Әмiр НҰРТАЙҰЛЫ. Уахабизмнiң жоғын жоқтап, мұңын мұңдағандар Саят Ибраевты соттатып тынды
СОТТАН КЕЙIН ЖҰРТШЫЛЫҚ АРАСЫНДА ОСЫНДАЙ ПIКIР ҚАЛЫПТАСТЫ
СОТТАН КЕЙIН ЖҰРТШЫЛЫҚ АРАСЫНДА ОСЫНДАЙ ПIКIР ҚАЛЫПТАСТЫ
Техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ибраев – тек Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелге де кеңiнен танымал ғалым. Әйгiлi Гумбольт қорының шақыруымен С.Ибраев Германияда 5 жыл жұмыс iстедi. “Гумбольт қоры тек Нобель сыйлығының иегерлерiн ғана шақырушы едi. Осының өзiнен-ақ шетелдiктердiң қазақ ғалымын өте жоғары бағалайтыны көрiнiп тұр емес пе?!” деп кезiнде бұл жөнiнде қазақ газеттерi жазды да. С.Ибраев докторлық диссертациясын 28 жасында қорғады. Бес тiлде сөйлеп, жаза алады. Дарынды ғалымның еңбектерi ғылыми ортада өте жоғары бағаланады. Мiне, сол Саят Ибраев жуырда ғана 12 жылға сотталды. Үкiмдi Алматы қалалық қылмыстық iстер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты шығарды. Осы үкiмнен кейiн редакциямызға хат жазушылар да, хабарласушылар да күрт көбейдi. Бұлардың арасында ғалымдар да, студенттер де, зейнеткерлер де, қарапайым еңбек адамдары да бар. Бәрiнiң сұрайтыны: “Саят Ибраев не үшiн сотталды? Соның ақиқатын, анығын бiлгiмiз келедi”. “Жас Алаш” газетi оқырмандардың сұранысына ешуақытта бейжай қараған емес. Өйткенi оқырман – қоғамның құбыланамасы. Осы тұрғыда бiз С.Ибраевтың сотына бастан-аяқ қатысқан бiраз адамды әңгiмеге тарттық.
Абзал Құспанов, С.Ибраевтың адвокаты, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесi:
– Саят Ибраевқа мынадай айыптар тағылды: 1) ҚР ҚК-нiң 235-бабының 3-бөлiмi. 2) 126-баптың 3-бөлiмi. 3) 125-баптың 3-бөлiмi. 4) 102-баптың 2-бөлiмi. 5) 164-баптың 3-бөлiмi. 6) 337-баптың 3-бөлiмi. Ең бiрiншi қадап айтарым, Саят Ибраевтың кiнәсiн тергеу орындары да, осы сот барысында мемлекеттiк айыптаушылар да қанша тырысқандарымен, дәлелдей алмады. Қазақтың “Аққа Құдай жақ”, “Өтiрiк пен шындық арасы төрт-ақ елi”, “Iшi таза болмаса, iсi таза болмайды”, “Шындыққа өлiм жоқ” деген нақылдары бар емес пе, осы нақылдардың өмiршеңдiгiн С.Ибраевтың соты да растап бердi.
Адам айтам деп айтпайды ғой, iшiң толып кеткеннен кейiн ерiксiз айтасың. Менiң осы заң саласында қызмет iстеп жүргенiме 10 жылдан асты. Бiрақ, бұрын-соңды дәл осындай әдiлетсiздiктi, жөнсiздiктi көрген де, естiген де емеспiн. Бейiмбет Майлин ұсталғанда Ғабит Мүсiрепов айтқан екен ғой “Бейiмбет жау болса, мен де жаумын!” деп. Заңгерге көңiл-күйдiң ықпалында кетуге болмайды десек те мен де “Саят қылмыскер болса, мен де қылмыскермiн!” деп бар даусыммен әрi үлкен жауапкершiлiкпен айта аламын.
