Жексенбі, 24 Қараша 2024
3114 2 пікір 21 Сәуір, 2020 сағат 13:06

Ең көп оқитыным – Тұмаға

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы кішкентай қызымыз Ләйлімшырақтың Абай өлеңін оқу эстафетасын қабылдап, халықтың ықыласына бөленіп еді.

Биыл төтенше жағдай кезіндегі қарбаластыққа қарамастан, қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің  «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж-эстафетасына назар аударып, Өзі оқып жүрген кітаптарының және біз оқуға тиісті кітаптар мен басылымдардың тізімін ұсынды.

Демек, Құдайға тәубе, бұл – Президент пен Халықтың ара қатынасы жақын, тым жақын деген сөз!

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есанғали Раушанов ағамыз бұл шараға өз үнін қосып, «Бүгін Президентіміздің жауабын оқып «Тусаң ту!» деп қуанып отырған жөніміз бар. Қ.К.Тоқаев мырза зиялы қауыммен диологқа дайын екенін бірінші күннен-ақ танытып келеді. Біздің Жазушылар Одағының соңғы ширек ғасырда азып-тозып кеткен ғимаратын жөндеу, талантты қаламгерлерімізге шығармашылықпен алаңсыз айналысу үшін арнаулы стипендиялар тағайындау, жалпы рухани әлемді мемлекеттік қамқорлыққа алу жөніндегі ұсыныстарымыздың қай-қайсы да жерде қалған жоқ. Оқыған кітаптарының басында хакім Абай тұрғаны қандай ғанибет!» - деп, ағынан жарылыпты.

Дау жоқ, Қасым-Жомарт Кемелұлы жазушы қауыммен сонаудың сонауынан байланыста. Бұл туралы сәл кейінірек.

Қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров мырзаның сол «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж-эстафетасының бір сілемін маған ұсынғалы біраз уақыт болды. Кешігіңкіреп жауап бергенім үшін Ерекемнен кешірім өтінем! Ал, елеп-ескергеніне рахмет айтам.

Негізі, кітапты оқып қана қоймай, мүмкіндік болса, жазған да жақсы. Шынымды айтсам, өз басым құрдастарым Дидар Амантай мен марқұм Әмірхан Балқыбектің деңгейінде көп кітап оқыдым деп айта алмаймын.

Бірақ, Маралтайдан кем оқып жүрген жоқ шығармын деп ойлаймын.

Соңғы оқыған кітабым – Құлжада тұратын қазақтың аса көрнекті жазушысы Оразқан Ахметовтың «Аманат» трилогиясы.

«Аманат» романында өткен ғасырдың 16 және 32 жылдарындағы босқын болып арғы бет асқан қазақтың тағдыры сөз болады. Біз батырлыққа балайтын, кейде тіпті аяп, мүсіркей қарайтын  сол босқын қазаққа автор басқа бір қырынан көз салады.

Қазіргі таңда оқып жатқан екінші кітабым – «Жасампаз жандардың 7 дағдысы немесе Тұлғаны дамытудың тегеуірінді тетіктері».

Бұл кітап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жарық көрген 100 кітаптың біреуі.

Ал, үнемі қолыман тастамай, үнемі оқып жүретін төрт ақын, төрт жазушым бар.

Оның біріншісі, әрине, Абай. Ары қарай Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Сағи Жиенбаев.

Жазушының біріншісі, әрине, Мұхтар Әуезов. Ары қарай Қабдеш Жұмаділов, Оразхан Ахметов, Жақсылық Сәмитов, Сайын Мұратбеков.

Бар болғаны осы ма деп ойламаңыз, көші-қон туралы жазылған мақалалар мен кітаптарды да бір әрібін қалдырмай оқимен мен...

Жасырып қайтем, ең көп оқитыным – Тұмаға.

1991 жылы Күйтін қаласында оқып жүрген кезімде «Тынық мұқит дәптері» деген кітабын Жекен Қауыт деген мұғалімнен бір аптаға зорға сұрап алдым. Ала салып, бірінші өлеңінен бастап, қалың дәптерге көшіре бастадым. Бес күнде кітаптың жартысына жуыған жазып алдым. Сол дәптерді жастығымның астына тыға салып, кітапты иесіне қайтаруға кеткем. Қайтып оралсам, біреу ұрлап кетіпті. Әрең тапқан алтынымнан айырылып, зарладым да қалдым... сол беті табылмай кетті...

1993 жылы жоғарыда айтқан Оразқан Ахметов Қазақстанға мемлекеттік деңгейдегі келген делегатцияның құрамында болды. Сол сапарында Оразхан аға маған Тұманбай Молдағалиевтың ақ сұр түсті үш томдық таңдамалы өлеңдер жинағын әкеліп берді.

Міне, содан бері тастамай оқып келем Тұмағамды.

