Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2661 0 пікір 18 Қазан, 2011 сағат 09:11

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ . Бізде өкімет өлтірмейді деген оймен өмір сүретіндер көп

Жангентхан АБЫЛАЙҰЛЫ, медицина ғылымының докторы, профессор:

Жангентхан АБЫЛАЙҰЛЫ, медицина ғылымының докторы, профессор:

- Жангентхан Абылайұлы, бүгінде ел экономикасын инновацияға бейім­деу жайы жиі айтылады. Сіз кәнігі ма­ман ретінде өз салаңыздың, яғни ме­ди­цина секторының инновацияға ба­ғыт алуын қалай бағалар едіңіз?

- Рас, қазір біздің Үкіметіміз жаңа ин­но­вациялық бағыттағы жобаларды қол­да­ныс­қа енгізуге аса ден қойып жатыр. Осы бағытта атқарылып жатқан шаруалар легі жыл­дан-жылға өрістеп, тамырланып да­мып келеді. Бұл - жалпы, инновациялық жо­балар хақында айтып отырған пікірім. Ал енді медицина саласына келер болсақ, ин­новациялық бағыттағы медициналық орта­лықтар, жаңашылдыққа ұмтылған ин­но­вациялық клиникалар, медицинаны қуат­ты технологиямен жабдықтау істері де өзін­дік жолға қойылып, ілгері жылжып ке­леді. Елімізде нанотехнология тәсілдерін меңгеру, осы әдіс-тәсіл арқылы жаңалықтар ашу, нанотехнологияны медицинаға кі­рік­тіру тәрізді дүниелер біртіндеп жүзеге асу­да. Мойындау керек, медицинаны ин­но­ва­цияға бейімдеу өзіндік нәтиже беріп ке­леді. Қазір республикамыздың әрбір об­лы­сында, әрбір ірі қалаларында жаңашыл бағытта қуатты технологиямен жұмыс істей­тін медициналық орталықтар ашылып жат­қаны ақиқат. Бұл - инновациялық үрдістің біздің экономикамызға бейімделе бастағанының дәлелі. Сондықтан өз басым ел экономикасын, оның ішінде медицина саласын инновацияға бейімдеуге бейіл танытуды оң шешім деп қолдаймын. Бұл ретте айтылар ой-пікірлерді үнемі ой елегінен өткізіп отырамын.

- Сіз жоғарыда «әрбір облыста, ірі қалаларда инновациялық клиникалар ашылуда» деп қалдыңыз. Ал енді осы инновация деген түсінікті ауыл медицинасы қаншалықты бойына сіңіре алып жатыр?

- Әрине, стратегиялық маңызы бар инновациялық жобаларды ауылға бағыттау қажет-ақ. Өкініштісі, біздің ауыл-аймақ­тар­дың дені инновацияны бойына әлі сіңіріп үлгерген жоқ. Жасыратыны жоқ, нақ қазір ауылдық жерлерде медицина сала­сы­на қатысты білікті маман мен қуатты тех­но­ло­гия жағы өте тапшы. Ауыл мен халқы дер­тіне дауа табу үшін әлі де болса аудан орта­лық­тарына, облысқа, ірі қалаларға сабылып әлек. Сондықтан бұл ретте ай­та­рым, ауылға әлі инновацияның ұшқыны жете қойған жоқ. Ғылымның соңғы жа­ңа­лық­тарын ауылдық жерлерге бейім­деу үшін бізге әлі де біраз тер төгу қажет.

- Мәселен, не істеу керек? Маман ретінде бұған қатысты өзіндік айтар ұсыныстарыңыз бар ма?

