Өзбек делегациясы топан су басуының салдарымен танысып, оларды жоюға қажетті шараларды анықтады деп хабарлады Өзбекстанның төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі. Нәтижесінде өзбек тарабы Түркістан облысына 209 құтқарушы мен 169 құтқару техникасын жіберді.
1 мамырда таңға жуық Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасындағы бөгет бұзылып, 22 елдімекенді су алды. Ол жақтан 70 мың адам көшірілді. Кемінде төрт адам қайтыс болып, біреуі із-түссіз жоғалып кетті.
Су апатынан Қазақстан өңірі де зардап шекті. Түркістан облысының Мақтарал ауданында 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған. Мұнан өзге 7639 га егістік су астында қалды.
Қазақстан билігі су апатынан 404 миллион теңге (1 млн долларға жақын) шығын келді деп отыр.
Abai.kz