Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4402 0 пікір 24 Қазан, 2011 сағат 12:13

Тілеу КӨЛБАЕВ. Қазақтың тұңғыш профессор математигі

«Алаш» партиясын құрудағы негізгі мақсатымыз қазақ халқының қамы еді ғой. Елі сай, жері бай, өсіп-өнген өнерлі халықтары бар мемлекеттермен терезесі тең түсетін қазақтың дербес мемлекетін құру еді. Ол мақсатқа жету үшін ұйымдастырушылық күші бар ұйым керек болды. Ол ұйым «Алаш» партиясы деп есептедік...

Әлімхан ЕРМЕКОВ

 

«Алаш» партиясын құрудағы негізгі мақсатымыз қазақ халқының қамы еді ғой. Елі сай, жері бай, өсіп-өнген өнерлі халықтары бар мемлекеттермен терезесі тең түсетін қазақтың дербес мемлекетін құру еді. Ол мақсатқа жету үшін ұйымдастырушылық күші бар ұйым керек болды. Ол ұйым «Алаш» партиясы деп есептедік...

Әлімхан ЕРМЕКОВ

 

Әлімхан Әбеуұлы Ермеков Том технология институтының бесінші курсында оқып жүргенде, Ресейде әуелі Ақпан, одан кейін Қазан төңкерісі жүзеге асырылып, Сібірде де, Қазақстанда да төңкерістік қозғалыс кең өрістеп, Ә.Ермеков бірден саяси жұмысқа араласып, оқуды уақытша тоқтатады да, Қазақ­стан­дағы ұлт-азаттық қозғалысқа тікелей араласып кете ба­рады. Қазақ халқын қалайда езгіден құт­қарып, теңдік әперуді мақсат тұтқан Әлім­хан Алашорда жұмы­сына белсене араласады.

1918 жылғы сәуірдің 2-сі күні Әлімхан Алашорда басшылары Әлихан Бөкейханов, Халел Хаббасовпен бірге Семейден тіке бай­ланыс желісі арқылы В.И.Ленинмен және ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен сөйлеседі. Онда не жөнінде әңгіме болғанын Семейде Жүсіпбек Айма­уы­товтың редакторлығымен шығып тұрған «Абай» журналының сол жылғы үшінші са­нын­дағы мына мәтіннен аңғаруға болады:

«Қуаныш құтты болсын! Журналымыз басылып қойғаннан кейін мынадай қуа­нышты хабар алып, теңдікке, билікке суса­ған, Алаштың ауылын қуантқалы жур­нал­дың тысына осы хабарды асыға басып отырмыз. 20 март күні (ескіше) Мәскеу­дегі Совет үкіметінің басшысы Ленин мен народный комиссар Сталиннен Бөкей­ханов, Ғаббасов атына тілграмм келді. Мұндағы Халел, Әлімхан прямой проводпен ауызба-ауыз Ленин мен Сталинге тілграммен сөйлескендегі жауабы мынау:

«Әр халықтың өз билігін өзіне береміз деп шыққан закон-жарлығымыз әлі сол қалпында, айтқанымыз айтқан. Сіздердің өкілдеріңіз бізге әкеліп тапсырған жалпы қазақ съезінің қаулысын түгелімен қабыл аламыз, жалғыз-ақ Совет үкіметін таны­саңыздар. Енді біздің билік береміз деген сөзімізді іске асыру керек. Ол жердегі тұр­ған әкімшілікпен бірігіп, съезд шақырып, автономияны жария қылу жолында болатын комиссия жасаңыздар. Қазақ сияқты түрі, ісі, ғұрпы, елі, жері басқа жұрттың өз билігін өзі алуға ерікті. Қазақтың қамқор­лары тезінен комиссиясын жасап, автономиясын жария қылуға асығар деп білеміз. Ендігі бір ниет, бір тілектегі адамдармен ақылдасып, байлаған сөздеріңізді бізге білдіреміз», - деп Ленин, Сталин қол қой­ған... 21 мартта Бөкей­ханов, Ғаббасов, Ермеков атына Мәскеуден тағы тілграмм алдық: «Халық комиссарларымен сөй­лесіп жатырмыз. Алаштың автономиясына қар­сы­лық жоқ. Бүгін, ертең Алашордамен Ста­лин өзі сөйлеседі», - деп. Жаһанша, Халел Дос­мұхамедовтер. Жоға­рыдағы өкіл­дер осы сарбаздар екен. «Бас­қарма».

