Бейсенбі, 28 Мамыр 2026
Өзекті 135 0 пікір 28 Мамыр, 2026 сағат 14:52

Ымды білмеген дымды білмейді...

Сурет: nege.kz сайтынан алынды.

Қазақтың осы сөзі, бір қарағанда, екінің бірінің қиялына келе салатын таптаурын ой сияқты көрінуі мүмкін. Тіпті жиі-жиі айтылып, қайсыбіреулерді жалықтыруы да ғажап емес. Ал шынтуайтына келгенде, біз осы сөздің қадірін білеміз бе? Әлемде қалыптасқан ым, ишара, белгі атаулының мән-мағынасын айыра аламыз ба?

АМЕРИКАЛЫҚ АРАБТЫ ҚАЛАЙ ҚОРЛАДЫ?

Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) болғанда естіген бір әңгіме еске түсіп отыр. Ұзаққа созылған келіссөзден соң әрең келісім-шартқа қол қойған америкалық бизнесмен мен араб мұнайшысы осы қуаныштың құрметіне бокал қағыстырады: мұхиттың ар жағынан келген мейман – виски, біздің мұсылман бауыр – шабдалы шәрбатын ішеді. Сәтімен біткен іске сүйінішін жасыра алмаған «янки» айналмалы орындыққа шалқая жайғасып, әзелгі әдетімен аяқтарын айқастыра салып, теңселіп отырады: мұқият тазаланған бәтеңкесінің ұшы қарсы алдындағы әріптесінің қолағаштай мұрнына тиіп кете жаздағанын о жазған байқамайды да. Сол-ақ екен, бұлқан-талқан ашуланған араб шұбатылған ақ дишдашасын сүйретіп, бөлмеден шығып кетеді. Артынша оның көмекшісі келіп, толқыған көңілін баса алмай, орындықта әлі шыр айналып отырған америкалыққа... «келісім-шартқа тым асығыс қол қойылғанын, қожайынның әуелгі ниетінен айнып, оны бұзғалы жатқанын» жеткізеді. Америкалық бизнесмен ештеңеге түсінбей, аң-таң боп отырып қалады: бұл қалай?

Расында да, ол әріптесінің алдында неден жазықты болды? Бұл сауалға екінің бірі жауап бере алмайды. Тек арабтардың ым-ишара, әдет-ғұрпынан хабары бар жан ғана байғұс америкалыққа кешірілмес қателік жібергенін – сұхбаттасына аяқ киімінің табанын көрсеткенін түсіндіріп бере алар еді. Ал БАӘ халқын, тек БАӘ ғана емес, күллі араб әлемі жұртшылығын адамды қорлаудың бұдан асқан түрі бар деп сендіру тіпті мүмкін емес! «Ымды білмеген дымды білмейді» деген сөздің байыбына енді барған болар әлгі бейбақ?!

ҮНДІНІҢ БАСЫН ШАЙҚАҒАНЫ – КЕЛІСКЕНІ

Ғалымдар дүниежүзі елдерін шартты түрде негізгі екі топқа бөледі: бірінде адамдар арасындағы қарым-қатынас көбіне сөз арқылы өрбиді (бұған Еуропа елдерінің басым көпшілігі, Солтүстік Америкадағы мемлекеттер, Австралия мен Жаңа Зеландия кіреді), ал екіншісінде сөзбен бірге ым-ишараның да атқарар қызметі аса маңызды. Бұл топқа енетін елдердің жағрафиясы тіптен кең: ол Оңтүстік Еуропа (Испания, Италия, Грекия, т.б.), Латын Америкасы, араб әлемі, Орта Шығыс (Иран, Орталық Азия елдері), Үндістан, Шығыс Азия мемлекеттерін қамтиды.

Бұлардың ішінде әсіресе Азия халықтарының ым-ишараға қатысты түсініктері өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Сондықтан басқа жақтан келген адамның біршама таңырқауына тура келеді. Мәселен, екі үндінің немесе ирандықтың әңгімелесіп тұрғанын бақылаған еуропалық олардың бірін не саңырау, не соқыр деп ойлап қалуы әбден мүмкін: өйткені бөлменің екі бұрышында отырып айқайласып сөйлесе беретін Батыс адамы үшін әлгілердің өзара қашықтығы тым жақын боп көрінуі ғажап емес. Шын мәнінде араларының тым жақындығы үнді мен ирандыққа еш білінбейді, себебі Шығыста кеңістік пен қашықтық туралы түсінік мүлде басқа.

Әдетте біз сұхбаттасымыздың пікіріне келіссек, оны қолдаған сөзімізден бөлек басымызды изеп қоштап қоятынымыз бар. Басқа халықтардың көпшілігінде де осы үрдіс қалыптасқан. Ал егер сіз үнді ұлтының өкілімен әңгімелессеңіз, сақ отырғаныңыз абзал: қанша көкейге қонар уәж айтсаңыз да, ол басын шайқай беруі мүмкін. Сіз «айтқаным дұрыс емес пе сонда?» деп оған ренжи көрмеңіз, себебі оларда келісу ишарасы, керісінше, басты шайқау арқылы білдіріледі.

Америкалыққа «жағдай қалай?» десеңіз, оның бас бармағы мен сұқ саусағының басын біріктіре шеңбер жасап, «о’кэй» дері анық. Ал осы ишараны сіз америкалықтарға еліктеймін деп Грекияда немесе Бразилияда қолдана қалсаңыз, онда құрыдым дей беріңіз: өйткені бұл елдерде аталмыш белгі нағыз балағаттау нышаны саналады. Сауд Арабиясы мен Египетте бұл ишараңыз «мені сені құртамын» деп доқ көрсетуді білдірсе, Жапонияда ол... «ақша төлеңіз» деген мағына береді! Бас бармақ пен сұқ саусақтың «бас біріктіруі» сөйтіп сізді әр елде әртүрлі жағдайға ұшыратуы мүмкін.

