Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2695 0 пікір 19 Қазан, 2011 сағат 06:03

Амангелді Кеңшілікұлы. Гогольдің өлімі (басы)

(Эссе)

Сайтанның жолына түспеңдер,

Ол сендердің - нағыз жауларың.

Құран-Кәрім. Бақара сүресі..

 

Орыс жазушыларының ішінде сайтан тақырыбына алғаш рет Гоголь қатты назар аударды. Адамзат баласының көзді ашып жұмғанша ібіліске  айналып кетуі ықтимал екенін тұңғыш байқаған суреткер - өз шығармаларында бұл тақырыптың астарына тереңірек үңіліп, жан-жақты зерттеп, осы жұмбақтың құпиясын барлық қырынан ашуға тырысты.  Шевыревқа жазған бір хатында Гоголь  "сайтанды ақымақ қылып шығару -  бүкіл шығармашылығының мәні  мен өмірлік мақсаты болып табылатынын"[1] мойындапты.  Жұрттың бәрі Құдайдың қаһарына іліккен құбыжықпен тіл табысуға тырысып  жатқан өлара мезгілде,  Гоголь иманын үйіріп, шарт түйініп, онымен айқасқа түсті.

Гоголь мен сайтанның күресі, орыс аңызындағы батыр Иванның мәңгі өлмейтін Кощеймен шайқасын еске түсіреді. Қауіпті, әрі қорқынышты болса да, жазушы бұл тақырыпқа бір емес, бірнеше рет барды.  Құдайдан да қорықпайтын нағыз  сұмырайды әшкерелегісі келген суреткер жан тыныштығынан айырылып, бақытсыздыққа ұшырады.

(Эссе)

Сайтанның жолына түспеңдер,

Ол сендердің - нағыз жауларың.

Құран-Кәрім. Бақара сүресі..

 

Орыс жазушыларының ішінде сайтан тақырыбына алғаш рет Гоголь қатты назар аударды. Адамзат баласының көзді ашып жұмғанша ібіліске  айналып кетуі ықтимал екенін тұңғыш байқаған суреткер - өз шығармаларында бұл тақырыптың астарына тереңірек үңіліп, жан-жақты зерттеп, осы жұмбақтың құпиясын барлық қырынан ашуға тырысты.  Шевыревқа жазған бір хатында Гоголь  "сайтанды ақымақ қылып шығару -  бүкіл шығармашылығының мәні  мен өмірлік мақсаты болып табылатынын"[1] мойындапты.  Жұрттың бәрі Құдайдың қаһарына іліккен құбыжықпен тіл табысуға тырысып  жатқан өлара мезгілде,  Гоголь иманын үйіріп, шарт түйініп, онымен айқасқа түсті.

Гоголь мен сайтанның күресі, орыс аңызындағы батыр Иванның мәңгі өлмейтін Кощеймен шайқасын еске түсіреді. Қауіпті, әрі қорқынышты болса да, жазушы бұл тақырыпқа бір емес, бірнеше рет барды.  Құдайдан да қорықпайтын нағыз  сұмырайды әшкерелегісі келген суреткер жан тыныштығынан айырылып, бақытсыздыққа ұшырады.

Жекелеген пенделердің ғана емес, ібілістің қылбұрауы мойнына ілінген соң ар-ұяттан безген,  иманнан айырылған бүкіл қоғам оның етегінен ұстап, айтқанына көніп, айдағанына еріп, жетегінде кетіп бара жатқанын - орыс әдебиетінде тұңғыш сезінген жазушы Гоголь болды. Жүрегіне қадалған бір кесек мұз еріп кеткенде, қар ханшайымының патшалығында жүргенін түсініп, шошып оянған Ганс Христиан Андерсен ертегісінің кейіпкері Кай секілді, ызғарлы қоғамның сайтани болмысының сықпытын таныған Гогольдің тұла бойы түршігіп, жан-дүниесі мұздап қоя берді. Тым жақындап барып, оның жүзіне үңілген Гогольдің санасын үрей биледі.

Масқара! Құбыжық көріп шошып жүрген сайтанымыз, бүкіл адамзат баласы секілді  тіпті, өзімізден аумайтын пенде болып шықты.

Қайтпек керек? Санасын сайтан жаулап алған қоғамда бұл азаптан құтылудың екі-ақ жолы бар-тұғын. Ібілістің айтқанына көнесің немесе оның  құрығынан құтылу үшін өлесің. Гоголь бұл екі жолдан бас тартып, халықтың санасын улап жүрген хайуанмен күресуге бел буды. Азғындыққа салынған пәлекеттің табиғатын зерттеген Гоголь бұрын-соңды ешкім байқамаған қорқынышты жаңалықты ашты.