1919 жылдың шілдесінде РКП (б) Орталық Комитеті мен Совет үкіметінің Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі Әскери революциялық комитеті ұйым­дас­тырылды (Кирвоенревком). Оның түпкі­лікті құрамы 1919 жылғы 20 желтоқсанда бекітілді. Төраға ретінде қарт большевик Станислав Пестковский, мүше­лері болып Әліби Жангелдин, Сақып­керей Арғыншиев, Ғұбайдолла мен Әлиасқар Әлібековтер, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұ­хамедияр Тұнғаншин, Нысанғали Бегімбетов таға­йын­далды. Ол уақытта біздің екі облысымыз - Ақмола мен Семей - Сиб­рев­комның қара­уында. Бұлар Сібірге жасалатын билік орны еді. Әлгі аталған ай­мақ­тар қазақ елін­де болғандықтан, Қазақ­станда әлгіндей бас­қарма жасалғандықтан, бұлар соған кіруі керек-тін.

Міне, осы мәселені шешу үшін 1920 жылы мамыр айының басында Әлімхан Ермековті Семей облысының губерниялық комитеті уәкіл етіп Орынборға жібереді. Онда ол Семей мен Ақмоланың Кирвоен­ревкомға енуі жөнінде баяндайды. Ол Қа­зақ ав­тономиясының құрылмаған кезі. Мұны талдау кезінде болашақ автономия­лы рес­публика құруға және оның шекарасын бел­гілеуге байланысты мәселе қара­лады.

Әлімхан Әбеуұлы Москвада төрт айдай болады. Осы уақыттың ішінде ол Кир­военревкомның мүшелерімен тұрақты байланыс жасап, олардан қажетті нұсқау-кеңес алып тұрады. Мәскеуге келген бетте Әлімхан В.И.Лениннің төрағалық етуімен болған комиссия мәжілісінде Қазақстанның жағдайы туралы баяндама жасайды.

Қазақстанның Батыс және Шығыс шекаралары қалай айқындалғаны туралы

Әлімхан Ермековтің естелігінен:

«Баяндамаға кіріспей тұрып Қазан төңкерісі көсемінің алдында қатты тол­қы­дым. Бірақ оның қарапайымдылығы, мейірімділігі, кіші халықтарға деген ерекше қамқорлығы маған жаймашуақ әсер етті. Баяндама кезінде мені оның ширақ­тығы, ойының өткірлігі, баяндамашыны әділ де батыл қолдауы бейжай қалдыр­мады.

Енді Владимир Ильичтің шиеленіскен мәселелерді дұрыс шешуге қатысып, көме­гі туралы жеке-жеке эпизодтарға тоқта­лайын.

Мен өзімнің баяндамамда, негізінен, Қазақстандағы шекараны анықтауда үлкен маңызы бар күрделі де шиеленіскен жер мәселесіне тоқталдым. Патшалық Ресей кезінде қазақ жұртының иелігінен өзен, көл жағалауында, орман алқабында орна­ласқан қара топырақты жерлер тартып алынған.

Мұндай әпербақандық помещиктердің құлқын жоқтайтын столыпиндік реформадан кейін тіпті өрістеп кетті. Ол Мемлекеттік Дума мінбесінен «қырғыз даласын игеру керек» деп патшалық саясаттың тірегі болды, сөйтіп, жергілікті тұрғындарды ойламай, Қазақстан мен Түркістанда кулак­тық шаруашылықтың қанат жаюына бар күшін салған еді. Мұнда Каспий жа­ғалауы туралы мәселелер өткір пікірталастар тудырды. Ал жергілікті тұрғындар­дың жер туралы мәселесін тіпті қараған жоқ болатын. Ертістің он шақырым сол жақ беті 1904 жылғы орыс-жапон соғысы алдында Сенат үкіметінің қаулы­сымен Сібір казак­тарының иелігіне берілген. Ал қазақ елі бұл жерден айырылып, оның үстіне, жайылымдарда малын бағу үшін орыс кулактарына орасан зор қаржы төлеп, тез арада кедейлікке ұшы­рады. Сөйтіп, олар әрбір қазақ отбасына қызмет ететін үй шаруа­сын­дағы жұмысшы ретінде батрак­тарға айналды. Архивтерден қазақ өзінің өлген кісісін жерлеу үшін жерге 18-20 сом төле­гені белгілі.

