Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әліпби 13478 20 пікір 10 Сәуір, 2020 сағат 11:31

Ч дыбысына әріп алу керек пе?

Латынграфикалы жаңа әліпбидің бекітілген акут нұсқасында Ч дыбысы Сh диграфымен беріліп тұр. Диграф жазудағы сөз тұрқы созылыңқы жалғамалы қазақ тілі үшін қолайсыз екені белгілі. Бір жағы, осы себепті, екінші жағы, бөтен дыбысқа арнайы таңба алудың қажеті жоқ деп шешкендіктен, Орфографиялық жұмыс тобы жетілдірілген умлаут жобадан Сh таңбасын алып тастады. Сөйтіп, жаңа әліпбидің бекітілген жобасында әріп саны 32, ал жетілдірілген нұсқада 31.

Мамандар мен ғалымдар арасындағы, қоғамдағы талқылау жетілдірілген умлаут жобаны қолдаушылардың саны басым екенін көрсетті. Дегенмен оның құрамындағы бірнеше таңбаға қатысты пікіралуандығы бар. Солардың бірі – Ч-ға қатысты мәселе. Ч дыбысына таңба алу қажет емес деген ұстаным басым, бірақ оған жеке әріп беруді ұсынатындардың да өз уәжі бар. Мәселен, «ұлттық жоба» деп Тіл білімі институтының ғалымдарының бір тобы ұсынып жүрген әліпбиде Ч дыбысы үшін арнайы таңба алынған. Сонда Орфографиялық жұмыс тобы құрамындағы ғалымдардың Ч дыбысын таңбалау қажет емес деген ұстанымы дұрыс па, әлде таңбасын әліпбиге енгізу керек пе? Осыған тоқталып, мәселенің дұрыс шешімін табу үшін, бірге талдап көрелік.

Ч дыбысына арнайы таңба алуды қолдаушылардың уәжі:

- орыс тілі арқылы енген сөздер (чемпион, чек) құрамындағы Ч-ны қазіргі қазақ жеңіл айта алады, әрі бұл сөздер тілдің лексикалық байлығы, олар кирил жазуымен қалай еніп, дыбысталса, өзгертпей, солай латында да таңбалап, дыбыстау қажет;

- қазір ағылшын тілінен құрамында Ч дыбысы бар сөздер (блокчейн, коучер, фьючерс) көптеп еніп жатыр, оларды түпнұсқа тілде дыбысталатындай ерекше таңбамен белгілеу керек; 

- түрік, әзербайжан әліпбиінде Ч-ға арнайы таңба бар. Ортақ түрік әліпбиінің құрамындағы әріптерді мейлінше толық қолдану керек;

- Ч дыбысы қазақ тіліне жат емес, ол жазуда таңбаланбаса да, шығыс говорларында төл сөздерде (шық – чық, қанша - қанча) де айтылады, сондықтан оған арнайы таңба алса, шетсөздердегі Ч-ны айқын дыбыстау да, ерекшелеп жазу да қиындық тудырмайды;

- Ф, В, Х сияқты шеттілдік дыбыстарды таңбалауға әріп алғанда, Ч-ны алмаудың себебі жоқ.

Ч дыбысына  арнайы таңба алмауды қолдаушылардың уәжі:

- Ч дыбысы бар орыс тілі арқылы енген шетсөздердің ішінде әсіресе тұрмыстық зат, бұйым атаулары о баста фонетикалық принциппен игеріліп жазылды: шабадан (чемодан), шай (чай), шәйнек (чайник), кірпіш (кирпич). Себебі олар ауызша коммуникация арқылы таралып, орнықты, сондықтан оларды ауызша сөзде әбден таныс нұсқада игеріп жазу еш қарсылық тудырмады. Бірақ бұл үдеріс кирил әліпбиін қолданған кеңестік кезеңде саяси себептермен тоқтатылды. Осы үдерістің тоқтау кезеңі жазба коммуникацияның ерекше дамып, орыс тілі арқылы жаңа атаулардың лек-легімен енген ХХ ғасырдың екінші жартысы кезеңімен тұспа-тұс келді. Орыс тілі арқылы енген сөздер енді тек жазба мәтін арқылы таралды, әрі олардың дені терминдік мәндегі салалық сөздер болды. Егер бұған дейін тұрмыстық атауларды ауызша сөзде игеріп, олар жалпыхалықтық сипат алса, бұдан былай жазба мәтіндер арқылы енген сөздің барлығы бірдей қалың жұртшылыққа кеңінен таныс болмады, оны сала мамандары, оқыған қауым ғана түсініп, қолданды. 

