Сенбі, 23 Қараша 2024
2367 2 пікір 8 Мамыр, 2020 сағат 11:09

Өзбекстанда су тасқынынан зардап шеккендерге 50 көпқабатты үй салынады

Өзбекстан билігі Сардоба су қоймасының жарылуынан зардап шеккендерге 50 көпқабатты тұрғын үй салып беретінін айтты.

Президент Шавкат Мирзияев арнайы жарлыққа қол қойды. Сырдария облыстық әкімдігінің мәліметіне сүйеніп Gazeta.uz сайтының жазуынша, 50 көпқабатты үй 2020-2021 жылдары Сардоба, Ақалтын және Мирзабад аудандарынан салынбақ.

Жергілікті билік су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың тізімін жасап, оларға көпқабатты тұрғын үй кешендерінен ақысыз пәтер бермек.

Премьер-министр Абдулла Арипов жетекшілік жасайтын су тасқынның салдарын жою жөніндегі үкімет комиссиясы зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетуге және тасқын зардабын жоюға Сырдария облысының бюджетіне 100 млрд сом ақша бөледі. Қажет болған жағдайда қаражат көлемі ұлғаяды деп айтылады.

Су шаруашылығы және құрылыс министрлігі Сардоба су қоймасын қалпына келтіру жоспарын жасауы тиіс.

1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су шайып кеткен. 1 мамыр түнде Сардобаның суы Қазақстанның оңтүстігіндегі, қазақ-өзбек шекарасында орналасқан Абай каналына жетіп, Мақтарал ауданындағы бірнеше ауылды су алған. Осыдан соң Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, Мақтарал ауданында 14 ауылдың 31 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланған. 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған. Бұдан бөлек, 7639 гектар егістік су астында қалған. Жүздеген мал өлген.

Оқиғаға байланысты құрылған қазақстандық үкімет комиссиясы 6 мамырда судан зардап шеккен тұрғындарға әрқайсысына 100 мың теңге (шамамен 240 доллар) көлемінде көмек берілетінін айтты. Комиссия өкілдері сонымен бірге үйі жарамсыз қалған отбасыларға бірнеше ұсыныс жасады: биліктің көмегімен басқа жаққа көшу немесе ауылда қалып, үйлерін жөндеткізу немесе биліктің көмегімен өз бетінше жөндету. Билік өкілдері су шайған егістік пен мал шығынын да өтеуге уәде берген.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404