Сұмдық-ай! Жер бетінде екі дүниенің дәнекершісі болып Құдай да,  Пайғамбар да емес, аспаннан түскен төрт киелі кітаптағы қағидаларды қате түсінген, адам кейпіне енген  сайтан жүр. Сайтан! Адамның бәрімен тіл табысып алған мұндай ауыр жағдайда ібілістің берік қамалын бұзу мүмкін емес еді.   Адамдық сананы жаулап алған ол  енді бірте-бірте Құдайлық санаға жол іздей бастапты. Ең қорқыныштысы сұмпайы жексұрынның азғыруымен істелінетін зұлымдықтардың бәрі де біз ойлап жүрген үлкен дүниелерде емес, өзіміз күнде жасап жүрген, көзге көрінбейтін кішкентай ғана пендешілік қылмыста жатады екен. Кішкентай пендешілігің үшін билікке сатылу; лауазымы жоғары шенеуніктерге жағыну; ар-ұятты ұмыту; өтірік айту.. сияқты ібіліс  белгілеп берген шеңбердегі заңдылықтардың бәрі де -  "адами" тіршіліктегі өмір сүрудің қалыпты жағдайына айналыпты. Бойы да, ойы да қортық құбыжық жер бетінде жүрген пенделердің жұдырықтай  жүрегіне ұялап, өз орнын тауып үлгіріпті. Сайтанның көмегі арқасында кішкентай пенделер биліктегі үлкен орындарға нық сеніммен жайғасып алыпты. Патшалық таққа да қолы жеткен соң санасында сәулесі жоқ, кішкентай пенделер үшін  де үлкен өнерге даңғыл жол ашылыпты.

Жазушының "Вий" әңгімесіндегі философ Хома Брут пен  сайтанның арасындағы азапты арпалыс - азғындықтың жолына түскен қоғамға қарсы шыққан, Гогольдің жан-дүниесіндегі мазасыздыққа көбірек ұқсайды. Шіркеудің ішіне кіріп алып, ойнақ салған жын-перілерден  қалай құтыларын білмеген философ Хома Брут секілді, Гоголь өмірінің ақыры да  үрей құшағында өтті. Кейін тарихта   жазушының "Вий"  әңгімесінің кейіпкері, халықты қан жылатқан сайтан Ленин, сайтан Сталин.. бейнесінде қайталанды. Әлі күнге дейін қоғам, өлгенше тағын тастағысы келмейтін ібілістің қорлауы мен бүкіл мазағына көніп отыр. Ғасырлар бойы ол адамзат баласының санасын улап, жан дүниесін темір торға қамап, уысынан шығармай ұстап келеді.  Миллиондаған адамның өзен болып аққан қаны мен көз жасы да  сайтанның айызын қандырар емес.  Егер де Ресей халқы Гогольдің шығармаларынан тағылым алса, тарих доңғалағы басқаша жүріп,  бәлкім кейінгі ғасырдағы тағдыры өзгеше болар ма еді?  Кім білсін?  Бірақ сана-сезімін сайтан иектеген орыс халқы Гогольдің аузымен айтылған, алғашқы ащы шындықты мойындағысы келген жоқ.

Сондықтан да, заманның қайда бет алып бара жатқан бағытының ащы шындығын суреттеген  Гогольдің  "Өлі жандары" мен "Ревизоры" орыс қоғамының үлкен наразылығын туғызды. Өйткені ібілістің шылауына шырмалған қоғамда нағыз суретшінің емес, үлкен өнердің атынан сөйлеуге мүмкіншілік алған, кішкентай адамдардың дәурені жүріп тұрады. Тобырлық деңгейге түсіп кеткен, сол замандағы қоғамның бетке ұстар зиялы қауымы "Өлі жандарды" жазғаны үшін Гогольді түтіп жеп қоя жаздады. Осы уақытқа шейін тобырдың арасынан анда-санда естілген сайтанның күбір-сыбыры, енді айқайға ұласты.  Гоголь шынымен қорқа бастады. Жексұрынның айқайы күн өткен сайын неғұрлым ащырақ шықты. Гоголь ібіліске қатты қауіп туғызғандықтан,  жазушыны өлтіруден басқа оның амалы қалмады.    Санасына сайтан ұялағанын сезбей қалған пенделер, оның ыңғайына жығылып, енді жазушыны өлтіруге шындап кірісті.

