Жексенбі, 24 Қараша 2024
Коронавирус 3363 11 пікір 17 Сәуір, 2020 сағат 13:54

Коронавирусты анықтаудың кәрістердегі технологиясы

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны күн сайын артып келе жатқанын айтады. Соңғы мәлімет бойынша, аталған індетті жұқтырғандардың саны 1480-ге жеткен. 17 адам қайтыс болып, 285 адам жазылып шығыпты. Әрине, науқастардың індеттен айығуы ең әуелі дәрігерлердің еңбегі екені даусыз. Біз осы тұрғыда дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Арай Мағауияқызы Төлемісовамен еліміздің медицинасындағы соңғы жаңалықтар мен коронавирус індеті жайлы сөйлескен едік...

- Арай Мағауияқызы, корейлік компанияның Creen Gross аппараттарын Орта Азия және ТМД елдеріне әкелетін жалғыз дистрибьютор екенсіз. Осы аппараттар жөнінде толықтай айтып өтсеңіз. Бұл аппарат қандай ауруларды анықтайды?

- Дәрігерлердің білімін жетілдіру мақсатында әлемнің 25 мемлекетімен меморандумға отырып, сол елдердегі озық клиникаларға дәрігерлерді апарып тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Медицина саласы жақсы дамыған елдердің бірі ретінде Кореяның Су Чи Нон клиникасын айтуға болады. Олардың ауруды емдеудегі артықшылығы – диагностиканы дұрыс қоятындығы, яғни молекулярлы-генетикалық деңгейде көрсететін аппараттармен жұмыс істейтіндігі.

Біз Кореяға кезекті іс-сапарымызда сондай аппараттар шығаратын үлкен корпорация Green Brus деген халықаралық лабораторияға бардық. Сол лабораторияда диагностикалық аппарат шығаратын Bioneer компаниясымен, аппараттарының жұмыс істеудегі тиімділігімен таныстық. Сөйтіп, аталған компаниямен келісімге отырып, 2014 жылдан бері «Life Med Holding» компаниясын құрып, лицензия алдық. Қазір аппараттарды Қазақстанға әкеліп, оны еліміздегі ауруханаларға орналастырып жатырмыз.

Біз аппараттарды алдымен Алматыдағы туберкулез диспансеріне қойып, 3 жылдай ғылыми зерттеу жүргіздік. Нәтижесі өте жоғары екенін дәлелдей отырып, ғылыми мақалалар жарияладық. Бүгінде бұл аппарат еліміздегі 13 облыстың ауруханаларында жұмыс істеп тұр. Мамандарды үйретіп, бір жылдан кейін Кореяға апарып тағы оқыттық.

Бүгінде ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, жобалар жасағандықтан Қазақстанға және Орта Азия, ТМД елдеріне сатуға біз ғана эксклюзивті дистрибьютор болып табыламыз. ТМД елдерінің ішінен Өзбекстан, Украина, Грузия, Әзірбайжан елдеріне аппаратымызды қойдырып, қазір бірге жұмыс жасап жатырмыз. Ресеймен де келісімге отырдық, осы жылы жұмысты бастамақпыз. Қырғызстан мен Тәжікстан да сұраныс білдіріп отыр.

- Бұл аппараттар қандай ауруларға диагностика жасайды?

- Бір аппараттың (тек реактивтерін ауыстыра отырып) 120 анализ жасайтын деңгейі бар. Гепатит, СПИД, туберкулез, инфекция, әртүрлі вирустар, пневмония, грипп, тағы сол сияқты жұқпалы ауруларға анализ жасайды. Жабық түрде автоматты нәтижесін тез алатын дәрежесі бар екенін дәлелдедік. СПИД орталығымен де ғылыми жоба жасап, басқа ПЦР аппараттармен салыстырмалы түрде өткізіп, жақсы нәтиже көрсетілді.

Енді биыл қажетті жерлерге орналастырамыз деген жоспардамыз. Гепатиттік бағыттағы аппаратымыз облыстық денсаулық сақтау бөлімінің қолдауымен Тараздағы инфекциялық ауруханада орнатылды. Ол аппарат гепатиттің бар екенін ғана анықтап қоймай, сонымен бірге қаншалықты деңгейде екенін, қаншалықты ем жүріп жатқанын да көрсетеді. Бұл дегеніңіз аурудың емделуін де бақылауда ұстауға мүмкіндік береді деген сөз.

- Қазіргі қойып жатқан аппараттарыңыз арнайы коронавирусты анықтай ала ма?