Баяндамамның соңында қазақтарға иеленіп келген жерлері өздеріне қайта­рылып және жергілікті қазақ пен отырық­шылданған орыс тұрғындары орнығып біт­кенше, Ресейден қоныс аударуды тоқ­татқан жөн деген ұсыныс жасадым.

Комиссияның мәжілісінде біздің республиканы анықтау кезінде Каспий теңі­зінің солтүстік жағалауларын кіргізу керек­тігін айттым. Бұған көптеген адам қарсы болды. Әсіресе Астрахань губерния­лық атқару комитетінің председателі (фамилия­сы есімде жоқ), Лежава, Брюханов секілді басшылар «Каспий балығымен Мәскеу жұртшылығын асырап отырмыз, еліміз азық-түлік қиындығын бастан кешіп отыр» деді. Бұл мәселеге сөйлегендердің теріс көзқарасын байқаған Владимир Ильич маған бұрылып, былай деді: «Біздің экономистер жан-жақты талдап, батыл айтқан секілді, ұялмаңыз, өзіңіздің ойыңызды еркін айта беріңіз, енді сөз сізге беріледі».

Владимир Ильич Астрахань губер­ния­лық атқару комитетінің төрағасына бұ­ры­лып: «Жағалаудағы қазақ және орыс тұрғындарының сан жағынан ара қатынасы қандай?» деген сұрақ қойды. Төраға есептелген мәліметтер жоқ дегенге келтіріп, сұрақтан бұлтарғысы келіп еді, Владимир Ильич: «Жағалауда қанша қазақ, қанша орыс бар деп отыр­ғаным жоқ, осы өңірдегі тұрғын­дардың қайсысы басым?» - деді. Сонда төраға амал­сыздан «қазақтар басым секілді» дегенге сайды. Владимир Ильич «мәселе түсі­нікті болды» деп, дауыс­қа салды, сөйтіп, ме­нің ұсынысым көпшілік дауыспен қолдау тапты.

1920 жылдың 24 тамызында Халық Комиссарлар Советінің Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Республикасы туралы декрет жобасының мәселесі жөніндегі мәжі­ліске баяндамашының бірі ретінде мен де қатыстым. Мәжілістегі атмосфера аса іскерлік жағдайда болды, әрқайсысы өзде­рінің жауапкершілігін сезініп, қатал тәр­тіп ­пен саналылық орнағандай еді. Бұл мәжі­ліске В.И.Лениннің өзі қатысып отырды.

Мәселе туралы Ұлттар жөніндегі наркомат төрағасының орынбасары Каменский баяндама жасады. Ол өзінің жауапкершілі­гін қатты сезініп, баяндама барысында қат­ты қиналды. Сөйтіп, дек­реттің жобасы тұтас оқы­лып, РСФСР Халық Комис­са­риа­тының мәжі­лісінде бекітілді. Тиісті қосым­ша­лар мен өз­герістерімен қо­са декрет 1920 жыл­ғы 26 тамызда бүкіл елге жария­ланды.

1920 жылы 23 маусымнан 7 тамызға дейін Комин­терннің ІІ кон­гре­сінің мәжі­ліс­тері өткен еді. РКП (б) делегациясының құрамына В.И.Лениннің басқаруымен партия мен үкімет басшылары кірді. Сондай-ақ бұған автоно­мия­лық республикалардан да делегаттар келді. Қазақ автономиясын Тұ­рар Рысқұлов пен Ахмет Бай­тұрсынов бастап барды.

В.И.Ленин өзі төраға­лық еткен алғашқы мәжі­лістің аяғында автономияны құру жөнінде «қазір Сталинге барып пікірле­сіңдер, оның да­йындаған жобасы бар, со­ны­мен танысып, бар ой­ла­рыңызды түйіс­тіріңіз­дер» деп кеңес берді.

Мәжіліске қатысушы­лар үзіліске дәлізге шық­тық. Қа­зақстандық делегация 15-тей адамбыз. Әли­хан Бө­кей­хановты тос­тық. Әле­кең Ленинмен оңа­ша пікірлесіп, әңгі­ме­лесіп қалған болатын. Бір 15-20 минуттан ке­йін ол кісі де шықты. «Біз сізді Ста­линге кіруге тосып тұр­мыз», - деп айттық.