"Гогольға жазуға тиым салдырту керек, өйткені оның шығармаларынан Лаврушка қызметшінің сасық иісі шығады" - депті, Владимир Панаев деген бір сыншы.

"Мен сұлулықты сүйемін, ал, сіз сомдаған сорақы картиналар  жиіркеніш сезімін туғызады" - деп, көсемсіпті, Сенковский деген  екіншісі.

Гогольдің "Өлі жандарындағы" қорқынышты трагедияны шынайы  түсінген және ондағы көрсетілген шындықты мойындаған бір-ақ адам болды. Ол - Пушкин еді. Әлі сиясы кеуіп үлгірмеген "Өлі жандар"  поэмасын жазушы ең алдымен  Пушкинге оқып бергенде, ұлы ақынның жүзі түнеріп кетіпті.

- Құдайым-ай! Шындығында  да біз осындай сорлы халық па едік? - деп, ұзақ уақыт бойы Пушкин өзіне-өзі келе алмай қапаланыпты.     Неге екенін білмеймін, маған ылғи да Пушкиннің мына бір өлеңі мен Гогольдің "Өлі жандарының" арасында мәңгі айрылмайтын рухани байланыс бар секілді болып  көрінеді де тұрады:

- Молчи, бессмысленный народ.

Поденщик раб нужды забот.

Несносен мне твой ропот дерзкий.

Ты червь земли, не сын небес.

Алайда тобырлық деңгейге төмендеген  "Руский вестник", "Северная пчела" сынды сол уақыттағы  «беделі зор» әдеби басылымдардағы сыншылар шығарманы түсінуді былай қойғанда,  Гогольдің "Өлі жандарына" қарғыс жаудырды. Бір сөзбен айтқанда, өзінің шынайы болмысын көруден қорқып, ащы дауысы шыққан құбыжық қоғам жазушыдан теріс айналды. Жо, жо, жоқ, керісінше Гоголь сайтанға айналған қоғамға лағынет айтты. Пәтшағардың дауысының бұлайша ащы шығуының үлкен себебі бар еді. Дүние жаратылғаннан бері әлемге әмірін жүргізіп келген қанішерге тарихта тұңғыш рет Гоголь ойсырата соққы берді.  Бұл тым еркінсіп кеткен сайтанды әшкерелеген, әдебиет майданындағы адамзат баласының алғашқы жеңісі еді. Дәл сол уақытта мұны түсінуге қоғамның санасы әлі пісіліп жетілген жоқ еді.  Гогольдің бұл жеңісі кейіннен оның өліміне себепші болды...

 

ХХХ

Орыс әдебиетінің тарихын қайталап  оқыған сайын, ХІХ ғасырда өмір сүрген орыстың ақын-жазушыларының ішінде бәрінен бұрын  Гогольдің аянышты тағдыры менің жан-дүниемді қатты күйзелтеді. Әрине, қыршын кеткен Пушкин мен Лермонтов тағдырлары  да жан-дүниеңізді қайғы теңізіне батыратыны рас. Дегенмен осы екі ұлы ақын, сол дуэльге бармай-ақ, бойларына Құдай дарытқан таланттарын соңына дейін сарқа пайдаланса, орыс әдебиеті бүгінгі көтерілген биігінен де тым алысқа шырқап кетер ме еді деп ойлайсың. Шіркін-ай, сол уақытта осы екі ұлы ақынның тағдырын басқаша шешуге дәнекерші бола алатын тірі жан қалай табылмады деп кейде жүрегің қан жылайды. Мен орыс халқының  батырлық туралы  мұндай ұғымын қабылдай алмаймын.

Қалай десек те Пушкин мен Лермонтовтың  тағдырлары өз қолдарында болды. Гогольдің тағдырын - қоғам шешті. Байқасаңыз, орыс халқы Пушкин мен Лермонтовтың өлімін асқақтата жырлаумен келеді. Тіпті, триумфқа айналдырып жіберді. Орыстың кез-келген әдебиеттанушысы Пушкин мен Лермонтовтың қазасын жыр қылып айтып беруге әзір. Гогольдің өлімі туралы жұмған ауыздарын ашқысы келмейді. Себебі, Пушкин мен Лермоновтың өлімі - орыс рухының биіктігінің, ал Гогольдің өлімі- орыс рухының төмендігінің, тіпті, рухсыздығының көрінісі. Гогольдің шындығы - орыс қоғамы үшін әлі күнге шейін қорқынышты.

