Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 6913 18 пікір 12 Мамыр, 2020 сағат 12:57

«Қасиетті парыз» қашан орындалады?

Қазақстан Республикасының
Ақпарат және қоғамдық даму министрі
А.Ғ. Балаеваға!

Құрметті Аида Ғалымқызы!

Сізді Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалуыңызбен шын жүрекетен құттықтаймын!

Өзіңіз жақсы білесіз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» - деді.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты тұңғыш Жолдауында «Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс» - деп, тапсырма берді.

Өкінішке орай, Президент назарындағы сол шетелдегі қандастарымыздың көші-қон мәселесі Үкіметтің назарынан тыс қалып бара жатқан секілді көрінеді маған.

Міне, Президент Жолдауы жарияланғалы алты айдан асты, Үкіметтің қабылдаған «пәрменді шарасының» жылты байқалмайды.

Жарты жылдан артық талқыланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы жарты жылдан артық талқыланып, Парламенттің қос палатасының мақұлдауынан өтіп, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.

Аталған Заң жобасына ұсынған біраз ұсыныстарымыздың жолы болмады. Тіпті, Заңнамалардағы бір-біріне сәйкес келмейтін өрескел қателіктерді Заң жобасын дайындаушы министрлік пен заң шығарушы орган біле тұрып, түзетуге құлықсыздық танытты. Үкімет кері қайтарумен болды.

Әрине, бұл Сіз басқаратын министрліктің құзырындағы шаруа емес.

Енді шеттегі қандастар, көші-қон мәселесінің Сіз басқаратын министрлікке қатысты тұсына тоқталайық.

Өзіңіз жақсы білесіз, Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен шетелдегі қандастарымызды қолдау мақстында 2017 жылғы 13 қазанда «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды.

Көрнекті мемлекет жән қоғам қайраткері Нұртай Әбіқаев ағамыз басшылық ететін сол «Отандастар қоры» бұл күнде Сіз басқаратын министрліктің құзыретінде. Үш жылға таяу уақыт ішінде «Отандастар қоры» өзінің керегесін тіктеп, әлемнің қазақтар қоныстанған бірнеше мемлекетіне барып қайтты. Маңызды шаралар ұйымдастырды. Үлкен жобаларды қолға алып, жемісті жұмыс жүргізіп жатыр.

Өкінішке орай, «Отандастар қорының» шеттегі қандастарымыздың ұлттық болмысын сақтауы, этникалық қазақтардың елге оралуы үшін бұдан да жемісті қызмет атқаруына қолбайлау болып тұрған екі мәселе бар.

Ол – шетелдегі қандастарымызды қолдау туралы арнайы заң мен кешенді мемлекеттік бағдарламаның жоқтығы.

Осы мақсатта Сіз басқаратын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Отандастар қорымен» бірлесіп, сол заң мен бағдарламаның жобасын жасаған еді. Бір - екі мәрте мамандардың талқысына да салған болатын. 

Міне, оған да бір жылдың көлемі болды, неге екені белгісіз, осы жұмыс шешімін таппай келеді.

Біздің ел үшін басты қауіп – елден көшіп кетушілер санының ерепайсыз көптігі. 1991-2018 жылдар аралығында Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен адамдар саны 3,7 млн. адамға жеткен. Тек соңғы он жылдың ішінде (2009-2019ж.) ішінде Қазақстаннан Ресейге 300 мың адам қоныс аударыпты. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің мәліметінше, республика бойынша 1991 жылғы 1 шілде мен 2019 жылдың 1 шілдесі аралығында тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған этникалық қазақтардың саны 1 046 158 екен. Бұл – 339 307 отбасы.

Демек, көшіп келушілерден көшіп кетушілердің саны үш есе көп. Сонда, кіші-гірім бір мемлекеттің халқы көшіп кеткен ғой.

Ал, сарапшылардың пікірі бойынша, шетелдерде 7 млн. этникалық қазақтар тұрады екен. Бұл Қазақстанда тұрып жатқан 18,5 млн. халықтың 38% құрайды.

Тағы да ресми мәліметтерге сүйенсек, 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қазақстанда халық саны 11%, көрші Өзбекстанда 60%,  Тәжікстанда 68%, Қырғыстанда 43% өсіпті. 

Көршілерімен салыстырғанда, Жер көлемі жағынан алғашқы ондыққа кіретін Орта Азиядағы көшбасшы мемлекет Қазақстанның халық санының өсуі артта қалған. 

Құрметті Аида Ғалымқызы!

Үкіметтің қалай қарайтынын білмеймін, ал біз үшін бұл өте қорқынышты әрі қауіпті жағдай болып отыр. Ешқашан бейжай қарауға болмайтын мәселе!

Әрине, жұрт шетелге Қазақстанда жан баға алмай қалғандығынан немесе саяси қысым көргендігінен көшіп кетіп жатқан жоқ. Керісінше, олар да өз ұрпағының болашағын ойлап, тарихи Отандарына оралып жатыр. Дәл сондай мақсатпен Отанына оралғысы келетін қандастарымыз да аз емес қазір. Көші-қон мәселесінде Қазақстанның енді арқаны кеңге салып, бейғам жүре беруіне болмайды. Билік қазақтар көп тұратын мемлекеттермен мемлекет аралық келісімдер жасап, ондағы этникалық қазақтарды қауырт көшіріп алудың қамына тездетіп кіріскені жөн.

Құрметті Аида Ғалымқызы!

Биліктің біраз баспалдағын басып, Иманғали Нұрғалиұлы секілді тұлғаның мектебінен өткен, жас әрі тәжірибелі министрден біздің күтер нәтижеміз көп. Сіз Қазақ көшіне бұрын биіктен көз салып келсеңіз, енді өз қолыңызбен шешімдер қабылдап, өз қолыңызбен жұмыс атқаратын орынға келдіңіз. Мен сол үшін қатты қуанып отырмын.

Бұған дейінгі отыз жылда алыс-жақын шетелдерден бір миллион қандасымыз көшіп келсе, біз енді әр бес жылда бір миллион қазақты көшіріп әкелуіміз керек!

Қуатты мемлекет боламыз десек, халқымыздың саны мол болуы тиіс!

Біз енді осы бағытта жұмыс істейміз. Бұдан бұлай аялдайтын, кідіретін уақыт жоқ. Кешігеміз! Кешіктік те!! Арқаны кеңге салып жүре берсек, «Қасиетті парызды» қашан орындаймыз?!!

Ол үшін, ең алдымен кемел Заң, кешенді мемлекеттік бағдарлама дайын болуы шарт.

Сіз өз құзыретіңіздің шегінде «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірлесіп, бұдан да жемісті жұмыстар істеуі үшін, жоғарыда аталған Заң жобасы мен мемлекеттік бағдарламаны бірден қолға алып, қабылдатып және бекттіріп беруіңіз керек! 

Біз Сізден осыны талап етеміз және қай кезде де қолдауға дайынбыз!!

Тағы да жаңа қызметіңізбен құттықтай отырып, барша жұмысыңызға табыс, береке, жеңіс тілеймін!

Зор құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

ҚР Президенті жанындағы

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.          

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475