Әлихан бәрімізге сал­қын­дау қарап: «Сталин не ше­шер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, қанша бір жетіскен жоба бар дейсің. Онан да өзіміз жеке шешкен дұрыс», - деп, жүріп кетті. Біз бәріміз де аңтарылған қалпы Әлекеңе ілесіп, Кремльден шығып кеттік. Осы күні «бәлкім, кіріп пікірлескеніміз дұрыс болар ма еді, мүмкін, басқаша шешілер ме еді» деген ой келеді («Жалын», 1992, №7-8, 59-бет.)

Осы мәжілістен кейін бір жеті өткен соң В.И.Ленин Қазақ АССР-ін құру жөніндегі декретке қол қояды. Қазақ республи­ка­сының территориялық шекарасын белгі­леу­де 29 жасар талантты Әлімхан Ерме­ковтің жасаған еңбегі тарих алдындағы, қазақ халқының алдындағы перзенттік парызына айналады.

Ә.Ермеков 1920 жылы Қазақ Советтік Социалистік Республикасын құрысуға тікелей атсалысқанымен, алғашқы Қазақстан Орталық Атқару Комитетіне мүше болып сайланғанымен, С.Меңдешев, Ә.Әйтиев, Ә.Жангелдин, А.Асылбеков, С.Сейфуллин, Н.Нұрмақов, Ә.Досов сияқты коммунистер бастаған жаңа үкімет бұрын Алашта болған қайраткерлерді басшы қызметтерге қой­ғысы келмегендей. Тек А.Байтұрсынов қана оқу халық комиссары болып тағайын­далады. Өзгелер шеттеп қалады. Солардың бірі Ә.Ермеков те сырттап, өз еліне оралады. Қарқаралыда жаңа ашыл­ған техникумда сабақ береді. Жалпы, теміржолдан, ірі әкімшілік аймақтардан бір қырын, тома­ға-тұйық жатқан аядай Қарқаралы қа­ласы өткен ғасырдың бас кезінде А.Бай­тұр­сыновқа да, Ә.Бөкей­ханов­қа да, Ә.Ермековке де әр кезеңде қоныс-тұрақ болады. Бұл шағын қалаға М.Ду­ла­товтың да қатысы болады. Ақмола­да 1918 жылы «Тір­шілік» газеті шыққанда оған редактор бол­ған Рақымжан Дүйсен­баев та кейін өзі­нің туған аймағы Қарқара­лыны пана­ла­ған-ды.

Репрессия ызғарын сезген Ә.Ермеков көңіл төрінен кетпейтін үлкен арманын жүзеге асыру үшін біржолата ғылыми-педагогикалық қызметке ауысады. 1926 жылы Ташкентте Қазақстанның тұңғыш педа­гогикалық оқу орны - Қазақ педаго­гикалық институты (Казпедвуз) ашылады. Әлекең алғашқылардың бірі болып осы институтқа оқытушы ретінде шақырылып, математика пәнінен сабақ береді. Әрі жаратылыстану-математика факультетінің деканы қызметін атқарады. Алғашқы ректоры және ұйымдастырушысы, қазақтың тағы бір аяулы перзенті Темірбек Жүргенов болған бұл жоғары оқу орнына Мәскеу, Ленинград, Киев сияқты еліміздің аса үл­кен ғылыми орталықтарынан білікті мамандар, тәжірибелі ғалым-педагогтер ша­қы­рылады. Бұл жылдары Ә.Ермеков кү­йеу баласы Темірбек Жүргеновпен (Темір­бек 1927 жылы Әлімханның қарын­дасы Дә­меш Әмірханқызы Ермековаға үйленеді) туыс әрі жасы үлкен, көргені мен көкейге түйгені мол аға ретінде өте жақын араласады. Әлімхан мен Темірбектің т.б. азамат­тардың үлкен қажыр-қайраты мен табан­дылығының арқасында 1928 жылы Казпедвуз Алматыға көшіріледі.

Ә.Ермеков кейіннен Алматы зоотех­никалық-мал дәрігерлік институтында жұ­мыс жасап жүргенде Қазақ­станның жаңа астанасы Алматыда 1930 жылдың 30 мамыр - 6 маусым аралығында VII Өлкелік партия конференциясы болып өтті.

Осы конференцияда ұлттық интеллигенция атынан суырылып шығып сөз сөй­леген азаматтардың бірі Әлімхан Ермеков болды.