сматулла Әбдiғаппар және онымен байланысы бар деген 9 адам 2010 жылдың 21 тамызында ұсталды. Ал Саят бұлардан 1,5 айдан кейiн тұтқындалды. Тергеушiлер тобы Саятқа “Сен бiзге керек емессiң. Сен бiзге “Бұдан былай сопылық жолды ұстанбаймын. Одан бас тартам. Мен адасып жүрiппiн...” деген қолхат бере ғой” дейдi. С.Ибраев бұдан бас тартады. Өйткенi, С.Ибраев Ясауи ұстанған сопылық жолға ерiккеннен, не болмаса зерiккеннен келген жоқ. Осы жолды, яки Ясауи мен Шәкәрiм ұстанған жолды ұзақ зерттеп, әбден көзi жетiп, көңiлi сенiп, сонан кейiн барып келген. Ендi табан астында қалай бас тарта қояды?! Оның үстiне Саят Ибраев Исматулла Әбдiғаппарды қорғау комитетiн құрып, оған араша түсуге ұмтылды. Мiне, осыған ерегесiп құқық қорғау орындары С.Ибраевты да тұтқындайды.
Мұны бiр деңiз. Екiншiден, жасыратын түк те жоқ, өткенде “Время” газетi жазды емес пе “Қазақстанда уахабистер тек көшеде ғана жүрген жоқ, парламентте де, билiк сатыларында да отыр” деп. Осы рас. Әрине, мұны дәлелдеу өте қиын. Өйткенi уахабистер де, салафиттер де еш жерде тiркелмеген. Мiне, осылар президент әкiмшiлiгiне сопыларды жеккөрiнiштi етуге тырысып, әртүрлi сөз таратып, өсек-аяңды бұрқыратып өрбiтiп жүр. Бұл, сөз жоқ, белгiлi бiр дәрежеде сотқа да ықпал еттi ғой деп ойлаймын. Мәселен, прокурор С.Ибраевқа 12 жыл сұрады. Сот оны үтiр-нүктесiне шейiн өзгерiссiз қалдырып, Саятты 12 жылға соттады. Осымен қатар бұл – сотқа жоғары жақ араласып отыр деген сөз.
Ендi С.Ибраевқа тағылған басты-басты айыптарды талдап-талқылап көрелiкшi. С.Ибраев 19.05.2010 жылы “АБЖАД” интеллектуалдық клубында сөйлеген сөзiнде “қазiр елiмiзде уахабиттер, салафиттер, басқа да “иттер” қаптап кеттi” деген бiр ауыз сөзiмен дiндер арасында алауыздық туғызған және оның салдарынан ауыр жағдайлар орын алған-мыс. Одан кейiнгi тапқан дәлелдерiн айту үшiн айыптау қорытындысынан сөзбе-сөз үзiндi келтiргендi жөн көремiн: “Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы және қылмыстықтың қоғамдастықтың қатысушысы С.Ибраев, қылмыстық қоғамдастықтың басшысы И.Әбдiғаппардың нұсқауымен, тергеумен анықталмаған адамдармен, күшпен ұсталып отырған жәбiрленушiлердiң, көпшiлiктiң арасында өзiнiң оқуында уағыздалатын дiни жаулықты топтық дiни рәсiм “Зiкiр” және адептер арасында “Обыкновенный вахабизм” бейнефильмiн ұжымдық көрсету кезiнде уағыздау арқылы уахабиттердiң дiни сезiмiн қорлаған” делiнген. Осы шұбалаңқы сөздердi қандай қазақ жазғанын бiлмеймiн, әйтеуiр, менiң зорға дегенде түсiнгенiм, ҚР ҚК-нiң 337 және 164-бабымен, яғни уахабиттердiң дiни сезiмiн қорлап, дiндер арасында алауыздық туғызды деп Саят Ибраевқа айып тағуға 3 нәрсе негiз болған екен, олар:
1. “АБЖАД” интеллектуалдық клубында “Уахабит, салафит, басқа да “иттер” қаптап кеттi” деген бiр ауыз сөзi;
2. Зiкiр салуды уағыздағаны;
3. “Обыкновенный вахабизм” бейнефильмiн ұжым арасында көрсеткенi.
