Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әлеумет 5467 6 пікір 28 Сәуір, 2020 сағат 12:47

Интеллектуалды бодандықтан арылатын кез келді

Қазақта «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген тамаша мақал бар. Осы «атасы өлушілік» – қазақ тілділердің саны өз елінде КСРО тараған дәуірдегі 6 млн-нан 13 млн-ға, яғни 100%-дан аса өскенімен қазақ музыкасы мен әнінен өзге салада «мәдени контент» қалыптаспауынан танылып отыр.

Сонымен, қазіргі інтернет дамыған заманда барша адамзаттың сан ғасырлық ілім мен білім саласындағы барша асыл мұрасын белгілі бір этнос өкілі өз ана тілінде ділі, діні әм мәдениеті мен өмір салты бөлек өзге тілдік ресурстарға жүгінбей тұтыну дегенді «мәдени контент» деп ұғамыз. Орыс отаршыларының мәдени-рухани әм саяси-әлеуметтік құлдануы алашқа орыс-қазақ кірілімен әлемдік деңгейдегі «Мәдени контент» қалыптастыруға мүмкіндік бермеді. Қазіргі орыс жазуымен қоштасқалы жатқанда міне біздің осы жазуды тұтынған кездегі «мәдени контентіміздің» асыл үлгісі, жұлдызды жақұты дейтін дүние бар ма? 

Ең бастысы ұлттық мемлекеттігіміздің түп негізінің қаймағы саналатын «Мәдени контент» халыққа қол жетімді әм ақылы болуы керек. Қазақ тілді әр қазақ айына ең құрығанда 200 теңге жұмсап, өзіне керегін таба алатын жағдайға қол жеткізудің жолы қиын емес. Тек мемлекетшілік рух Алаш баласы бойынан табылса болды.  

Бізде қазір қаламгер мен журналистер, IT мамандары әм түрлі саладағы пән ұстаздары мен мұғалімдері басы бүтін мәдени-рухани процестен билік тарапынан саналы түрде шеттеліп отыр. Мәдени-рухани процесс жандану үшін көп нәрсе керек емес: біріншіден – қазақша айтылып, қазақша жазылатын руссизмдер мен американизмдердің түрлі кәсіп саласындағы алаштанып орнығуы үшін қаламгерлер, журналистер, IT мамандары, өз пәнінің білгірі ұстаздар мен мұғалімдер сонымен бірге үй шаруасындағы әйелдер қауымы да, жер емген фермерлер де өз білгендерін ортаға алып, авторлық құқығын иеленіп, бірлесе жұмыс істеуі қажет. 

Осы бірлесе жұмыс істеу барысында қазақша техникалық оқулықтар әм танымдық энцоклопедиялар, комьютерлік ойындар мен бағдарламалар, диханшылық, аспаздық сияқты түрлі тақырыптағы бейнебаяндардың, телеөнімдердің субтитирлік, дыбыстық әм баспалық өнімдері сатылып, өз иелеріне пайда әкелуі үшін қазақша онлайн кітапханалар, онлайн шеберлік сыныптары, ақылы сайттар белгілі бір сала бойынша  ашылса, көп нәрсе ұтамыз. 

Қазіргі кезде барша інтернет қызметін көрсету саласы жасыратыны жоқ басы бүтін орыс тілділердің қолында, олардың басшылығы жергілікті ұлттың тілінің дамуына пысқырып та қарамайды. Қазақ – Оралық Азиядағы берісі екі, әрісі үш-төрт тілде өз ойын айтып жеткізе алатын аса зор әлеуетті интеллектуалдық күшке ие ең оқыған ұлт. Оралық Азиядағы ең көп оқыған ұлттың міне осы ерек сипатын әм зияткерлік келбетін одан әрі дамыта түсуде білім-ілімдік кеңістігіміз біржола интеллектуалды бодандықтан арылып, отарсыздануына қадам жасалуы керек-ақ! Ол үшін – бұрын қазақ тілін оқытуға бөлініп келген бюджеттік қаражатты қайыра бөлудің нәтижесінде өз алдына дербес қазақ тілді алаш интернет ресурстар орталығының өмірге әкелу. Бұл қадам – уақыт талабы. 

