Әрбір адам қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек!
Корнавирус індетінің елімізде жаппай таралуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел Үкіметі бірқатар жедел шаралар қабылдағаны белгілі. Республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар карантинге жабылды.
Әлемнің жүзедеген еліне тараған қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны миллионнан асып жығылды. Жүздеген адам көз жұмды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індетті пандемия деп жариялады. Қазақстанда да індеттің қарқыны қатты.
Төтенше жағдай кезінде Қазақстан Үкіметі жедел реакция білдіріп, тиісті шаралар пакетін қабылдады. Десе де, аты жаман індетті жеңуге бұл жеткіліксіз-ақ. Бұл індетте біз жұрт болып жұмылғанда, карантиндік режимді қатаң сақтағанда, қоғамдық тәртіпті бұзбай, инфекцияның бетін қайтару үшін крестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер мен тәртіп сақшыларына кедергі келтірмегенде ғана жеңетінімізді уақыт дәлелдеді. Әрбір адам ортақ қоғам алдындағы өз жауапкершілігін сезінгенуі керек! Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше мәрте айтқан болатын.
Мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданды. ТЖ режимі жарияланды. Қалалар карантинге жабылды. Медициналық қызметкерлерге үстеме ақы төленетін болды. Атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы мен жәрдемпұлға 10 пайыздық индексация жасалатын болды. Карантин кезінде тұрақты табысынан айырылған 3 миллионға жуық азаматқа әлеуметтік жәрдемақы төленетін болды. Ол үшін бюджеттен 200 миллиард теңге бөлінді. 1 миллионға жуық азаматқа тегін азық-түлік таратылатын болды, және. Ауылшаруашылығына 70 миллиард, көктемгі егіс науқанына 100 миллиард теңге тағы бөлінді.
Мемлекет тарапынан бастау алған бұл көмекке қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар да үн қосты. Ашық қалта, кеңқолтық, атымтай жомарт азаматтар да қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға азық-түлік, ас-ауқат жеткізіп беріп жатыр. Сөзіміз сұйық шықпасы үшін, бірлі-жарым мысал келтірейік...
Мысалы, «Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысында еріктілер тобы тұрғындарға covid-19 індеті туралы һәм оның алдын алу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінің арнайы шығарылымдарын Өскемен қаласының сауда орындарындағы, дүкендер мен базарлардағы халыққа таратқан. Одан бөлек, еріктілер тобы мұқтаж жандарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп берген.
Ал Түркістан облысында «Абай» бастауыш партия ұйымының еріктілері індеттен сақтану құралдары мен бірінші кезектегі қажетті азық-түлік өнімдерін жеткізіп, әр отбасына антисептик пен медициналық бетперде апарып берген. Сонымен қатар, макарон өнімдері, күріш, қант, шай, ас тұзы, печенье және өсімдік майы салынған себеттер табыстаған. Сондай-ақ, Түркістан облысының Шардара ауданында «қамқорлық» бағдарламасы аясында бір отбасы жаңа баспанаға қол жеткізген.
Ақмола облысында жеке кәсіпкер Дина Нұрмақанова өз қаражатына, 1,2 миллион теңгеге медициналық бетперделер алып, мұқтаж азаматтарға тегін таратқан. Ұзын-ырғасы 3 мың бетпердені облыстағы аз қамтылған отбасыларға табыстауға еріктілер жасаға көмектескен.
Құрамында 150-ден астам қоғамдық ұйымды біріктіретін еріктілердің фронт-офисі 50 мың медициналық масканы тегін таратқан.
Бұден бөлек, Шымкентітк жеке кәсіпкер Қайрат Молдасейітов ас-ауқатқа мұқтаж азаматтарға деп 20 миллион теңге қаражат бөлген. Ал Қарағандылық кәсіпкер Ғабдолла Дүйсенбаев індетті анықтайтын экспресс-тесттер сатып алуға 5 миллион теңге аударған. Бұл да өз кезегінде Қазақстан қоғамының бір ұлт болып ұйыса білгендігін дәлелдесе керек!
Abai.kz