Ендi осы мәселелердi жеке-жеке саралап көрелiкшi.
1. №3007 санды 01.04.2011 жылғы сот психологиялық-филологиялық сараптама негiзiнде дiнтанушылық сараптама жүргiзген С.Энчбай 23.09.2011 жылғы сот отырысында өзiнiң бөлiгiне қатысты сараптамадан толық бас тартты. Яғни, “дiнаралық алауыздық туғызды” деп айып тағуға бiрден-бiр негiз болған сараптама өз күшiн автоматты түрде жойды.
Осы сараптаманың филологиялық бөлiгiне жауапты сарапшы Д.Рабилов сот отырысына келмедi, алайда оның сараптама қорытындысын терiске шығаратын қорғау тарапынан сотқа 2 филология ғылымдарының докторы, 1 ғылым кандидаты және 1 жазушы шақыртылды. Атап айтқанда, Б.Қорғанбек, Д.Кенжетай, ғалым М.Мырзахметов, жазушы Д.Әшiмхан мырзалар сот отырысында С.Ибраевтың “Уахабиттер, салафиттер, басқа да “иттер” деген сөйлемiндегi “иттер” сөзiнiң теңеу емес, көптiк жұрнақ екенiн жан-жақты дәлелдедi және жазбаша да пiкiрлерiн сотқа бердi. Өз кезегiнде сарапшы Д.Рабиловтың ешқандай ғылыми атағы жоқ, тек филология факультетiн 2007 жылы тәмамдағаны туралы дипломы ғана бар екенiн айта кеткiм келедi. Демек, психологиялық-филологиялық сараптама толығымен заңсыз болуы себептi С.Ибраевқа бұл тұрғыда айып тағу еш мүмкiн емес.
2. Саят Ибраев зiкiр рәсiмiн салатынын ешқашан жасырған емес. Зiкiр салу – сопылық iлiмге ғана емес, жалпы исламда бар екенi, оның iшiнде қасиеттi Құран хадистерiнде де айтылатыны туралы басқа емес, айыптау жағынан шақырылған куә А.Дәуренбековтiң өзi де айтып кеткен болатын. Сөйте тұра, егер адамдар зiкiр салатын болса, ол қалайша уахабиттердiң дiни сезiмiн қорлауы мүмкiн екенiн айыптаушы жақ ешкiмге “түсiндiре” алмай-ақ қойды.
3. Қорғау жағының куәларын айтпағанның өзiнде айыптау тарапынан келген жәбiрленушiлер мен куәлардың өздерi “Сенiм. Бiлiм. Өмiр” РҚБ-нiң Алматы филиалында “Обыкновенный вахабизм” бейнефильмiн көрсеткенi туралы ешқандай мәлiмет бермеген. Демек, бұл – ешбiр дәлелсiз Саят Ибраевқа жағылған негiзсiз жала. Айыптау қорытындысынан мынадай үзiндi оқиын: “Астана қаласының ССО ӨҒӨЗ сарапшыларының №3303 санды 27.09.2010 жылғы қорытындыларына сәйкес, №№33,34 объектiледе “СБӨ” РҚБ Астана филиалынан алынған “Обыкновенный вахабизм” сюжеттерiнде дiнаралық жаулықты және араздықты қоздыру белгiлерi барлығы анықталған. Осындай бейнежазбалар “СБӨ” РҚБ Орал, Семей, Ақтөбе, Қызылорда, Ақтау, Алматы, Түркiстан және Шымкент қалаларындағы филиалдарында да уағыздалған”, – дейдi. Ендi мына қызықты қараңыз, Саят Ибраевқа оның филиалынан жоғарыдағы бейнежазба табылды деп қылмыстық iс қозғалады, айып тағылады, ал басқа филиал басшыларына қатысты осындай қылмыстық iстер неге қозғалмаған? Олар ешқайда қашқан жоқ, барлығы да тергеу барысында куә ретiнде жауап берген. Осы жағдайдың өзi айыптау тарапының әйтеуiр Саят Ибраевқа жеке-дара қалайда жала жабудың барлық амалын қолданғанын көрсетедi.
