Есмұхан ОБАЕВ: «Театр – ұлт рухының жаршысы»
Қазақтың театр өнері дара тұлғаларға бай. Талантына табындырған да тамсандырған небір саңлақтар, ұлы суреткерлер ұлттық сахнаға ұлағатты мол сыйлапты. Әлбетте, сондайлық тәңір сыйына мың да бір рахмет. Ал, осы театрдың ағзасына тіршілік отын тұтататын, тамырларына ыстық қан тарататын жаны, жүрегі дейтіндей ұстыны - режиссер десек, қазақ топырағында тұтас дәуір жасаған, қол бастап көсемдік еткен кәсіби режиссер санаулы сияқты. Нақ осы санаулы сиректер қатарында Қазақстанның халық әртісі, профессор, Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі әрі директоры Есмұхан Обаевтың аталуы әлдебір заңдылыққа, нысанды құбылысқа саятындай.
Қазақтың театр өнері дара тұлғаларға бай. Талантына табындырған да тамсандырған небір саңлақтар, ұлы суреткерлер ұлттық сахнаға ұлағатты мол сыйлапты. Әлбетте, сондайлық тәңір сыйына мың да бір рахмет. Ал, осы театрдың ағзасына тіршілік отын тұтататын, тамырларына ыстық қан тарататын жаны, жүрегі дейтіндей ұстыны - режиссер десек, қазақ топырағында тұтас дәуір жасаған, қол бастап көсемдік еткен кәсіби режиссер санаулы сияқты. Нақ осы санаулы сиректер қатарында Қазақстанның халық әртісі, профессор, Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі әрі директоры Есмұхан Обаевтың аталуы әлдебір заңдылыққа, нысанды құбылысқа саятындай.
Қысқа қайырымдармен айтар болсақ, Е.Обаевты өнерге, ұлттық режиссураға кіндігін кесіп, тоқпақтай сомдап алып келген өкіл әкесі қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов еді. Еңбек жолын Әуезов театрында, даңқты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің қасында бастауы балғын таланттың балақбауын ерте ағытты. Құрманғазы консерваториясында, ұлттық топырақта дайындалған алпысыншы жылдардағы алғашқы кәсіби режиссерлеріміздің дарынды шоғырының арасында да Обаевтың орны бөлек дараланды. Қазақы философияны, ұлттық болмысты терең ұғынған ол өзі қойған спектакльдерде эпикалық кең тынысқа, байтақ кеңістікке құлаш ұрды, сахнада өз ойын жарқын суретпен өрнектеп, өзінің жаңа сөзін айта білді. Олай болса, болашақта қазақ театр өнерінің көшін бастауға, ұлттық сахна өнерінің керегесін кеңейтуге, ұлттық режиссура туын желбіретуге, өзіне дейінгі ұлылар ұлағатын жалғастыруға жетелейтін ақ жолды баспалдақтардың көбіне-көп өндір жас Есмұханның еншісіне бұйырып, маңдайына жазылып отыруы тегін емес-ті. Ол баспалдақтар - Мәскеудің М.Горький атындағы академиялық театрында үш жылдай тағылымдамадан өтіп шыңдалуы, Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында қоюшы-режиссер ретінде бағының сыналуы, Семейдің Абай атындағы музыкалық драма театрының көркемдік жетекшілігіндегі жиырма жылдық тұтас кезеңде толысып кемелденуі, одан соң төрт жыл бедерінде Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтының (қазіргі Өнер академиясы) ректоры қызметінде осы оқу орнының тәуелсіздік талаптарына сай қайта жаңғыруына үлес қосуы, одан алты жыл бойы Мәдениет министрлігіндегі биік лауазымдарда шығармашылық һәм ұйымдастырушылық зор қабілетімен кәсіби қазақ өнерінің өркендеуіне мұрындық болуы еді. Соңғы он жыл көлемінде, аға досы Асанәлі Әшімов айтқандай, қазақ театрлары қарашаңырағының кемел қолбасшысы болып, шын мәнісіндегі қайраткерлік санаттан көрінуде.
