CDC мекемесінің Орталық Азия аймағындағы директоры Дэниел Сингер 6 мамырда телефон арқылы брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Ол вирус Алматыдағы зертханадан таралуы мүмкін емес деді. Бұның алдында Қытайдағы сайттардың бірі "коронавирус Қазақстандағы "америкалық зертханада" дайындалып, Қытай аумағына таратқан" деген мәлімет жариялаған.
"Вирус дайындау үшін озық технология мен биоқауіпсіздігі төртінші деңгейге жататын зертхана болуы керек. Менің білуімше, Алматыдағы зертхананың биоқауіпсіздігі үшінгі деңгейге жатады, сол себепті мен мұнда мұндай вирус жасады дегенге сенбеймін. Мұны ақылға қонымды болжам дей алмаймын", - деді Дэниел Сингер.
CDC өкілі зертхананың амеркалық еместігін атап өтті. Сингердің айтуынша, АҚШ үкіметі бұл нысанның құрылысын қаржыландырған, ал CDC құрал-жабдық бөліп, мамандарды оқытқан. "Алматылық зертханада бір де бір америкалық жұмыс істемейді", - деді Сингер.
"Коронавирус алматылық зертханада жасалуы мүмкін" делінген мәліметті қытайдың Sohu.com интернет-ресурсы таратты. Осы сайттың Қазақстан аумағына қатысты тағы бір материалы Нұр-Сұлтанның өткен айда Пекинге наразылық нотасын жолдауына себеп болды.
Өткен жылдың аяғында Қытайдың орталық бөлігінде қараған вирустың қайдан шыққаны әлі күнге дейін белгісіз, бірақ АҚШ билігі қауіпті вирус қытайдың Ухань қаласындағы зертханадан шыққан болуы мүмкін деген болжам жасаған. Қытай мұны жоққа шығарып отыр.
Дүниежүзінде шамамен 259 мың адам коронавирустан қайтыс болды. Қауіпті вирусты 3,7 миллионнан астам адам жұқтырды.
Қазақстанда 4422 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. 30 адам қатерлі індеттін көз жұмды.
Abai.kz