Төтенше жағдайлар туралы заңға түзетулер енгізілді
ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы қабылданды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасы Мемлекет басшысының «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықпен қамтамасыз ету шаралары туралы» Жарлығын орындау мақсатында әзірленген. Заңның мақсаты - төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықпен қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдау мүмкіндігі», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Сенаттың пленарлық отырысында.
Оның айтуынша, заң жобасы төтенше жағдай кезеңіндегі мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу механизмін анықтайды. Ол үшін «Төтенше жағдай туралы» және «Құқықтық актілер туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі.
Атап айтқанда, «Төтенше жағдай туралы» заң ТЖ кезеңіндегі заңнаманың жекелеген салаларының іс-әрекетінің ерекшелігімен толықтырылады.
Заң жобасы арқылы бүл тізімде 14 сала қамтылған:
- салық, бюджет, кеден, банк, еңбек туралы және монополияға қарсы заңнамалар;
- денсаулық, мемлекеттік сатып алулар, валюталық реттеу туралы заңнамалар; -
әлеуметтік қорғау, мемлекеттік мүлік жіне мемлекеттік бақылау мен қадағалау салаларындағы заңнама;
- елдің халықаралық міндеттемелерін жүзеге асыру заңнамасы.
«Төтенше жағдай кезінде қабылданған құқықтық актілер оның мерзімі біткенше жұмыс істейді. Бұл талап арнайы мерзім белгіленген актілерге жүрмейді. «Құқықтық актілер туралы» заңға нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген нормалары әрекетінің «Төтенше жағдай туралы» заң тәртібімен тоқтатылатыны туралы түзету ұсынылды. Жалпы, көрсетілген түзетулер төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықпен қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Руслан Дәленов.
Abai.kz