Шығармашылық жолында 100-ден аса спектакль қойған, алыс-жақынды мойындатқан, көркемдік ізденістерімен және шығармашыл жанкештілігімен қазақ театрының бүгінгі даму белестерін айқындаушы тұлғаға айналған Есағаңның қашанда есіл-дерті, әңгімесінің арқауы - тек театр.
- Есмұхан Несіпбайұлы, өзіңізді өнер жолына бастаған себеп-сырлар қандай еді? Жас дәуреннің қимас елесіндей сол жайды бір еске түсіріңізші.
- Өнерге адам тегін келмейді ғой. «Біз жауды жеңеміз» деген Сталиннің сөзіне орай әке-шешем атымды Жеңісхан қойыпты. Кейін Есмұхан боп кетіппін. Сол жылдарда дүниеге келген біздің ұрпақ - тағдыры өте қиын ұрпақ. Балалық шағымыз соғыстан кейінгі ашқұрсақ, жоқшылықта өтті. Сондағы жас уақытымызда ауылда бір қалпақ радиомыз бар, далада сұңқылдап сөйлейді де тұрады. Содан Серкебаевтар, Жылысбаевтар, Роза Бағлановалар, болмаса осы Бибігүлдер концерт беріп, тау-тасты жаңғыртып ән салады. Біздің дүниетануымыз, өнер тануымыз осы әлемге байланысты.
Сол кезде ауылдағы қазақ баласы атқа мінсе де, жаяу жүрсе де өлең айтады. Мен - тау баласымын. Алатаудың бір бөктері, Кеген деген жерденмін. «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей, туған жерімдегі Тәңіртауларға қарасам, ар жағынан бір арман сиқырлап арбайтын сияқты. Ылғи ар жағында бір үміт күтіп тұрғандай. Соған қашан жетеммен өмір кешесің. Бала күнімізде өмірден ертерек кеткен қоғам қайраткері, менен бір-екі жас кіші Заманбек Нұрқаділовпен іргелес үйде көрші тұрдық. Сол екеуміз мойнымызға кішкентай гармонымызды асып алып, тамның тасасында әндетеміз. Сол кезде біздің ауылда айтылатын әндер адамды бір мұңға бөлеп, арманға жетелейтін, аңсар-іңкәрға тәрбиелейтін. Экспедициялардың арнайы шығып, ел аузынан жинайтын әндері дәл осылар еді. Әке-шешелеріміз ыңылдап, ән салмайтын күні болмайды. Солардың әндерін қағып алып біз айтамыз. Бойымызда өнерге деген, әнге деген бір құштарлық болса, солардан жұққан шығар. Мені өнерге, театр әлеміне әкеліп тынған да туған жердің тұнық бұлағымен оянған осы құштарлық.
- Сонымен, мектепті бітіргесін Алматыға келіп, консерваторияға түстіңіз ғой?
- Консерваторияға түскенде, соның өзі қызық болды. Алдында дауысым қырылдап, вокал факультетіне түсе алмай кеткем. Сөйтіп, ауылда қыстыгүні мал қорада қи күреп жүрсем, қашаның ар жағынан қара жағалы, сұр киімді, үлкен сусар бөрікті бір адам: «Әй, Обаев деген сенбісің?» деп айқай салды. «Иә, менмін, аға» дедім. «Онда бері кел!». Осы өктем дауыстың иесі Тоқпанов деген профессор: «Сен, давай, сағат екіде селсоветке кел, тыңдап, әуселеңді көремін», деп кетіп қалды. Содан әке-шешем «барсайшы» дегесін, барып, айтқанының бәрін істедім. Ит бол десе, ит болдым. Қарғы деді қарғыдым. Жүгір деді, жүгірдім. Ентік деді ентіктім. Содан кейін тақпақ айтқызды. Әйтті-бүйтті, ақыры мені ұнатты. «Органикаң жақсы екен» деді ақыр соңында. Ол кезде ол сөзді ұғатын шамамыз жоқ. «Бейімің жақсы» дегені екен. Содан кейін: «Сен алдағы шілденің басында консерваторияға кел. Актерлік бөлімге түсесің» деп бұйырды.
