда, оның ішінде Қазақстан жазушылар одағының органы «Жұлдыз» журналында жарық көруінің игі ықпалы болғаны даусыз.

Мезгіл көші жылжып 1990-шы жылдарға келгенде, алғашқы кезекте Балтық жағалауындағы елдер өз тәуелсіздігін жариялады. Талас-талқымыздың тақырыбы: келесі кезекте қай ел? Қазақстан қашан? Күте-күте күніміз жыл, айымыз ғасыр болды.

Я, ақсарбас! Міне, аңсаған күнге де жеттік! 1991 жылы желтоқсанның 16-шы жұлдызы! Осы күні Үрімшіде қуаныштан жарылмаған, көзіне бақыт жасы үйірілмеген, тойламаған қазақ баласы қалмаған шығар! Біз, Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясының оншақты қыз-жігіті, қолдан бір «туған күн» жасап, халқымыздың үш ғасырдан соң қайта оралған азаттығының алғашқы күнін тойладық! Ертесінен бастап әңгімеміз мүлде басқа бағытта өрбитін болды. Яғни енді Қазақстанға қалай жетеміз? «Керек болса, шекараны бұзып қашып өтейік» дегендер де  болды. Себебі ол жылдарда қытайдан шетелге шығу дегеніңіз қияметтің қыл көпірінен өткеннен де қиын-тұғын.

Міне, Қазақстанға жетудің жолын іздей-іздей 1992 жылдың да алғашқы айлары артта қалып барады. Өстіп торығып жүрген күндердің бірінде «Үрімшіге Қазақстан ақын-жазушыларының шағын делегациясы келіпті» деген хабар қалада желдей есті. Жылтыраған бір болар-болмас үміт оты жанымызды жылытып, кәдімгідей еңсеміз көтеріліп қалды. Себебі, делегация өзге саланың адамдарынан емес, ақын-жазушылардан құрам тапса, әрі оның құрамында қазақтың ұлтшыл зиялылары Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, Төлен Әбдіков, Оралхан Бөкеевтер болса, олардың біздерге – атажұртқа жетсек деген шетелдік қазақ жастарына қолұшын бермеуі мүмкін бе?! Тағы бір жағынан, басқаларға қарағанда менде бір артық мүмкіндік бар еді,  ол – «Мұхтар ағам мені таниды ғой» деген үміт.

Осы арманға тұмсығымыздан жетектелген біздер, ал келіп Қазақстаннан келген делегацияны іздейік. Қаладан адрессіз адам іздеу дегеніңіз көлдің түбінен ине іздеумен парапар далбаса тірлік болып шықты. Не келген делегацияның келіп тоқтаған жерін бізге ешкім айтпайды. Біледі-ау деген ағаларымыздың бәрі «білмейміз!» дейді, шынымен білмей ме, әлде атажұрттан келген ағаларымызды қызғана ма, жоқ, аузы күйіп қалған  байқұстар қорқа ма, әйтеуір бізге ешкім ештеңе айта қоймады. Сосын Үрімшінің қонақ үйлерін өз бетімізше сүзіп шығыуға бел будық. Өстіп жүріп бірер күнді өткізіп те алдық. Бір күні кеште Қайрат деген жігіт: «Ол кісілердің дерегін таптым – «Кунлұн» қонақ үйіне түсіпті» – деген қуанышты хабар жеткізді. Ертеңіне барсақ, «Олар кеше кетіп қалды!» – деді қонақүй қызметкерлері. Біз сан соқтық та қалдық...

Келесі жылы, яғни 1993 жылдың наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің арнайы шақыруымен қытай тілінің маманы ретінде Атамекенге оралдым.

