Ешкім де соғысты есіне алғысы келмейді!
Бұрынғы Кеңес одағында Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні ретінде белгіленген 9 мамыр, анығында екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күні деп қабылдануы орынды. Қазіргі уақытта бұл күн бұрынғы одақтық республикалардың барлығында бірыңғай Жеңіс күні деп емес, әртүрлі аталатындығы белгілі. Одан бері ғасырға жуық уақыт өтіп, бірнеше ұрпақтар алмасып, ақыры ортақ отан болған Кеңес одағының өзі де тарих еншісіне айналды. Әрине ол кездегі Отанды қорғау үшін, ұрпақтардың амандығы мен келешегі үшін қан кешкен, адам басына бермесін дейтін жойдасыз азапты бастан кешіп, орасан төзімділік пен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен, майдан далаларында қисапсыз құрбан болған миллиондаған еркектер мен әйелдердің, аға ұрпақтың алдында әрдайым бас ию, құрметтеу бүгінгі баршамыздың қастерлі парызымыз болып қала бермек. Мұндай еске алу мен құрметтеу, ең алдымен, енді қайтып соғыс атаулының ешқашан қайталанбауы үшін қажет. Өйткені адамзат тарихы білдіріп келе жатқандай, кез-келген соғыс – орасан қасірет, қайғы мен азап. Ғұмыр бойында соғыс зардабын арқалап өткен ұрпақтың өкілі Мұқағалилар айтқан: «Қалай сені жұбатам, ақыры Ана, Сау қайт деп тәңіріңе жалын, Ана. Мына отырған иеміз құласа, егер, Саған жар, әке бізге табыла ма» дегеніндей сан мыңдаған шаңырақты құлатқан, «Санаттан жары келмеді, Дариға-жүрек шөлдеді» миллиондаған қыз-келіншектердің жесір қалуы, «Аңыздардан тере жүріп масақты, рас, рас көзімізден жас ақты» дегізіп қаншама сәбилерді жетім еткен сол соғыс, адамзат тарихындағы ең ауқымды, ең зұлматты, ең қасіреттісі болды.
Екінші дүниежүзілік соғыс ымырасыз екі лагерь – фашистік режім мен коммунистік жүйенің бәсекелестігінен, тайталасынан, билік басына келген азғантай топтың тойымсыз қанағатсыздығынан туындағаны белгілі. Олардың айдап салуымен айдаладағы немістің бір бозбала солдаты тура өзіндей, бірақ ешқашан көрмеген, естімеген, танымайтын советтің бір солдаты екеуі бірін-бірі ата жауларындай өлтіруіне тура келді. Өздерінің алапат өтіріктің құрбандары болғандығын, белгілі топтың жасанды, есірік идеологиясының соқыр фанаттарына айналғанын қатардағы неміс солдаттары совет аумағына кірген күннен бастап-ақ, яғни бұлардың өзінен жүз, мың есе фанаттармен жан алысып, жан берісіп бетпе-бет жолыққанда барып әбден кеш түсінген. Бұл турасында олардың үйлеріне, жақындарына жазған, кейіннен отбасылық мұрағаттардан табылып жатқан хаттары анық білдіреді. Совет командованиесінің ірі шайқастарда «адам материалын» аямай жұмсағандықтан да басымдыққа жеткенін қарсы жақтың көзі тірі ардагерлері өз естеліктерінде ашық айтады. Ал, оған дейін Германияның еуропалық елдерге қысқа уақытта басып кіруі, қирату мен адамдарды қырудың орасан көлемде болмағандығы мәнісін әйгілі француз жазушысы А.Камюдің «Неміс досыма хатында»: «...біздің адамға деген махаббатымыз, ешқандай жеңістің орны толмайтынын, ал адамға қиянаттың кез келгенін ақтауға болмайды деген терең сенімімізден, бүкіл соғыс атаулыны жек көру сезімімізден бас тартуға тура келіп, осынау әлемнің үрейлі апатын одан әрі ұлғайта түсуімізге бола ма дегенді түсіну үшін басқыншылардан әбден қорлық көріп, үндемеудің азабынан өттік, қамалғандардың сағынышы мен атылғандардың өмірін төледік, айырылу, ажырау, күнделікті аштық, балалардың сүзегі және бәрінен де зоры – бізге мәжбүрлеп таңылған айыпты мойындаудан өткеннен кейін қолымызға қару алдық», - дейтін терең ақиқатынан түсінеміз.