Ауылдағы мың сан науқаннан шыға алмай, қыркүйекте бір-ақ бардым. «Әй, қайда жүрсің, атаңа нәлет! Ой, қу қырт», деп Асқар Тоқпанов ағамыз жаудыртып ала жөнелді. «Уақыт өтіп кетті. Енді қабылдамайды. Емтиханнан қалып қойдың. Енді стипендиясыз оқисың, вольнослушатель деген болады. Соған түсесің. Ар жағын көреміз» деді. Сол арада ректор Қожамияров келіп қалып, ол кісі «Бұл заңсыз» дегесін, енді екеуі бір-бірімен шақ-шұқ айқайлассын. «Бұл талантливый бала, мен өзім жауап беремін» деп Асекең бой берер емес. Ақыры, «Оттамасын, оқисың, бірақ саған ештеңе төлемейді» деп соңғы сөзін айтты. «Жарайды» деп оқуға мен де кірістім. Бес айдан кейін емтиханның бәрін беске тапсырып, оқуға заңды түрде қабылдандым. Бес жыл бойы староста болдым.
- Сіз сонда кімдермен бірге оқыдыңыз?
- Ол кезде Асанәлі, Сәбиттер консерваторияның актерлік бөлімінде оқитын. Біз болсақ, 24 бала қазақтың тұңғыш кәсіби режиссерлерін дайындайтын жаңадан ашылған режиссерлік бөлімге оқуға түстік. Содан он бір адам бітіргенбіз, көзі тірі үшеуіміз ғана қалыппыз. Мынау қарсы алдыңда отырған Обаев пен Өнер академиясының профессоры Маман Байсеркенов. Ақтаудағы жастар театрында Зәуреш Есбергенова деген қызымыз және бар. Бізбен бірге оқығандардың ішінде Виктор Пұсырманов, Қадыр Жетпісбаев, Жақып Омаров, Халиолда Мерғазиев сияқты марқұм болып кеткен талантты режиссерлер елдің есінде.
- Шығармашылық жолыңыздың жиырма жылы, тұтас бір кезеңі Семейде, Абай театрында өткен екен...
- Мәскеуде режиссерліктің қыр-сырына үйреніп, аман-есен келіп, ТЮЗ-де жұмыс істеп жатыр едім, Ләйлә Ғалымжанова дейтін министріміз: «Сен бір жылға Семейге бара тұр. Бәйкен Омаров кетті. Семей театры құрыды. Ондай театрды мұндай жағдайда қалдыру сұмдық», деп мені Семейге аттандырды. Бұл - 1972 жыл. Сол кеткеннен мол кеттім. Бір жыл қайда, Семейде бас режиссер болып 20 жыл және 6 күн қызмет атқардым. Менің режиссурадағы қалыптасуым, шыққан биігімнің бәрі осы айналайын Абай атындағы Семей театрымен байланысты. Театрды гастрольмен Мәскеуге де алып бардым, сонау Каирге дейін барып өнер көрсеттік. Театр өсіп-толысқан жақсы бір кездер еді. Жақсы әртістер бар еді. Осы жиырма жыл маған қанша қиын, күрделі болса да тек жақсылығымен есте қалыпты. Бұған дейін Қазақстанның бірде-бір театры ЦК-ның бюросында қаралмаған. Біз, Семей театры Қонаевтың кабинетінде, Орталық Комитет Бюросында жақсы жағымыздан танылып, жұмысымыздың озық тәжірибесі күллі елге, Қазақстанның барлық театрларына арнайы қаулымен таратылды. Көрермен ұйымдастырудағы, репертуар таңдаудағы, шығармашылық тұрғыдағы жетістіктеріміз мадақталып, насихатталды.
- Ол қай кез?
- Әлі есімде, 1986 жыл, 14 тамыз.
- О, Желтоқсан оқиғасының дәл қарсаңы екен ғой.
