Жексенбі, 24 Қараша 2024
1607 0 пікір 24 Наурыз, 2020 сағат 23:32

«Абай тойы басқаша форматта өтеді»

Биыл ұлы ойшыл, халқымыздың бас ақыны Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 175 жыл толды. Ұлттың ұлы тұлғасын ұлықтау ұрпақ алдындағы ұлағатты борыштарымыздың бірі. Соны жақсы білетін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі бастамашы болып, ұлы Абайдың мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өтуге мұрындық болып отыр.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылу салтанаты 21 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана Опера» театрында өтті. «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты мерекелік концертке қатысқан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізде және шетелдерде өтетін мың түрлі мерекелік шаралардың шымылдығын ашып берген болаты.

Әу бастағы жоспар бойынша, Абай тойы аясында елімізде 500-ге жуық іс-шара өтеді деп жоспарланған. Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Мерейтой бағдарламасымен таныстырған болатын.

«Биыл осы мерейтой аясында 500 ге жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Олардың ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттар, поэтикалық және әдеби конкурстар, баспасөз турлары және өзге де іс-шаралар бар», - деген еді Дәуешов.

Егер бәрі бұрынғыша болғанда, осы жоспарлар бойынша Ұлы Абайдың ұлық тойы дүркіреп тұрып өтер еді. Бүгінгі буын мен ертеңгі ұрпақ үшін мың жылдық азық болар құнды іс шаралар жалғасар еді. Алайда тұтас дүниені табанынан тік тұрғызған коронавирус пандемиясы көптеген жақсы жоспардың жүзеге асуына кедергі болды.

Тұтас елде төтенше жағдай жарияланып, халық карантинде отырғандықтан көптеген игі шаралардың өтуі мүмкін болмай отыр. Сол үшін ұйымдастырушылар мерейтойды өткізудің өзгеше жолдарын қарастыруда.

Жолын тапқан адамға ұлыларды ұлықтаудың жолы аз емес. Тіпті төтенше жағдай кезінде де тығырықтан шығар жол табылады. Ұлы тұлғасын ұлықтауды өзінің қасиетті борышы деп білген қазақ елі Абайдың мерейтойын жаңаша форматта өткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі жазбамысыз да мерейтойдың жаңаша өту форматымен таныстыратын боламыз.

Коронавирус таралу қаупі жоғары болғандықтан елімізде көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын айтып отырмыз. Осы жағдайға байланысты ұлы Абайды ұлықтау шаралары басқаша форматта өткізілетін болып шешілді. Бұл туралы коронавирус инфекциясы бойынша ағымдағы жағдайға арналған баспасөз конференциясы кезінде айтылды. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Абай тойының қалай жалғасатынын түсіндірді.

-Коронавирус қаупіне байланысты мәдени-бұқаралық іс-шарараларды шектедік. Мұндай шараларды жаңа форматты өткізу жағын қарастырып жатырмыз. Мысалы, шараларды үлкен стадиондарда емес, теледидар, әлеуметтік желі арқылы өткізу жағын қарастырудамыз. Хакім Абайдың тұлғасын түсініп, ұлықтау шаралары да жаңа форматта өткізіледі, - дейді Райымқұлова.

Содан бері министр айтқан жаңа формат аясында бір қатар іс шаралар өтіп үлгерді. Атап айтқанда Абайдың ата қонысы Семей қаласында орналасқан «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы жаңа талапқа сай жаңа жол тапты. Музей қазіргі таңда халыққа онлайн-лекциялар мен 3D саяхаттар ұйымдастырып жатыр.

Мәселенің мәнін тарқатып айтар болсақ, жаңа технологиялардың көмегімен ұлы ақынды ұлықтаудың үздік әдістері қолға алынуда. Бұл туралы Семей қалалық Ақпарат орталығы мәлімдеген болатын. Атап айтқанда, Абайтану кабинеті мен ұлы ақынның музейі арасындағы шығармашылық қатынасты жоғарылату бағытында жұмыстар атқарылуда. Ең алдымен осы мақсатта Абай ауданының мектеп-лицейінде видеосабақ ұйымдастырылған екен.

Аталған видеосабақ барысында музей басшысы Жандос Әубәкір оқушы шәкірттерге хакім Абайдың өмірі жайлы, әдеби шығармалары туралы баяндама жасады. Оқушылар Абай музейінің аса құнды жәдігерлерімен танысты. Мұндай онлайн сабақтар жалғасын табады деп отыр ұйымдастырушылар. тіпті мұндай онлайн-экскурсиялар сонау Еуропа елдері мен АҚШ төріндегі атақты музейлерде де өтетін болады. Онлайн сабақ аясында 3D саяхаттар, ойындар, лекциялар интернеттің көмегімен жүзеге асатын болады.

Бүгінде ұлы Абайдың баға жетпес құнды мұралары туған халқының рухани азығына айналып отыр. Абай Құнанбайұлының құнды шығармалары бүгінгі буынның ғана емес, келешек ұрпақ үшін де баға жетпес байлық екені сөзсіз. Сол үшін де Мемлекет басшысының өзі ұйытқы болып, ұлы ақынның мерейтойын мемлекеттік деңгейде тойлап жатырмыз. Мәні мен мағынасы мол мерекелік шаралар әлемді жайлаған індетке байланысты жоспар бойынша өтпесе де, ұйымдастырушылардың шешімімен жаңа форматта жалғасын тауып жатыр. Абайды ұлықттау халқымыз үшін қашанда қасиетті парыз саналады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625