Өкінішке қарай, Ә.Ермековтің конференцияда сөйлеген сөзі ұлттық интеллиген­цияның таңдаулы өкілдерін қуғын-сүргінге ұшыратып жатқан Ф.И.Голощекиннің көңі­лінен шыға қоймады. Өйткені жағымпаздық атаулыға жаны қас Әлімхан өз сөзінде өл­келік партия комитеті бірінші хатшысының есімін ауызға да алмады. Голощекиннің күт­кенін­дей, Ермеков Алаш арыстарының «қылмысын» әшкерелеп, көгендеген қо­зы­дай халық жаулары қатарына қосып беруден де бойын аулақ салады. Ары таза, азамат­тығы биік Ермековтің осындай жа­сықтыққа баруы мүмкін емес те еді.

Конференцияның алдында Голощекин Алаш­орда үкіметінің мүшесі болған қазақ­тың ғұлама ғалымы Ахмет Байтұр­сыновты, тарлан ақын Мағжан Жұмабаевты, көр­некті жазушы Жүсіпбек Аймауытовты контр­революциялық жұмысқа араласты де­ген жалған айып тағып, халық жауы ре­тінде тұтқынға алдырады.

Конференциядан кейін көп кешікпей Ә.Ермеков «контрреволюциялық қызметі үшін» қазақтың тағы бір ұлы перзенті Мұх­тар Әуезовпен бірге түрмеге отырады. Осылайша ол сталиндік зұлмат енді ғана қылаң беріп келе жатқан кезде абақтыға жабылады.

Қаншама пәле-жаланы басына үйіп-төгіп, екі жыл бойы әуреге салғанмен, ештеңе шығара алмаған соң, Ермеков пен Әуезовті түрмеден босатуға мәжбүр болады. Бірақ екі азаматтың сағын сындырып, жігерін жасыту мақсатымен республикалық газеттерде «Алашорданың бұрынғы көр­некті басшылары өздерінің өткендегі қыз­метін айыптап, Алашорда ұйымының контр­революциялық ұлтшыл мәнін әшке­релейді» деген редакциялық мақала жариялап, соңында Ермеков пен Әуезовтің мәлімдемелерін басады.

Бұл жөнінде Әлекең өзінің естелі­гінде:

«...Біз түрмеде көп үгіт­тен, зорлықтан кейін жаз­дық бұл хатты. Бізге тіпті оны қалай жазуды да үй­ретті. Біздің бұл хаттарымыз ол кезде үгіт-насихат үшін керек болды. Міне, Алаш­тың көрнекті екі өкілі өз айыптарын мойындап отыр. Бұлар Совет өкіметі алдында тізе бүкті деп ай­ту­ға керек болды. Басқа сөзде­ріме тоқтал­майын.

Бірінде: «мен халықты жерге орналастыру жөнінде таптық бағыт ұстамай, жалпы, қазақ ауылдарын қо­ныс­тандыру керек деп бұра тарттым» дедім. Ал расына келгенде, Қазақстанда ол кезде жерге орна­лас­паған орыс шаруалары жоқ-ты. Оларды патша үкіметі, әсі­ресе реакцияшыл Столыпин қазақтың өзенді, көлді, шұ­райлы ай­мақтарына революциядан бұрын-ақ мық­тап орналас­тырған болатын. Ал қазақ ауыл­дарын тез қоныс­тан­дыр­масақ, елді сәу­лет­тендіруге болмайды деп Ф.И.Го­ло­ще­кин жан­ал­қымға алды. Сон­дық­тан біз, жоспарлау комис­сиясын­дағы ма­ман­дар, наркомымыз Ж.Сұл­танбеков болып, қа­зақ ауылдарын оты­рық­шы­лыққа көшіру­ді жос­пар­ладық. Осы күні республикада әр жерде кездесетін «Казгородок» деген­дер со­ның бір көрінісі еді. Мұн­дайда бір ауыл­дың кедейлерін, орташаларын, әр ауыл­да кездесе бермейтін жекелеген байларды жерге орналастырудан, қора-қоп­сы салудан қалай­ша бөліп тастай аласың? Кімді де болса жер бетінен қуа алмай­сың ғой. Қуып көрдіңіз­дер, бірақ олар қайда барса да, әйтеуір бір пұшпақты қоныс қылып отырды. Міне, кейін бізге «сендер бай-кедей демей қазақ ауылын түгел жерге ор­на­ластырамыз, қоныс­тан­дырамыз де­дің­дер» деп айып қылды. Біз әлді адамдар­ды заң­сыз жер аударып жібере алмаймыз ғой. Мі­не, мен өз хатымда осыны өзім­нің зор айы­бым, таптық қырағылы­ғым­ның жоқ­ты­ғы, марксизмді білмеуім деп мо­йын­дадым.