Жоғарыда аталғандардан басқа, уахабиттердiң дiни наным-сенiмiн қорлаған, сол арқылы дiндер арасында алауыздық туғызды, нәтижесi ауыр салдарға әкелiп соқты деп қылмыстық iс қозғалғанымен, iс бойынша бiрде-бiр сол уахабизм өкiлi не тергеу барысында, не сот отырысында арызбен жүгiнбегенiн де атап өту керек. Яғни, ҚР ҚIЖК-нiң талаптарына сәйкес, олар, яғни уахабиттер жәбiрленушi деп танылмаған.
Осы орайда, 05.10.2011 жылғы сот отырысында куә ретiнде жауап берген мекемеаралық тергеу тобының жетекшiсi, полиция полковнигi М.Құмарбеков адвокат Ш.Байжановтың “Уахабиттердiң құқығы бұзылса, олар неге жәбiрленушi ретiнде танылмаған?” деген сұрағына, Құмарбеков: “Бұл жерде жәбiрленушi болып Қазақстан Республикасының Үкiметi танылады”, – деп жауап берген болатын. Алайда артынша ол “Мен олай деген жоқпын” деп өз сөзiнен өзi жалтарғанын бәрiмiз көрдiк, естiдiк. Мұның бәрi аудиожазбада жазулы тұр.
Қазақстан бойынша уахабизм немесе салафизм атауымен бiрде-бiр дiн тiркелмеген, яғни ондай дiн ресми түрде жоқ екен. Бұл жөнiнде сотта қорғау тарапынан куә ретiнде шақыртылған теология ғылымдарының докторы, ҚР президентi жанындағы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң мүшесi, ҚР Дiн iстерi Агенттiгiнiң бас сарапшысы, “Ясауитану” орталығының директоры, Түркiстан қазақ-түрiк халықаралық университетiнiң профессоры Досай Кенжетай: “Уахабизм немесе салафизм деген өз алдына бөлек дiн табиғатта жоқ, олар ислам дiнiнiң iшiндегi бiр саяси ағым болып есептеледi” – деп жауап бердi. Дәл осындай жауапты теология ғылымдарының докторы, дүниежүзiне танымал ғалым, Жапониядағы Киото университетiнiң профессоры Бахтияр Бабажанов та айтты. Ол кiсiден жауап сот залында орнатылған бейне құрал арқылы on-line жүйесiнде алынған болатын.
Сонда уахабизм дiн болмаса, дiнаралық алауыздық қалайша туындауы мүмкiн? Неге тергеу органдары мен прокуратура Қазақстанда тiркелмеген, бүкiл дүние жүзiнде қасиеттi ислам дiнiне “Террористер дiнi” деп күйе жағуға себеп болған уахабизм деп аталатын дiни-саяси ағымның жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды? Әлде Құмарбековтiң “Жәбiрленушi – Қазақстан Үкiметi” деуiнде бiр сыр бар ма? “Әр кәллада бiр қиял” дегендей, Құмарбеков мырзаның ойында не болғанын бiлмеймiн, алайда қолданыстағы Қылмыстық заңнама талаптарымен алып қарайтын болсақ, Саят Ибраевқа тағылған айыптар дәлелденбеуiне байланысты толығымен ақталуға жатады деп есептеймiн.
Ал ендi Саят Ибраевты ҚР ҚК-нiң 235-бабының 3-бөлiмiмен айыптау (ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы) – мүлде абсурд. Иә, иә, абсурд.
