Сейсенбі, 7 Шілде 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 41065. Жазылғандар — 13614. Қайтыс болғандар — 188
46 - сөз 814 2 пікір 4 Мамыр, 2020 сағат 12:36

Демократия заңдары жұмыс істемейтін елде, саяси болжам жасау мүмкін емес

Қазақстанда саяси болжам жасау жайлы.

Д.Назарбаеваның Сенаттағы өкілеттігін Қ.Тоқаев жарлық арқылы тоқтатқаннан кейін Қазақстанда саясаттанушыларға көңілі қатты қалушылардың қатары артып, тіпті саясаттану ғылымына күмәнданушылардың саны күрт өскендей көрінеді. Олардың қатарында журналистер де баршылық сияқты.

Менің бүгін телеграм-кадровик Е.Едиловтің үнсіздігінен “шабыттанып” жазған постыма Нұр Отанның пропагандалық сайтының журналисі “Осыны алдын ала айтатын бір саясаттанушы болған жоқ, енді бал ашқаннан не пайда? Білеміз бір жерге баратынын. Жұмыссыз қалмайды. Сүйтетін шығар, бүйтетін шығар деген сөздердің пәтуасы жоқ”, деп ренжіпті. Ол кісінің комментіне комментпен шамам келгенше жауап бердім. Ол кісі сияқты ойлайтын адамдар Фейсбукте біршама деген оймен сол жауап-комментімді кішігірім өзгертіп пост түрінде салып отырмын.

Сонымен, Қазақстанда саясаттанушылар елдегі саяси процесстерге неге дәл болжам жасай алмайды? Неге саясаттанушылар Д.Назарбаева қызметінен кететінін алдын ала болжай алмады?

Біріншіден, физика мен демократия заңдары жұмыс істемейтін елде, "сайлаулар" 4-5 жылда "для галочки" өтетін елде статистикалық модель арқылы саяси болжам жасау мүмкін емес. Ол – саясаттанудың кінәсі емес. Оған аз ғана топтың мемлекеттік билікке монополия орнатуы, саяси жүйенің жабықтығы кінәлі. Оны мемлекеттік БАҚ-тың және Нұр Отанға тиесілі медианың журналистері менен жақсы түсінеді деп ойлаймын. Сосын президенттің өзі ғана шеше алатын кадрлық тағайындауларға ғылыми әдіс-тәсілдер арқылы дәл болжам жасау демократиялық елдердің өзінде мүмкін емес. Ал ондай болжам жасалған күннің өзінде оны академиялық білімі бар саясаттанушы ғалымдар жасамайды. Оны аузым бар деп сөйлей беретін, белгілі бір саяси партияның мүддесін қолдайтын pundits (саяси комментаторлар) жасайды.

Екіншіден, биліктегі ротация туралы сөз қозғау әр азаматтың құқығы. Ол тақырып туралы қандай пост жазатынын әркім өзі шешеді. Ол үшін “мемлекетшіл” саясаттанушы немесе "диванный критик", журналист немесе пропагандист-журналист болу міндетті емес. Менің білуімше, сөз бостандығы туралы бапты конституциядан әлі ешкім алып тастаған жоқ.

Үшіншіден, саясаттанушыларға “елдегі кадр саясаты және билік транзитіне дұрыс болжам жасай алмайсыңдар” деген біраз адамның реніші бар сияқты көрінеді. Ол ренішті Қазақстанның қазіргі жағдайында саяси болжам жасауға қажет ақпаратқа қолы жететін элитолог Е.Едиловке, Нұр Отанның штатный политологтары О.Сельтеевке, А.Сарымға, Е.Каринге, Е.Саировқа және т.б. "мемлекетшіл" саясаттанушыларға айтқан жөн болар. Олардан "Неге Д.Назарбаева қызметінен кететінін алдын ала болжай алмадыңыз?" деп сұрау аса қиын шаруа емес деп ойлаймын. Осы сұрақты ол кісілерге қойып, тұшымды жауап алып, пәтуалы сөз қозғауға болады деп сенемін.

Шалқар Нұрсейітовтың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

2 пікір