Сайтанмен ауыз жаласқан орыс рухсыздығының көрінісі әсіресе,  Гогольдің "Өлі жандары" мен "Ревизорында" барлық қырынан ашылды. Гогольдің тырнақалды туындыларындағы суреттелген шын сайтандар, азып-тозған қоғамдағы адамның сайтанының қасында түк емес екен. Заманның өзі туғызған сайтандары Чичиков пен Хлестаков қоғамның надандығын жеке басының есебі үшін керемет пайдалана біледі.  Олар үшін  өтірік айту, біреудің есебін жеу, ар-ұяттан безу - тіршілік үшін күресудің  белгісі. Олар ғана емес, бүкіл халық  осы ұстанымдарды өмір сүруінің негізгі тірегі етіп, сайтан соққан тас қамалдарына бекініп алыпты.

Сайтанның мың-миллион рет  құбыла алатындығы, әсіресе Гогольдің "Ревизорында" бояуы қанық, айшығы анық етіп суреттеледі. Хлестаковтың өтірік айту шеберлігінің қасында тіпті, кейбір шын сайтандарыңның өзі  жіп есе алмайды. Билікке жағыну үшін өтірік айтудың дертіне шалдыққан  қоғамды жөнге салу Құдайдың иелігінен де кетіп қалыпты. Ең сорақысы қоғам өзінің айтып отырған өтірігіне жан-тәнімен  шын сене бастапты. Хлестаковтың өтірікті соншама шебер ойластыра білетіндігі сізді еш таң қалдырмайды. Себебі бүкіл қоғам осы өтіріктің арқасында күнін көріп отыр. Өтірік таным. Өтірік мораль. Өтірік өмір. Өтірік саясат..

Гоголь «Ревизор» шығармасы арқылы қоғамның өтірік болмысын әшкереледі. Ақиқатында  көрерменді қыран топан күлкіге батыратын Хлестаковтың өтірігі - қоғамның шындығы.  Сайтанның тұзағына ілінген  қоғам ойдан шығарылған өтірігіне кәміл сенеді. «Ревизорда» үлгі алуға тұратын, өтірік айтпайтын бірде-бір кейіпкер жоқ.

Өтірік  - тіршілік үшін күресудің жалғыз жолына айналған. Патша -министрлеріне, министрлер -қарамағындағы шенеуніктерге, шенеуніктер -  қарапайым халыққа өтірік айтып -бүкіл қоғам өтіріктің батпағына батып барады. Ең қорқыныштысы қоғамның өзі де сол ойлап шығарған өтірігіне имандай сенеді.

Хлестаков ойдан шығарған 100 % пайыз өтірігіне қарамағындағыларды ғана иландырып қоймай, өзі де оған 200 %  сенеді. Хлестаковтың айтып отырғандарының бәрі  шын мәнісінде қоғамда болып жатқан, жұрттың еті үйреніп кеткен - қалыпты  құбылыс. Өтірікпен санасы уланған халықты түзу жолға салу да мүмкін болмай барады. Өйткені өтірік айту өмір сүрудің моралына, керек болса тіпті, басты қағидасына айналған.

Қолыңнан келсе патшаны өтірік мақтап, көзіне түсіп лауазымы жоғары қызметке қол жеткіз. Ол үшін тіпті, патшаның көңіліне майдай жағатын бұрын-соңды болмаған өтірікті ойлап тапсаң -  тіпті керемет.  Қолыңнан келсе өтірік көлгірсіп, билікке жақсы көрініп, жағдайыңды жақсартып ал. Биліктің тапсырмасын екі етпей орындап, әр уақыттың өз моральі болатыны туралы өтірікпен жүрегіңді жұбатып,  ар-ұятыңды саудалаудан да ұялма.  Қолыңнан келсе өзіңді өтірік мақтатқызып, халықтың абызы болып көрінгін. Қолыңнан келсе, өтіріктің құдіретті күшін пайдаланып, атақ-абырой алғын. Қолыңнан келсе, өтірік айтып, қонышыңнан бас. Қолыңнан келсе....