Ұйымдасқан қылмыстық құрылымдарға қатысты қылмыстық теорияда да, тәжiрибеде де белгiлi бiр қалыптасқан ұғымдар бар. Шетелдiк ғалымдарды айтпағанның өзiнде бұл жөнiнде ресейлiк және қазақстандық ғалымдар көптеген зерттеулер жүргiзiп, ұйымдасқан қылмыс ұғымы мен оның негiзгi белгiлерiн, оның iшiнде қылмыстық қоғамдастықтың (синдикат, мафия) белгiлерiн әлдеқашан анықтап кеткен. Олар мыналар:
– Материалдық базасы (үлкен ақша қоры) болуы.
– Басқарудың алқалы түрiнiң болуы, яғни қоғамдастықты статусы бойынша өзара тең бiрнеше адам басқарады;
– Қоғамдастықты әдетте, бұрын бiрнеше рет сотталған адамдар ғана құра алатындықтан, “Воровская традиция” салтын ұстану және оны бұзғандар үшiн жазалау шараларының болуы;
– Иерархиялық сатыдағы жүйе құрамында бiрнеше топтар, өңiрлiк немесе шетелдiк байланыстары, басшылық құрамы, оққағарлар, ақша қорын (кассаны) ұстаушылар, “үкiмдi” орындаушылар және т.б. болуы.
– Қызықтыратын объектiлерi туралы әртүрлi қайнар көздерден алынған ақпараттық базасы болуы шарт. Осы айтылған белгiлердiң жиынтығы қылмыстық қоғамдастық деп атауға негiз болады.
Ал тергеу органдары “Сенiм. Бiлiм. Өмiр” РҚБ-не қатысты үлкен ақша қорын, яғни кассаны анықтаған жоқ. Тiптi осы бiрлестiкке қатысы бар, оның басшы құрамындағы адамдардан ақша қоры тұрмақ, жiбi түзу қымбат бұйымдар да таба алмады. Оған дәлел қылмыстық iс құжаттарындағы 34-35 бумасындағы мәлiметтер. Онда “Сенiм. Бiлiм. Өмiр” РҚБ-не және сотталушылардың материалдық жағдайына қатысты бүкiл мәлiметтер, банкте ақшасы, жерi, автокөлiктерi бар ма, түгел сұраған. Ал бұлардың қай-қайсысының да (оның iшiнде менiң қорғауымдағы Саят Ибраевтың да) материалдық жағдайы оңып тұрғаны шамалы болып шықты. Қазақтың “не күлерiмдi, не жыларымды бiлмедiм” дегенi де осындайда айтылса керек. Тергеушiлердiң қисынсызды қиыстырған, бiр-бiрiмен он қайнаса сорпасы қосылмайтын нәрсенi күштеп қосақтаған тiрлiгiне, шынында да, қайран қаласың. Бiр сөзбен айтқанда, менiң қорғауымдағы Саят Ибраев қылмысы үшiн емес, тек қана ұстанған идеясы үшiн сотталды!
Шынқуат Байжанов, С.Ибраевтың адвокаты, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесi:
– Мен өзiм Саят Ибраевтың адвокаты болғандықтан оның балалық шағынан бергi өмiрiн түгел зерттеп бiлдiм. Сонда мен бiр нәрсеге анық көз жеткiздiм. Саят Ибраевтың бойында мал табайын, мүлiк жинайын, билiкке қол жеткiзейiн, атаққа кенелейiн, саясатқа араласайын немесе тағы да басқа күйбең мақсаттардың бiрде-бiрi жоқ. Тап-таза ниетпен, риясыздықпен, елiне еңбек сiңiргiсi келген альтурист азамат. Қай салада жүрсе де қазақ үшiн пайда iздеп жүредi. Техника ғылымындағы жетiстiктерiн сол саланың үлкен-үлкен ғалымдарының, профессор, академиктерiнiң аузынан естiдiм. Сол ғалымдардың айтуынша, Саяттың техника ғылымдары, машина жасау саласындағы бiлiмi де бiздiң қазақстандық ғалымдардан көш iлгерi. Шетелдiктердi қызықтыратын неше түрлi жобалары бар екен. Жобаларын