- Коронавирус алғаш Қытайда пайда болған кезде, Корея жақын орналасқандықтан, лабораториясы жылдам іске қосылып осы ауруды анықтайтын реактивтерді ойлап тапты. Өздерінде зерттеулер жүргізіліп, жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін арнайы сертификатын алды. Осы жылдың қаңтар айында бізге ұсынды. Бірақ ол уақытта бізде коронавирустың белгілері болмағандықтан біз қызығушылық танытпадық.

Қазір әлемнің көптеген елдері осы аппаратты қолдануда. Кейін біздің елімізде де вирус шығып, соңғы кезде көбеюіне байланысты реактивтерге тапсырыс беріп алғыздық. Ал аппараттар өзімізде бұрыннан бар. Еліміздегі ауруханаларға, бұрынғы аппараттар қойылған жерлерге де ұсыныстар жібердік. Бірақ алдымен тиімділігіне көзімізді жеткізейік деген мақсатпен сол аппараттар арқылы өзіміз зерттеулер жүргіздік. Яғни зертханалардан оң және теріс нәтиже көрсеткен анализдерді алып, бірнеше рет сынама жасадық. Нәтижесі де жоғары деңгейде шықты. Алдағы бірнеше күнде тиісті, қажет деп тапқан орындарға қоюға дайынбыз. Орал, Ақтау, Маңғыстау жағы сұраныс білдірді. Жақын арада жібереміз деп отырмыз.

- Осы уақытқа дейін сынама жасап келген аппараттардан айырмашылығы неде?

- ПЦР аппараттар ашық және жабық түрде деп бөлінеді. Бұл аппарат анализді жабық түрде жүргізеді. Ашық аппараттардың реактивтерін бір-біріне қолдануға болады, ал бұл аппарат жабық болғандықтан әр аурудың өз реактивтері бар. Жабық дегеніміз біріншіден, жұмыс жасайтын лаборанттың қауіпсіздігін сақтайды, яғни ауруды сынама барысында жұқтырып алу қаупі жоқ, ал ашық жасалатын жерде оның қауіптілігі басым.

Екіншіден, анализ жасау үшін генетикалық деңгейде ДНК, РНК алынуы 100 пайыз таза болады. Басқа аппараттарда ол қолмен алынатындықтан қателіктер жіберілетін кездер де кездеседі.

Үшіншіден, бұл аппараттың сезімталдығы аса жоғары. Коронавирус ол бұрыннан бар, бірақ қазіргі мынау covid-19-дың қауіптілігі ол мутантталған, яғни өзгеріске ұшыраған күрделі түрі. Ол бір адамнан екінші адамға жұққанда немесе бір елдегі вирус пен екінші елдегі вирустың бір-біріне ұқсамайтындығы және бір емес бірнеше микробтардан тұратындықтан оның емдеу жолдары, вакцинасы әлі табылмады. Сондықтан да бұл күрделі болып отыр. Яғни осы вирустың құрамында 3 ерекше ген өзгеріп отырады. Сол үш геннің жұқтырылуы әртүрлі. Мысалы, бір адамда геннің бір түрі болуы мүмкін, екінші адамда екі түрі, соған байланысты оның ауыр және жеңіл түрде өтуі содан.

Ал мына аппараттың сезімталдығы жоғары дегенім, осы үш геннің қайсысы бар екенін нақты көрсетіп береді. Және ары қарай емделу барысын, емнің қаншалықты әсерде жүргізіліп жатқанын көріп отыруға мүмкіндік береді.

- Қазіргі анализ жасап жатқан тест таяқшаларымен салыстырғанда нәтижесі қаншалықты жоғары және тиімділігі қандай?

- Аппарат пен тесттің анықтау тәсілі екі түрлі. Тест арқылы адам ағзасында антиденелердің бар-жоғын ғана анықтауға болады. Бұрын ауырып жазылған адамның денесінде де антидене сақталады, яғни оны да оң деп көрсетеді деген сөз. Тест арқылы дәлелдеуді диагностика деп айта алмаймыз. Өйткені ол төменгі деңгейде 30-40 пайыз шамасында көрсетеді.

Ал бұл аппарат вируспен қаншалықты залалданғанын, қай генмен ауырғанын ең жоғары деңгейде 90-100 пайыз көрсетеді. Ары қарай да осы гендердің бұзылуына қарай зерттеулер жүргізіп, қай генмен ауырған ауыр және жеңіл дегенді анықтауға болады.