- Димекеңді күтіп, Алматыда бір апта жаттық. Ол кісі ел аралап, астықты көріп, жақсы көңіл күймен келген беті екен. Бұған дейін облыстық театрды қойып, Бюроға Әуезов театры да шығарылмаған, тарихта болмаған жағдай. Сол мәртебеге ие болған біз әрі мерейленіп, әрі толқулымыз, әрі қорқулымыз. Онымызда шаруасы жоқ Димекең қарапайым қалыппен алдындағы қағаздарға қарап: «Я, кім сөйлейтін еді? Есмұхан, сен сөйлейсің бе?» деді. Бұл кісі менің атымды қайдан біледі деп таңғалып мен отырмын. Өзім дір-дір етемін. Айтатын сөзімнің бәрін жаттап алғанмын. Соны байыппен тыңдағасын Димекең айтты: «Жақсы дүниелер жасап жатыр екенсіңдер. Тәжірибелеріңді таратамыз театрларға. Ал енді өздеріңнің қандай бұйымтайларың бар?» деді. «Бізге театр салып берді. Ашылғанда өзіңіз болдыңыз. Бірақ сол әлі толық бітпей жатыр. Алдында фонтаны, төбесінде арнаулы құрылғылары болуы керек. Солар бітпей қалды. Соны бітірткізіп берсеңіз. Содан кейін мына әртістер көбіне түзде жүреді, үйге, бала-шағасына қарауға шамасы келе бермейді. Үй мәселесі нашар» деп едім, Димекең сол арада Гукасов деген министрге: «Эрик Христофорович, Семейдің театры әзербайжанның «Аршын мал - Алан» пьесасын қояды екен. Жаңа естідіңіз. Қандай керемет. Сіз, немене, сөйтіп отырған театрға бір қамқорлық жасай алмайсыз ба? Театрдың алдында фонтан болуы керек. Ел соны қызықтап демалуы керек, бұған қалай қарайсыз?» деді. Ол кезде бірінші хатшыға жоқ деп айта алмайды екен ғой. «Құп болады, Димаш Ахметович, айтқаныңыз орындалады» деді. Сосын Димекең Мирошхин деген екінші хатшысына қарады. «Театрды қабылдап алғансыздар. Құрылысшылар тапсырған. Соны неге қадағаламайсыздар? Қане, маусым ашылғанға дейін бәрін бітіріп беретін болыңдар», деді.
Димекеңнің сондағы театрға деген ықыласына әлі күнге дейін тәнтімін.
- Есаға, сіз бүкіл жан-тәніңізбен, қаныңызбен қазақы топырақтан шыққан кәнігі кәсіби режиссерсіз. Режиссер мамандығының рөлін, мән-маңызын қалай бағалайсыз?
- Театрдың ұстыны - режиссер. Мысалы, Семей театрының 70 жылдық тарихында әрқайсымыз жиырма жылдан үш режиссер ғана істеген екенбіз. Украинадан келген Леонтис деген кісі. Бәйтен Омаров. Сосын мен. Режиссер тұрақтамағандықтан, осы театрдың халі мүшкілдеу. Театрдың өсуі де, өшуі де режиссерге байланысты дейтінім сондықтан. Жас кезімізде: «Партия - ум, честь, совесть наши эпохи» деген ұран болатын. Мен соның өңін айналдырып: «Режиссер - театрдың ақыл-ойы, абыройы және ар-ожданы» деймін.
- Режиссерлік төл кәсібіңізден қол үзіңкіреп кеткен жылдарыңыз да болды емес пе?