- Біріншіден, ауылға білікті мамандар легі жасақталуы керек. Рас, бұл мәселеде Үкі­мет ауылға білікті мамандар жеткізу үшін арнайы бағдарлама ойластырып, ауыл­ға аттанған жастарға арнайы жеңіл­дік­тер қарастыруда. Бірақ сол жеңілдіктердің қайсыбіріне жастардың көңілі толмайтынын да айта кеткеніміз жөн. Мысалы, бізде ауыл­дық округтерде болсын, қалалық жер­лер­де болсын жас мамандарды баспанамен қамту жайы дұрыс шешімін таппаған. Қазір білікті деген мамандарымыз не ипотекалық бағдарламамен тұрғын үй ала алмай, не мемлекеттік бағдарламаға іліге алмай дал болып жүр. Қаншама мамандарымыз бас­па­на мәселесіне бас ауыртып жаншылып жүр. Сондықтан, менің ойымша, жас ма­ман­дарды баспанамен қамтуға қатысты бір жеке-дара мемлекеттік бағдарлама қажет. Екінші бір айта кететін жайт, бүгінде «ауылға жас маман аттанар болса, оған арзан­да­тыл­ған несие берілетіні» жайлы жиі ай­ты­лады. Ал түптеп келгенде ол несиенің пайыз­дық төлемі дамушы және дамыған елдер­мен салыстырғанда өте жоғары еке­нін бағамдаймыз. Демек, бізге жастарға берілетін несиенің арзан түрін немесе Ислам банктері арқылы пайыздық үстемесі жоқ түрлерін ойластырған абзал. Бұдан соң ауылға инновацияны бейімдеу үшін ең қажетті нәрсе, ол - қуатты технология. Сөз жоқ, бұл қуатты технологияны біз барлық елді мекенге бірдей жеткізе алмасымыз хақ. Шынтуайтында, қуатты технология ірі қалаларда да кемшіндік танытып жатыр. Ал енді мұндайда не істеу керек? Мұндайда ауылдық жерлерге көмек көрсететін жаб­дық­талған арнайы пойыздар, жылжымалы жедел жәрдем көліктерін тетікке қосқа­ны­мыз жөн. Бүгінде бұл бағытта біраз шаруа ат­қарылып, бірді-екілі медициналық пойыз­дар мен арнайы жедел жәрдем көлік­тері жорыққа шығып та жүр. Аң­ғар­ғанға бұл - өте тиімді әрі қолайлы тәсіл. Егер біз жылына бір мәрте респуб­ли­ка­мыздың барлық ауыл-аймақтарына осы маршруттық жүйені енгізіп, үздіксіз жүргізіп отыратын болсақ, халық та соған бейімделе бастайтын еді. Міне, ауылдың қан та­мы­рына инновацияны жүгірткіміз келсе, ал­ды­мен осындай іс-шараларды кешенді түр­де жүзеге асыруға тиіспіз. Ал бұ­дан соң мәселе өзінен-өзі біртіндеп шешіле бас­тайды.

- Өзіңіз білесіз, қазір «инновацияны әр салаға дендеп енгізу үшін арнайы инновациялық топ-менеджерлер легін жасақтау қажет» деген пікірлер жиі айтылады. Сіз мұндай пайымдамалармен келісесіз бе?

- Әлбетте, келісемін. Егер жаңағы инно­ва­циялық топ-менеджерлер дегеніңіз сауат­ты, білікті мамандардан жасақталып, өз ісінің шебері болатын болса, бұл істің көзін ашып, қандай да бір инновациялық жобаны жарқыратып, жарнамасын асыруға ық­пал етеді. Мұндай мамандар әсіресе ме­дицина саласына ауадай қажет. Себебі бүгінде медицина секторында жаңа­шыл­дық­қа ұмтылу, инновациялық бағытта жа­ңа­лықтар ашу кеңінен қанат жайып келеді. Өкініштісі, сол жаңалықтардың бағын жан­дырып, өн­ді­ріске бағыттап жібе­ре­тін мүм­кіндіктер тапшы. Сондықтан бо­лашақта ин­но­ва­ция­лық топ-менеджерлер то­бы жасақталып, ар­найы мамандар іске кірі­сетін болса, мұ­ны қолдау керек. Бұл - өте тиімді дүние.

- Бұған қоса, отандық бизнестің бетін ин­новациялық жобаларды қолдауға шақыру жайы да жиі сөз болып жүр. Қалай ойлайсыз, біз бизнестің бетін медицинаға бағыттау арқылы ұпай жинай аламыз ба?