Шындық ше? Жоқ айта көрмеңіз. Шындықты айтсаң бәрінен қағыласың. Шындық - ұшпаққа жеткізбейді. Шындықты - патша да, билік те, қара тобыр да, тіпті осы сөзді жазып отырған мына сен  де  жек көресің. Шындықты айтсаң бәрі сенен ат-тонын ала-қашады. Сайтан салтанат құрған қоғамда шындыққа орын жоқ. Сайтан салтанат құрған уақыттың патшасы - өтірік, өтірік, тағы да өтірік. Неғұрлым өтірікті көп айтқан сайын соғұрлым беделің өсе түседі. Неғұрлым өтірікті көп айтқан сайын жұрттың сүйкімдісіне айналасың.  Атақ-даңқ, қызмет.. бәрі-бәрі тек өтіріктің арқасында келетін, қол жеткізуге болатын қоғамның игілігі. Тіпті өлген соң да сен  туралы қоғамдағы қалыптасқан өтіріктің арқасында атағың дүрілдеп жатады.  Ендеше пайдасыз, ащы шындықтан гөрі, дәмін татқан сайын, жаныңа жаға түсетін тәтті өтірік артық емес пе?

Өтірік болмысын мойындағысы келмеген орыс қоғамы - жазушының "Ревизор" шығармасының төңірегінде түрлі дау-дамайлар ұйымдастырды, Гогольді қоғамнан аластатудың жолдары іздестірілді. Жазушыға араша түсе алатын тірі жан табылмады. Өйткені өнерге төрелік етіп отырғандар қара тобырдың арасынан шыққан, құлдық санадан арыла алмағандар  еді.  Олардан құтылу үшін, амалсыздан Гоголь шет елге кетуге мәжбүр болды. Он үш жыл бойы шет елде жүру Гогольдің жанына ауыр тиді. Жазушыны шет елге жіберіп, енді оны жеңдік деп ойлаған, санасына сайтан ұялаған орыс қоғамы тағы да қателесті. Шет елде жүріп Гоголь қоғамның сайтани дүниетанымын одан бетер әшкерелеген өмірлік мақсатының темірқазығы болып табылатын "Өлі жандар" поэмасының бірінші кітабын жазды.

Ұмытпасаңыз, Гогольдің "Өлі жандар" поэмасы жазушының   екі орыс мұжығының бейнесін суреттеуінен басталады. Чичиковтың күймесінің доңғалағына көзі түскен  мұжықтардың біреуі:

- Қарашы, қандай доңғалақ ойлап тапқан. Қалай ойлайсың, бұл доңғалақ Мәскеуге шейін жете ала ма?, - дейді.

- Жетеді, -дейді, екіншісі.

- Ал, Қазанға шейін ше?

- Жоқ, Қазанға шейін жете алмайды.

"Өлі жандардың" басында келтірілген осы эпизодты оқығанда екі орыс мұжығының қылығына еріксіз күлесің. Шығарманы соңына шейін оқып шыққанда осы кішкентай эпизод сізге басқаша ой салады. Сіз сайтанның алдындағы әлсіз сәтіңізде осы екі орыс мұжығының ойлау қабілетінен де мың есе төмендеп кететін, өзіңіздің надан  болмысыңызды айнымай танисыз.  Сайтан салтанат құрған қоғамда саналы ойдың өмір сүруінің мүмкін еместігін түсінесің. Кішкентай пендешілігіміздің алдында әлсіздік танытқан сәттерімізде бәріміз де, Чичиков, Собокевич, Манилов, Плюшкин секілді адамның сайтанына  айналады екенбіз.

Біздің пікірімізбен келісу немесе келіспеу өз еркіңізде. Алайда жазушының осы бір тұста Ресейде өмір сүріп жатқан орыстардың православиелік және мұсылмандардың ислам дінінің арасына салғастыру жүргізіп кеткенін аңғару қиын емес.

Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Күйменің үстінде отырған Чичиков -символдық тұрғыдан алғанда сайтанның бейнесі. Оның қай жерге дейін бара алатынын талқылап отырған екі орыс мұжығы шынайы тазалық үшін дауласып жатқан - христиан және ислам дінінің көрінісі. Күйменің үстіндегі сайтан орыстардың астанасы Мәскеуде емін-еркін сайран сала береді. Себебі христиан әлемінің адамды тәрбиелеудегі діңгегі босап, ол дүниеде сайтан ойына келгенін істеп, емін-еркін өмір сүріп жүр. Бірақ осы сайтан сол Ресейдегі татарлардың жері Қазанға бара алмайды. Себебі мұсылман әлеміндегі ислам дінінің діңгегі темірдей берік болғандықтан, сайтан ол дүниенің маңайына да жолай алмайды. Исламда сайтанның жолына түскен адам кешірілмейді. Жазаға тартылады.