АЗИЯДА «АҚТІСТІ АҚЖАРҚЫН ЖЫМИЫС» ЖОҚ

«Жапония» демекші, Азияның шығыс бөлігінде орналасқан бұл елде, құрлықтың басқа аймақтарымен салыстырғанда, адамдар арасындағы қарым-қатынас қимыл-қозғалысқа мейлінше аз бейімделген, себебі бұл өңірлерде сабырлылық пен байсалдылыққа баса мән беріледі. Күншығыс елінде және онымен қоңсы қонған Корея түбегінде жасы мен жолы өзінен үлкен адамға деген құрметті иілу арқылы білдіруді жөн көреді: неғұрлым төменірек иілсе, құрмет те соғұрлым молырақ деген сөз. Ал бізге, яғни ортаазиялықтарға тән қол беріп амандасу бұларда өте сирек, тіпті жоқ десе де болады. Ол дәстүр көбіне ресми басқосулар кезінде ғана көрініс табады, онда да амандасушы адам қос алақанымен қонағының шынтағынан демеп ұстайды да қояды. Қарқылдап күлу, сампылдап сөйлеу мұнда онша кездесе бермейді, кездессе де өйткен адамның қылығын дарақылыққа балайды. Байқасаңыз, жапон, корей әйелдері күлгенде үнемі алақанымен аузын бүркемелейді, себебі оларда отыз екі тісін түгел көрсетіп күлу әдепсіздік саналады. Яғни голливудтық әйгілі «ақтісті ақжарқын жымиыс» мұнда тіпті де танымал емес.

Жапония университеттерінде студенттерге тіпті әңгіме барысында сұхбаттас адамның жанарынан көзіңді қалай әдепті түрде тайдырып әкетуге болатыны жөнінен де дәріс оқылады екен! Әңгімелесуші кісінің (әсіресе ол өте құрметті һәм қарт адам болса) көзіне тура қарамауға тырысу – Орталық Азия халықтарына да тән әдет. Мұндай әдеттен бейхабар еуропалықтардың «мынау өзіне өзі сенбейтін ынжық біреу ме, әлде маған қарсы бірдеңе ойластырып отыр ма?» деп кейде қате түсінетіні де бар.

Шығыс Азияда және Үндістанда адамдар екі алақанын маңдайына түйістіріп қана сәлемдессе, мұсылман елдерінде, керісінше, қос қолдап амандасу дәстүрі басым. Кейбіреулердің қолы амандаса сала ажырауы мүмкін, кейде жолығысқан адамдар бір-бірінің қолын ұзақ уақыт қысып немесе сілкілеп тұрып алуы да ғажап емес. Мұның бәрі амандасушылардың бір-бірін қаншалықты сағынғанына байланысты. Арабтар мен түркі халықтарында көптен көрмеген жандар тіпті құшақтасып та көрісіп жатады.

БІРЕУГЕ – ИШАРАТ, БІРЕУГЕ – БАЛАҒАТ...

Өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынаста тағы бір сақ болатын нәрсе – сүйісіп амандасу мәселесі. Солтүстік халықтарында мұндай әдет өте сирек кездеседі, онда да бір-бірін ұзақ көрмеген туыстар, оның ішінде көбінесе әйел мен еркек арасында көрініс табады. Ал Латын Америкасы, Оңтүстік Еуропа, Азия елдерінде жұрт жолыққан сайын сүйісуге әзір тұрады. Және бір есте ұстайтын жайт: арабтарда еркектер тек еркектермен, әйелдер тек әйелдермен ғана сүйісіп амандасады. Көпшілік орындарда ер адамның әйелді немесе, керісінше, әйел затының еркекті сүюі мұсылман әлемінде шектен шыққан әдепсіздік боп есептеледі, кей елдерде тіпті қыз баланың қолынан сүюге де тыйым салынған.

Басқа саусақтарды бүге тұрып, тек сұқ саусақ пен шынашақты ғана көрсету әлемнің көптеген елдерінде бейәдеп әрекет саналатыны мәлім. Испания мен Латын Америкасы елдерінде бес саусақтың да басын түйістіріп көрсету – соған барабар балағаттау боп есептеледі екен. Ал Египетте (жалпы араб әлемінде) бұл ишарат бар болғаны «күте тұрыңыз» немесе «сабыр етіңіз» дегенді білдіреді. Енді көз алдыңызға елестетіп көріңіз: Каирдың шулы көшелерінің бірінде испандық турист таксист шақырады, ал ол саусақтарының басын түйістіріп, өзінше «күте тұрыңыз» дейді! Испандық үшін мұның нағыз балағаттау екенін айттық. Яғни ойда жоқта қып-қызыл төбелес шығып кетуі әбден мүмкін.

Санау да әр жақта әрқалай. Көп елдерде санау бас бармақтан басталса, Үндістан мен Жапонияда, керісінше, шынашақтан бастап санайды. Егер сіз Дубайда немесе Мединеде сатушыға «үш газет беріңіз» деп ымдап, үш саусағыңызды – «бас бармақ, балаң үйрек және ортан теректі» көрсетсеңіз, онда ол сізге екі-ақ газет береді, өйткені араб елдерінде санау кезінде бас бармақ есепке мүлде кірмейді...

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3277
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2376