Қазір «қазақша оқулық жоқ» әм «қазақ кітап оқымайды» дейтін сарыуайымшылдық – мемлекеттік рухы жоқтардың тауып алған ауызды қу шөппен сүртушілік сылтауы. Дәл бүгінгі таңда ХХ ғасырдың басындағыдай ілім-білімнің барлық саласында жаһандасудың мәңгүрттенген қаңбағына айналмай ұлтық келбетімізді біржолата сақтап қалу үшін ілім-білімнің бар саласында орыс ықпалымен батпандап енген «руссизмдер» мен ресейлік мәнердегі «американизмдерді» қазақтандыратын, компьютерлік ойындарды, өнімдерді, ресурстар мен сервистерді алаштандыратын «Жаңа Қазақ Ұлттық Қайта Өрлеу Дәуірі» туды. Біз «Ахаң түрлеген қазақ тілі» немесе «Қазақ тілін дамытуға Алаш Арыстарының қосқан үлесін-ай!» деп жүрген-тұрған жерімізде жағымыз талмай қақсаймыз да ұлт көсемдерінің рухани-мәдени дәстүрін нағыз мұрагері ретінде жалғастыруға құлық танытпаймыз. Осы орайда сөзден іске көшіп, орыс ықпалымен батпандап енген «руссизмдер» мен ресейлік мәнердегі «американизмдерді», компьютерлік ойындарды, өнімдерді, ресурстар мен сервистерді қазақтандыруға ұлт болып атсалыспаймыз! Неге?

Бәрін жат ғаламшардан біреу Қазақстанға ұшып келіп, қазақ үшін жасап бере ме? 

Өзін қазақпын деп санайтын әр қазақ үшін қазақ тілін кәсіби-техникалық тілге, кампюьтерлік әм інтернеттік тілге айналдыру кезек күтірмейтін сын сағат. Бұл сын сағатта қазақ болып сақталып қалуымыз үшін сатылатын, пайда әкелетін әрі өзге ұлт өкілдері қиналмай түсінетін әрі қалталарынан аз ақша жұмсап қол жеткізетін «барша алаштық мәдени контентті» өмірге әкеле білуіміз керек. Бәрін біз үшін 99 пайыз жағдайда не техниканың исі танауына бармайтын, не компюьтердің бір бұрауында ұқпайтын қазақ тілі мамандары ғана жасап береді деген алдамшы үміттен арылуымыз керек. Қазақ кәсби-техникалық әм салалық ғылыми тілін өзін қазақпын деген белгілі бір кәсіпті жете меңгерген әр жан «руссизмдер» мен «американизмдерді» қазақша шекпен кигізіп жасай алады. Бұл төменнен басталған «Бұқаралық – тіл реформасы». 

Бізде филология факультетін бітірмесе де, өз бетімен талап қылып түрлі саладан әдебиет пен БАҚ-ына келген жазушы және журналистер контигенті жетіп артылады. Яғни кәсіби қалыптасқан «міне ақшаң, міне жұмысың десе» дап-дайын бейне-теле әм әдеби-ғылыми редакторлар мектебі бар. Және филология факультетін бітірмесе де, өз бетімен ізденіп, қазақшасы мүлдем жоқ терминдерді шәкірттеріне ұғындыруға талап қылып түрлі салада дәріс беріп жүрген, орыс-ағылшын тілдеріндегі ғылыми әдебиетті күнделікті аударып, қажетіне жаратып қолданатын толып жатқан кәсіби педагог мамандар бар. Оның үстіне жарты бет аударма жасап, күні бойы бос отыратын орыс тілді ұжымдар мен мекемелердің аудармашылары да бір төбе. Үйінде отырып, өз бетімен тек көзіміз үйренген орыс тілінен емес, қытай, жапон, ағылшын, неміс т.б. тілдерден қазақшаға немесе қазақшадан сол тілге тәржімамен айналысушы жандар да қазақ тілділер арасында жетіп артылады. Тек осындай миллиондаған әлеуетті күшті ғылыми-әдеби шығармашылықпен айналысатын қазақ орта табының өкілдерін тасада бұқтырып ұстау биліктегілерге орыс тілінің мәңгілік үстемдігін қалыптастыру үшін өте-мөте пайдалы. Әм олардың іске қызу кірісуі «Тілді оқытуға бөлінетін» қаражатты өздері тарапынан талан-таражға салуға кесірін тигізеді. 

