Жексенбі, 24 Қараша 2024
3639 2 пікір 10 Сәуір, 2020 сағат 17:35

«Діни басқарманың негізгі жұмыстарының бірі – қайырымдылық шаралары»

Бүгінде елімізде көмекке мұқтаж отбасылар аз емес. Алайда қайырымды жандардың арқасында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тиісті жәрдем беріліп келеді. Мәселен, жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болымен бірқатар отбасылар әлеуметтік көмек алған еді.

Наурызбай қажы Тағанұлы жетекшілік ететін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өткен аптада 5 957 отбасына әлеуметтік жәрдем жасаған. Аталған қайырымды іске бас мүфтидің өзі ұйытқы болып, елордадағы қайырымдылық шарасын бастап берді. Көмекке мұқтаж отбасыларға барып, хал-жайын біліп, оларға азық-түлік таратып, насихатын жеткізді.

Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, діни басқарманың негізгі жұмыстарының бірі – қайырымдылық шараларына ұйытқы болу.

Қазақта «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген аталы сөз бар. Біздің басқарманың негізгі бағыттарының бірі – қайырымдылық. Мен жұртымызға жолдаған Үндеуімде карантин кезінде үмітсіздікке бой алдырмай, сауапты амалдар мен қайырымдылық шараларға үлес қосуға шақырдым. Біз қашан да өзгелерге қайырымдылық жасап, жан-жағымызға шуағымызды төгіп, шарапатымызды тигізіп, адамның алғысын алып өсіп-өнген елміз. Сындарлы сәтте бір-бірімізге жылы сөз айтып, жабыққан жандарға көмектесудің сауабы мол. Осынау сауапты іске үлес қосқан барша дін қызметкерлері мен демеуші азаматтарға риясыз ризашылығымды білдіремін»,-деді Бас мүфти.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйытқы болған аталмыш қайырымдылық акциясы республика деңгейінде жүзеге асқан. Тұрмыстық заттар мен азық-түлікке 25 015 950 теңге көлемінде қаражат жұмсалған.

Бас мүфтидің бұл қайырымды ісін Ақтөбе облысының Бас Имамы Төлеби қажы Оспан бастаған дін мамандары мен жергілікті халық қолдады. Сөйтіп, қайырымдылық шарасына бір кісідей жұмылған.

ҚМДБ бастамасының аясында 2 сәуір күні облыс орталығындағы көтерме сауда орындарының иелері мен жергілікті кәсіпкерлер біріге отырып, 100 отбасына жалпы көлемі 2,5 тонна болатын азық-түлік пакеттері табысталған.

Ақтөбе облысындағы “Нұр Ғасыр” мешітінің және Шалқар, Алға, Мұғажар, Ойыл аудандары мен Ембі қалалық мешіттерінң бас имамдарының, дін қызметкерлері де ҚМДБ ның қайырымдылық шарасына өз үлестерін қосып жатыр. Мәселен, осы аптада карантин тәртібін сақтап үйде отырған көпбалалы және жалғызбасты аналарға күнделікті қажетті азық-түлік өнімдері мен қайырымдылық қоржындары таратылды. Жалпы алғанда,Ақтөбе облысының дін мамандары өңірдегі көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған 94 отбасына жәрдем берген. Жәрдем көлемі 2 тонна 153 келі азы-түлікпен қатар жалпы сомасы 670 000 теңгені құрайды.

Мұндай қайырымдылық шарасы Қостанай өңірінде де жалғасын тапты. Нақтырақ айтсақ, Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Әмит ишан мешітінде еліміздегі орын алған төтенше жағдайға байланысты «Nur Otan» партиясы қолға алған «Біз біргеміз» акциясы өтті.

Аталған шара туралы ауданның бас имамы Нұрлан қажы Сыздықов қайырымдылыққа мұқтаж адамдарға қмқорлық жасау мақсатында игілікті істі қолға алғандарын айтып өтті.

Өңірдегі дін қызметкерлері әлеуметтік жағынан аз қамтылған он отбасына азық-түлік үлестірді. Бас имамның айтуынша, мұндай ізгі істер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Сонымен қатар, ҚМДБ үндеуіне Шымкент қаласы да белсене қатысқан. Олар бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының игі бастамасына өз үндерін қосу мақсатында, Шымкент қаласының бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев, наиб имам Мұхамеджан Естеміров бастаған бірқатар дін өкілдері мен ерікті азаматтар қатысқан. Осы игі шара аясында Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық «А.Қаттани» мешітінде «Сovid-2019» жұқпалы індетінен тезірек айғып, елдің амандығын тілеп Алла жолында нәзір құрбандық шалдынды.

Ал, Павлодар өңірінде елімізде белгіленген төтенше жағдайға байланысты Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қайырымдылық шарасын әрі қарай жалғастырып, үндеуіне қолдау білдірді.

Мысалы, облыстық өкілдіктің әйел-қыздар секторы жанындағы “Ықылас”  еріктілер тобы әйел адамдармен бірлесе отырып, өңірдегі көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандарға, жалғызбасты аналарға жәрдем берді. Осы жолғы «Жүрек жылуы» қайырымдылық жобасы аясында павлодар қаласындағы 40 отбасына азық-түлік пакеттері таратылды. Азық-түлікті мұқтаж жандарға мешіт қызметкерлері мен жамағат өкілдері жеткізіп берген. Жеткізілген әрбір пакетте: күнбағыс майы, шәй, қант, пияз, картоп, сәбіз, ұн, макарон өнімдері қамтылған.

Павлодар облысындағы «Жүрек жылуы» акциясы осы уақытқа дейін белсенді түрде жұмыстар атқарып келеді. Еліміздегі төтенше жағдай аяқатлғанша аталмыш шара да өз жалғасын таппақ.

Осылайша Қазақстан мұсылмандары дін басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ұйытқы болуымен еліміздегі төтенше жағдай кезінде әр өңірдегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар қайырымдылық шараларының шарапатын көруде.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3269
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5652