Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы-этнограф: Абылайға қарсы шығу қазаққа қарсы шығумен бірдей
- Жамбыл Омарұлы, биыл тарихшылар Абылай ханның мерейтойын мемлекет деңгейінде атап өту керек деген ұсыныс жасады. Дегенмен Абылай хан тұлғасы жөнінде әлі де жауабын таппаған сауалдар бар. Тіпті туған жылының өзіне байланысты күмән көп.
- Егер біз бүгінгі күнге дейін ғылымда, әдебиетте қалыптасқан пікір бойынша Абылай ханның туған жылы 1711 жыл десек, биыл оның 300 жылдығы аталып өтуі керек.
- Алдымен Абылай ханның ата-тегінен бастасақ...
- Қанішер Абылай, оның баласы Көркем Уәли, одан хан Абылай, одан тағы да Уәли... Тарихи әдебиетте, оқулықтарда осы мәселе төңірегінде бірізділік жоқ. Қанішер Абылай ХVІІ ғ.соңы мен ХVІІІ ғ. басындағы Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси өмірінде елеулі орын алатын сұлтандардың бірі. Қазақ хандығын құрушылардың бірі Орыс ханның шөбересі Кіші Жәнібектің тоғыз ұлы болған, соның бірі Жәдік. Жәдіктің ұлы Шығайдан бастап Қазақ хандығының үлкен хандары осы Жәдік тұқымынан сайланып отырды.
Шығайдан Есім, одан Салқам Жәңгір, одан Әз Тәуке мен Уәли Бақы. Осы Уәли Бақы деректерде Абақ, Аула атауларымен кездеседі де біздің тарихшыларды шатастырады. Уәли Бақы Әз Тәуке ханмен ағалы-інілі туыс, әкелері бір, шежіреге қарағанда аналары бөлек. Уәли Бақыдан Қанішер атанған Абылай сұлтан, одан Көркем Уәли, одан Әбілмансұр, яғни хан Абылай туады.
- Жамбыл Омарұлы, биыл тарихшылар Абылай ханның мерейтойын мемлекет деңгейінде атап өту керек деген ұсыныс жасады. Дегенмен Абылай хан тұлғасы жөнінде әлі де жауабын таппаған сауалдар бар. Тіпті туған жылының өзіне байланысты күмән көп.
- Егер біз бүгінгі күнге дейін ғылымда, әдебиетте қалыптасқан пікір бойынша Абылай ханның туған жылы 1711 жыл десек, биыл оның 300 жылдығы аталып өтуі керек.
- Алдымен Абылай ханның ата-тегінен бастасақ...
- Қанішер Абылай, оның баласы Көркем Уәли, одан хан Абылай, одан тағы да Уәли... Тарихи әдебиетте, оқулықтарда осы мәселе төңірегінде бірізділік жоқ. Қанішер Абылай ХVІІ ғ.соңы мен ХVІІІ ғ. басындағы Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси өмірінде елеулі орын алатын сұлтандардың бірі. Қазақ хандығын құрушылардың бірі Орыс ханның шөбересі Кіші Жәнібектің тоғыз ұлы болған, соның бірі Жәдік. Жәдіктің ұлы Шығайдан бастап Қазақ хандығының үлкен хандары осы Жәдік тұқымынан сайланып отырды.
Шығайдан Есім, одан Салқам Жәңгір, одан Әз Тәуке мен Уәли Бақы. Осы Уәли Бақы деректерде Абақ, Аула атауларымен кездеседі де біздің тарихшыларды шатастырады. Уәли Бақы Әз Тәуке ханмен ағалы-інілі туыс, әкелері бір, шежіреге қарағанда аналары бөлек. Уәли Бақыдан Қанішер атанған Абылай сұлтан, одан Көркем Уәли, одан Әбілмансұр, яғни хан Абылай туады.
Абылайдың атасының «қанішер» атануына, шежіре деректеріне қарағанда, оның Қайып ханды өлтіруі себеп болған. Қазақтардың саяси өмірінде өз ханын өлтіру өте сирек болатын оқиға. Наразылықтан сескенген қанішер Абылай өзінің жанындағы төлеңгіттерімен, отбасын алып Үргенішке Хиуа хандығына қарай кетеді.
Ораз аталық Көркем Уәлиге қамқор болып, ол Үргеніште өлгенде оның баласы, өзінің тәрбиесіндегі Әбілмансұрды, яғни Абылайды алып қашып Қазақ Ордасына келеді.