- Егер сауатты меңгере алсақ, бұл жүйе­ні қолданысқа енгізуге әбден болады. Биз­нес­тің бетін инновацияға бейімдеу, оның ішін­де медицинаға жекелеген кәсіпкерлер ар­қылы инвестиция құю дамыған елдерде кеңінен етек алып отыр. Әсіресе Жапония елі өз медицинасын жекелеген кәсіпкерлер арқылы қаржыландырып, бұдан мемлекет те, кәсіпкерлер де, медицина да пайданың көзін тауып алды. Тіптен Жапонияның банк­тері де медицинаны қаржыландыруға аса ден қойып, бүгінде ол елде жекелеген инвесторлар банктер арқылы медицинаға арнайы қаржы құйып отырады. Бір сөзбен айтқанда, көптеген ел «денсаулығыма қар­жы бер болмаса қуатты технологияға қар­жы бөл» деп біз тәрізді Үкіметке алақан жайып отырған жоқ. Дамыған және да­му­шы елдердің денінде медицинаға же­ке­ле­ген инвесторлар қолдау көрсетіп, өздері сол арқылы белгілі бір жоғары дәрежеге көтеріліп отыр. Бізде, өкінішке қарай, отан­дық кәсіпкерлердің дені құрылыс саласына, тұрғын үй саласына, импорттық сауда айналымына, шикізат тасымалына инвес­ти­ция салуды жөн көреді. Бұл, бір жағынан, түсінікті де. Себебі медицинаға салынған инвес­тицияның жетістігін, пайдасын көру үшін кем дегенде бес-алты жыл уақыт кетеді. Ал кәсіпкерлер салынған қаржының қайтарымын тезірек алуды жөн көреді. Сондықтан біздің елдегі кәсіп иелерінің медицина саласын инновацияға бейімдеуге соншалықты мән бермей отырғанының астарын осыдан іздеуге болады. Меніңше, биз­нестің бетін медицинаны инвес­ти­ция­лау­ға бұру үшін жоғарыдан мықты бір пәрмен керек. Сонда ғана біздегі жекелеген кә­сіпкерлердің медицинаны қаржы­лан­ды­ру­ға көңіл бөле бастайтыны анық.

- «Дамыған елдерде инвесторлар медицинаны банктер арқылы қаржыландырады» деп қалдыңыз. Мүмкін, бізге осы жүйені тереңдету керек шығар. Банктер арқылы арнайы келісімшарт жасасып, инвесторлардан несие алуға болмаса қаржылай қол ұшын созуға ұсыныс тастауға инновациялық жоба авторлары өздері атсалысса қалай болар еді?

- Жалпы, біз нарықтық экономиканың заң­дылықтарына жүгінетін ел болған­дық­тан, әрбір істе өзіміз талпынғанымыз абзал. Әр жобаның авторы өз ісіне жанашырлық танытса, өзегін жарып шыққан идеясын жа­рыққа шығарып, халықтың игілігі үшін жұмсағысы келсе осылай етуге тиісті. Бірақ біз нарықтық қағидаға көшкенімізге бір­не­ше жылдың жүзі болса да, әлі мемлекетке жаутаңдауды қоя алмай келеміз. Әлі де болса өкімет өлтірмейді деген оймен өмір сүретіндер бізде жетіп-артылады. Бір айта кетер­лігі, медицинаны банктер арқылы қаржыландыру, банктер арқылы инвес­тор­лар табу жүйесі біртіндеп біздің елге де ке­ліп жатыр. Мысалы, қазір Түркия елінің, Аме­риканың инвесторлары медициналық инновациялық жобаларды қаржыландыру мақсатында банктермен арнайы жұмыс істеу­де. Негізінен алғанда, инновация дегеніңіздің өзі - бір идеяны, ол шетелдік болсын, мейлі отандық идея болсын сол жаңашылдықты ортаға бейімдеу. Нақ қазір біз көбінесе халықаралық белсенді инно­ва­циялық жобаларды ортаға бейімдеуге күш салып жатырмыз. Мәселен, біздің жа­ңа­дан ашылып отырған ішкі аурулар кли­ни­касының ұстанып отырған бағыты да  осы. Қазір біздің клиникамыздың маман­да­ры Жапониядағы әріптестерімізбен ты­ғыз байланыс орнатып, қазақы ортаға қан­дай инновациялық жоба тез бейім­дел­гіш екенін зерттеп, сүзгіден өткіздік. Сол зерт­теу­леріміз арқылы ішкі аурулар кли­ни­ка­сына қажетті инновациялық жобаны тап­тық. Бүгінде жобаны тәжірибеде қолдануға барынша күш салып, оны қаржыландыру ісіне жеке­ле­ген инвесторларды да жұ­мыл­ды­рып жа­тыр­мыз. Осыған байланысты ай­та­рым, әр­бір жоба авторы өз ісінің жемісін көремін десе, тек қана үкіметке ауыз ашып отыру орын­сыз. Ол үшін жан-жақты ізденіс қажет.