Сайтан тақырыбы бұрын-соңды да әлем әдебиетінде талай зерттелгенімен, тек, Гоголь ғана ұлы жазушылардың ешқайсысы да байқамаған қорқынышты жаңалықты ашты. Сайтан біз ойлап жүргендей аса үлкен құбыжық емес,  бақа-шаян секілді құп-құрттай ғана бәлекет болып шықты. Кішкентай ғана құбыжықтың біздің көзімізге дәу айдаһардай болып көрінетін себебі, өзіміз тым ұсақталып кетіппіз.

Сайтанның қайда жүретінін зерттеген жазушылардың бәрі үлкен тақырыптарға көз тіксе, Гоголь микраскопты алып, адамның кішірейіп кеткен жан әлеміне үңілді. Және кішкентай құбыжықтың  мәңгі мекенін сол кішкентай әлемнің төрінде сайрандап жүрген жерінен  тапты. Сайтанның табиғатына үңілген сайын жазушы оның неше түрлі сұмдық қылмыстарын ашты.  Шынына баққанда бұл көзсіз ерлік еді. Шындықты бұлай айту өзіңді тірідей тозақтың отына салумен пара-пар болатын.  Бірақ оны айтпай, үндемей қалса Гоголь -Гоголь бола ма. Осылайша жазушының сайтанның ең қауіпті шындығын әшкерелеген "Достармен сырласу" (Выбранные места из переписки с друзьями) атты еңбегі дүниеге келді.

Бұл жолы Гоголь сайтанның ең қасиетті дүниесінің ойран-ботқасын шығарды. Енді ол христиан діні туралы орыс қоғамы түсінігінің қате екенін ашына жазды. Құдайым-ай, тіпті айтуға аузың бармайды. Осы уақытқа дейін орыс қоғамының Құдай деп танып жүргені сайтанның сандырағы екен. Бейнелеп айтсақ, Гоголь сайтанның ең қасиетті ордасына шабуыл жасады. Жұрттың бәрі дүниенің имансызданып бара жатқаны үшін патша мен орыс шіркеуін жабылып айыптаса,  Гоголь барлық кінараттың тірі өлікке айналған халықтың өзінде екенін көрді.  Батысшылдардың бәрі де орыс шіркеуін жамандап, "зеңбіректен" атқылағанда, Гоголь ғана сол оққа қарсы өзінің үлкен жүрегін тосты.

-Шіркеу біздің сөзімізде емес, өзіміздің ішімізде жану керек.. Олар біздің шіркеудің өміршең емес екендігін айтады. - Олардыкі  өтірік, өйткені шіркеу біздің өміріміз: бірақ олар бұл өтірікті логикалық жағынан дұрыс жасады: біздің шіркеуіміз емес- біз өлікпіз: біздің түрімізге қарап олар осындай қорытындыға келді, - деп, күйзелді Гоголь. (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу.  Көркем әдебиет баспасы.  6- шы том, 212 бет)

Адам құдайды шын жүрегімен сүймейінше зұлымдықтың мәңгі жалғаса беретінінің сырына  Гоголь осы кітабындағы "Қасиетті арылу" (Светлое воскресенье) атты шығармасында терең бойлады. Орыс қоғамының өз құдайын танудағы қателігін алғаш көрген Гоголь ол шындықтан аттап кете алмады. Шығарманың желісін тарқатып айтатын болсақ, орыстардың жылына бір рет тойланатын қасиетті діни мерекесі бар. Жазушы осы мерекенің барлық қасиетінен айырылған, әйтеуір бір тойлау үшін аталып өтетін мейрамға айналып бара жатқанына күйінді. Құдайға құр босқа өтірік табынғаннан гөрі, оны шын жүрекпен сүюдің мың есе маңыздырақ екендігін өз заманында Гоголь ғана түсінді. Құдайтануда ғұлама Достоевский мен Толстой да қателесті. Гоголь ғана қателескен жоқ. Әр адамның жүрегіне ұялаған кішкентай Құдайы өліп қалған заманда ұлы Жаратушының өзі де бақытсыздыққа душар болады.  Біз Құдайды шын сүйгендіктен емес, сайтан сықылды одан қорыққандықтан ғана өтірік табынады екенбіз.

-Ғайса пайғамбарымызды үйімізге кіргізіп алудың орнына, біз оны далаға.., ауруханаларға  қуып жібердік, - деп, қапаланды Гоголь.

Тәні емес, жаны есікке қысылған  сайтан енді ышқына шыңғырды. Жо, жо, жоқ. Гогольді бұлай тайраңдатып қоюға болмайды. Қашанғы басымызға шығара береміз. Оны өлтіру керек! Өлтіру! Гогольді өлтіру үшін орыс қоғамының "ауыр артиллериясы" осылайша іске қосылды.