Екінші бір мойныма алған айыбым:

1928 жылы қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеп, кәмпескелеу теріс іс деп білгендігім. Бүгін байлардың малын сыпырып алсақ, ертең мұның теріс әсері күллі қазақ еліне тиеді. Бірте-бірте малды адам­дардың бәрі де қара тізімге ілігеді. Сонан соң малдың сүмесімен күн көріп отырған егіншілік кәсібі жоқ көшпенді халық ашар­шылыққа душар болады, азып-тозады, бет-бетімен қаңғып кетеді деп ойладық. Міне, өзімнің осы ой-пікірімді іс басында болмаса да, Москвада отырған, ұлықтар алдында ертеден беделі бар Әлихан Бөкейхановқа хат арқылы жеткізіп, оның ор­талық үкімет басшыларына барып, Қазақ­стан­дағы асырасілтеушілікті бөгей­тін­дей ықпал жасауын өтіндім. Алайда біздің мұны­мыздан ештеңе шықпады. Бізді шеті­міз­ден көгендеп, тұтқындап, сотта­ғанда менің әлгі Ә.Бөкейхановқа жазған хатым өзіме үлкен айып, қылмыс болып саналды. Міне, мен өзімнің хатымда «негізгі бір қателігім, ауыр айып-кінәм - осы» дедім.

(«Орталық Қазақстан», 1989, 10 қыркүйек).

1937 жылы халық басына қаратүнек орнады. Әлекеңнің ежелгі достары Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбанов ха­лық жауы болып ұсталып кетті. Қазақ­стан­ның көрнекті мемлекет қайраткері, оқу-ағарту халық комиссары Темірбек Жүрге­нов те халық жауы ретінде ұста­лады. «Ендігілері аман қалмас» деген оймен Әлекең Алматыны тастап, 1938 жылғы ақпанда Мәс­кеуге келеді. Онда РСФСР Мемлекеттік жоспарлау комите­тінің оқу орындары бас­қармасынан Куйбышев қаласының Жоспарлау институтына жолдама алады.

Ә.Ермеков 1938 жылдың 3 ақпанынан 17 наурызына дейінгі аралықта Куйбышев қаласындағы Жоспарлау институтының математика кафедрасының меңгерушісі болып істейді. Алайда сол кездегі «жағым­паз жендеттер» ол жақта да ізіне түсіп жү­ріп, қоймай арызданып, Ә.Ермековті қа­ма­тады. Ә.Ермеков жабылған жаладан үзіл­ді-кесілді бас тартады. 1 мамырдан 17 шіл­деге дейін жоғары жаққа алты рет арыз жолдап, әділдікті талап етеді.

1939 жылы 28 ақпан күні НКВД-ның әс­кери трибуналы Ә.Ермековті РСФСР Қыл­мыстық істер кодексінің 49 жеке 58-1а статьясы бойынша 10 жылға бас еркінен айырады. Профессор Ермековке тағылған айыптар бірін-бірі жоққа шығаратын, шын­дыққа мүлде жанаспайтын, ойдан шы­ғарылған зұлымдық жала болатын.

Ә.Ермеков абақтыда жүргенде заң­сыздық жаламен жабылғандығын дәлел­деп, арыздануын тоқтатпайды. Осының нәтижесінде ол ақталып, 1947 жылдың ба­сында тұтқыннан мерзімінен бұрын босанып шықты. Сол жылдың 15 тамызынан Ә.Ермеков Шымкент техноло­гиялық ин­сти­тутының математика кафедрасын бас­қарып, қайтадан ұстаздық қыз­метін жал­ғастырады. Өкінішке қарай, ол жалған жаламен тағы да НКВД түрмесіне жабылады. Сол кеткеннен мол кеткен Әлекең 1955 жылғы 7 наурызда КСРО Бас про­куро­ры­ның қаулысымен түрмеден мер­зімінен бұрын босатылып, 1957 жылғы 26 қара­ша­да толық ақталды. Содан кейін өмі­рінің соңына дейін Ә.Ермеков Қара­ған­ды тау-кен институтында ұстаздық етті.