Көп кешікпей Мұхаңа барып сәлем беріп, бір жола келгенімді айттым. «Уай бәрекелді! Азамат!» деп ол кісі тұтас елі көшіп келгендей қуанды. Адам жаны қайда болса да ыстық ықыласты, жылы сөзді іздеп тұрады ғой. Содан Қазақстан жазушылар одағы үйінің  әуелгіде  екінші қабатында, кейін деп бірінші қабатында отыратын Мұхаңа соғып, сәлем беріп, әңгімесін, ақыл-кеңесін тыңдап жүрдім. Шыққан кітаптарын береді. Қытайға, олардың тарихы мен мәдениетіне, философиясына қатысты көп сұрақтар қояды. Сөйтсем, сол жылдар Мұхаңның Куң Фуцзыны аударып жүрген кезі екен.

1996 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақ әдебиеті кафедрасына сырттай ізденуші болып қабылдандық. Тақырыбым «қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50жж.)». Яғни тұтастай әрі тап-таза Шығыс Түркістан кезеңі.  Ғылыми жетекшім профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі (кейіннен академик)  Рымғали Нұрғали.

Мұхтар аға мен Рымғали аға екеуінің арасындағы аз-кем өкпе-реніш туралы Рекең бұрын да  шет-жағалап айтқан. «Оның саған еш қатысы жоқ. Мұхтар ағаңмен өз алдыңа сыйласып, жүре бер»,  – деп еді Рекең марқұм. Екеуінің арасындағы «әңгімені» ашып айтпағанмен, жетекшіммен азды-көпті қырбайлығы бар екенін Мұхаңның да сөз ләмінен байқағам. Алайда әлде бір ұсақ пенделерге ұқсап соған бола менен теріс айлану тұр ғой, салқын қабақ танытпастан  ылғи қолдап-қуаттап отырды.

Содан Мұхаңа ҚазҰУ қазақ әдебиеті кафедрасына сырттай ізденуші болып қабылданған  жаңалығымды айтайын деп, әрі тақырыпқа қатысты алғашқы мақаламды көтеріп бардым. Мұхаң тақырыбымды естіп қатты қуанды. Алып барған мақаламды шыққалы тұрған нөмірге салып жіберді.

1998 жылдың ерте көктемінде Алматыдағы «Ататек» баспасынан «Семсер суы» деген атпен жыр жинағымыз жарық көрді. Таныс-біліс, сыйлас ағайынға кітаптың біраз данасын үлестірдік. Әрине, алғашқылардың қатарында Мұхаңа да бір данасын апарып бердім. Мұхаң жүрекжарды құттықтау тілегін айта келіп: «Баяғы баспада отырған заманым болса, бұл жыр жинағыңды бұдан да сапалы, бұдан да қомақтылау ғып шығарып берер едім. Енді менің көрімдігім болсын, осы кітабыңнан өзің таңдап он шақты өлеңіңді алып кел, журналдың алдағы нөмірлеріне салып жіберейік», – деді. Кешіктірмей бір топ өлеңімді қолына тигіздім. «Жұлдыздың» 1998 жылғы N7 санында «Мен қолымды туға бекер созбаймын» деген жалпы тақырыппен топтама жырларымыз жарық көрді. Журналдың шыққанын ести сала Мұхаңа рахмет айтайын, журналдан бірер данасын алайын деп редакцияға бардым. Мұхаң орнында екен. «Ал, айналайын Дүкенжан, құтты болсын! Мен шыны керек, бұрын өлеңдеріңді қатты мән беріп оқымаппын. Шын ақын екенсің! Талантты ақын екенсің! Осы қарқыныңнан  тайма!» – деп қолымды алып, журналдың бірер данасын қолыма ұстатты. Мұхаңнан бұндай баға естимін деп еш ойламағам, кәдімгідей көңілім көркейіп, жаным масайып шықтым.