- Абылайды «Сабалақ» деп киімінің алба-жұлбалығына орай Төле би атайтыны осы кез ғой...
- Төле би ханзаданы жауларынан жасырып елден алысқа, түйеші-жылқышыларына қосып жібереді. «Сабалақ» Әбілмансұрдың осы кезеңде алған жасырын лақап аты. Қазақ мемлекетінің болашағын ойлаған азаматтар төре тұқымынан елдің басын құрап, үш жүздің басын бір кезеңге жеткізетін тұлға іздейді. Қарт Бөгенбайдың өзінің атақты Нарқызыл атты тұлпарын Сабалаққа беріп кетуі тегін емес.
- Оқулықтарда Әбілмансұрдың «Абылай» атын алуы Аңырақай шайқасында болды дейді...
- Бұл дерекке және есепке негізделмеген қате пікір. Бүгінгі күнге дейін Аңырақай шайқасының қай жылы болғаны анықталған жоқ. Кезінде М.Қозыбаев пен Ж.Қасымбаев сияқты марқұм ағаларымыз бірі 1729, екіншісі 1730 жыл деп, екіұдай болып айтысты. Кейбір деректер 1729 жылы дейді.
- Сонымен сіздің пікіріңізше, Әбілмансұр қашан Абылай атанды?
- Алдымен Абылайдың қай жылы туғанын анықтап алмақ керек. Егер біз Абылай 1711 жылы туды деген әдебиетте қалыптасқан жорамалды қолдасақ, онда Аңырақай соғысында жас төре 18 жаста болмақ, ал Абылай 1713 жылы туды деген пікірді қолдасақ, онда 16 жаста болмақ.
Қазақ деректері Әбілмансұрдың «Абылай» атануын қалмақтың атақты қонтәжісі Қалдан Сереннің туысы Шарыш батырмен болған жекпе-жекпен байланыстырады: «Жиырмаға жасың толғанда, Қалмақпен соғыс болғанда, Алғашқы бақты тапқанда, Шарыштың басын қаққанда...». Үмбетей жырау бұл жерде «жиырмаға жасың толғанда» деп нақты уақыт межесін нұсқап тұр. Меніңше, Абылай 1713 жылы туды деген пікір дұрыс. Сонда оның Шарыш батырмен жекпе-жекке шыққан уақыты 1733 жыл болмақ, яғни тура 20-ға келген шағы.
Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда 1733 жылы қазақ жасақтары Жоңғария шекарасына еніп, қонтәжінің ұлысына тиіседі. Тарихтан хабары бар адам 1730-1740 жылдар қалмақ-қытай арасындағы ХVІІІ ғасырдағы үшінші соғыстың болғанын біледі. Бұл бірде басылып, бірде ушығып кететін шайқастардың кезінде қазақтар да батыстан қалмақтарды тықсыра бастаған. 1731 жылы Шақшақ Жәнібек бастаған 6 мыңдық қазақ әскері дербеттерді шауып, қалмақтың қарауыл әскері Қамар Дабан, Қалмақ Толағай тауларына дейін шегінді. 1732 жылы орыс елшісі П.Угримов қазақ жеріне аттанған «қалмақ жасағының түгел сонда қалғанын» баяндайды. Осыдан қорытынды жасасақ, Бөгенбай жасақтарының 1733 жылы ойрат жеріне ішкерілей енуі және Қалдан Сереннің ұлыстарына батыл тиісуі заңды. Қалмақ құжаттарында Абылаймен жекпе-жекке шығатын Шарыш батыр қонтәжінің жақын туысы делінеді. Осы сияқты толып жатқан қисындар бізді Әбілмансұр-Сабалақ Абылай атанатын шайқас 1733 жылы болды деген тұжырымға итермелейді.
- Сіздің пікіріңізше, осы кезден бастап Абылай хан атанған ба?
- Жоқ, Әбілмансұр 1733 жылғы жекпе-жектен Абылай атымен бірге өз бетіне жеке ұлыс және сұлтан атағын алып шықты. Абылайға ұлыс есебінде берілген Көкшетау маңындағы атығай-қарауыл, керей-уақ, қанжығалы рулары. Сұлтандық атақтың ресми бекітілуі ауызша деректерге қарағанда 1734 жылы Баянаул жерінде Сабынды көлдің жағасында болған. Бұл жиын екі мәселені талқыға салуы мүмкін. Біріншіден, Әбілмәмбетті үлкен хан тағына отырғызу туралы шешім жасалды. Екіншіден, Абылайды Орта жүзге сұлтан сайлады. Қазақ жеке ұлысы бар сұлтандарды «хан» деп дәріптей береді. Абылайдың «кіші хан» деңгейінен өтіп «үлкен хан» тағына отырған уақыты 1771 жыл. Осы жылы Әзіреті Сұлтанда қазақтың үш жүзінің ең таңдаулы азаматтары, Түркістан-Тәшкент өңірінің отырықшы сарт-құрама қауымдарының өкілдері Абылайды ақ кигізге салып көтеріп, қазақтың үлкен хандары отыратын алтын таққа отырғызды.