Сонымен бірге тұрмыстық атаудан болған, игерілген орыс сөздері бейресми қатынасқа, ал жазба коммуникация көздері арқылы орысша тұрпатта таңбаланатын сөздер енді негізінен ресми қатынасқа қызмет етті. Бір өкініштісі, сол кездегі кеңестік қоғамда оларды өзгертпей қолдану «тілді шұбарлау» сияқты теріс бағаланған жоқ, керісінше, «мамандардың бір-бірін түсіну деңгейін арттыру, халықаралық ғылыми, мәдени ортамен құрмаласу» сияқты оң баға алды. Сөйтіп, қазір орыс тілі арқылы енген сөздің барлығы сияқты Ч дыбысты сөздердің де бір бөлігі қазақша Ш-мен, екінші бөлігі орысша Ч-мен жазылады (чемпион, чемпионат, чек). Солай болған күннің өзінде, соңғыларының саны көп емес. Орыс тілінің ережесі бойынша жазылатын шамамен 14600-ға жуық жалпы мағынадағы шеттілдік сөздің ішінде 77 сөздің құрамында ғана Ч дыбысы бар, яғни орысша жазылатын сөздердің 0,52 пайызында Ч әрпі кездеседі. 

Осы әріп қазақ мәтінінде қандай жиілікте қолданылатынын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының филология ғылымдарының докторлары, профессор Асқар Жұбанов пен Айман Жаңабекованың жетекшілігімен әзірленген қазақ әріптерінің жиілік сөздігінен де көруге болады (www.tbi.kz // «Қазақ графемаларының жиілік сөздігі», Алматы, 2018). Әріптердің жиілікті-әліпбилі сөздігінде 67 451 836 әріптен құралған қазақ мәтініндегі әрбір жеке әріптің жиілігі анықталды, сонда Ч әрпінің абсолютті жиілігі 3 702, яғни 70 миллиондай әріпқолданыстан құралған мәтінде Ч небары 3 702 рет кездескен,  бұл барлық мәтіннің 0,005 пайызын құрайды. Аталған көрсеткіш қаншалықты аз екенін түсіну үшін ең жиі кездесетін А әрпінің жиілігімен салыстыруға болады: А әрпі 67 451 836 әріптен құралған қазақ мәтінінде 8 630 862 рет қолданылған, бұл бүкіл мәтіннің 12,8 пайызын құрайды. Жиілігі аз әріптердің соңғы үштігін Ч әрпі бастап тұр, одан кейінгі жиілі төмен әріп Щ және Ё (екеуінің мәтінді қамту пайызы 0,002). Латыннегізді әліпбиде Ч, Щ мен Ё арнайы таңбаланбағанының бір себебі де осы;

- Ч тіліміздің негізгі дыбысы (фонемасы) емес. Ч дыбысы Т дыбысынан кейін тұрған Ш-ның бір түрленімі ғана, яғни Ш дыбысының қоршауға тәуелді айтылатын реңкі, мысалы, /хатшы/ - <хатшы> - [хатЧы], /отшашу/ - <отшашұу> - [отЧашұу]. Бірақ [бадашы], [шашұу] сияқты қоршауға тәуелсіз жағдайда жайылыңқы жуысыңқы, қатаң, тіл ұшы-қызыл иек Ш дыбысы анық айтылады. Сондықтан хатшы, отшашу сияқты сөздерде Т-ның алдындағы позицияда Ч айтылып, естілгенмен, жазуда негізгі дыбыс Ш таңбаланады, өйткені қоршауға тәуелді, дербес мағына ажыратпайтын дыбыс қазақ жазуының басты принципі – фонологиялық принцип бойынша жазуда таңбаланбайды, бұл принципке сәйкес жазуда тек фонемалар таңбаланады. Демек қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде Ч фонемасы жоқ. 

Түрік, әзербайжан әліпбиінде Ч дыбысына арнайы таңба бар, себебі бұл тілдерде ол сөз мағынасын ажырататын дербес дыбыс – фонема. Түбі бір түркі тілдерінің бірінде бар дыбыс екіншісінде неге болмайды деген сұраққа тарихи фонетика бойынша жүргізілген зерттеулер жауап береді. Түркілердің барлығы бір қауымдастық болып тұрған көне кезеңде, қазіргі тілдерінің байырғы ортақ көзі болған түркі ататілінде Ч дауыссыздар жүйесінде тоғысыңқы-жуысыңқы дербес фонема мәртебесіндегі дыбыс болған.  