1999 жылдың жазына салым қорғауға шығатын болдық. Алайда ҚазҰУ-де қорғау кезегінде тұрған адам көп болғандықтан, ұстазым Рымғали Нұрғали мені Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетіндегі қазақ әдебиеті бойынша кандидаттық диссертация қорғататын ғылыми кеңестен қорғататын болды. Кеңес төрағасы,  профессор Нығымет Ғабдуллин ақсақал келісімін берген көрінеді. Бір қызығы Мұхтар аға сол кеңестің мүшесі екен. Қорғаудың күні белгіленгеннен кейін авторефератымды алып Мұхаңа бардым. «Бәрекелді!» деп Мұхаң шын қуанды. Сосын тұрып: «Соңғы кездері бұл кеңестің жиналысына қатысып жүрген жоқпын. Бірақ бұл жолы сен үшін міндетті түрде барамын. Реті келсе қолдап сөйлеймін. Дауысымды беремін», – дей келе сәттілік тіледі.

Уәде еткеніндей Мұхаң қорғауға келді. Біздің жұмысымызды екі оппоненттің екеуі де, өзге де сөйлеушілер де (профессорлар С.Қирабаев, Т.Кәкішев,  М.Абдрахманов т.б.) жоғары бағалап, қолдап сөйлеп жатқандықтан ба,  Мұхаң сөйлеуді артық көрді-ау деймін, сөйлеген жоқ. Дауысын беріп болғаннан кейін, менің қолымды алып, сәттілік тілеп кетіп қалды.

Мұхаңның кейіндеп, менің шығармашылығыма деген қолдауы мен қамқорлығы басқа бағытқа ауыса бастады. Атап айтқанда, шығармашылық адамындағы жазу мен оқудың  пропорциясы,  өзінің шығармашылық тәжірибесі, кейбір өмір кешірмелері, әлем әдебиеті, қазақ әдебиеті т.с.с. ойларымен  бөлісіп, ағалық ақылын да айтып тұратын.

Кейін мен Астанаға кеттім, ол кісі шетелге кетті.... Мен ылғи сағынып жүремін! Кейде іздеп барғым келеді. Бірақ менің жалақым Алматыға барып келетін ұшаққа да жетпейтіні кімге құпия?!.

Бір тәуірі біздің  – қазақстандық профессорлардың өмірінің  қандай екенін Мұхаң өте жақсы біледі ғой.....

Алты алаштың бағына туған сол ұлы адам, менің асыл ағам 80 жастың сеңгіріне шығып отыр. Мұхаңның мерейжасы – біле білсек ұлт мейрамы! Бақыт тәтемменен қолдасып, қолтықтасып жүзге келіңіз, асыл аға, демекпін!

Мен өз өмірімде Алаштың алып та адал перзенті, Ұлы суреткер Мұхтар Мұқанұлының осыншалық ағалық шапағатын көргенімді мақтан тұтамын! Біреулер ол кісіні «рушыл, керейшіл» етіп көрсеткісі келеді. Бұл бос сөз! Бұл тап-таза жала!  Қазақы жөнмен келсек, мен ұлы жүздің – албанымын, ол кісі орта жүздің  – керейі.  Маған Мұхаңның   «ұлы жүз екенсің, керей емес екенсің» деген зәредей де ойы да, ниеті де болған жоқ. Керісінше ол кісі керей іздесе қытайдан менімен қатар келген абақ керей баласы аз емес еді. Кейбіреуі тіпті «абақ керейлігін» алға тартып, бізді жамандап барып, ағалап-жағалап та жүрді....

Сөз соңында бізде бір үлкен өкініш бар, оны да айта кетейін. Алматыда, Мұхаңмен сыйласып, іні болып жүргенде, бәйбішесі екеуін үйге шақырып бір дәм татқыза алмағанымыз. Шынын айтқанда, шақыру ойымызда болды. Талай-талай оқталып барып қайта айныдық. «Келмейді» деп ойладық. Егер, мен шынымен де шақырып, ол кісі шынымен де келмей қалса, көңіліміз сәл де болса суып қалуы да мүмкін бе еді... Кім білсін?! Бірақ сол қылығымызға қазір өкінеміз.

Алла аманшылығын берсе, ағамыз бен тәтеміздің елордаға да бір жолы түсіп қалар деп күтіп жүрміз енді.

Дүкен Мәсімхан

2 ақпан 2020 жыл

Астана

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048