- Абылайдың жоңғар билеушісі Қалдан Сереннің қолында тұтқын болуына қатысты әртүрлі пікір бар...
- Қалдан Серен 1741 жылы қазақ даласына Септен, Сары Мәнжі батырлар және өзінің үлкен ұлы Лама Доржы бастаған үш жасақ жібереді. Қалдан Серен үш жасаққа қосымша қалмақтың кәрі көкжалдарының бірі, Бошохту хан заманынан белгілі Жалбы батырды жібереді. Жалбы батыр Абылайды Ұлытауда ұстады.
Абылайды тұтқыннан босатуға Ресейдің орталық үкіметі емес, Орынбор араласқаны белгілі. И.Неплюев капитан К.Миллер деген қазақ тілін жақсы білетін офицерді Қалдан Серенге елшілікке аттандырады. Оның жанына Шақшақ Жәнібек батыр жолбасшы қылып өзінің інісі Байқұлақ батырды қосады. К.Миллерді Қалдан Серен қабылдамайды, Байқұлақты қалмақтар орыстарды ертіп келгені үшін азаптап өлтіреді.
Абылайды босатуға тікелей ат салысқан Қаз дауысты Қазыбек, Малайсары батыр, Әбілмәмбет хан мен Нияз батыр. Әбілмәмбет баласы Әбілпейізді Нияз батыр алып барып Қалдан Серенге ақ үйлі аманатқа тапсырды.
Ал бұл әңгімені қорыта келсек, Абылайды босатқан қазақтың да елшілігі емес, Қалдан Сереннің өзі. Қазақ шежіресінде сақталған деректер Қалдан Сереннің Абылаймен тіл табысқанын, екеуінің де терең ойлы көсем екенін, екеуі де өз елдерін осы қысталаң заманнан қалай аман алып шығамын деп қабырғасы қайысқан азамат екенін дәлелдейді. Осы түсіністіктің нәтижесінде екі елдің арасында одақтастық, достық туралы келісім жасалды. Енді келіп осы хабар жеткенде орыстың қалай қыпылықтағанын білсеңіз...
- Абылай орыс үкіметінің қолшоқпары болды немесе Абылай қалмақтарды қолдады деген пікірлер бар...
- Бір қарағанда бізде тәуелсіз мемлекеттің атрибуттары түгел бар, бірақ ең басты құндылық рух жетіспей жатыр. Бізде ұлттық тұжырымды тарих жоқ. Қазірде айламен қазақты өз ішінде ірітіп, бір-біріне қарсы салып Абылай атын ататқызбауға күш салатындар жоқ емес. Абылайға, ал шын мәнінде қазаққа қарсы мақаланы бүгінгі күні қазақ тілді азаматтар жазып отыр, оларға жазғызып отырған кім?
Егер Абылай хан 1771 жылдың көктемінде Еділ бойынан, Ресей тепкісінен Жоңғарияға қарай көшкен қалмақ көшін неге шаппады деген мәселеге келсек, әңгіме басқаша. Қазақ бұл оқиғаны «Шаңды жорық» деп атады. Бұны қазақ-қалмақ соғысының ақыры деп есептеуге болады. Бұл кезеңде Жоңғария жер бетінен жойылған, мемлекет есебінде өмір сүруден қалған. Бұл жерде қазақтың «қашқан жауға - қатын ер» және екіншіден, «елге ел қосылса - құт» деген сөздерін еске алу керек. Мәселе қашқан елді қырып жіберуде емес, оны ішіңе сіңіріп, қараңды көбейтіп, жан-жағыңнан қыспаққа алған империяларға қарсы тұруда. Орталық Азияның ең күшті билеушісіне айналған Абылай үшін бұл мәселе өте өзекті болғанын ескергеніміз жөн. Иә, Абылай тұлғасы қарама-қайшылығы көп тұлға. Оны терең зерттеп, келер ұрпақтың санасына сіңіру - тарихшыларымыздың міндеті.
Әңгімелескен Гүлшат Хамит