Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 9761 2 пікір 1 Мамыр, 2020 сағат 13:31

Қара кемпір мен қара айғыр

(деректі әңгіме)

Қара кемпір құрақ көрпенің астында әлі бүксиіп жатыр. Тұла бойы жанып, тұншыққандай. Әйтеуір жаны бар. Өлмегенсоң өз жанын өзі қия алмайды. Әйтпесе, мына дүниеге әдіре айтқалы қашан. «Қазір тұрамын». Бірақ қатқан денесіне шеге қағылғандай қозғалтпайды. Шойырма бел сәл қимылдаса болды миын сұққылап, өне бойы бір уыс болып, жиырыла береді. Осылай өліп кетсе ғой... Бірақ ажал құрық тартылар емес.

Талықсып жатып ұйықтап кетіпті. Таңдайы кеуіп шөліркеп жатыр... Көзіне көш көрінді. Жасаулы көш. Ақ боз аттың үстіндегі кім? Өзі ғой... Манас өзенінің нұлы шөбі- ай... Ерке өзен сыңғырлай ағып, өзінің шолпысымен жарыса үн қатады. Қалибек күміс суы мөлдіреген  тостаған ұсынды. Су емес, бал-ау, ғажап!

Көз қиығы Қалибекке түсті. Жеңіл шапанын қынай белдік тартып алыпты. Қара мұрттың астынан дүрдиген ерні көрінеді. Жұп-жұмсақ. Одан жоғары доғалдау мұрын, ар жағынан тесіп жіберердей екі көз айдаһардай арбайды. Жеңгелері «Тіккөз» деп неге атағанын енді ғана сезгендей.

Сіміре жұтты. Тостағанды берерде саусағы куйеуінің саусағына тиді. Дір етті. Ұят-ай. Тапа тал түсте мынасы несі?

-Кеп қалды... Жан сауғалаңдар...

Ащы айқай. Дүрсіл. Әлем тапырық.

Қалибектің даусы құлағында... Қара айғырға ие бол... Тұзкөлге кетіңдер. Сатұр-сұтыр.

1930 жыл еді. Сол қашқаннан күні түнге, түні күнге ұласып, қанша жүргені есінде жоқ. Аз ғана топ Лу Фудың құрығынан құтылғандай. Бірақ қаралы хабар қуып жетті. Қалибек қапы кетіпті. Манас өзенінің бойындағы көктерек түбіне денесі жасырылыпты. Обал-ай. Жетем бір күні... Ол кері бұрылды.

... Қара кемпір селт ете түсті. Қара айғыр кісінеп тұр. Тұла бойы керенау тартқанмен, бір алапат күш бойын жиғызды. Қалибектен бала қалмағанмен, қасиетті қара айғыр қалған жоқ па? Қара басып жатқаны несі. Жастығының астына тастай салған  қара шапанға қол созды. Тұрды. Басы айналды.  Бірақ қармалап жүріп қолы оқтауға ілікті. Белі күш алғандай.

Қара ілгек ашылды. Қап қараңғы, қарауытқан дүние. Қара жел қари соғады. Үйден қора жылылау көрінді.

Қара айғыр қара кемпірдің қара шапанына тұмсығын тықты. Құлақ шекеден сипаған алақан  табын сезді. Ал, қара кемпірге Қалибектің дүрдиген еріндерінің осылай алқымдай  сүйетін мінезі  көз алдына келді.

Беу-беу дүние! Жылдар жылжып қара айғырдың тұқымын сатып күн кешіп келеді. Енді қалғаны жалғыз қара айғыр. О дүние мен бу дүниені жалғап жатқан өмір құрығы осы айғыр ғана. Қытайлықтар барлық атты әскер үшін сыпыра тартып алғанда, тай күйінде қалған. Енді үйірге шауып, толысқан сәті. Өлместің күні. Кеше ғана қытайлықтар келіп тұқым аламыз деп алып кеткен. Бірақ шаппапты. Қамшымен қан-жоса сабапты да. Бірақ тұқырта тартқанмен, қара айғыр қасарысып бағыпты.