- Соншалықты қол үздім деп айта алмаймын. Министрлікте жүргенімде, Жүргенов институтының ректоры кезінде де театр мәселесімен тікелей шұғылданып отырдым. Бар өмірім қазақ театрының гүлденуіне, қазақ театрының кадрын дайындауға, қазақ театрының кәсіби дәрежеде өсуіне арналды десем, ешкім дау айтпас. 23 жасымда консерваторияны бітіре сала мені осында мұғалім етіп қалдырды. Әрі Әуезов театрында істеймін, әрі мұғаліммін. Сол 1964 жылдан бері қарай осы педагогтік жұмысымды үзген емеспін. Консерваторияда Асқар Тоқпановтың ассистенті, екінші оқытушы болдым. Ал, Семей кезеңінде сондағы аграрлық институтта ФОП деген факультет болды - факультет общественных профессии. Мұнда болашақ зоотехниктерді, веттехниктерді, ауыл көркемөнерпаздарын басқаратын режиссерлікке оқытатын. Мен соларға сабақ бердім. Одан кейін ректор болдым. Өнер академиясында әлі күнге дейін ұстаздық етемін. Бүгінде студенттерімнің алды шетінен халық әртістері: Тілектес Мейрамов, Досхан Жолжақсынов, Ғазиза Әбдінәбиева, еңбек сіңірген қайраткер Нұрқанат Жақыпбаев, толып жатыр, көп. Әуезов театры әртістерінің қырық пайызына жуығы өз шәкірттерім. Осыншама жылда біздің оқушыларымыз республиканың барлық театрларына тарап кетті. Қазақстанда қазір 52 театр болса, қайсысына барсам да шәкірттерім алдымнан шығады. Бұл да бір бақытым.
- Тәуелсіздік жылдарында ашылған театрлар саны қанша?
- Тәуелсіздік жылдарында елімізде жаңадан жеті театр ашылды. Петропавлда, Қостанайда, Өскеменде, Ақтауда, Жетісай мен Түркістанда. Бұларға өзбек театрын қоссақ - жетеу. Осының өзі жатқан бір әлем ғой. Менің тағы бір бақытым, осы театрлардың барлығының ашылуы кезінде өнебойы ел Президентінің қасында жүрдім. Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит Мұқанов атындағы театр ашылғанда менің бір жылғы түлектерім түгел сонда барды.
- Осынау театрлардың бүгінгі жай-күйі қалай?
- Олардың бәріне мемлекет тарапынан қаражат бөлінуде. Ғимарат - мемлекеттен. Қазір Қостанайдың қақ ортасында қазақ театрының үйі салынып жатыр. Ақтау мен Түркістандағы театр ғимараттары да жаңа. Осының бәрі Елбасының тікелей тапсырмасымен атқарылуда. Осылай көңіл бөлініп тұрған кезде іс қалай өрге баспасын. Бір ғажабы, дүние жүзінде Қазақстаннан басқа ешбір мемлекеттің театрлары алты тілде сөйлемейді. Америкаңызда болсын, Ресейіңізде болсын. Біз алты тілде өнер жасайтын театры бар халықпыз. Қазақ театры. Орыс театры. Ұйғыр театры. Корей театры. Неміс пен өзбек. Алтындай алты театр. Алты ұлттың тілінде. Көп ұлттылығымыздың, қой үстіне бозторғай жұмыртқалағанның бір көрініс-көрсеткіші осы емес пе. Біз осындай елміз деп мақтансақ орайы бар.
- Сол мақтаныштың материалдық жағына үңілсек ше?
- Осы театрға мен келген кезде Асанәлі Әшімовтер 8 мың теңге алатын. Асанәлі маған: «Туһ, Есмұхан, сегіз мың еңбекақы бересің де сексен сағат ұрсасың», деп ойын-шынды қалжыңдаушы еді. Қазір сол кісілеріміздің жалақысы 140 мыңға дейін көтерілді. Облыстық театрларда, әрине, төменірек. Өйткені, біздің театр ай сайын 30 ойыннан ойнайды. Тапқан ақшаны пайыздап, түгел әртістерге жалақысының үстіне үстемелеп береміз. 50 пайызға дейін. Өйтпесек болмайды. Театр осыншама спектакльді игеру жолында күндіз-түні жұмыс істейді. Сол еңбектің қайтарымы болу керек қой.
- Ана бір жылдарда театрларды тұралатып тастаған қиыншылықтар да болғаны жадыңызда шығар?