- «Жапондардың қазақстандық ортаға бейім жобасы» деп қалдыңыз... Ашып айтсаңыз, жапонның қандай жобасын қазақы ортаға бейімдеуді жөн санап отырсыздар?

- Ол жоба - әлемге әйгілі аферез әдіс-тәсілі. Бұл тәсіл арқылы жапондар арнайы аппаратпен адамның қанын екі-үш сағаттың ішінде тазалап шығады. Бұл аппарат нанотехнологиялармен жұмыс істейді. Аталмыш тәсілдің ең оңтайлы жері - қазір біздің елімізде кең тараған эндокриндік нау­қастарды емдеуге мүмкіндік мол. Мы­салы, бұл жоба арқылы жайылмалы улы қалқанша без ісігін (зоб), қант диабетін, рев­матологиялық буын ауруларын, вирус­тық С, А, В гепатиттерін және қандағы вирусты нанофильтрмен тазартуға болады. Бұдан соң адам ағзасында қарсы зат деген болады. Ол қарсы зат адам ағзасында бір жүйе бұзылса, ол жүйені сақтап қалуы үшін оған қарсы тұратын зат шығарады. Ал ол қарсы зат ағзада шектен тыс көбейіп кеткен кез­де адамның басқа ағза мүшелерінің жұ­мы­сы нашарлай бастайды. Міне, осының сал­дарынан ағзада пайда болатын қарсы заттарды алып тастауға тура келеді. Ал атал­ған жапондық технологияның озық­ты­ғы сонда - ол қанды тазартып алып, оны қай­­тадан ағзаға сол таза қалпынша құяды. Мұн­дай әрекеттен соң қан химиялық зат­тар­дан тазарып, қалыпты қызмет ететін бо­лады. Нақ қазір біздің науқастанған кезде ішетін дәрі-дәрмектеріміздің барлығы хи­миялық заттардан тұратындықтан, бұл - біздің атмосферамызға өте қолайлы жүйе. Жалпы, осы жапондық тәсіл арқылы біраз ау­руды емдеудің ағзаға зиянды түрінен ада болатын едік. Мысалы, біз қалқанша безді емдеу үшін науқасқа меркозолил, тирозол дәрілерін береміз. Ал бұл дәрілер - өте улы. Ойлап қарасақ, бұл дәрінің ағзаға ти­гі­зер кері әсерлері де жетіп-артылады. Ол дәрілер, біріншіден, асқазанды улайды, одан барып бауырға өз әсерін тигізеді. Бұ­дан кейін барып қалқанша безді емдеуге кіріседі. Емдеу үдерісі 1,5-2 жыл жүреді. Бұл дегеніңіз екі жыл бойы ағзаның улы зат­тармен уланатынын көрсетеді. Ал жа­ңа­ғы мен мысал етіп отырған аферез аппараты ар­қылы нанотехнологияның көмегіне жү­гіне отырып, басқа ағзаға зиян тигізбей, бірден қалқанша бездің өзін екі айдың ішінде емдеуге мүмкіндік мол. Міне, біз қазір осындай технологияға жүгіну арқылы нау­қастарды емдеуді жөн көріп отырмыз. Осы әдісті игеру мақсатында жапондық әріптестерімізге ұсыныс жасап, өзіндік пікі­рі­мізді білдіріп, әріптестік қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Әрине, жа­пон­дық әріп­тестеріміз біздегі науқастардың көр­сеткішін көргенде, барлық науқастарды бір­дей қамту мүмкін еместігін бізге түсін­ді­ріп отыр. Жапондар «сіздердегі бар нау­қас­ты қамту мүмкін емес. Ал біздің тех­но­ло­гия­мыз бір науқасты емдеп, келесі бір науқасты емдеуге күш-қуаты жетпей жатса, технологиямыздың имиджі түсіп кетпей ме» деп те қауіптенеді. Міне, қазір біздегі мақ­сат осы жобаны біртіндеп қазақы ортаға бейімдеуде болып тұр. Егер аталмыш жоба ден­деп енетін болса, талай қазақтың дер­ті­не шипа болары даусыз.

- Сонда қай кезеңнен бастап аферез әдісін ортаға бейімдеуді жөн санап отырсыздар? Бұған инвестициялық әлеует жеткілікті ме?