Қара қытайлар айғырды қайта әкеліп тастаған. Енді кісінеп тұр. Тым болмаса бір бау шөп пен бір астау су құю керек. Қораға кірді. Қара кемпір шөпті әрең итеріп тастады. Бірақ қара айғыр шөпке емес, суға бас қойды. Асықпай, сыздықтата жұтты. Әлденені сезгендей құлағын қайшылап, сыртқа мойнын бұра берді. Енді біразда шүлдірлеген дауыс естілді де, артынша құрық мойын, шүрегейдей  арық-тұрық қытай  келіп кірді. Дөңгелек көзәйнегін он көтеріп, он түсірді.

-Айғырды әкетеміз, - деді мылтық  асынған біреуі.

-Кеше ғана күні бойы әурелеп едіңдер, жетпей ме? – деп  қара кемпір шылбырды өзіне тарта берді.

-Қазақтың өзі де, малы да  әккі, ку, - деді көзәйнекті тырна қытай. – Бірақ қытайды алдай алмайды...

Мылтық дүмі иығына сарт ете түсті. Қара кемпірдің мұрнынан жылымшы қан ағып, ақ кимешегі қызыл бояу болып жүре берді.

-Жылама, - деді сояу тіс қытай үстінен аттап өтіп. – Қайтарамыз.

...Қара айғырды жетектеген екеуі ұзай берді. Қара кемпір орнынан әрең көтерілді. Соңдарынан ілесті. Қара қытайлардың не ойлағаны бар?

Сәлден кейін әскери қазарма да көрінді... Кермеде бір бие байлаулы тұр. Қара айғыр биені иіскейді де, оқырынып кері  шегіне береді.

Тырна қытай екі иығын қушитып, селк-селк етіп ұзақ күлді. Екіншісі аң-таң. Қара айғырды аяғымен тартып-тартып жіберді.

-Болмайды, деді көзілдірікті қытай. – Бұл айғырдың енесі ғой... Бірақ қытайдан қулық  асыра алмайды. Биені басқа  мама ағашқа байлаңдар.

-Көзілдірікті бәлең мал дәрігері болып шықты. Сонан соң  қобдишасын алып әртүрлі дәрі-дәрмектерді биенің үстіне тұтас  жағып, сылап-сипады. Енді  біразда кермедегі  қара айғырдың көзін  тас қылып байлап, қақпайлап биеге әкеліп, тұмсығын тықты.

Қара айғырдың бойын бір дүлей күш алды. Бөтен иіс. Енді табиғат жүктеген міндетті орындау керек. Екі аяқты артып даусы жер жара шыңғырды. Бойынан өмір-дария ағып бара жатты.

Екі қытай мәз. Көзілдірікті де ес жоқ. Өз тапқырлығына әбден тәнті. Кенет көзірдірікті қытайды бір тосын ой  торлады. Қара айғырдың адамның алдында  ақымақ екенін мойындатқысы келді. Таңулы орамалды шешіп жіберді.

Қара айғыр тершінген биені, сояу түсті қара қытайдың  мыж-мыж бет-жүзін көрді. Дүние қараңғы тартып, тұла бойы тітіркеніп жүре берді. Ышқына аспанға шапшыды. Шылбыр үзілді. Сол қарғығын күйі аяғын тартып, көзілдірікті қытайды жермен-жексен етті де, қақпадан секіріп өтіп, көсіле шапты. Сол арынмен ой шұқырға да қараған жоқ. Буы бұрқырап кемерінен асып жығылып жатқан кәрі Манастың  құз жиегінен  секіріп кетті. Қара толқыннан шығамын деп қара айғыр талпынған да жоқ. Сұмдық-ай! Қара кемпір де енді жалған дүниемен өзін жалғайтын ештеңе жоқ екенін сезінді.

Манастың қара толқыны қара кемпірді де су астына тарта берді...

Уәлихан Қалижанов

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270