- Нарықтың алғашқы жылдарында еңбекақыны дер кезінде ала алмай, үш-төрт айға дейін созған қиыншылықтар болғаны рас. Ол бір көппен көрген ұлы той. Қиыншылық жағдай мемлекеттің экономикасы бәсеңдеген өтпелі, өлара тұста туындады. Осы театрымыздың өзінде 80-ші жылдардың аяғынан 2000 жылға дейін көрермен саны күрт азайып кетті. Оның себебі, ел экономикасының, халықтың тұрмыс дәрежесінің төмендеуі еді. Қалтасында тиыны жоқ адам театрға қайтіп келеді? Енді, міне, экономика көтерілді, қоғам өрледі, мемлекет өркендеді. Елдің қалтасында ақша пайда болды. Осы кезде адам рухани қажетін ойлап, театрға бет бұра бастады. Елбасының: «Ең әуелі экономика» дейтіні де содан ғой.
Қазір қазақтың ақсақал қарттары немерелерін ертіп кассадан билет алып тұрғанын көреміз. Қымбат емес. 300-400 теңгеден. Сол қария залда отырып: «Қарағым, Абылай хан деген бабаң мына кісі. Абай деген абыз атаң ана кісі», деп жаңағы немересіне тарих тағылымын айтады. Қазіргі балалардың бәрі бірдей Абайды оқып жүргеніне күмәндімін. Ал енді сол бала театрға келіп, үш сағат ойынды тамашаласа, Абай әлемін танып шығады. Абайдың ұлы парасатын, Мұқаңның ұлы сөздерін санасына сіңіреді. Бүгінгі күннің драматургиясы қақтығысқа құрылады. Сахнада халыққа ой салатын, неғұрлым ұлттық рухымызға жақын, өтімді дүниелер ғана қойылады.
- Қазір қойып жатқан сондай дүниелердің бірін атай кетсеңіз.
- Серік Асылбековтің «Империядағы той» деген пьесасы жүріп жатыр. Мұнда байлыққа бөгіп, азғындағандар мен өзінің ұятын, ар-намысын сақтаған, Отанын сүйетін адамдар арасындағы қақтығыс, шиеленіс желі тартқан. Бүгін кішкентай ғана «Империя» деген ресторан салып алған адам ертең күллі ел тұтқасын иемденуге аранын ашпай ма? Ондайлар көп қой. Президентіміз қаншама адамға үміт артып, қанша жасты оқытып, жолын ашты. Солардың арасынан өз халқына өзі қарсы шығып, өз елін жұлып жеуге көз алартқандар да бар емес пе. Сондықтан, театр бүгінгі күн тақырыбын, қоғамымыздың толғақты жағдайларына үн қосатын, өз жұртымыздың намысын жыртатын тақырыптарды көбірек қаузайды. Театр өзінің барлық болмысымен қоғам үшін, мемлекет үшін, халық үшін, халқымыздың биік кеуделі рухы үшін қызмет етеді. Соның себебінен болар, театрда шетінен отансүйгіш, елім деп елжіреп тұратын, тілін сүйетін, өткен тарихты, қазақ деген халықты қадірлейтін адамдар ғана жұмыс істейді. Сахнаның патшасы - әртіс. «Саф таза өнер бықсық ойдан тумайды» деген нақыл бар ғой. Театрдағы өнер иелері бықсық атаулыдан аулақ, өздерінше бір таза әлем. Міне, осы ұжымның көңілін табу, әрқайсысына сай рөл үлестіру көркемдік жетекші үшін оңай шаруа емес. Пьесаға қатысып отырмаса, қарайып қалады. Бұлардың тілеуін де үйдегі өз балаңның тілеуін тілегендей тілейсің. Әртісімнің табанына кірген шөгір менің маңдайыма кірсін деп жұмыс істемесең, ол жұмыстың құны көк тиын.
- Театр мен тәу етер Тәуелсіздігіміздің арасына қандай параллельдер тартар едіңіз?