Қазіргі мәлім болған деректерге сүйенсек, ортаазиялық халықтар арасынан қазақтар жан басына шаққанда майданға ең көп алынғаны, сәйкесінше көбірек қаза тапқаны мәлім. Мұның негізгі себептерінің бірі - сол кездегі жергілікті әскери комиссариаттарда сырттан келген, оның алдында ғана 1928-30-жылдары қолдан жасалған алапат аштық нәубетінен қираған тұрғылықты халықтың тағдырынан бейхабар, бәлкім қасақана жаныашымастықпен бір отбасының еркек атаулысын: әкесін, үш ұлын, төрт ұлын, тіпті бес ұлын да тып-типыл етіп қасапқанаға аямай жіберуінен, демек бүтіндей бір әулеттің ұрпақ жалғастыруын қиып тастаған қиянатынан көрінеді. Соғыстан кейінгі ұрпақ қаламгерлерінің мыңдаған әдеби туындыларын айтпай-ақ, Алтынбек ағамыз айтатын «Қара кемпір» зарының мазмұны, сондай-ақ режиссер Е.Тұрсыновтың жақында жарияланған «Аулымызда бір қарт әйел тұрған еді» деректі баянындағы сияқты қысқа оқиғаларды оқып отырып-ақ алыстағы зұлмат соғыстың қазақ халқына әкелген орны толмас қасіретінің шындығын бүкіл тұла бойыңмен сезінуге болады. Күні бүгінге дейін еліміздің орасан демографиялық зардап шегіп келе жатуы да содан.
Адамзаттық ауқымда қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты саяси баға беріліп, өркениетті қоғамдастық тиісті сабағын алып, қорытындысын жасады. Оның ең түпкілікті мәні – мұндай апаттың, қанды қылмыстың қайталанбауы. Алайда, аяқталғанына ғасырға жуық уақыт өтіп, оның басты себепкері мен қатысушылары болған кейбір мемлекеттердің бүгінде әлем картасында жоқ болуына дейінгі өзгерістер орын алғанымен, ол туралы толассыз жариялап, орынсыз қайталап, осынау орасан трагедияны құдды қуанышты мейрам сипатында бейнелеу көрінісі байқалуда. Соғыс құрбандарының жансыз суреттерін жалаңдатып, марқұмдардың аруақтарын қайта-қайта жосықсыз мазалаудың сорақылықтары жалғасуда. Кім біледі, басқа өркениетті мүмкіндіктердің тапшылғынан ба, тіпті ұлттық идеологияға айналдыру үрдісі аңғарылады. Егер бұл қуаныш, мейрам болса, онда сол бір қырғынды көздерімен көріп, басынан өткерген ардагерлеріміз неге ол жайында еске ала бергісі келмейді. Мұны адами тұрғыда түсіну қаншалық қиын. Артында зарлаған ата-анасы, үлбіреген жары, иісі бұрқыраған сәбиі, туған жері, жанына ыстық өмірлік ортасын мәжбүрлікпен тастап, сәт сайын ажал араны ашылып, өзі аман қалғанның өзінде қасыңдағы жаңа ғана сөйлесіп тірі отырған адамдардың өлімін көре берсе, кеше ғана бейбіт өмірдің гүлін егіп, кетпен-күрек, қалам ұстаған қолымен енді суық қару ұстап, жау аталғандықтан өзіне беймәлім адамдарды өлтіруге мәжбүр болса, мұндай сұмдықты еске ала беру қайбір оңай дерсің.
Олай болса, анығында мерзім өткен сайын тарих қойнауына енген екінші дүниежүзілік соғысты барша адамзат трагедиясы деп қабылдап, оны жариялап жарнамалау емес, мәңгі қайталанбасын деген көзқараспен іштей есте ұстау, құрбандарға құран бағыштап зиярат жасау мағынасында қабылдауымыз абзал.
Мұхтар Кәрібай
Abai.kz