Бейсенбі, 28 Мамыр 2026
Әне, көрдің бе? 133 0 пікір 28 Мамыр, 2026 сағат 15:04

Қайрат «Хилтонды» қалай тартып алды?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

ҚР Бас прокуроры

Берік АСЫЛОВ мырзаға!

Дәл осы – мен депутаттық сауал жолдап отырған кезде қалалық Әділет басқармасының шешімімен Алматы қаласында орналасқан «Хилтон» қонақ үйін заңды меншік иесінен тартып алу, отель қызметкерлерін сыртқа шығару және ғимаратты күштеп босату әрекеті жүріп жатыр. Мұнда 250-ге жуық қызметші жұмыс істейді, енді олар жұмыссыз қалады.

Алматының қақ ортасында болып жатқан бұл оқиға қонақ үй толған шетелдік қонақтардың көз алдында жүріп жатыр. Әрі бұл заңсыздық «ескі Қазақстанның» мүддесіне жасалған әділетсіз және заңсыз әрекеттер деп білем. «Хилтон» мейманханасы туралы, оны осыдан төрт жыл бұрын Н.Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының сақалды нөкерлері басып алғаны турасында депутаттық сауал жолдаған едім. Енді әбден көзім жеткендей, оған құзіретті мемлекеттік органдардан әдеттегідей жалтарма жауап алдым.

Содан бергі үш жыл бойы «Хилтонның» мәселесі менің депутаттық бақылауымда болды. Мұндағы менің мүддем – «ескі Қазақстан» өкілдері қарапайым халық пен бизнеске қатысты жасаған адам айтқысыз қиянат пен кесапатқа араша түсу, мүмкіндік болса – қарсы тұру еді.

Осы төрт жылдың ішінде Қайрат Сатыбалды қылмыстық жауапкершілікке тартылды, аздаған уақыт түрмеде «отырып», одан аман-есен босап шығып үлгерді. Осы аралықта ол біраз активін мемлекетке қайтарды. Қайтарылған активтердің ішінде америкалық талаппен салынып, америкалық франшизамен жұмыс істейтін «Хилтон» қонақ үйі болды.

Бірақ кейіннен анықталғандай, олигархтың нөкерлері әртүрлі қитұрқы схема-амалдармен аталмыш қонақ үйді Сатыбалдыға астыртын бағынышты компанияның есебіне рәсімдеді. Егер «Хилтон» ҚР Үкіметі жанындағы Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комиссияның тіркеуіне кіргізілмеген, экс-президент Назарбаевтың немере інісінің активі ретінде рәсімделмеген жағдайда бұл отель Сатыбалды Үкіметке қайтарған активтер есебінде болмас еді.

Енді тағы да әртүрлі айла-әрекетпен Сатыбалдының меншік есебіне жазылған «Хилтон» отелі Мемлекеттік мүліктер комитеті арқылы аукционға шығарылып, оны тағы да Қ.Сатыбалдының астыртын компаниялары арзан бағаға сатып алу әрекетін жасауда. Активтерді қайтару жөніндегі үкіметтік комиссия арқылы «Хилтон» қонақ үйі 4 (төрт) миллиард теңгеге бағаланып, мемлекетке арзанға өткізілді. Бірақ тәуелсіз қаржы сарапшыларының есебі бойынша, бұл отельдің нарықтық бағасы 11 млрд теңгеден астам еді.

Алматы қаласының қақ ортасында орналасқан әлемдік талапқа сай қонақ үй неге арзанға бағаланды? Айланың астары анық: Сатыбалдының ангажирленген компаниясы арқылы Мемлекеттік мүлік комитетінің аукционынан «Хилтонды» мейілінше арзан бағаға кері қарай сатып алу!

Құрметті Берік Ноғайұлы!

Міне, менің депутаттық сауалыма арқау болған оқиғаның қысқаша мән-жайы осы. Экс-президенттің немере інісі қарапайым бизнесменге қатысты жасаған бұл әділетсіздіктің жай-жапсары Сізге бұрыннан бері егжей-тегжейлі мәлім деп ойлаймын. Бұл жөнінде бұрындары сізбен бетпе-бет сөйлескен кезіміз болған.

Енді Сіздің басшылығыңыздағы ҚР Бас прокуратурасы осы қылмысты қиянатты жағдайдың жай-жапсарын толық тексеру үшін арнайы қылмыстық іс қозғап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашысы болған әділеттілік принциптері негізінде «Хилтон» қонақ үйінің тиісті меншік иелеріне қатысты заңдылықты қалпына келтіруді сұраймын!

Егер Бас прокуратура мен Әділет министрлігінің көз алдында (бәлкім, олардың қатысуымен) «Хилтон» қонақ үйі басқа біреудің меншігіне өтіп кететін болса, бұл барып тұрған әділетсіздік болады! Мен депутат ретінде бұл мәселені заңды және әділетті шегіне жеткізбей, тыным таппайтын боламын!

Ескерте кетейін, «Хилтон» қонақ үйін басқаның мүддесіне алып беруге мүдделі ведомстволар бағалы активті тартып алып қана қоймай, оның заңды меншік иелерінің мойнына 4,5 миллиард теңге салық берешегін қосымша іліп берген! Бұл жөнінде мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға депутаттық сауал жолдағанымда, агенттік тарапынан бұл істі сот органдары арқылы әділ шешуге болатынын және талап қоюшыларға сот барысында агенттік тарапынан көмек жасалатыны жөнінде жауап алған едім.

Енді, міне, әлдебір күштердің қысымымен қонақ үй ісін сол сотқа жеткізбей, күштеп тартып алу айласы шұғыл жүзеге аса бастады. Қысқасы, бұл әпербақан әрекеттің мәселесі ел Президентінің құлағына жетеді деп ойлаймын. Егер жетпей жатса, мен оны қалай да жеткізуге тырысам...

Ермұрат Бапи, 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3280
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2379