Дәурен Тұманбайұлы ақынның 24 томдығын шығарды. Жақында сол 24 томдықты тағы бір сүзіп шығып, ескі күндерге сапар шеккендей, Тұмағамен сырласып отырғандай күй кештім. Тұмағамның өзіме арнап жазған көп өлеңін тауып алдым. Әкемдей болып кеткен тұлғаның жүрек жылуы, сүттен де аппақ тілегі сол өлеңдердің өнбойынан Алатаудың жылы самалындай аңқылдап тұр.

Оқып, өнебойым дірілдеп, толқып кеттім. «Күткен үмітінен шыға алдым ба, жоқ па?!» деп те ойладым.

Енді сол жырларды  ретімен жұртқа да ұсынуды бастадым. Ел жылы қабылдап, ыстық лебіздерін білдіріп жатыр...

Кісі кітаптан өзін тапса, ең құрығанда сұлбасын байқаса, ол кітап сенің жүрегіңе нәр, бойыңа қуат дарытады екен. Ары қарай, соңғы бетін жапқанша рахаттанып оқисың. Тұмаға, Қадыр, Сағи өлеңдерінен мен өзім кешкен қиял мен қазақтың көңілін көрем. Және олардың түйсігіне жан-тәніммен сенем. Әсіресе, Тұмағаның түйсігіне.

«Жасампаз жандардың 7 дағдысы немесе Тұлғаны дамытудың тегеуірінді тетіктері» атты кітаптан да өзімді толық таппағаныммен, кейбір элементтерімді байқадым.

Айтпақшы, Тұмағаның көп томдығын ақтарып отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнаған екі өлеңін көзім шалып қалды. «Ардақты ақын аяулы інісіне не айтты екен?» деп, оқып шықтым.

Сөйтіп, Есенғали ағам айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының «зиялы қауыммен диологіның» төркіні арыда жатқанын байқап, қатты қуандым.

Тұмаға біреуден атақ, даңқ, дүние күткен адам емес. Өзінің таланты мен еңбегі екі жақтап абырой биігіне алып шыққа ақын. Әкім Тарази ағамыздың «Тұманбайда ет, сүйек деген болмайды, оның бүкіл денесі лүпілдеген жүректен жаратылған» деген керемет сөзі бар. Тұмағаға біткен сол сезімтал жүрек пен аппақ ниет бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының да бойынан жарық сәуле көріпті, қағазға соны ағалық ақ жарма көңілмен төкпей-шашпай мөлдіретіп, жарқыратып түсіріпті.

Енді,  Ерлан досым Саиров ұсынған аталған «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж-эстафетасын «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке, «Ақ Жол» партиясының Төрағасы Азат Перуашевқа, «Ауыл» партиясынң Төрағасы Әли Бектаевқа және «Қазақстан коммунистік халық» партиясының Төрағасы Жамбыл Ахметбековке жолдай отырып, Тұманбай ағаның Қасым-Жомарт інісіне арнаған өледерін ұсынуды көн көрдім.

Құрметті Төрағалар, қабыл алыңыздар!

Ауыт Мұқибек,

ҚР Президенті жанындағы

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

***

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ:

(Қасым-Жомарт ініме)

Бірінші өлең

Қасым-Жомарт қарағым, хатыңды алдым,
Жақсылыққа бір қадам жақындадым.
Ауылың ем жасыңнан аялаған,
Бауырым ең халқыңа атың мәлім.

Сендерсіңдер қол жетпес көктегі елім,
Оттарыңды алыстан көп көремін.
Мың-мыңдаған жұмыстың арасында,
Бақ маған – мені ұмытып кетпегенің.

Сөйлеп кетсең бітпейтін ағын жырсың,
Пәрменің бағынбасты бағындырсын!
Жаңа жыл бітпес саған бақыт әкеп,
Әкең болып сыртыңнан бағып жүрсін!

Үмітпенен күн сайын оянасың,
Өмір сенен берерін аямасын!
Ақырын өтіп жатқан әр сағатың,
Анаң болып сыртыңнан аяласын!

28.12.2006

Екінші өлең

Халықтың аттамаған ала жібін,
Көтердің қай кезде де аға жүгін.
Құшақтап құттықтаймын, Қасым-Жомарт,
Кеп қалған құтты болсын Жаңа жылың!

Сенде бар өшпес үміт, жомарт жүрек,
Көрген жоқ қырандағы қанат жүдеп.
Үлкенге, кішіге де ілтифат қып,
Жаныңның сәулелерін тарат жібек.

Аман жүр, жарқырай бер, асыл іні,
Өмірің болашаққа асығулы.
Алтынның сынығы едің, Қасым-Жомарт,
Суымның тұнығысың осы күні.

Жолың кең, алдың ашық енді, асылым,
Сенімді серігісің Елбасының.
Қолдайды дос тілегі, ел көңілі,
Алысқа естіледі талмас үнің.

Қасыңнан ұзамасын сүйікті үміт,
Әрқашан саялайды биікті жұрт.
Өзіңді Жаңа жылмен құттықтадым,
Маңғазым, маңдайыңнан сүйіп тұрып!

22.12.2007

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618