Түркі тілдерінің тарихи фонетикасын зерттеп, түркі ататілінің фонетикалық жүйесін реконструкциялаған ғалым А.М. Щербак ататілдегі /*ч/ дыбысы қазіргі түркі тілдерінде түрлі эволюцияға ұшырағанын анықтады, мәселен, ол ататілдік /*ч/ башқұрт, хақас, саха тілдерінде С-ға, ал қазақ, қарақалпақ, ноғай, тыва, шор тілдерінде Ш-ға, балқар тілінің малқар және әзербайжан тілінің ордубад диалектісінде, батыссібір татарларының говорында Ц-ға, шуаш тілінде  С' мен Ч-ға ауысқанын, ал қалған тілдердің бәрінде сол Ч күйінде қалғанын нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетеді (А.М.Щербак. Сравнительная фонетика тюркских языков. Ленинград: Наука, 1970, 169 бет).  Мысалы, түрікше чечек, көч, қазақша шешек (гүл), көш, әзербайжанша чөп, чап қазақша шөп, шап. Сондықтан түрік, әзербайжан әліпбиінде Ч-ға арнайы таңба алу заңды болса, қазақ тілінде мұның фонологиялық негізі жоқ. Қазіргі қазақ тілінің Тарбағатайдан бастап Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігі мен Жетісу өңірі говорында сөз басында Ш-ның орнына Ч-мен сөйлеуі осы тарихи фактінің, яғни көнетүркілік Ч дыбысының сақталып қалғанының бір көрінісі болып отыр (бұл туралы: http://www.rusnauka.com/23_WP_2009/Philologia/50908.doc.htm// Раева Г.М. Соответствие глухих согласных в анлауте тюркских языков). Алайда бұл әдеби тілдің нормасына қайшы, сол себепті ешбір ұлттық тілдің әліпбиіне диалект пен говорға тән дыбыстың таңбасы алынбайды;

- Ч өзі кездесетін барлық тілдерде жасалуы күрделі дыбыс, ол алдыңғысы Т, соңғысы Ш дыбысының жасалуына ұқсас тоғысыңқы және жуысыңқы екі артикуляциялық компоненттен құралады, тіл ғылымында мұндай дыбыстарды аффрикат дыбыс деп атайды. Аффрикат дыбыстардың күрделі құрамына қарап оларды екі дербес дыбыстың қосындысы, тіркесі деп тану қате. Аффрикат тұтас бір дыбыс, ол өз алдына дербес мағына ажыратады: мысалы, [aču't'itca] - /очутиться/ және [atšu't'itca] - /отшутиться/ сөздерінен  орыс тіліндегі Ч қоршауға тәуелсіз түрде тұрып, сөздің мағынасын ажырататынын көруге болады, демек бұл тілде Ч – дербес фонема (Л.Р.Зиндер. Общая фонетика. М.:1979, 141 бет). 

Ал қазақ тілінде Ч тек Т-ның алдындағы Ш фонемасының дыбыстық түрленімі екенін алдында айттық. Олай болса, орыс тілінен енген Ч фонемасына қазақ әліпбиіне арнайы таңба алудың негізі бар ма? Арнайы таңба алмасақ, Ч дыбысымен келетін шетсөздерді қалай жазамыз деген мәселе туындайды. Оны шешу үшін Ч аффрикат дыбысының күрделі құрамына ұқсатып, әріптіркесімен транслитерациялап жазуға немесе орыс тілінен енген Ч дыбысты сөздердің ертеректегі игерілу тетіктеріне сүйеніп, Ш-ның ş таңбасымен жазуға болады. Осы тұста жалпы мағыналы сөздер мен жалқы мағыналы сөздердің жазудағы таңбалану принциптерінде ерешелік бар екенін ескеріп, Ч дыбысы бар шеттілдік кісі есімі мен жер-су атын транслитерациялау принципімен, мысалы, Tşehov, Tşaplіn, ал жалпы мағыналы сөздегі Ч-ны Ş таңбасы арқылы беру ұтымды болмақ. Бұл, озық жазулардағыдай, ономастикалық атаулардағы құжаттық дәлдікті сақтауға мүмкіндік береді әрі сөзді игеру механизмін іске қосады. Мысалы, француз тілінде Ч дыбысы жоқ, сондықтан олар ағылшын тілінен енген Ч дыбысы бар жалпы сөздерді де, тіпті кісі есімдерін де Ш арқылы жазып, Ш арқылы дыбыстай береді: чартер – charte [ʃaʁt], блокчейн – blockchain – [blɔkʃɛ̃], коучер – cocher[kɔʃe], чемпион – champion[ʃɑ̃pjɔ̃], Шарль – Charles[ʃaʁl];