Сондықтан қазақ тілінде термин қалыптастырып, баспа-теле өнімдерді бұқараға ұсыну бағытында істейтіндер «рухани» кісенделіп, «мәдени» құлданылуды. Еуразиялық кеңістікте РФ баспасымен бәсекеге түсе алмайтын шенеуініктер бюжеттің кітап шығаруға т.б.  баспа өнімдеріне жұмсайтын ақшасын қалтаға басу үшін жеке бас пайдасы ойлап құрыған, орыстілді баспагерлерге тізгінін ұстатқан баспалар таза «мемлекеттік тапсырыспен» ғана кітап шығарып, күн көріп отырғаны жасырын емес. 

Қай кезде болмасын «Рухани Жаңғыруды» айтудан жалықпайтын орыс тілді қазақ билігі өздері сөйлемейтін әм ойламайтын тілдегі қалың көпшіліктің азаматтық құқығын өрескел бұзып, бюжет қаржысын қалтаға басуда өздері құрған орыс тілі басымдықтағы телеарналар, сайттар, интернет ресурстар, интернеттік қызмет көрсету севистері т.б. пайдасы үшін ғылыми-әдеби шығармашылықпен айналысатын қазақ орта табының өкілдерін қоғамдық-мәдени іске жұмылдыруға 99 тосқауыл, 1001 қақпан құрып, тек жеке бастарын ғана күйіттеп түк тындырмай отыр. 

Неге билік түк тындырмай отыр?! Не облыс, не аудан әкімдері осы уақытқа дейін «Рухани Жаңғыру» аясында  «Мәдени контент» жасауға бейімі бар өз аймағы мен аумағының зиялы қауымымен «қазақ тілін интернет пен техникалық тілге» айналдыру мәселесі бойынша еш кездескен емес. Сонда «2011-2019 жылғы қазақ тілін дамыту бағдарламасы» деген жел сөз бе?

Жасыратыны жоқ көбіне, «Рухани Жаңғыруға» еш қатысы жоқ тек жоғарыға есеп беру үшін ғана өткізілетін іс-шараларға ақша шығарып, одан қалса, долбармен қайдан табылғанын өздері ғана білетін тым белгісіз әулиелер мен жөнді-танымал емес батырлардың, дұрыс айтсақ, Қабанбай қолындағы онбасылар мен елубасыларды аяқ астынан бәленбай деген батыр атандырып тізімдеумен ғана іс бітіріп жатыр. Нағыз ұят дүние. Орыс тілді әр аудан әм әр обылыс басшылығы өз өңірінде кәсіби ғылыми-әдеби редакторлар және аудармашылар тобы бола тұрып, қазақ тілін оқыту үшін қыруар ақшаны желге ұшырып жатыр. 

Енді міне «2020-2025 жылғы қазақ тілін дамыту бағдарламасы» қанат қағып отыр. Қазақ интеллектуалды әлемі тағы да жетім баланың күйін кеше ме?

Жазушы кітабы мен аударма әдебиеттер өтпейді емес, ол кітапханаға жетпейді. Бұның себебі «Мемлекеттік тапсырыста» жемқорлық жайлаған тендер бар. Оған тек мәдениет саласындағы белгілі бір шенеуінік қош көрген автордың ғана кітабы ұсынылады. Бір сөзбен айтқанда 100 жазушының бірі ғана әлгі шенеуінік жасаған тізімге кіреді. Қалғандары билік басындағылар қашан маған өң көзбен қарап кірігізеді деген есек дәмемен жүреді. 