- Қазақ театры үшін айналып кетейін Тәуелсіздіктің бергені көп. Жалпы қазақ өнерін, қазақ рухын өрлетті. Мұны соқыр ғана көрмес. Қазіргі бар әлемге танылып жатқанымыз тек байлықтың арқасы десек, қателесеміз. Биікке шырқағанымыз ең алдымен рухтың арқасы. Біз тек мұнаймен, газбен ғана ел болмаймыз. Рухани әлемімізбен, рух байлығымен ел боламыз. Сол рухани әлемді дүниеге таратушы - театр. Мысалы, қазірде Құрманғазы оркестрі мұхиттың арғы бетіндегі Карнеги-холлда концерт беріп жатыр. Қазақ домбырасының үнін естіген шетелдіктер тәнті болуда. Ал, домбыра қазақтың жаны емес пе? Қобыз қазақтың қаны емес пе? Ұлтты мойындататын, ұлттың бітім-болмысын танытатын - өнер. Адамның жанын тәрбиелейтін, қуанышқа бөлейтін осы театр өнері, музыка өнері, әдебиет өнері. Ендеше, қазіргі таңда қазақ өнері мен мәдениеті, театры тәуелсіздігімізге қызмет етуде.
Осындай театр өнерін, кино өнерін, жалпы музыка әлемін тиісінше бағаламай жатамыз. Мысалы, біздің қарашаңырақта қызмет істейтіндер тек жалғыз Әуезов театрының ғана әртістері емес. Сонымен бірге олар қазақ киносының, қазақ радиосының, қазақ теледидарының, қазақ дубляжының де әртістері. Театр жалғыз Алматының ғана театры емес, күллі Қазақстанның театры. Жыл сайын екі-үш қалаға гастрольге барамыз. Бүкіл елдің облыстарынан бастап, аудандарына дейін аралаймыз. Жақында ғана Жамбыл облысының үш ауданында болып, спектакльдерімізді қойдық. Сайып келгенде, біз Тәуелсіздіктің қызметшісіміз. Біз дегеніміз, яғни театр.
- Олай болса, театрдың тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарын таратыңқырап айтсаңыз қайтеді.
- Әуезов театры өзінің 86 жылдық ғұмырында халқымен бірге жасасып келеді. Тәуелсіздік жылдарында біз он шет мемлекетке бардық. Ол сапарларда 80 қойылым қойдық. Қазақ театры туралы сол кездерде төрткүл дүние баспасөзі жабыла жазды. Қазақтың кәсіби режиссурасын, кәсіби актерлік мектебін, қазақтың сценографиясын жер-жаһанға таныттық. Әлемнің басқа театрларымен бірге Кореяның Сеул қаласында, Түркияның Конья қаласында гастрольде болып қайттық. Түріктер марқұм боп кеткен жас режиссер Сүгірбековтің қойылымында «Қозы Көрпеш - Баян сұлуды» көргенде таң-тамаша қалды. Мына тарих бізде де бар ғой. Біз қалай бұған назар аудармағанбыз, дейді. Марқұм Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретшісін» Коньяда көрсеткенде: «Ақынжанды театр екенсіздер. Махаббатқа қазақ халқы қандай жақын. Қандай биязы, нәзік, дархан жанды халықсыздар!» дейді. Міне, көрдіңіз бе? Осылай ұлтты танытып отырған жоқпыз ба, біз.
1926 жылы осы театр ашылғанда «Театр неге керек» дегендей сөздер де болыпты. Сонда Сәкен Сейфуллин: «Егер театрға көзі көрмейтін адам келсе, сахнада өтіп жатқан әрекетті құлағымен тыңдап, ләззат алады. Егер көзі көріп, құлағы естімейтін адам келсе, көзімен көріп отырып ләззат алады. Театрдың қасиеті де, құдіреті де осында», деген екен.