Тиімділігіне келер болсақ, басқа аппаратта ДНК, РНК-ны алған кезде бірнеше лаборант отырып қолмен жұмыс жасайды. Ал бұл аппаратқа 5-7 минутта анализдерді номерлеп құйып, машинаға салып қояды. Аппарат 2 сағатта 48 анализды өзі автоматты түрде жасап шығарады. Оған дейін лаборант басқа жұмыстарымен айналысуына болады. Одан келесі машинаға ауыстырып салады, ол жерде 1 жарым сағат тұрып, нәтижесі компьютерге шығып келеді. Сонда бір ғана лаборант жеткілікті. Дәрігерлерге сапалы да тиімді. Уақытын да алмайды, көп адамды да қажет етпейді.

- Аппарат қойылған соң мамандарды дайындау, оқыту, үйрету қалай жүргізіледі?

- Егер сұраныс болып жатса, оқыған инженерлеріміз үйретуге дайын. Олар аппаратты қойып, техникалық жағын бақылауда ұстап отырады. Бір жақсысы интернет арқылы бағдарламасы жаңартылып отырады. Қашықтан инженер бақылауда ұстайды. Мамандарды өзіміз оқытамыз, кейін анализдер дұрыс емес болып жатқан жағдайда бізге жібереді, қай жерде қандай қателіктер болды түсіндіріп береміз.

Бұл аппаратты пандемия аяқталған соң да, реактивтерін ауыстыру арқылы басқа инфекцияларды анықтауға пайдалана береді. Яғни бұл бір реттік емес, көптеген ауруларды анықтауда тиімді болып табылады.

- Қазір коронавирусты дәрігерлеріміз де жұқтырып алып жатыр...

- Бұл әрине жүректі ауыртатын жағдай. Олар вирус жұқтырған науқаспен  тікелей байланыста болғандықтан, өздерінен де анықталуы әбден мүмкін. Дәрігерлер адам өмірінің арашасы болғандықтан, көп жағдайда пациенттің жағдайын ойлап тұрып, өз қауіпсіздіктерін ұмытып немесе ойламай қалуы мүмкін.

Сосын қауіпсіздік киімдерінің де сапасы талапқа сай келмей жатыр. Әртүрлі жеке кәсіпкерлер тігіп, сатып жатқан сапасы стандартқа сай келмейтін халаттар мен маскалар да бұл көрсеткішке әсер етіп жатыр деуге болады. Қауіпті аймақта жүрген дәрігерлерден басқа, қабылдауда отырған немесе басқа бөлімдегі дәрігерлердің ауырғандығы, тіпті алаңдайтын жағдай. Оның себебі дұрыс қорғалмағандығы. Дәрігерлердің бәріне ерекше қорғанысы бар костюмдер кигізу керек.

Постарда тұрған дәрігерлер де жай халат пен маска киіп тұр. Ол жердегі қауіп тіптен жоғары болуы мүмкін. Сондықтан адам жанының арашасы дәрігерлерге ерекше көңіл бөліп, қауіпсіздігіне баса назар аудару керек.

- Аталған індет ауылдардан да анықталды. Ондағы халыққа қандай кеңес бересіз?

- Басында екі қаланы жапқан кезде дұрыс шешім болды, тез арада аурудың алдын алармыз деп ойладым. Бірақ қонақжай, тойшыл халықпыз, соның кесірі де тиіп кеткендей болды. Адамдар бейғам жүрді, алып-қашпа әңгімелерге көбірек сеніп, үкіметтің тыйымдарына мән бермей, тәртіпке бағынбай, соның кесірінен өкінішке қара ауылдық жерлерге де тарап кетті.

Сондықтан, мынау карантиннің тәртібіне бойұсынып, сабырлық сақтап, тек үйде жатып қана елімізді осы сырқаттан сақтап қала аламыз.

Күн-түн демей күзетте тұрған тәртіп сақшыларының, бастарын қатерге тігіп ұйқысыз аурумен алысып жүрген дәрігерлердің жұмысына құрметпен қарап, еңбектерін бағалайық. Жанжал шығармай, солардың жұмысына кедергі келтірмей, отбасымыздың қасында, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршілікте болсақ қана осы індетті жоя аламыз.

Бекерден-бекер тыйым салынып, бүкіл әлем дүрлігіп жатқан жоқ. Түсіністікпен қарап, бірлесіп күресу керек. Қытайдың бұл вирусты тез жеңіп, қазір қалыпты өмірге оралуы, тәртіпке бірауыздан бағынғаны, өзгелердің ісіне құрмет білдіргендігінен. Біз де сол күнге жету үшін тек шыдамдылық танытайық.

Материалды дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5681