Бар бәле кітапханалардың қазақ тілді кітап үшін Жазушылар Одағымен тікелей байланысқа шығуына «Мемлекеттік тапсырыстың» құлағын ұстаушылар тарапынан тосқауыл қойылуынан әм РФ баспаларының нарығымызды жаулап алу жолында сыбайлас жемқорлықпен әлдебіреулердің қолына қарға тышқызуынан келіп шығады. Ал орыс тілді әдебиетті жоғары шенді шенуініктер рұқсат еткен РФ сатып алам десең жол ашық. Қазақ кітаптары арасынан неге тек «Мемлекеттік тапсырыспен» шыққан кітап қана алынуы керек, неге кез келген қазақ авторы еліміздегі 48 мың кітапханаға екі данадан өз туындысын өткізе алмайды. Жылына қазақ тілінде танымал қаламгерлер бар-жоғы 700-дей кітап шығаратын болса, ол неге 90 мың тиражбен таралмайды? Неге Жазушылар Одағының мүшелігінің қызыл билеті қалтасындағы қаламгерлердің кітаптары мен аудармалары кітапханалар тарапынан сатылып алынбайды? Неге біз қазақ тілділердің мүдделерін белден басып, қаламгерлеріміз шығарған кітаптарға ақша қимай оның орнына бәрін керісінше істеп, тек Ресейде шығатын мұслман елінің діліне жат христиандық ұстанымдағы орыс әдебиетін қазақ теңгесімен сатып алуымыз керек?

Ұлт ретінде кітап құнының шарықтауына өзіміз де кінәліміз. Себебі ең қымбат қағазбен, ең құнды мұқабамен шығатын кітапқа ғана ден қойып, бағасы баршаға қол жнетімді 100 теңгеден аспайтын, қалтасы көтеретіндіктен жұрт талап әкететін ең арзан, ең жұқа мұқабамен шығатын кітаптарды қош көрмейміз. Осы қош көрмеушілік қазақ кітабының сатылуының жолын бөгеп отыр. Қазір кітапты дүкенге қойып та, саудагердің қолына беріп те керегі жоқ, ватсапта алғашқы он беті мен бағасын көрсетіп салып жіберсеңіз кітабыңыз ілезде өтіп кетеді. Ал, жұрт ықлас танытып сатып алмайтын кітап жазатындар өздері-ақ әдеби процестен шеттеп, ол олқылықтың орнын толтыру үшін қаламының желі, қолының ебі бар болғандықтан бірыңғай аудармашыға айналады. 

Билік сенің тіліңді де, мәдениетіңді де, ана тіліңдегі терминдеріңді де керек етпейді. Сол себепті дәл қазір 14 аймағымыздағы сөзі өтімді ағаларымыз, беделі батпандай қарияларымыз «Жаңа Қазақ Ұлттық Қайта Өрлеу Дәуіріне» үлес қосатын қоғамдық ұйымды өмірге әкелсе, бар дүние орнына келеді. 

Әдеби, салалық «Қазақ кітабы» оқылады да, сатылады да, қазақ тілді сайт қаралады да, кіріс те әкеледі. Тек ол үшін өзін ақтайтын әм құрылтайшылары мен авторларына пайда әкелетін 14 облыстық ғылыми-әдеби редакторлары мен аудармашылар тобы қоғамдық ұйымдарының шығармашылық бірлестіктері жуық арада уақытты создырмай құрылуы керек. 

Қазақ тілін өзге ұлтқа оқыту келесі жылдан бастап ақылы негізде болуға көшсе, бюджеттен бұрын осы салаға бөлінген қаржы ендігі жерде шығармашылық ұйым құрған аудармашылар ұйымына бөлінсе, жыртығымыз бір түгенделіп, көп нәрсе ұтар едік-ау!!! 

Әбіл-Серік Әліәкбар

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048