қыруар ақшаға да шетелге сатпай қойған. Сондағы ойы – еңбегiнiң жемiсiн алдымен қазақтардың өздерi көрсе екен деген үмiтi. Екiншiден, Саяттың рухани iлiмге деген iзденiсi де кеше басталмаған. Мәскеуде оқып жүрiп Абайдың өлеңдерiн, қара сөздерiн түгелге жуық жаттап алған. Оны мен әкесiнiң өз аузынан естiдiм. Үшiншiден, Саяттың сопылық iлiмдi қолдаушылардың арасынан табылуы да кездейсоқтық емес. Ол салафизмнiң мемлекетке айтарлықтай қауiп төндiретiнiн осыдан он жыл бұрын ескерттi. Ол бұған дейiн де әлемдiк философия ғылымын, шығыстық, батыстық дүниетаным мәселелерiн бұрыннан-ақ зерттеп жүрген едi. Әл-Фарабидi пiр тұтып, өзiн Қаныш Сәтбаев пен Ақжан Машани сынды ғалымдардың ғылымын жалғастырушы болсам деген мақсатпен жiгерлендiрумен болған. Ендi сол ғалымды бiз түрмедегi қанiшер мен түрлi қылмыскерлердiң арасына апарып отырғызып қоймақпыз. Тiптi Сталин де ғалымдарды түрмеде шiрiтпей, түрлi зертханаларда ұстады ғой. Саят Ибраевтың бұл жұмыстарынан ешкiм, ешқандай кiнәрат, заңсыздық таба алмайды және таба алған жоқ. Соттағы тағылған айыптардың барлығы – жала, қара күйе. Мәселен, Евгений Жовтистi алайық. Ол абайсыз жасаған қылмысы үшiн төрт жылға сотталды. Күйетiн жерiмiз, Саят Ибраевта сол абайсыз жасалған қылмыс та жоқ қой. Бiреуге байқаусызда қиянат келтiрген жоқ. Яғни ол салафизмге, уахабизмге қарсы келгенi үшiн сотталып бара жатқан адам. Ал судьялар iстiң мәнiн жете түсiнбестен шешiм шығарып жiбердi. Құқық қорғаушылар Саят Ибраевқа қатысты түрлi айыптауларды ойдан құрастырды. Саят Ибраев тап-таза адам деп толық айта аламын. Ол “салафизм, уахабизм қазақ үшiн, мәдениетiмiз бен дәстүрiмiз үшiн зиян” деген пiкiрiнен қазiр де, сотталып бара жатса да бас тартпайды.
Ендiгi үмiт тек Жоғарғы сотта. Жалпы, мен Қазақстанның сот жүйесiне сенемiн. Өзiм жиырма жыл осы салада қызмет етiп жүрiп, талай әдiлдiкке қол жеткiзе алдым. Алайда дәл қазiргi жағдайда, сопыларға қатысты iсте бұл мүмкiн емес. Себебi бұл жоғарыда отырған базбiр шенеунiктердiң, уахабизмдi, салафизмдi қолдайтын ықпалды күштердiң саяси тапсырысы болып отыр. Ондай тапсырыстарды тек Жоғарғы сот қана әдiл тарқата алады. Ал мен Жоғарғы соттағы азаматтардың әдiлдiгiне, олардың тарихи жауапкершiктi салмақтай алатынына сенемiн. Ал алдағы уақытта болатын Алматы қалалық кассациялық сот кешегi соттың шешiмiн дәл сол қалпында қайталап беретiнiне менiң еш шүбәм жоқ. Себебi ол өз қолын өзi кеспейдi, өзiне-өзi қарсы келмейдi. Мәселен, кеше Саят Ибраевты 12 жылға кескен судья Қалмұхамедовтiң өзi де сопылардың кiнәсi жоқ екенiн түсiнiп отыр. Бiрақ қолынан келер шара жоқ. Себебi бұл iстiң үкiмiн оған алдын ала дайындап берсе керек. Ал ол үкiмдi өзгертiп жiберуге судьяның күшi жетпейдi-ақ. Бұл, әрине, тапсырыс берушiлердiң күштiлiгiнен болып отыр. Яғни ендiгi үмiт – Жоғарғы сотта. Ал егер ол да шалыс басатын болса, Саят Ибраевты тарихтың өзi ақтайтынына менiң қылдай күмәнiм жоқ.