Бір жарым ғасырдан астам уақыт  өтсе де "кейде ит болып үріп, кейде түлкіше құйрығын бұлғаңдататын" (сыншының өз сөзі) Белинский жарықтықтың "Гогольге хатын" қайта-қайта оқыған сайын, жазушыны емес, сыншыны аяймын. Гоголь өмірінің соңына шейін Құдай белгілеп берген ізгілікті сара жолдан тайған жоқ, Белинский өмір бойы адасып өтті. Және өзі жалғыз адасқан жоқ, сөзіне сеніп, соңынан ергендердің бәрін адастырды. Қара түнек заманда Гоголь ғана Құдайға апаратын ізгілікті таза жолды таңдай білді.

Гогольдің ізбасарлары Достоевский, Тургенев, Толстой, Булгаковтар адамзат баласының санасын әлі талай мыңдаған жылдар бойы суаратын мәңгілік дүниелер қалдырды. Белинскийдің соңынан ергендердің құмға сіңген судай іздері де қалған жоқ.  Егер мықты болса орыс әдебиетінің көтерілген биік шыңына Белинскийдің ізбасарларының қалдырып кеткен сын мұрасы неге жете алмады? Өйткені орыс әдебиетінің сыны Белинскийден емес, Гогольдің "Достармен сырласу" еңбегінен басталуы тиіс еді. Не деген сандырақ  деп айыптай көрмеңіз. Кешіріңіз, бұл менің сөзім емес. Ең бірінші рет осы сөз, орыс әдебиетінің қарапайым ғана жанашырларының бірі Пушкиннің досы Плетнев ақсақалдың аузынан абайсызда шығып кетіпті. Бұл сөзді айтқаны үшін ол мазаққа ұшырады. Жұрттың бәрі оны "ескі телпек" деп келемеж қылып, артын ашып күлді. Кейде жаны жанатта болғыр Плетнев марқұмның аузына осы сөзді Құдай салды ма деп ойлайсың.

Белинский бастаған, Добролюбов қостаған орыстың ғұлама сыншылары әдебиетте әлеуметтік ой,  биік мораль жатуы керек деп ойлап, оңбай қателесті. Гоголь олай ойлаған жоқ. Әдебиет дегеніміз адам жанының қасиетті шіркеуі, оған кім-көрінгенді кіргізе берсе, ат-қораға айналады. Сіңірген еңбегі мен көрген қорлығына бола, оның төріне есекті апарып қоюға болмайды. Жұрттың көбі іштерінен булығып айта алмай жүрген шындық, Гогольдің кіршіксіз таза пәк жүрегінен ақтарыла салды.  Мәссаған! Байқайсыздар ма, енді Гоголь анау-мынау емес, сол уақыттары поэзияның пайғамбары саналып жүрген - Ломоносовты сынап салды.

-Қаталырақ қарасақ, Ломоносов деген кім соншама? Өнер мен білім қуып келгендердің бірі ғана. Ақындардың қатарына ол байқаусызда қосылып кетті, - дегенді, беті еш шімірікпестен, соншалық сенімді түрде батыл айтты. (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу.  Көркем әдебиет баспасы.  6- шы том, 334 ші  бет)

Бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де  жазушының "Орыс поэзиясының табиғаты мен ерекшелігі неде?" атты сын мақаласындағы мәңгі ескірмейтін шындықтардың, сондайлық бір  математикалық дәлдікпен, жеріне жеткізе айтылғандығына қайран қаламын. Ал, ол уақытта мұны айту аузынан жалын шашып тұрған айдаһардың аузына түкіргенмен пара-пара көзсіз батырлық-тұғын. Қате болса да, қасиетті санап жүрген өзінің танымына шабуыл жасаған Гогольді орыс қоғамы қалай кешірсін.  Кешірмеді де.

-Мүмкін сіз ауру шығарсыз, сондықтан сізге емделу керек шығар.. Қамшының насихатшысы, көргенсіздіктің уағызшысы, білімсіздік пен қараңғылықтың жақтаушысы, татар әдет-ғұрпының мадақтаушысы -Сіз не істеп отырсыз? Аяғыңыздың астына қараңызшы; сіз жардың қасында тұрсыз ғой, - деді,  Белинский  Гогольге жазған  хатында. (В.Г.Белинский. Пушкин. Лермонтов. Гоголь туралы мақалалар. Мәскеу. Просвешение баспасы. 1983 жыл. 229 шы бет).