Әлекең өз жағдайының біразын кейінгі шағым арыздарында өз қолымен былай деп жазыпты:

«...30-жылдардың орта кезінде профессор міндетін атқаратын атақ алдым. Алматының кен-металлургия институтында математикадан сабақ бердім. Кафедра меңгердім. 1937 жылы күзге қарай «Халық жауларын» күні-түні әшкерелеп, тұтқындау күллі еліміздегі тәрізді Алматының да үрейін ұшырып тұрды. Бұрын Қазақстан ком­сомолының көрнекті жетекшісі болған, кейін Промакадемияны бітіріп, тау-кен институтына директор болған Әшірбек Бүр­кітбаев, басты оқытушылардың көбісі шеті­нен қамалып жатқанда, өз тағдыры да қыл үстінде тұрған шақта, бір күні мені кабине­тіне шақырып: «Әлеке, маған енді өкпе­лемеңіз. Бұдан әрі сізді қорғауға шамам келетін емес. Ыңғайыңыз келсе, бір жаққа кетіп қалыңыз. Аспан асты қуыс қой», - де­ді. Солай келістік. Өз сұрауым бойынша деп Әшірбек інім бұйрық берді. Рақмет! Көп кешікпей Ә.Бүркітбаевтың өзі де қамал­ды. Мен Самараға, Куйбышев қаласына кетіп қалдым. Сондағы мемлекеттік жоспарлау институтына математика кафедра­сының меңгерушісі, профессор болып ор­на­ластым. Беделді болдым. Жұмысымды жақ­сы істеп жаттым. Тек 1938 жылдың мар­тында осы қалада мені тұт­қынға алып, этап­пен Қазақстанға әкелді. Қор­лық-қы­сас­тықта шек болмады. Еш­уақыт­та істемеген, үш ұйықтасам түсіме кір­меген неше түр­лі қылмысты жауып бақ­ты. Бірін де мой­ныма алмадым.

Қалайша өзімді-өзім зиянкес, шпион, шетел агенті, Совет үкіметін құлататын (шетел агенті) астыртын ұйым құрдым демекпін! Таласып, арпалысып бақтым. Айлап ұйқы бермеді. Тізе бүктірмей, тіке тұр­ғызып қойды, аяғымның буыны ісіп кетті. Ақы­рында шалқамнан жатқызып, екі ая­ғымды керіп қойып, жанды жерімен тепкіледі. Сүзіскен қошқарлардай жүгіріп келіп тебеді. Бұл тергеушілердің аттарын әлі ұмытқан жоқпын. Катков, Оспанов, Халимуллин. Мұны заңсыздық, қысастық, қия­нат деу жеткіліксіз. Бұл - нағыз хайуан­дық. Адамға аң да бұлай қарамас. Есімнен тандым. Есеңгірегенде көзіме неше түрлі елес көрінеді. Орысша айтқанда, галлюцинация пайда болды. Есімнен ауып, алжаса бердім. Інім Мүсілім, қарындасым Дәмеш, ұлым Мағауия, қызым Рауқилия, әйелім Рахия - бәрі талмаусыраған кезімде ағаш басына қарқылдап қонған жауын күнгі қар­ға-сауысқандай шуласып, өң-түсім аралас «Қылмысты мойындаңыз! Мо­йын­дама­саңыз, өлесіз. Осылардың айт­қан­дарын істеңіз» деп улап-шулай береді. Сол кезде тергеушілер күні бұрын дайындап қойған протоколдарға қол қойыппын («Ор­талық Қазақстан», 1989 жыл 2 қыр­күйек).

Әлімхан Әбеуұлы Ермеков 1970 жылы маусым айының аяқ шенінде 79 жасында дүние салды. Газетте шыққан некрологте: «Әлімхан Әбеуұлы жан-жақты, білімді, терең эрудициялы, жоғары мәдениетті адам еді, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер арасында зор құрметке бөленді... Өмірінің ақырғы күндеріне дейін өзінің көптеген оқушысының жан-жақты дамып, өсуіне қуанумен болды», - деп жазды.

 

Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор, академик, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

http://www.alashainasy.kz/tul/28505/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383