Ләззат Ибраева, С.Ибраевтың әйелi:
– Саятты он екi жыл бас бостандығынан айырып, мүлкiн тәркiлеп, жазасын қатаң тәртiптегi түрмеде өтеуге үкiм шықты. Бұған ендi не айтарымды бiлмеймiн...
РФММ-ды алтын медальмен, М.Ломоносов атындағы Мәскеу университетiн қызыл дипломмен бiтiрген, техника ғылымдарының докторы, профессор, алыс-жақын шетелдерге танымал ғалым, Қазақстанның механика және машина жасау ғылымы саласындағы бiлiктi маман, III шақырылған Алматы қалалық мәслихатының №9 округi бойынша депутат, бiрнеше рухани-танымдық бағдарламалардың авторы және жүргiзушiсi, туған халқымыздың ұлы ойшылдары мен ағартушыларының iлiмiн насихаттаушы Саят Ибраевты Алматы қаласындағы ауданаралық мамандандырылған соты осылайша ешқандай дәлелсiз, негiзсiз, алдын ала дайындалған үкiм арқылы 12 жылға соттады. Бiр жылға жуық созылған тергеу әрекеттерi, 3 айға созылған сот тергеуi, үйге тiнту, ұялы телефонын тыңдау, барлық жазылған мақала, оқылған лекцияларын тыңдау, басқан iзi аңдылып, соңынан қалмай ерiп жүргендегi бар тапқаны – 2010 жылдың 19 мамырында “АБЖАД” интеллектуалды-танымдық клубы отырысында айтқан: “Уахабит, салафит, басқа “иттер” қаптап кеттi” деген бiр ауыз сөзi. Осы сөз үшiн ҚР ҚК-нiң 164-бабы бойынша “дiнаралық араздық туғызды” деп те соттауға болады екен.
Сот тергеуi кезiнде атақты исламтанушы Бақтияр Бабажанов пен философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай тарапынан “уахабизм – дiн емес, ол – дiни-саяси ағым” деген пiкiр айтылды. Егер уахабизм дiн болмаса, онда қандай дiндердiң арасында араздық туып отыр? Сұрақ па? Сұрақ. “Иттер” деп вахабизм өкiлдерiнiң ар-намысын қорлады” дейдi. Ал бұған сараптама жасаған сарапшы – 2007 жылы ҚазҰУ-дiң филология факультетiн бiтiрген Д.Рабилов деген бiреу. Бiрақ филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахмет, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Салқынбай, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Қорғанбек және өзге де тiл ғалымдары “иттер” сөзi бұл жерде теңеу емес, көптiк жұрнақ екенiн ғылыми түрде дәлелдеп берсе де, еш ескерусiз қалдырып, тапсырыспен жасалған сараптама қорытындысына сүйенiп, өрескел үкiм шығарылды.
Сонда бұл не? Айтпаса, шындықтың атасы өледi. Саят Ибраевты осы баппен соттау арқылы бүкiл дүниежүзi, президентiмiздiң өзi бас болып күресiп жатқан уахабизмдi сот үкiмiмен өз алдына “бөлек дiн” дәрежесiне көтердiк. Бiр қызығы, “мен – уахабпын, менiң ар-намысыма тидi” деген бiрде-бiр жәбiрленушi жоқ. Сонда бұлар кiмнiң құқығын қорғап, жазықсыз ғалымды қылмыскер деп танып отыр?
Саятқа тағылған тағы бiр сорақы айып – 235-баптың, 3-бөлiмi. Яғни қылмыстық топтың жетекшiсi, қылмыстық қоғамның (мафия) белсендi мүшесi болған деген жала. Профессор құрған “қылмыстық топ”. Бұған елдiң бәрi күледi...