О, жалған-ай, бұл өзін мәдениетті санайтын  Белинскийдің  аузынан шығатын сөз бе еді, тәйірі?!  Осының алдында ғана сыншының аузын ашып, көзін жұмып - Гогольдің "Өлі жандарын" жер-көкке сиғызбай мақтағаны қайда?   Сыншының аяқ астынан қапелімде өзгеріп шыға келгеніне қайран қаласың.  Енді Гоголь шынымен жалғыз  қалды.

Белинскийге берген жауабында  Гоголь сыншының  шын мәнісіндегі білімсіздігін тап басады. Шығарманы терең түсінбей жатып, әркімнің айтқандарын қайталап жүрген сыншының, бұрын-соңды ешкім байқамаған  түлкі табиғатының осал жерінен тырп еткізбей,  ұстап алады.

-Осының бәрі де адам сенетін жағдай ма? Түсініксіз жағдайда қалған мен өзіме және өзімнің кітабыма түк қатысы жоқ  айыптаулардан қорғануға тиіспін. Сіз менің кітабымды жүз рет оқыдым деп жазыпсыз, алайда сіздің сөздеріңізден  ол кітапты бір рет те оқымағандығыңыз аңғарылады, - деді, Гоголь - сыншыға берген жауабында. (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу.  Көркем әдебиет баспасы.  7- ші том, 360 шы бет)

Бірақ Гогольдің шаужайына жармасқан жалғыз ғана Белинский ме?  Егер батысшыл Белинский Гогольдің христиан дінінің тазалығы туралы  жазғандарын "сайтанның ілімі" деп айыптаса, славянофил  Аксаков та одан алыс кетпеді.  Гогольдің "Достармен сырласу" атты кітабы шықпай жатып ол - Сіз өте аянышты және дөрекі қателестіңіз. Сіз мүлде адастыңыз, өз-өзіңізге қайшы келіп, аспан мен адамға қызмет етуді ойлай жүріп, Құдай мен адамды қорлап жатырсыз, - деп данышпан Гогольге ақыл үйретіп хат жазды. Әшейінде бастары қосылмайтын батысшылдар мен славянофильдер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай Гогольге қарсы ызғарлы айыптауларды қарша боратты. Орыс сыншыларының жөнсіз айыптаулары жанына қатты батқан, қара тобырдан арашалауды сұраған   Гогольдің дауысы енді аянышты, әрі жалынышты  шықты.

- Кітабымның төңірегінде пайда болған дау-дамайлар мен түсінбестіктер маған өте ауыр тиді, өйткені мен өзімнің еңбегім адамдардың арасына жік салады деп емес, керісінше оларды татуластырады деп ойлағанмын. Менің жаным маған таққан жалған айыптаулардың бәрінен де қатты шаршады, әсіресе әлгіндегі кейбір айыптаулар маған қатты соққы боп тигені соншама, мен Құдайдан оны ешкімнің де басына бермеуін тілер едім, -деп, қорғануға көшті, байғұс Гоголь.  (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу.  Көркем әдебиет баспасы.  6- шы том, 454 ші  бет)

Өмірінің соңында жазған Гогольдің  "Жазушының  жан азасы" (Авторская исповедь) еңбегін оқыған сайын өмір дегеніміздің адам мен сайтанның арпалысы екеніне көзім жете түскендей болады. Сол сайтанды жеңу -халықтың ар-ұятының өлшеміне ғана байланысты. Адамды жаратқан Құдайда ешқандай  жазық жоқ. Бар бәле, Құдай салып берген сара жолды танығысы келмегендіктен,  пендешілікке салынып, оның өсиетін бұрмалап, басқаша түсіндіріп жүрген, санасын сайтан билеген тобырдың арасынан шыққан надандарын хан көтеріп, жұртқа шын жүрегімен жаны ашитын ақындарын тозаққа салып қоятын - тірі өлікке айналған  халықтың өзінде. Дүниенің жарға құлап кетпеуі алдымен Құдайға, сосын халықтың ар-ұятына ғана тіреліп тұр. Өз замандастарының ішінде осы шындыққа жалғыздықтың зарын тартқан ең бірінші Гогольдің көзі жетті.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] «Ұзақ уақыттан бері мен шығармаларыммен танысқан оқырмандарымның айызы қанып, сайтанға бір күліп алуы үшін қалам ұстап келемін». (Гогольдің 1847 жылдың 27 сәуірінде Напольдан Шевыревқа жазған хаты)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529