Сонау 1926 жылы театр керек болған Қазақстанға қазіргі тәуелсіздік заманында театр тіптен ауадай қажет. Еліміздегі қалған 52 театр Әуезов театрының балалары, немерелері, шөберелері десек болады. Әкемтеатрды қазақ өнерінің қарашаңырағы дейтініміз содан. Опера театры да бізден енші алып ашылған. Қаздың балапанындай соңымыздан шұбырған сол іні театрлармен тығыз байланыстамыз. Сахнамызды береміз. Әнеугүні ғана Астананың жастар театры келіп, өнер көрсетіп кетті. Қазір Қарағандының театры келіп жатыр. Биік мәртебелі қазақ театрлары жыл сайын фестиваль өткізуді дәстүрге айналдырған. Облыстағы актерлік мектептің халі қалай? Не істеп, не қойып жатыр? Осының бәрін саралаймыз. Сөйтіп, театрдың өсіп-өркендеуіне хал-қадерімізше септесеміз. Мүсірепов театрында биыл он тоғызыншы рет өткен сол фестивальдің жюри төрағасы мына алдыңызда отырған пақырыңыз.
- Қазақ театрын Қаллеки, Серке, Елубай сияқты корифейлер шырқау биікке көтергені белгілі. Театрдың қазіргі кәсіби деңгейін қай өреден бағалайсыз?
- Кәсіби деңгейі сол бұрынғы кездегіден жоғары болмаса, төмен емес. Неге? Ол кездерде сахна жұтаң, пьеса жазатын драматургтер аз еді. Сол себепті репертуар тапшы болды. Қазір қырық жазушы пьеса жазады. Тәуелсіздіктің арқасында жыл сайын конкурс жарияланып, он мың доллардан грант бөлінуде. Сұлтанәлі, Дулаттар өмірбақи алып келеді. Иран-Ғайып та қалыптаспайды. Дүниені шыр айналдыратын пьесалар бар. Бір қуаныштысы, жас драматургтер көптеп көріне бастады. Демек, әдеби материал жеткілікті. Бұл, біле білсек, ұлттың өскендігінің белгісі. Әдебиеттің өсуі ұлт өсуінің көрсеткіші. Ал, драматургия болмаса, театр болмайды. Құдайға шүкір, бізде драмаға толы драматургия да, тартымды театр да бар.
Қазақ театрларының қазіргі шығармашылық та, тұрмыстық жағдайы да жақсы дей аламын. Құрып, құрдымға кетіп бара жатқан, спектакль қоя алмай суалып отырған театрды көрген жоқпын. Мен бір спектакльді қою үшін кейде 15 миллион теңгеге дейін қаражат шығарамын. Киімі, музыкасы, суреті бар. Авторы бар, басқасы бар дегендей. Сол қойылым 15-20 рет жүргеннен кейін өзін-өзі ақтайды. Ана бір жылдары гастрольге де шыға алмай қалған кездеріміз болса, қазір көрерменмен қайта қауышқанбыз. Іссапарға шықсақ та қаржы бар. Жаңа қойылым үшін де үкімет төлейді. Басқа тіршілігімізге ақшаны өзіміз табамыз.
- Алдағы ұлттың ұлық мерекесіне қандай тарту-таралғымен келе жатырсыздар?
- Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында Астана жұртшылығына есеп беріп қайттық. Басқа да театрлар есеп берді. Біз бастадық. Маусым айында Күләш Байсейітова атындағы опера театрында сүбелі-сүбелі бес қойылымды сахнаға шығардық. Әуезовтің «Абайы», Қалихан Ысқақовтың тәуелсіздік тақырыбын қаузаған «Қазақтар» атты спектаклі, қырғыз тілінен аударылған «Жүрейік жүрек ауыртпай» деген қойылым және басқалар. Екі апта бойы аншлаг! Одан соң Таразға бардық. Осының бәрі ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке тағзымымыз.
Осы күндерде Тәуелсіздік құрметіне жаңа спектакльдер қоюдамыз. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманын» сахнаға шығармақпыз. Тәуелсіздік заманында театрдың басты тақырыбы - адам, жаңа адам. Театр сахнасында адамның мұңы, адамның құқы, адамның бостандығы, тағдыры мен тәуелсіздігі, адамның жаны мен болмысы, қайғысы мен қуанышы сөз болады. Егер сахнада адам тағдыры болмаса спектакльді ешкім көрмес еді, театрға көрермен келмес еді. Бізге көрермен келеді.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.
http://www.egemen.kz/316592.html