“Өз қара басым үшiн ештеңе тiлемеймiн, соқырдың тiлегенi – екi көзi, бiздiң тiлек бiреу – елге болса...” – дейдi Саят өзi жазған қолжазбаларында. “...22 жасымда Мәскеудiң университетiнiң аспирантурасында қалғым келмей, Саған асыққанмын, Туған жер! “Көп қарыз мойнымызда өтелмеген” деп Қасым Аманжолов айтқандай, жаным қысылып, арқа-бас терлеп, қайтсем Саған көмектесiп, қызмет қылсам деп келем...” деп жазыпты тағы бiр қолжазбасында.
“Бүкiл жастық қуат-жiгерiмдi, жалын ғұмырымды арнауға лайық жол iздегем. Германиядан Елге асыққанда да, Канадаға бармай қалғаным да Елге пайдам тисе, Қазақстан қуатты мемлекет болса, мен соның төрiнде емес, босағасында бiр пайдамды тигiзiп тұрсам деп тiлегем... Ендi менiң қолымнан елге дұға-тiлек тiлегеннен басқа, ештеме келмейдi, кешiргiн менi, кеше гөр, Туған жер! Саған тағы да жан аямай қызмет қылуға асықпын мен!” – деп өз сырын қағаз бетiне түсiрген Саят бiр атаның ғана баласы емес, бүкiл елдiң азаматы. Осындай азаматты қалайша “қылмыскер” деген атқа лайық көруге болады?! Қарға баласын “аппағым” дейдi, ал аппағымызды “қара” десек, бiздiң кiм болғанымыз?!
Ойдан-қырдан қырнап, жасанды үкiм шығарылғаны айдан анық. Жалған үкiмнiң бiржолата күшiне енуiне жол бермеуге елбасыдан, ел азаматтарыннан көмек сұраймын. Көмектесiңiздер!
Саятқа сот үкiмi шыққаннан кейiн (25.10.2011 жыл) «Саят Ибраевты қорғау комитетi» құрылды. Бұл комитет қалың жұртшылықтың ақ-қараны өздерi айырып отыруы үшiн интернеттен «ibrayev.kz» сайтын ашты. Мұнда С.Ибраевқа қатысты мәлiметтердiң бәрi бар.
Кенжетай Досай, ҚР президентi жанындағы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң мүшесi, ҚР Дiн iстерi агенттiгiнiң бас сарапшысы, “Ясауитану” орталығының директоры, Түркiстан қазақ-түрiк халықаралық университетiнiң профессоры:
– Ясауи дүниетанымының негiзiнде сопылық жатыр. Сопылық – басқа танымдардан ерекше исламдық дүниетаным формасы. Сопылық ешқашан исламға сырттай да, iштей де оппозициялық сипатта болған емес! Сопылық исламның, мұсылмандардың ең қиын-қыстау кезiнде қорғаушысы бола бiлген. Суфизмнiң iшкi мәнiн ашып түсiндiруге бiр мақала түгiл, зерттеушiнiң өмiрi де жетпейдi. Сондықтан сопылықтың сыртқы қырына қарап-ақ оның мұсылмандық тарихындағы орнын тануға болады. Мысалы, тарихта моңғол шабуылына қарсы – кубраийа, крестшiлерге қарсы – шазилия, орыстардың отарлауына қарсы – ясауиа, нақшбандиа, қалмақтарға қарсы – нақшбандиа, Африкада француз империалистерiне – сенусийа, тижанийа, ағылшындарға қарсы – сухрауардийа тариқаттары үздiксiз соғыс жүргiзген. Көрдiңiз бе, сыртқы дұшпандарға сопылық тариқаттар қалай қарсы тұрған?!
Қазақстанға зiкiрден келетiн қауiп жоқ. Сопылық жолды тұтынғандарды соттауға, жазғыруға, айыптауға болмайды!
Әмiр НҰРТАЙҰЛЫ.
http://www.zhasalash.kz/kukyk-zan/5783.html