Сатушылардың айтуынша, базар әкімшілігі алдын ала екі айдың жалға алу құнын төлеуді талап етіп отыр. Алдыңғы айларда табыссыз қалғанын айтқан саудагерлер мұндай ақшаны қайдан табамыз дейді.
“Біз карантин жарияланғанға дейін 1,5 айға төлегенбіз, оның ақшасы әлі ақталған жоқ. Енді мамыр мен маусымға төлеп кіресіңдер деп жатыр. Неге біз алдыңғысын ақтамай жатып, тағы екі айға төлеуіміз керек?” деді ашынған саудагерлер.
Наразы жұрттың сөзіне қарағанда шамамен екі жарым ай жабық болған сауда орны жақын арада ашылуы тиіс.
Олардың көбі "тым болмағанда бутиктегі тауарларымызды алуға рұқсат берсін, басқа жаққа кетеміз" деп отыр.
Саудагерлер бұған қоса, базардағы бутиктердің жалға алу құнының қымбаттығына шағымданды. Олардың сөзіне қарағанда, өзге сауда орталықтарында бутиктерді жалға алу құны бір шаршы метрге 4 мың теңгені құраса, мұнда - 6900-7000 теңге. Жиналғандар базар әкімшілігі "саудагерлердің пікір-ескертулеріне құлақ аспайды" деп те шағымданды.
Базар әкімшілігінен бір қызметкер шығып, саудагерлерді сабырға шақырды. Алайда наразы сатушылар базар басшылығы келуін талап етті. Айтуынша, олар бұған дейін екі рет жиналғанмен базар басшылығы келмеген. Бұдан соң базар өкілдері әрбір қатардан бір сатушыны ішке кіргізіп, мәселені талқылауға шақырды. Келіссөзге ақпарат құралдары әрең кіргізілді.
Оқиғаны полиция қызметкерлері бақылап тұр. Мұнда әкімдік, прокуратура өкілдері де бар. Қазір саудагерлер мен базар әкімшілігі арасында келіссөз жүріп жатыр.
Abai.kz