- Аталған жобамен жұмыс істегіміз ке­ле­тінін айтып, өзіндік ұсыныс-тілек­те­рімізді арқалап, жекелеген кәсіпкерлерге де, үкі­мет орындарына да баруымызға тура келді. Осы жерде бір айта кеткім келетіні, біздің бұл жобамызды жапондық инвесторлар қар­жыландыруға асқан қызығушылық танытып отыр. Менің бір қынжылатыным, осындай келешегінен үлкен үміт күттіретін жобаға отандық кәсіпкерлердің қызы­ғу­шы­лық танытпауы. Өзіңіз ойлаңызшы, жапондық инвесторлармен келісімшарт жасап, олар қаржы бөлетіндіктен, жобадан түскен пайданың бір бөлігін жапондық инвесторлар алады. Бұл - заңдылық. Егер отандық инвесторлар қаржы бөлеміз деп жобаға қызыққанда, түсетін пайданың бір бөлігі қазақтың жерінде қалып, ол эко­но­ми­камызды дамытуға өзіндік үлес қосатын еді. Осы арасын салмақтап ойлану керек тә­різді. Өз басым отандық кәсіпкерлер меди­цинаға инвестиция салу үшін оған арнайы мемлекеттік тұрғыда стратегиялық бағыттар жасау керек деп ойлаймын. Әсіресе, жоғарыда айтқанымыздай, ауыл­дық медицинаны инновацияға бейімдеу қажет. Медицина саласы бүгінде әлемдік тұрғыда эволюциялық дамуға ұмтылып барады. Сондықтан осы көштен біз де қа­лыс қалмағанымыз жөн. Елбасымыз бір сөзінде «медициналық көмек халыққа жақындауы керек» деп еді. Аңғарғанға бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Ме­ди­ци­налық көмекті халыққа жақындатпай, ұлттың денсаулығын сақтап қалу мүмкін емес. Жалпы, денсаулық саласына салын­ған капитал бұл ұлттың болашағына са­лын­ған капитал екенін жадымызда мықтап ұстағанымыз абзал. Бұл ретте Үкімет те, мем­лекеттік органдар да, жекелеген инвес­тор­лар да медицинаға капитал салудан аянып қалмаса керек-ті.

- Өзіңіз білесіз, жуырда қоғамда «медициналық қызмет түрінің басым бөлігін ақылы ету, яғни халықтың қалтасынан төлету» туралы ой қозғалды. Сіз бұған қатысты қандай ой-пікірдесіз?

- Мүмкін, қанатқақты жоба ретінде тә­жірибеде қолданып көруге болатын шығар. Бірақ өз басым бұған қарсымын. Егер біз ұлттың денсаулығын, ұрпақтың дені сау болып өсуін қаласақ, халыққа көрсетілетін ме­дициналық қызмет түрін сапалы және ауқымды, білікті етуге барынша ден қой­ға­ны­мыз абзал. Сонда ғана қарға тамырлы қа­зақ­тың ұрпағы өсіп-өнетін болады.

 

Алашқа айтар датым...

Бізде жабайы кәсіпкерлік кеңінен қалыптасып кеткен. Қазақстанның кә­сіп­­­керлері қара басының қамын күйттеуден аса алмай жүр. Мемлекеттің жал­­­пы экономикасына үлес қосуға олар асқан ынтызарлықпен бел ше­шіп кірісіп отыр­ған жоқ.

Урбанизация мәселесіне айрықша мән бергеніміз абзал. Себебі нақ қазір ауыл­дан қалаға ағылғандардың легі жыл сайын артқанымен, олардың әлеу­мет­тік жағдайы аса мәз емес. Денсаулығын нашарлатып, түрлі дертке шал­ды­ғып жатқандардың басым бөлігін урбанизацияның кері ықпалы деуге то­лық негіз бар. Сондықтан осы мәселеге мән берілсе.

Жастардың күйзеліске түсуінен қорыққанымыз жөн. Олардың өсіп-өнуіне, ұр­пақ сүюіне барынша жағдай жасалынып, мемлекеттік тұрғыда осы жайтқа ық­пал берілсе... Баспанасыз, жұмыссыз жастардың легі артып барады. Мұның ар­ты қоғамның тынысының тарылуына апарып соғатыны даусыз.

Міне, мені нақты толғандыратын осы үш мәселе көптеген қаракөздердің жан жарасын дөп басары анық.

Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

http://www.alashainasy.kz/person/28308/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522