дыбысына Ç таңбасы ұсынылып жүр. Бұл таңба әліпби құрамына алынатын болса, жетілдірілген жобадағы диакритикалық таңбамен берілген әріп саны артады. Бұл оның әліпби құрамына алмаудың негізгі болмаса да, жанама себебінің бірі; 

-өзге тілге тән дыбыс таңбасы Ф, В әріптерін алғанда, Ч-ны неге «шеттетеміз» деген пікір жиі айтылады. Мұнда Ф, В әріптері таңбалап тұрған дыбыс пен Ч таңбалайтын дыбыстың арасында айырмашылық бар екеніне ерекше назар аудару керек. Ол айырмашылық осы дыбысы бар сөздердің игеріліп жазылған графикалық тұрқының көзшалымға жеңіл, графикалық кескінінің мәтін ішінде танымал болу деңгейімен өлшенеді. Мысалы, Ф дыбысының таңбасын әліпбиге алмай, оны П немесе Б түрінде игеру тетігі бойынша жазып, футболды putbol/butbol (путбол/бутбол), федерацияны pederasіa/bederasіa (педерация/бедерация), факультетті pakültet/bakültet (пакультет/бакультет), фотонды poton/boton (потон/ботон), фарфорды pаrpor/bаrbor (парпор/барбор), фосфорды pospor/bosbor (поспор/босбор), файлды pail/bail (пайл/байл), фитнесті pitnes/bitnes (питнес/битнес) түрінде таңбаласа, бұлардың тұрқы мәтінде танылмай кетеді, сол сияқты В-мен келетін сөздерді де игеріп, У-мен вакуумuakum (уакуум), валидол – ualіdol (уалидол), немесе Б-мен конвертерkonberter (конбертер), валидатор – balіdator (балидатор) деп жазса, бұл оқуды қиындатады. Бұлардың оқылуы қиын, көзшалымға бірден түснікті бола кетпейді. Демек, Ф мен В игеруге қиын әріптер, сондықтан әліпби құрамына алынды. Ал Ч игеруге ыңғайлы әріп, сондықтан оны әліпби құрамына алудың қажеті аз. Бұл әріп таңбалап тұрған аффрикат дыбыстың күрделі құрамындағы соңғы элементінің, яғни Ш-ның таңбасын алып жазса, шетсөздер мәтін ішінде танылады, оның тұрқы көзшалымға ауыр тимейді, сөйтіп, қазақ тілінде игерілген сөз саны да артады. Бұған көз жеткізу үшін, жетілдірілген әліпби жобасымен жазып, қарап көрелік:

Мысалдар жеңіл танылып тұр, графикалық кескіні оқырманды ойландырмайды, түпнұсқа тілдегі тұрқынан ерекше алшақтаған жоқ, дыбысталуы да ұқсас. Сонымен бірге дыбысталуы тіліміздің айтылу нормасына да үйлеседі. Сонда латын әліпбиімен сауат ашқан ұрпақ Ч-мен келетін сөздің бәрін қазақша жазып қана қоймай, қазақша дыбыстайтын да болады: табиғи жолмен игерілген кірпіш, шәйнек сөздеріндегідей,  [чек] емес, [шек], [чартер] емес, [шартер] деп айтуға дағдыланады. Бұл өз кезегінде ағылшын тілінің әсерімен болашақта көптеп енетін сөздердегі Ч-ны игеруге де мықты тетік жасап береді, шетсөздердің «ұлттық» тұрпатта таңбалануына жол ашады, отар тілдегі төл сөзге бөлек, шетсөзге бөлек жасалатын қосамжар орфографиялық ереженің санын азайтады, тұтас ұлттық жазу ережесін қалыптастырудың, сөйтіп, жаңа жазудың тілді ұлттық арнаға бұру мақсатын орындаудың бір тәсіліне айналады. Ал қалыптасқан ұлттық жазу тілімізді жаңартса, ұлттық арнаға түскен тіл рухымызды жаңғыртады, жаңғырған рух сана бостандығын қалыптастырады. Бір қарағанда, бір таңбада тұрған ештеме жоқ сияқты көрінгенмен, тілдің тірі ағзасының күрделі жүйесінде ол бүкіл ағза саламаттығына тікелей жауапты маңызды бөлшек болып табылатынын байқау қиын емес.

Анар Фазылжан

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5642